Қаңтар оқиғасы саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан қоғамның қорғанышсыз әлсіз қалғанын көрсетіп берді. Мемлекеттің негізін шайқалтатын, еліміздің тәуелсіздігіне қауіп төндіретін мұндай жағдайды болдырмау үшін не істеу керектігі баршамызды толғандыруы тиіс. ХХ ғасырдың соңғы он жылдығында еліміздің өз тәуелсіздігіне қол жеткізуі – халқымыздың тарихи дамуының беталысын айқындайтын маңызды оқиғаға толы болды. Еліміз өз азаттығын жариялай отырып, адамзаттың өркениеттік дамуының бірден-бір сара жолы іспетті демократиялық саяси жүйеге бағыт ұстанды. Мұның өзі бұған дейін әлеуметке қызмет етіп келген саяси, экономикалық, рухани салалардағы түбірлі өзгерістерді қажет ететіндігі белгілі еді. Бірақ, оның жүргізілуінде тұрлаулылық болмады.
БІЗГЕ КЕЗ КЕЛГЕН ҚИЫНДЫҚТАН ШЫҒЫП КЕТУГЕ БЕЙІМ ШЕНЕУНІКТЕР КЕРЕК
Қазақстан – орасан зор аймақ. Оның күнделікті ұсақ-түйек жұмыстарына араласып отыруға Президенттің уақыты да жетпейді. Демек, бір ұсынысымыз бар. Қазіргі жағдайда еліміздің төрт аймағында Президенттік басқару жүйесіне бағынатын Президент өкілі институтын енгізу керек сияқты. Егер ол институт көрсетілген сенімді ақтамаса, таратып жіберу қиын емес. Бұл Президент аппаратын басы артық жұмыстардан босатып, бақылау орнатуға мүмкіндік береді. Бұл кез келген істе халықтың да қызығушылығын арттырады. Кадрларды іріктеуге де, тәрбиелеуге де көмектеседі.
Атақты жазушы Антон Чеховтың: «Халық – тобыр. Оған жақсы бақташы, жақсы ит керек», – деген сөзі бар. Жазушы одан әрі: «Біз өзіміздің бойымыздағы қордаланып қалған құлдық қасиеттерді тамшылатып сығып шығаруымыз керек. Себебі, орыс қоғамы бертінге дейін крепостнойлық, құлдық қоғам болды. Ал, осы құлдық қоғамға тән психология капитализм кезінде де сақталып, кедергі жасады. Құлдық психологиямен жарқын қоғам орната алмайсың. Сондықтан құлдық психологиядан біз арылуымыз керек», – дейді.
Ұлы жазушы айтпақшы, біздің бойымызда да жағымпаздық пен құлдық психология шегенделіп қатып қалған. Ол жібуі үшін алдымен санаға төңкеріс жасауымыз керек. Ұзақ жылдар бойғы санамызды жаныштаған тоталитарлық тәрбие бізді құл етіп езіп жіберді. Осы құлдық психологиядан айықпасақ, көретін күніміз осы! Чехов айтпақшы, ол кезде бізге «тамшылатып» емес, қатты сығымдап, шелектеп төгу керек болады.
Қазақ – ақылды, ар-намысы бар халық. Өз арына сай іс-әрекет жасауға бейім. Халық нарық заңдылығына да дайын. Оның бойында нарыққа қажетті қасиеттер жетіп артылады. Нарық білімді талап етеді, ал халық білімнен құр алақан емес. Мамандарымыз – қытайлық, малайзиялық дамыған елдердің мамандарымен салыстырғанда артық болмаса, қалыс қалмайды. Қазақ – кедейліктен безіп, байлыққа ұмтылған халық. Халқымыздың ойлау жүйесі бір саладан екінші бір салаға аттап өтуі де жеңіл. Біздің ойлау жүйеміз бейнелі-сезімдік болғандықтан, ойлау жүйеміз нарыққа сай келеді.
