Елімізде шенеуніктерге сенімсіздік білдіру неден туындап отыр?

0
3165

Президенттің кадр мәселесінде қолға алып отырған саясаты қолдауға тұрарлық. Әйтсе де, әлі атқарылатын жұмыстар көп. Кадрлардың ескі колодасы әбден тозған, оны халық көріп те, сезіп те жүр. Ойынды жақсы, әділ ұйымдастырушылар оны жиі алмастырып отыратынын ескерсек, саясат тақтасына жаңа буынды батыл араластыратын уақыт жетті. Кешегі қаңтар оқиғасында кадрлар корпусына үлкен сындар айтылғанын ұмытпағанымыз жөн.

Шерхан Мұртаза: «Акуланы сойғанда қарнынан тас та, тасбақа да, темір де, терсек те шыға беретін көрінеді. Ал, біздің адам-акулаларымыздың қарнын жарып жіберсең – Қазақстанның алтыны да, мырышы да, хромы да, мұнайы да, арақ зауыттары да, қант зауыттары да – бәрі-бәрі ақтарылып шыға келер еді…» | «Проклятый чиновник» ресейлік фильмінің постері

ЕСКІ КАДР ЕСКІ ШАБЛОНМЕН ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Ескі кадр ескіше жұмыс істеуге әбден бейімделіп кеткен. Олар өздеріне бағынышты өңірлерде бір-бір «князьдік» қалыптастырып, «фюрерге» айналған. Қаралы қаңтар күндері аңысын аңдаған олар бұғып қалды. Бұл – өте қауіпті құбылыс.

Әрине, олардың кейбірі оны қасақана істемегені анық. Бар себеп, дағдарыс жағдайында ортақ команданың болмауы және олардың дәрменсіздігі мен командирдің орнын баса алмайтындығынан болып отыр. Кезінде Ресей императоры І-Николай: «Ресейді мен билеп отырған жоқпын, шенеуніктер билеп отыр», – деген болатын.

Қазақстан – мыңдаған шенеуніктер өсіріп шығарған ел. Ол да кешегі солтүстіктегі көршіміз сияқты сәт сайын деспотпен, тиранмен кездесіп отырды. Ол полиция бастығы болсын, жатақхананың кезекші вахтері болсын, өмірі бітпейтін анықтама сұрайтын, үлкенді-кішілі тирандар еліне айналып кеткен. Осыған орай, адамдар қорлық пен сенімсіздік көзіне айналған. Бұқара бүгінде шенеуніктерге сенімнен қалған. Халық бәрін көріп отыр.

Бүгінде пара алып, істі болып жатқан кімдер? Шенеуніктер. Қызметтік құзырын пайдаланып, мас күйінде рөлге отырып, адам қағып жатқан кімдер? Сол шенеуніктер. Жауапты істерден жалтарып, ізін жасырып, ел асып кетіп жатқан кімдер? Тағы да мемлекеттік қызметкерлер. Бірақ, олар таусылмайды, өткеннен сабақ алмайды. Сондай-ақ, олар қорқақ. Өйткені, «қолынан жетектеп түрмеге апарып тоғытамын» дегенді естіген. Олар туралы көп жазылуда. Сондықтан халық шенеуніктерге сенімнен қалған.

«Шенеунікке сенімсіздік білдіру – әр адамның азаматтық борышы», – деген ағылшын жазушысы Дуглас Адамс нені айтқысы келген дерсің?! Ал, философ Эдвард Эбби: «Әрбір шынайы патриот елін шенеуніктерден қорғау керек», – дегенде бір нәрсені біліп айтқанын білуге болады. Шенеуніктердің араны мен әуезін білген Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Біздің шенеуніктеріміздің санасы ортағасырлық теңіз қарақшыларының санасы дәрежесінде қалған. Тек тонау! Ұрандары – осы. Қазақстан, қайран Қазақстан! Қазақстан талапайға түсіп кетті. Осыны айтсаң, басшылар ашуланады, шамданады. Оу, шындықтың несіне шамырқанады?! Қазақстан байлығы қорқаулардың тонауына түспесе, сол байлық өз халқын асырауға жетеді ғой, жетіп-артылады ғой. «Кедей – бай болсам дейді, бай – Құдай болсам дейді». Кедей бай болсам деген жерде тоқтай қалса ғой. «Стоп!» десе. Жоқ, бай Құдай болсам дейді. Бұл – қанағатсыздық. Бәленің бәрі осы қанағатсыздықтан туа береді. Қомағай құлқын обыр оба. Оны толтыра алмайсың. Өзі тойса да, көзі тоймайды. Өлгенде топырақ қана тойдырады. Қазіргі жегіштердің бәрі сондай. Акуланы сойғанда қарнынан тас та, тасбақа да, темір де, терсек те шыға беретін көрінеді. Ал, біздің адам-акулаларымыздың қарнын жарып жіберсең – Қазақстанның прокаты да, алтыны да, мырышы да, хромы да, мұнайы да, арақ зауыттары да, қант зауыттары – бәрі-бәрі ақтарылып шыға келер еді», – дейді.

