Менің ауылым

0
2412

Вьетнам еліндегі Гидроциркуляциялық электр станциясының (ГЭС) «Фалай» нысанында екі жылдық келісімшарт бойынша КСРО-ның Бас сарапшысы Виктор Грачевтің құрылыс жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Бұл 1983 жыл болатын. Арада біраз уақыттан соң Грачевтің ұсынысымен, Ханойдағы Елшіліктің қолдауымен 1985 жылдың тамызында  Мәскеу тарапы мені бірінші орынбасар қызметіне тағайындады. Тағайындаудан кейін Виктор Андреевич дем алуға елге кетті.

Сондай күндердің бірінде Елшілік басшыларының бірі маған телефон шалып, эксплуатацияның, станция жабдықтарын жөндеудің, құрылыс-монтаж жұмыстарының жағдайын сұрады. Сосын Лао Кай провинциясында  салынып жатқан фосфор зауытына екі аптаға төрт электр қызметшісін көмекке жіберуді сұраған болатын. «Сұраған болды» деуімнің себебі, Елшіліктің «сұрағаны» Одақтық Министрліктің тапсырмасынан кем түспейтін. Әрі десеңіз, ондағылар шаруашылықтың барлық салаларын біле бермейді және ол мүмкін де емес еді. Оларға өзіміздің келесі энергетикалық блокты іске қосуға дайындалып жатқанымызды, Бақылау-өлшеу аспаптар мен автоматтандыру қызметкерлерінің нысанда көп болмайтынын тілге тиек етіп: «Үмітіңізді ақтай алмағаныма өкінемін, әйтсе де үш адамды бір аптаға жіберуді мойныма алайын. Егер олардың жұмысқа барып-қайтуын, тамақтарын дұрыс ұйымдастырса, біздің мамандар уақытпен санаспай істей береді», – деп, ақырындап түсіндіруге тура келді.

Дәл осы сөйлескен күні түстен кейін хатшы ішкі байланыс жүйесімен хабарласып:

– Сізге кіруге Лао Кайдан келген Кафтанов Николай Трофимович сұранып отыр, – деді.  

– Кірсін, – дедім.

Кабинетке орта бойлы, елу бестер шамасындағы азамат кірді. Амандастық. Тіркеме орындыққа жайғасқан соң біртүрлі күлімдей қарады.

– Судя по имени-отчеству Вы случайно не казах?!

– Почему случайно?! Казах настоящий и не случайный, – деп күлдім.

Кенеттен келген қонағымның көптен іздеп жүрген інісіне кездескендей жадырап шыға келгені мені еріксіз таңдандырды. Қазақша сайрай жөнелді, ішім жылып барады. Қазақтың сөзін естімегелі және қазақша сөйлеп тұрған орысты көрмегелі қай заман?! Қонағым ә дегеннен-ақ әңгімесін бастап кетті.

– Вьетнамға келгенге дейін Алматыдағы «Казглавфосфор» бастығының құрылыс бойынша орынбасары болдым. Бүгінде Лао Кайда сол мамандығым бойынша қызметтемін. Өзіңіз қай жерден?

– Туған жерім Павлодар облысы, – дей бергенімде, Николай Трофимович таңдана қарап:

– Қай аудан? – деді.

– Ермак (қазіргі Ақсу) ауданы, «Жолқұдық» совхозы.

Қонағым ұшып түрегеліп:

– Ойбай-ау, мен көрші «Қызылжар» совхозынанмын ғой! – дегені.

Екеуіміз бір-бірімізге тұра ұмтылып, қапсыра құшақтасып, көзімізден жас шығып кеткенін де аңғармай қалыппыз.

– Аға, былай келісейік, бүгін біздің үйдің қонағы болыңыз. Жұбайымды, баламды көріп, келініңіздің қолынан дәм татыңыз.

– Бәрі орынды. Ниетіңе рахмет, айналайын! Бірақ, мына беретін жұмысшыларың құрылысқа өте қажет болып тұр. Лао Кайға дейін он сағаттай жол. Бүгін қайтсем де жеткізуім керек. Ханойда бітпей қалған жұмыстарыма ертең қайтып келмекпін.

– Аға! Қазақта «Жақсылық қылсаң, жете қыл» деген мәтел бар ғой. Жұмысшыларды да, жеткізіп салатын жеңіл көлікті де береміз. Бірақ, сіз дем алып, таңертең Ханойға барарсыз.

– Ойпырмай, «Інісі бардың тынысы бар» деген осындай-ақ болар!

Кешке екеуіміз ұзақ әңгіме шерттік. Ауылдың тарихынан Коля ағайдың хабары мол екен.  