Нарық дегеніміз – стихия. Оны ұйымдастыра білу керек. Жергілікті әкімдер оған құлықсыз. Олар шетелдік инвестицияға «наркоман» болып алған. Француздар айтпақшы, «бүрге саудасы – нарық емес». Кез келген қиын өткелдерден аяқ асты жол тауып өтіп кетуді талап ететін құбылысқа бейімділік танытуымыз қажет. Бізге кез келген қиын жағдайдан шығып кетуге бейім шенеуніктер керек. Демек, үкіметтің берген бюджет қорын бөліп берумен айналысатын шенеуніктерді ұстау қаншалықты тиімді? Сондықтан жүйелі фантазия, қиял, болжау, қиыннан қиыстыра білу, елестету қасиеттеріне бай шенеуніктер қажет.
Нарықта бастысы – сертке беріктік. Ол өзгелердің сенімін ұялатады. Осы талаптарды қатаң ұстанған Оңтүстік Корея, Жапония, Малайзия сияқты елдер экономикасын тез аяқтан тұрғыза алды. Бұл – қазаққа тән қасиет. Адамгершілік, ағайынгершілік, бір-біріне қайырылғыштық, қайырымдылық, адалдық – қазақтың табиғатымен үйлесім тапқан қасиеттер. Халқымыз талай қырғынды бастан өткерді. Осындай қауіп-қатерден аман шығып, өзгеге пана да болды. Осындай сындардан досқа күлкі, дұшпанға таба болмады. Қайбір саланы алсақ та, қазақ басқадан озбаса, кем қалған жоқ. Ол ғарышқа ұшып, озық техниканың құлағында ойнады, ғылымның сан саласын меңгерді, өнерде аты озық келді, спорт жарыстарында ғажайып жетістіктерге қол жеткізді. Бұл кешегіміз бен бүгінгіміз. Болашағымыз одан да зор.
ҚАЗАҚ БАРЫНАН АЙЫРЫЛСА ДА, МАЛЫНАН АЙЫРЫЛҒАН ЕМЕС
Өкінішке қарай, ауылды күйзелтіп алғанымыз рас. Мемлекет басшысы осыны жолға қоймақшы. Ауылдың бүгінгі басынан кешіріп отырған қиямет-қайымы турасында сол ауылда тұратын адамдардың айтпағаны жоқ. Қайсыбір шамадан тыс прагматикалық-вестерндік баспасөз шолулары бұл тақырыпты айналып өткен емес. Қалай болған күнде де, бұл тақырыптың азабы мен бейнесі, машақаты мен қиындығы молынан жетіп артылады. Салада қолы тазалар қалмағандай, қайда барсаң да ақсауды көресің.
«Бұл жерде ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректерінің анықталғанын атап өтуге болады. Кейiнгi бес жылда мемлекет аграрилердi қолдау үшiн екi триллион теңге бөлдi. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда. Соның кесiрiнен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауiпсiздiгiне нұқсан келдi. Атап айтқанда, жайылымдық жерлердi суландыруға бөлiнген 80 миллиард теңгенiң тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жемшөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбiр өңiрде шаруаларға субсидия ретiнде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшiн сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетiлген. Мұның бәрi уәкiлеттi органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлiгi мен әкiмдер мұндай былыққа жол бергенi үшiн жауап беруi керек», – дедi Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттiк сектордағы сатып алулардың тұтас жүйесiн қайта қарауды тапсырды. Президент мемлекеттік сатып алуларға беделi бар, тиiстi техникасы бар, бiлiктi жұмысшылары бар, салықты уақытылы төлейтiн өндiрушiлер қатысуы керек деп есептейді.
«Қазiр сыбайлас жемқорлықты нақты жоюдың орнына, процесті бюрократияландыру жүрiп жатқанын көрiп отырмыз. Тапсырысты орындаушыны таңдауға бірнеше ай кетеді, бірақ бәрiбiр сапа мен адалдық жетіспейдi. Қолданыста бар нормативтік сүзгiлерге қарамастан, қандай тендер болсын, оны кiм жеңетiнi көбiне белгiлi болып тұрады. Мәселен, екi жылда «ҚазАвтоЖол» техникалық қадағалау кызметі 99 сатып алу конкурсын өткiзген. Олардың тең жартысын үлестiкке қатысы бары айқын төрт компания жеңiп алған. Ал, елiмiзде аккредитациядан өткен екі мыңнан астам ұйым мен сертификатталған алты мыңнан астам сарапшы бар. Сондықтан халықаралық деңгейдегi компаниялардың мемлекеттiк сатып алуларға сирек қатысатынына таңғалуға болмайды», – деді Президент.
Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сөздерінен қорытынды шығаратын кез келді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына қатысты пікірлеріне жауапты сала басшылары мұқият зер салуы тиіс.
Жасыратыны жоқ, аграрлық салада қордаланған мәселе шаш етектен. Қазақстан халқының 40 пайызы ауылдық жерде тұратынын ескерсек, олардың басты табыс көзі де осы атакәсіп саналады. Оның үстіне ауыл халқының 90 пайызы қазақтар екенін естен шығаруға тағы болмайды. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласын, оның ішінде ауылды жерлердегі өндіріс ошақтарын жолға қоймаса, тұтастай елімізді дамыту туралы айтудың өзі қиын. Дәл бүгін қазақты тығырықтан алып шығатын осы сала. Бүгінде ауыл қазағы да, қала қазағы да аш, оны мойындауымыз керек.
Кезінде Қытай көсемі Мао Цзэдун: «Үш жыл қажырлы жұмыс, он мың жыл бақыт», – дегенде барлық күшті ауыл шаруашылығын дамытуға жұмсаған болатын. Ал, реформатор Дэн Сяопиннің: «Алдымен халықты тамақтандырып, содан кейін құрылыс жүргізу керек», – деуі Қытай халқын еңбекке құлшындырғанын ұмытпағанымыз жөн.
Шындығына сайсақ, қазір бүкіл Қазақстан екпінді құрылыс алаңына айналып кеткен сияқты. Ол да керек, бірақ ол үшін алдымен халықты тамақтандырып, киіндіру керек.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алынып отырған реформалаудың алғашқы кезекте жаңартуды қажет ететін бірнеше бағытын белгілеп берді. Әйтсе де, осылардың ішінде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларына, кадр мен күш құрылымдарына ерекше басымдық берілуі тиіс.
Қазақтың күні малмен бірге өрілген. Ол барынан айырылса да, малынан айырылған емес. Ауылдық жерде тұрып, мал жаятын жайылымды былай қойып, үй салатын жер жоқ дегенге сенудің өзі қиын. Мұны тіпті көз алдыңызға елестете алмас едіңіз. Елдің өкпесін қара қазандай қылған, орынды өкпе-назын туындатып отырған жайылым мәселесі талайдан бері айтылып келеді. Бұл жайында жақында Қасым-Жомарт Тоқаев жіті атап өтті. Мәселен, Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында былай деп үн қатқан болатын: «Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Олардың құқықтық мәртебесі және көрсетілетін қолдау тәсілдері «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керек. Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге тиіс».
Бұл жерде ауыл тұрғындары аспандағы айды алып беріңдер деп буынсыз жерге пышақ ұрып отырған жоқ. Бар болғаны мал жаятын жайылым мен шабындықтың және үй салатын жер телімінің мәселесі шешілсе болды деп отыр. Жұрттың жанайқайына назар аударатын, түйінді мәселені біржола шешетін уақыт әбден жетті. Жан-жағының бәрі шөбі шүйгін алқап, ел іргесін жанай өтетін өзені бар жерде өріс таппай қиналғандары кімнің болсын жанына бататыны рас.
ДАҒДАРЫС ҚАМЫТЫ ҚЫСҚАНДА АМЕРИКАНЫ АГРАРЛЫҚ САЛА ҚЫСПАҚТАН АЛЫП ШЫҚҚАН БОЛАТЫН
Бүгінде ауыл шаруашылығы күйреу кезеңінің алдында тұр. Өтпелі кезеңнің ең бір ұрымтал да босаң буыны, күткеніміздей, осы аграрлық сектор болып шықты. Реформалар тұсында қай заманда, қай елде болсын аяққа тұсау болып, ең соңынан қозғалатын аталмыш сектордың өзіндік ерекшеліктері де пәлендей құпия емес. Әйтсе де, «Қазақстан-2030»-ға мұқият түрде көз жіберсек, бізге де «Жасыл революция» жақындап келе жатқан сыңайда.