Міне, 30 жылда біздің қоғамның мінезі осылай қалыптасты. Алдымызда атқарушы билік өкілдерінің халықпен кездесуі өтеді. Билік өкілдері оған дайын ба?!

Президенттің «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасына мемлекеттік органдар формальды түрде қарап, атқарушы билік пен халық арасында түсінбеушіліктер орын алып, алшақтық өсіп отыр. Халықпен бетпе-бет кездесуде әңгіме шынайы болған емес. Халыққа жақын болу дегеніміз – шынайы, толыққанды саяси реформа жасау. Қоғамның өзіне деген сенімін ояту мақсатында нақты қадамға бару.

Демократияның ең басты идеясы – халықтың саяси ой еркіндігі. Билік жүйесі демократия мен азаматтардың еркіндігіне негізделген жағдайда нарықтық экономика қоғамның тұрақтылығына, ел мен халықтың өркендеуіне жол ашады. Кез келген саяси реформаның алғы шарты – сенім мен өзара түсіністікті қалыптастыру. Билік өз қарсыластарын, өзгеше ойлайтын жандарды қудалаған кезде мұны іске асыру мүмкін емес. Президенттің Қазақстан халқына жасаған Жолдауында «азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет» екенін атап өтуі қоғам тарапынан бақылануы керек. Осындайда бір ой келеді. Күлтегін бабамыздың: «Халқына – бегі, бегіне – халқы сенген ел ұзақ жасайды», – деген сөзін әр әкімдік кеңсесінің маңдайшасына неге жазып қоймасқа?!

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУ БАРЫСЫНДА
ЕСКІ МӘСЕЛЕЛЕР КҮРЕСІНГЕ ЛАҚТЫРЫЛАДЫ

Демократиялық құндылықтарға баса назар аударып отырған елімізде саяси реформаларды жүзеге асыру, билікті орталықсыздандыру және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру мәселесі көптен бері әртүрлі деңгейдегі басқосуларда талқыланып келеді. Мемлекеттік маңызы бар мәселелерді көпшілік болып ақылдасып шешу жолдары да күн тәртібіне ерекше қойылып отыр. Осыған орай, әр жылдың қаңтар-ақпан айларында бүкіл еліміз бойынша облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің, сондай-ақ, аудан әкімдерінің халықпен кездесулері өткізіліп жүр. Осы іс-шараға қатысу деңгейі ешуақытта халық тарапынан болған емес. Көтерілген тақырыпқа бақылау табанды емес. Сондықтан халық оған сенбейді. Жылда көтерілетін тақырып – таза ауыз су, жол… Бұл не сонда?!

Қазір кейбір адамдардың өткеннің бәрін жоққа шығарып, ал кейбіреулердің жаңа қоғамның өзгерістеріне және мына нарықтың өтпелі қиыншылығына төзе алмай, түрлі ойлардың жетегінде жүргендігі аян. Сондықтан да, жас ұрпақтың, әсіресе аға буын өкілдерінің кеңестік дәуірдегі қалыптасып қалған ой-сезімін мына жаңа тұрпатты қоғамның болашақ мүддесіне сай өзгертіп, өз елінің адал азаматы болу жолында пәрменді жұмыс істеуіміз қажет. Халықпен кездесу кезінде осы мәселелерге басымдық беріп, арнайы іс-шаралар қабылдау қажеттігі туындап отыр.