– «Жолқұдықты» Краснокутск, Ертіс аудандарына баратын үлкен қара жол басып өтетін. Біздің бала кезімізде, өзің білесің, асфальт жоқ, машина сирек, негізгі көлік – ат-арба. Ауылдың ортасында, жолдың бойында шығыр құдық болды ғой, жаздың ыстығында шаң жұтып келе жатқан жолаушылар сол құдыққа аялдамай өтпейтін. Шөлдерін қандырып, беті-қолдарын жуып, аттарын суарып, біраз тыныстап, әрі қарай жолдарын жалғастырушы еді…

Өз ауылыңды өзіңе өзге ұлттың азаматы ежіктеп айтып отырса, көңілің толқып, марқайып қалады екенсің. Және ол сонау оңтүстік-шығыс Азияда, Тынық мұхитының жағалауында болса ше?! 

«Жаңа майдан» колхозы беріде «Жолқұдық» совхозының бірінші бөлімшесі болды. Колхоз, совхоздың басшылары, мамандары, абыройы асқақ тұлғалар туралы да көп білетін боп шықты. Тіпті, екеуіміз жас айырмашылығымызға қарай, әр кезде бір өзеннен балық та аулаппыз.

Екеуара әңгімеміз қыза түсіп, түн жарымына дейін созылды.

– Е…е, Әбеке, екеуіміз бір құдықтан су ішіп, бір топырақты басқан көрші ауылдың балалары екенбіз-ау, ә. Кездескен жерімізді қара! – деп, Коля ағай сөзін жылы әсермен аяқтады.

Таңертең ағамды ағысы қатты Тхай Бинь өзеніне дейін шығарып салдым. Көпір жоқ, пароммен өту керек. Тізбектелген машиналар кезегін тосып тұр. Жергілікті өңірдің Бас сарапшысына және маған берген арнайы құжаты болатын. Сол құжаттың пайдасы тиіп, Николай Трофимовичті  кезектен тыс өткізіп жіберуге мүмкіндік болды. Жылжи жөнелгенде паромның жақтауынан ұстаған Коля ағай ризашылықпен қолын көтеріп, қимағандай ұзақ тұрды. Мен де ауылым, соғыстан кейінгі қиын да қимас балдәурен шағым ойға оралып, жаным жабырқап, айтып жеткізуге болмайтын көңіл күйде тұрдым.

Кеше Коля ағай: «…бір құдықтан су ішкен, бір топырақты басқан…» деді  емес пе. Топырақ… Бала кезіңде доп қуып, ержеткен соң атпен, машинамен шаңын бұрқыратып жүрген ауыл топырағының қасиетіне көңіл аудара бермейміз. «Кіндік қаны тамған жер», «Туған жердің топырағы» секілді тамыры тереңде жатқан сөздердің мағынасын сағынышпен еске алғанда ғана түсінеді екенсің…

Осындайда өскен ортаңды, ауыл адамдарын еске алып: «Егер солар болмаса, биік рух, білімге құштарлық, жұмыста мойымас табандылық бізге жұғысар ма еді?», – деп ойланасың.

Атағы алысқа шырқамаса да, ауылдың өзінде үлкен абыройға ие болған жандар болды. Айталық, он жетінші, он тоғызыншы ғасырларда өмір  сүрген Құнан би, Сарке би; ауыл басшылары болған Таянышпай, Дүйсембай; Ыбырай, Бейсенқұл қажы бабаларымыз.

Беріден тарқатсақ, соғыс ардагері, авиация подполковнигі Мұхамедияров Мәтәй – жеті рет жарақат алған соң ұшуға рұқсат бермей және әскер қатарынан да босатпай, 1956 жылға дейін КСРО-ның шығыс Еуропадағы армиясы қатарында Польша, Венгрия, Чехословакия, Шығыс Германия елдерінде қызмет атқарды. Елге оралған соң ширек ғасырдай Павлодарда зауыт директоры, үзіліссіз қалалық Кеңестің депутаты болды.

Милиция полковнигі Аубакиров Манап, облсоттың орынбасары Қаниев Тәкіш, Тәшен, Жанақ, Кәмәл ағаларымыз, Абдығалым атамыз, мұғалімдер – Симани Нафанаил Андреевич, Кныш Константин Петрович, Азбергенов Аушан, Мұхамеджанов Нәжмиден ағайлар, Кәкішева Мәкен апай, совхоз директоры, кейін ауыл әкімі болған Ысқақов Серік… 

Бұл тек өзім көзін көрген, жақсы білетін, өмірден озған кісілер. Осы тұлғаларға ауылда көше аттары берілсе ғой, шіркін!..