Өткен ғасырдың 60-шы, 70-ші жылдары Азия мен Африканы дүр сілкіндірген аграрлық негіздегі «Жасыл революцияны» ұмыта қойған жоқпыз. Ал, «азиялық-африкандық» тәжірибелер көңілге қонбайды десек, онда Батыс жарты шарының тірегі АҚШ-та жүргізілген «Жаңа бағыттың» ауыл шаруашылығына қатысты қолға алынған іс-шараларына назар салсақ деймін. Дағдарыс қамыты қысқанда Американы қыспақтан алып шыққан аграрлық сала болатын.
Сол жылдары АҚШ президенті болып сайланған Франклин Рузвельттің елді қандай жағдайда қабылдап алғаны баршаға мәлім. Жан-жақты жайлаған дағдарыс ауыл шаруашылығын да жеріне жеткізе тұралатып тастаған еді. Алайда, АҚШ-тың 32-ші президенті қатаң да ұтымды және күтпеген шешімдерге батыл қадам жасады. Бүкілфермерлік ұлттық ереуілден бір-ақ күн бұрын Конгресс «Ауыл шаруашылығын реттеу» жөнінде заң қабылдайды. Сол күндері президенттің түбі инфляцияға алып келер мұндай батыл шешіміне таңданып, жағасын ұстағандар орасан зор күшке айналады. Бюджеттік бюроның директоры Льюис Дуглас заң турасында: «Бұл Батыс өркениетінің ақыры болып табылады», – деді. Ал, Франклин Рузвельт болса: «Мен сіздерге ашықтан ашық айтып отырмын – бұл жаңа да беймәлім жол, ағымнан жарылып айтамын, бұған дейін болып көрмеген ахуал, ауыл шаруашылығын сақтап қалудың жаңа тәсілдерін қажет етеді. Егер заң әділ тұрғыдағы әкімшілік бақылаудан шығып кетер болса және ол күткен нәтижелерге қол жеткізбесе, онда мұны алдымен өзім мойындап, осы хақында сіздерге мәлімдейтін боламын», – дейді.
Франклин Рузвельт осыған орай 1935 жылдың қаңтар айында: «Мен біздің халықтың өмірлік күш-жігерінің, түрлі, уақытша садақалар мен тағамдық пакеттерге иек артып, аптасына бірнеше сағаттық көгалдандырумен яки қоғамдық бақтардағы жапырақ жинау мен қоқыс жинауға жұмсалғанын қаламаймын. Біздер еңбекшілерді тек қана осы тұрғыда құтқаруға тиіс емеспіз», – деп мәлімдеме жасайды. Бізге осы жолмен жүру де керек сияқты.
1929-1933 жылдары экономикалық дағдарысқа ұшыраған АҚШ-тағы қиын-қыстау күйзелісті жеңіп шығуда америкалықтар Франклин Рузвельтке ерекше қарыздар. Президент өзінің алдындағы әріптесі Герберт Гувер ел билеген кездегі ұзақтығы мен күші жағынан өзіне ештеңе тең келмейтін «Ұлы дағдарыстан» ауыр мұра қалды. Осы жылдары «Жаңа дәуірдің» күні келмеске кетіп, ел экономикасының барлық саласында «ойық жара» пайда болды. Сондықтан Франклин Рузвельт билікке келген жылдары жағдайға көңілі толмаған жұмысшылар мен фермерлердің наразы дауыстары шығып жатты. Қоғам кедейшілік қамытын кигендіктен, өздеріне көмек көрсетуді сұраған миллиондаған қарапайым адамдардан сырт айналып, олардың жағдайына немқұрайлы қарау мен сезіктену белең алды. Ел ішінде: «Біз демократия үшін күрестік, енді оның орнына не алдық?» деген үндеу көтергендер көп болды. Дәл осы тұста Франклин Рузвельт: «Менің ақыл-ойым маған елдің батыл да табанды тәжірибе жүргізуді талап етіп отырғанын, ол үшін қайсыбір әдісті таңдап алып, оны өзімізде сынау керектігін айтады. Егер ол күткендегідей нәтиже бермесе, басқа әдісті ойлап табу керек. Қол қусырып қарап отыруға болмайды, қалай болған күнде де, бір нәрсені байқап көру керек. Ел экономикасын тұрақтандыруға қабілетті шынайы әдіс аурудың сыртқы белгілерін емдемей, өмір сүріп отырған жүйенің айналасындағы бактерияларды жоюы тиіс», – дейді.