Халық пен атқарушы билік арасында бос кеңістік пайда болса, шынайы қарым-қатынас үзілсе, қоғамға қауіп осы тұстан болмақ. Сол бос кеңістікті кез келген теріс пиғылды пенденің қас-қағым сәтте өз пайдасына кәдеге асырып кетуі ықтимал ғой. Жастарымыздың басқа діндердің шылауында кетуі, елімізде болып жатқан оң өзгерістерге селт етпеуі, кез келген іске бейқамдық танытуы нені білдіреді?!

Еліміз тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында халық пен атқарушы билік арасындағы байланыс әлдеқайда жоғары еді. Халық өздерін мазалаған мәселелер төңірегінде билікке сұрау салатын. Түсінбестік туған тұста проблеманы бірлесіп шешуге тырысатын. Қазір осы белсенділіктен айырылып қалдық. Неге? Сұрақ көп, жауап мардымсыз.

Міне, билік пен халық арасындағы жанды кездесу осы мәселелер төңірегінде жауап іздеуі тиіс.

Халық қазір қорыну комплексін басынан өткеруде. Халықтың көңіл-күй әуені сынық, бойында дерт пен ашу-ыза бар. Оны қалай жазамыз? Оны Президентіміз нақты көрсетіп берді. Енді Жаңа Қазақстан қоғамын құру барысында ескі мәселелер күресінге лақтырылады. Ол қоғам өмірінен аластатылмақ.

Шенеунік демекші, жақында қазақ елінің бары мен ар-ұятына айналған даңқты жазушы-ақсақалымыз дүниеден өтті. Астанамыздан билік партиясының атынан көңіл айту хатын әкелген жап-жас азамат, көңіл білдіру хатын оқып тұрып, ақсақаламыздың атын бірнеше рет қате айтты. Мүмкін хат солай дайындалған шығар, бірақ ол жауапты қызметкердің атынан олай аталмауы керек еді. Қарап тұрып, кіжіндік.

БІЗДІҢ ӘКІМДЕРДІҢ КӨПШІЛІГІ ТОП-МЕНЕДЖЕРЛЕР СЕКІЛДІ…

Атқарушы биліктің беті халыққа қай кезде және қалай бұрылады? Мемлекет басшысы осы ретте: «Біз жаңа саяси мәдениет қалыптастырып жатырмыз. Түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт. Өзгенің пікірін құрметтеп, диалог жүргізу арқылы ғана еліміз ілгері жылжиды», – деді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінде «Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі» атты тақырыпта сөйлеген сөзінде мемлекеттік аппарат пен жеке тұлғалардың қызмет аясындағы келеңсіз мәселелер, яғни бюрократизмді жоюдың маңыздылығына жан-жақты тоқталып өтті.

«Ол (бюрократизм) азаматтардың санасында мемлекеттік аппарат туралы баяу жұмыс істейтін немқұрайды машина деген әділ түсінік қалыптастырады. Бюрократия – реформалардың сапасыз орындалуының негізгі себептерінің бірі. Мұндай аурудан бәрімізге емделуіміз керек», – деді Президент.

Рас, емделуіміз керек!

Мемлекет басшысы одан әрі: «Реформаның формасы емес, мазмұны басымдыққа айналуы қажет. Есеп үшін есеп беру, бақылау үшін бақылау жүргізу тәсілдері өткеннің еншісінде қалуға тиіс. Түпкі нәтиже процестен маңыздырақ. Өзін-өзі ақтамайтындай күрделендірілген және нақты шешімді баяулататын үдерістің бәрі жойылуы керек. Бүгінде мемлекеттік органдар тапсырмалардың мазмұнды іске асырылуына емес, бюрократиялық орындалуына бағдарланған. Формасы бойынша үлгілі, бірақ мазмұны жағынан нашар құжаттар әзірленіп жатыр. Негізгі интеграциялық жүйелердің бар болғанына қарамастан, меморгандар макулатураны қаптатып, мәнсіз хат алмасуын қояр емес», – деді.

Бұл негізі жолға қоюға болатын шаруа. Мұның атқарылу функциясында заңдардың шикілігі де бар. Ата заң әр билеушінің қойын дәптеріне айналып, кландық-олигархтық, лоббистік топтардың ыңғайына қарай жазылса, әлеуметтік тепе-теңдік бұзылып, қоғамдық апокалипсис басталады. Демек, басты заңның әр бабы қоғамдық талқылаудан өтіп, сараптамадан өткізілуі тиіс.