«Жолқұдықта» бүгінде «Центральная», «Степная», т.с.с. атты көшелер бар. Осы атауларда үлгі боларлық, тәрбие аларлық қандай мән бар?! Әлгінде есімдерін тізбектеп жазған жақсы адамдарға осы көшенің біріне есімдерін берсе, бүгінгі ұрпақтың жадында мәңгілік қалар еді. Жас балалар көше атына ие болған кімдер екенін сұрап, үлкендер сыйлы адам болғанын түсіндіріп жатса, бұл балаға «білім алып, дұрыс өмір сүріп, адал еңбек етсең, жерлестер атыңды ұмыттырмайды екен ғой» деген ой салмай ма?!

Қанша мектеп түлектері совхоздардың, мектептердің, автобазалардың, түрлі мекемелердің директорлары, әр деңгейдегі депутаттар, республикаға еңбегі сіңген маман, кафедра меңгерушісі, ғалым болды. Тіпті, Санкт-Петербургтегі шахмат және дойбы академиясының мүшесі, дойбыдан халықаралық шебер атағын алып, сол салада теориялық кітаптар жазған Темірбеков Ертай да бар. Мектеп осындай мақтаулы ауылдың түлектеріне арнап мұражай ашып, жетістіктері мол жандар туралы көбірек мәліметтер мен еңбектерін дәріптесе екен деймін.  

Қаншама түлектер абыройлы еңбек етіп, зейнетке шықты, қаншасы әр салада жемісті еңбек етуде. Мектеп оқушылары мен осындай кісілер арасында кездесулер ұйымдастырылса, бұл бастама жас буынның білімге, өнерге, мамандықты игеруге деген құштарлығын, талпынысын арттырар еді. Біздің мақсатымыз жастарға білім беру ғана емес, оларды болашақ өмірге дайындау ғой.

Әр ауылда мақтан етер, өнеге тұтар, өмірден озған бабалары, әрбір қасиетті жердің, әйгілі тұлғалардың өз белгілері болатыны сияқты  «Жолқұдық» ауылы да ол жағынан кенде емес.

«Жолқұдықта» бас иіп, тәу ететін төрт орын (тас) бар. Оның біріншісі – ХVІІІ ғасырда өмір сүрген атақты Тілеуімбет батыр (1725-1795). Омбы қалалық мұрағатынан ол кісіге қатысты 22 құжат табылып, біразы орыс тіліне аударылды. Соңғы шыққан тарихи кітаптарда бабамыздың есімі бірнеше тұсында аталады, жеке «Тілеуімбет батыр» кітапшасы да жарық көрді. Батыр баба туралы жергілікті басылымдарда өзімнің бірнеше көлемді мақалаларым жарияланды («Халқының қамын жеген қайраткер», «Тілеумбет батыр»). Басына көрнекті құлпытас, қорымның қоршауына екі ашпалы әшекейленген қақпа қойылып, енді ол орынды киелі нысандар қатарына қосу жұмыстары жүргізілуде.

Екінші киелі орын – ХІХ ғасырда басентиын руының төбе биі, өзі де, баласы да Баянауыл округының аға сұлтаны болған Қазанғап би. Бабамыз туралы құнды кітап жарық көріп, осыдан он шақты жыл бұрын басына құлыптас қойылған.

Келесі қасиетті орын – Ұлы Отан соғысында қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры Қанаш Қамзин. Батырдың бюсті өзінің атындағы ауыл мектебінің алдына орнатылған.

Төртінші орын – бастауыш мектеп орнын он жылдық орысша-қазақша білім ордасына жеткізген, жарты ғасырдай мектеп директоры қызметін атқарып, елдің құрметіне бөленген Социалистік Еңбек Ері Мәжен Қабылбеков ағамыз. Қазақстанда Еңбек Ері атағына ие болған мектеп директорлары көп емес қой. Бюсті жерлесі, замандасы, бір мектептің түлегі Қанаш Қамзинның жанында.

Ауылдың шеңбері осы төрт адамның «тақияларына тарлық» етеді. Павлодарда Қ.Қамзин көшесі бар. Сонымен қатар, Омская, Томская, Таганрогская, тіпті ұсқынсыз «Проезд А, Б, В…» сияқты көшелер атауына кезігесің.

Облыс орталығындағы, Ақсу қаласындағы көшелерге, 7-ауыл, Алғабас, Жолқұдық, Ребровка сияқты елді мекендерге жоғарыда аталған әйгілі тұлғалардың есімдері берілсе құба-құп.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» қағидасын ұстанған халықтың ұрпағымыз. Ендеше, «Рухани жаңғыру» аясында болашақ ұрпақтың тәрбиесі үшін қажет дүниелерді ертеңге қалдырмай, бүгін атқарғанымыз жөн болар еді.

Әнуарбек БАЛҒОЖИН,
Павлодар қаласының Құрметті азаматы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here