Шындығына сайсақ, оның бар мақсаты – жүйені емдеп, елді содан құтқару болатын. Қазақстан Президентінің де бар ұстанымы осыған саяды. Осыған байланысты Президент елдегі ауыр жағдайды түзету мақсатында бұрын мардымсыз жалақы алып келген жұмысшылар категориясына еңбекақы мөлшерін арттыру сияқты маңызды мәселелерді қозғауы шынайы шықты. Елді дағдарыстан шығаруға байланысты Президент қабылдаған іс-шаралар мемлекет аумағындағы кең ауқымды қиындықтарды жеңуге алғышарт жасады. Мемлекет басшысының реформаторлық бастамалары белгілі бір деңгейде жұмысшылардың сана-сезімінің өсіп, талантты жас қайраткерлер мен жалпы бұқара халықтың батыл іс-әрекеті негізінде олардың экономикалық талаптары саяси сипаттағы тілектермен астасқан жаңа форматты идеялардың пайда болуына ықпал етті.
Бұл ретте Президент кімге, қашан және қаншалықты дәрежеге дейін жеңілдік жасауға болатынын жақсы білді. «Жаңа Қазақстан» реформасы тұрақтанысымен, жаңа қоғам құрудың қарқынды сипаты күрт артатыны анық. Қасым-Жомарт Тоқаев талантының мәні оның күрделі экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге қабілеттілігінен гөрі саяси жағынан жүзеге асыруға болатын шешімдерді қабылдауға деген ерекше сезімталдығында жатыр. Президент өзі қолға алған өзгеріске бастамашыл болғаннан бұрын оның катализаторы болудан тартынған емес. Оның бойындағы ерекше адамгершілік қасиеттері – күшті темперамент, күш-қуат, стратегтік көрегендік, иілгіштік, қалыптасқан жағдайды дәл түсінушілік, дер кезінде ескіден бас тартып, өзгеріс жасауды мойындау тәрізді қабілеттер еді. Оған ең бастысы – іс-әрекеттің ақырғы нәтижесі керек. Президент кері шегінуді шабуылға айналдыруға қажетті күш-қуатты тежейтін жалғыз нәрседен – ессіз, келбетсіз ақтауға келмейтін баянсыз іс-әрекеттен бойын таза ұстауы көптеген келелі істерге жол ашып берді.
Бұл жерде, жоғарыда айтқанымыздай, Гётенің «Фауст» еңбегіндегі «Халықтың нағыз көгі (аспаны) жерде» деген қанатты сөзіне құлақ қоя отырып, өкінішке қарай, мүлде сирек айтылатын жерге деген еуразиялық-номадтық, одан қала берді таза қазақи көзқарастардың философиялық мәні бар «таза ментальдық» және «тасада қалған» тұстарына әдейілеп қайта соғамыз деген үміт те жоқ емес. Біздің прагматикалық-технологиялық ойлар басымдық танытып отырған бүгінімізде гендік сапасы ерекше ауылға деген – тірі адамға тән жандүниеден жарып шыққан сезімдік көңіл-күй мен терең түсінушілік тапшылық тудырып отырғаны күмәнсіз. Алайда, бұл басқа әңгіменің тақырыбы…
ӘЛЕУМЕТТІК ТЕҢСІЗДІКТІ ТҮЗЕТУ БҰРЫНҒЫ ҮКІМЕТТІҢ ҚОЛЫНАН КЕЛМЕДІ
Қазақстандық бағыт американдық тәжірибелерге ұқсас тұстар мейлінше жеткілікті-ақ. Тарихи-ментальдық ерекшеліктерімізді айқындап тұрған жерге деген жекеменшік турасында өзіндік ұқсастықтарымызды былай қойғанда, ауыл мәселесіндегі басым бағыттар түрлі ойларға жетелейді. Бұл жерде бәріміз қосылып ашқарақтанбауымыз керек. Бізді құртқан – осы ашқарақтық! Бұл туралы Президент айтарындай-ақ айтты.