Президенттің ұсынысымен Парламент Мәжілісінде бірнеше заң қайта қарауға өндіріске алынып қаралуда. Президенттің: «Азаматтардың әл-ауқаты және әлеуметтік көңіл-күйі мемлекеттің басты назарында болуы керек. Цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшетін кез келді», – деуі осының салдары.

Жалпы, бюрократия қоғам өміріндегі адамның бағасын түсіріп, оны сыйламаудан келеңсіз әңгімелерді балалатып жібереді. Егер осыған тоқтам болса, халықтың мемлекеттік қызметкерлерге сенімі артады.

Шындығына келсек, халыққа елімізде болып жатқан іргелі өзгерістер туралы жан-тәнімен түсіндіріп жүрген мемлекеттік қызметшілер бар ма? Әрбір мемлекеттік қызметкер, ол – Президент командасындағы адам. Олар мұны жақсы біледі. Демек, олар мемлекет пен оның халқының мүддесін ойлауы керек. Ал, біздің әкімдердің көпшілігі топ-менеджерлер секілді. Топ-менеджерлер алдымен пайданы ойлайды, олардың міндеті көптен пайда табуға құрылған.

Егер реформаның бір саласы табысты болса, «мұны біз жасадық» деп жоғарыға айқайлатып рапорт беретін, ал сәтсіз жүргізілсе, жоғары жақты меңзеп жіберетін шенеуніктер де бар. Сондықтан алдымен әкімдердің қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетіндей жүйе қалыптастыру қажет.

Аудан әкімдері мобильді жұмыс істей білуді меңгермеген. Халықпен ашық диалог орната алмайды. Қойылған сұрақтардан жалтарады, нақты бірдеңені жауапкершілігіне алудан тайсақтайды. Диалог орнаған жерде ғана өзара сенім болатынына назар аудармайды. Қаңтар оқиғасы кезінде осының бәрі көрініп қалды. Жергілікті әкімдер халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға шықпағаны осының жарқын дәлелі. Бұлай өмір сүруге болмайтынын халық сездірген болды. Олар өте сауатты, әлемде болып жатқан игіліктерді көріп отыр. Даму әрекеттері әкімдердің ширақ қимылдарына тікелей байланысты.

Мемлекет мүддесі жоғары тұратын елде ғана ілгерілеушілік болады. Халықты жұмыспен қамту, қолжетімді баспана, адам капиталының сапалы өсімі, өндіріс шаруашылығын дамыту, индустриялық бағдарламалардың барлығы аудан басшыларының иығына артылған ауыр жүк екені белгілі. Әкімдердің осы салмағы зілбатпан жұмыстарды еңсеруі де жеңіл емес.

Атқарушы билік қызметін ұйымдастыру мәселелеріне қатысты алдымен ойға оралатын құндылық – жұмыс алгоритмін сақтау қажеттігі. Оның бойында көп нәрсе бар.

Адамгершілігі бар әр азамат өзінің, балаларының болашағын ойлап іске білек сыбана кіріссе, қоғамның дамуына да үлес қосар еді. Олардың арасында қара басының қамын күйттеп, «қолда барда жеп-ішіп қалайын» принципімен жүргендер көп. Олар қоғамды кері сүйреушілер. Өкінішке қарай, біздің ел басқарып отырған азаматтардың басым көпшілігі өз халқын өзі ұрлаған адамдар қатарынан болып жатқаны қатты ойландырады. Демек, қолда бар институттардың басқару тиімділігін арттырып, оған көңіл бөлгеніміз абзал. Бұл экономиканы және әлеуметтік тәртіптің іс жүзінде барлық аспектісін қолдап отыратын көрінбейтін инфрақұрылым десек те, оның да жұмысына ревизия орнату керек. Дәл бүгін халық тарапынан жергілікті атқару билігіне бақылау орнатылмаса, Президенттің Жаңа Қазақстанды құру идеясы жүзеге аспай қалуы мүмкін. Себебі, жергілікті басқару органдары іске икемсіз, үнемі жетектеп, айтып отырмаса, өздігінен әрекет жасамайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Кезінде орыстың ұлы патшасы І-Петр бастаған ісі қолдау таппаған соң, өзі қолына балта алып, кеме құрылысына атсалысқан мысалы бар. Егер Президенттің айтқандары жалғасын таппаса, онда жергілікті атқарушы билік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылға барып, жер жыртып, стадион соғуын күтіп отыр деген сөз. Демек, іске кірісу керек!

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here