Біріншіден, ауылдық жерлердегі «реформаның» (оның басты негізі – жекешелендіру) «өтіп кеткендігі». Екіншіден, басым көпшілігін автохтондағы ұлт өкілдері құрайтын аграрлық сектордағы ұлттық менталитет пен басқа да әлеуметтік парадигмалар және «қазақшылдық» психология. Үшіншіден, «күмәнді жеке шаруашылықтарға жекешелендіру жүргізу» барысында сахнаға шығуы мүмкін «контрреформациялық» ой-пікірлер ағыны мен іс-әрекеттер. Төртіншіден, ауылдық орта таптың дүниеге келуіне қажетті объективтік алғы шарттардың әлі де қалыптасып бітпеуі болып отыр. Оны зайырлы заң арқылы өзгертуге болады. Әйтсе де, мұндай жекелеген ой-пікірлер Жаңа Қазақстанды құру стратегиялық мәнін жоққа шығармауы керек. Басты бағыттар көңілге үміт ұялатады. Біздің ойымызша, Президент Жолдауында орын алған тұғырнамалық бағдарламаларға сәйкес, алғашқы кезектегі қолға алынар шаралар төмендегідей: фермерлер мен шаруа қожалықтарының аймақтық және ұйымдық-экономикалық әдістемелік үлгілеріне кеңінен жол ашу, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелілігін арттыра түсу (барлық салаларда), әлемдік технологияны батыл түрде енгізу, жекешелендіру процесіне жаңа көзқарастар қалыптастыру мен оның алыс шет елдік тәжірибелерінің өзімізге жақын тұстарына ерекше маңыз беру және т.б.
Нарық экономикасындағы саяси-әлеуметтік теңсіздіктің ең басты себебі – «алтын миллиард» қатарындағылардың қоғамдық және әлеуметтік қатынастарда қалыптасып қалған өз үстемдіктерінің ешбір өзгеріссіз жалғаса беруін қалайтынында жатты. Мемлекеттегі әділетсіздік салық жүйесінен байқалып отырғанын жасырмаймыз. Өйткені, ірі капиталдарға салынатын салық мөлшерінің тым төмендігі көш басындағы бай-бақуаттыларға шаш-етектен пайда әкелетін табыс көзіне айналғанын айта кетсек дейміз. Ал, Қазақстан Президенті: «Жалпы, әділеттік – қоғамды өркениетке жетелейтін, оның бет-бейнесін айқындайтын басты құндылық. Ол жоғалған сәтте азаматтар арасында наразылық туындайды. Бұл құндылық алдымен мемлекеттік саясатта көрініс табуы керек деп санаймын. Нақтырақ айтсақ, заң алдында барлық азамат тең құқылы болуы тиіс. Қылмыс жасаған азаматтар лауазымына қарамай заң шеңберінде жазалануы шарт», – деді.
Мемлекеттік саясаттың басты мақсаты – халықтың тұрмысын жақсарту. Бірақ, жемқорлық күдігіне ілінгендер елдің, тұтас ұлттың емес, өз қалтасының қамын ойлайтындардың бары өкіндіреді. Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдай анық. Оны Президентіміз ашық айтып берді. Қазақстанның бар байлығы ат төбеліндей аз ғана адамның уысында жинақталып, ұшан-теңіз байлықтың солардың қолында қалуы қоғамды қақ бөліп, әлеуметтік теңсіздіктің отын лаулатты. Тек жеке қалтасын томпайтып, қалың бұқараның мүддесі ескерілмеуі қоғамға қауіп төндірді. Бұл – шындық. Ол бұрыннан белгілі, бірақ қанша айтылса да, оны түзету бұрынғы үкіметтің қолынан келмеді. Осы уақытқа дейін ат төбеліндей байлар елдің бар байлығын жұмырына тықты. Шетелдерге қолдағы бар байлықтарын жасырды. Сырт елдегі жасырын банктерге қыруар қаржы салды.
Байлық пен адам санасы қатар жүрмесе, әлеуметтік теңсіздіктер тізгінделмейтіні анық. Мұндай жағдайда билік пен қоғамның болмыс-бітімі де иманды арнаға түспесі анық. Кезінде Сайф Сараи деген ғұлама: «Сырт елге ақша тыққан басшылар сол елді түбі қиратуға алып барады», – деген екен. Біз соған жеттік. Президент осының бәрінің жолын жауып тастады. Түбі бұл бір бүйірден шығатын болады.