Жетпістің желкенін керген қонаевтанушы

0
1660

Үстіміздегі жыл есімдері елге елеулі біраз тұлғалардың мерейтойымен басталғаны рас. Халқы үшін еңбек етіп келе жатқан сондай азаматтардың бірі – белгілі журналист һәм қаламгер, қонаевтанушы, «Алтын қалам» сыйлығының иегері Ораз Қауғабай жетпістің белесіне шықты.

Алматы облысына қарасты Кеген ауданының Шырғанақ ауылының тумасы Ораз Қауғабай бүгінгі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Халықаралық «Түркістан-1500» шығармашылық байқауының жеңімпазы, Антиядролық «Невада-Семей» қозғалысы атынан АҚШ-та БҰҰ-ға  петиция  тапсыру үшін онда бастарын бәйгеге тігіп барған жеті еріктінің бірі екенін жалпақ жұрт біле бермейді. Сондай-ақ, жазушы қаламгерлік жолында тың еңбектерді көп жазды. Әсіресе, сонау кеңестік идеология тұсында қағазға түскен әулие Әлмерек туралы кітабы сол кезеңде үлкен сұранысқа ие болса, тәуелсіздік дәуіріндегі «Таңғажайып Қонаев» атты эссе-романы Ораз Қауғабайдың еліміздегі бірінші қонаевтанушы екендігін нақтылай түсті.

Қаламгердің өмірдерегіне әріден үңілсек, алғашқы еңбек жолы 1980-1993 жылдар аралығында «Қазақстан мұғалімі» газетінде халық педагогикасы тақырыбы бойынша жалғасқан. Оқырманға тартымды, өнеге, тәрбиелік мақалалары осы басылымда жиі жарияланды. Мектеп бөлімінің меңгерушісінің халық педагогикасы жөнінде жазған «Қарасазда қанат жайды» атты өнеге-тәлім кітабы 1992 жылы Алматы облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының қолдауымен жарыққа шығып, облыс мектептеріне таратылды. Осы еңбегі үшін ол «Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. Халық педагогикасы жайында тұңғыш қалам тартқан Ораз Қауғабай екені қазіргі ұстаздар қауымына белгілі.

1993-1996 жылдар аралығында «Халық конгресі» газетінде қызмет етті. Осы басылымда жүргенде ядролық сынақ жарылыстардың қасіреті жөнінде сериялы мақалалар мен жолсапар очерктерін жазды. «Невада-Семей» қозғалысының сарбазы әрі журналист ретінде көптеген әлемдік акция-шерулерге қатысты. 1994 жылы Нью-Йоркте өткен ядролық-сынақ жарылыстарына қарсы акцияның журналист делегаты ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымына Семей полигонының қасіреті жөнінде халықтық қозғалыс атынан құжат жазды. «Атомға қарсы акция», «Нью-Йорктағы қазақтар» атты танымдық-тарихи эссе мақалалары басылым беттерінде жарияланды.

1997-2006 жылдары әдеби басылым «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі болып қызмет еткен қаламгер Дін тақырыбына ойысты. Бұл тақырыпқа байланысты дінге шек қойылған кеңестік дәуірде оның деректер жинап, сол кезден-ақ ізденуі шын шығармашылық адамына тән қасиет еді.

«Жұлдызда» қызмет еткен жылдары жазушы аттары тарихтан өшкен жеті діндарды жарыққа шығарды. Олар: Әлмерек әулие, Бөйіт софы, Файзолла ишан, Сатыбалды ишан, Бура молда, Қашаған би және Тезек молда.

2001 жылы әулие Әлмерек жайындағы «Әлмеректің бес баласы және Еділ-Жайық» атты кітабы жарыққа шықты. Сөйтіп, аты ұмытылған тарихи тұлға ғылыми айналымға енді. «Әлмерек тарихи-мәдени қоры» құрылды. Қаламгердің жиырма жылдық еңбегі нәтижесінде Әз-Тәуке хан тұсында Жетісу өлкесінде би әрі пірадар болған Әлмерек қайта оралды. Ол Түркістан қаласы жөнінде сериялы мақалалар жазды.

2006 жылы қаламгер «Ақиқат» журналына шақырылды. Аталмыш басылымда  «Дін және тылсым дүние» тақырыбында қалам тербеді.

2008 жылы «Қазақ газеттері» ЖШС-нің «Алтын қалам» сыйлығын алды. Осы басылымда жүргенде Қонаев туралы тереңірек қаузап, беріле жазудың нәтижесінде «Таңғажайып Қонаев» атты роман-эссесі жарық көрді. Кітапты оқырмандар өте жақсы қабылдады. Оқырман жүрегін жаулаған шығарма 2011 жылы кітапқұмарлар өтініш-тілегі бойынша қайта жарық көрді. Қазір бұл кітап бойынша жоғары оқу орындарында, мектептер мен кітапханаларда кездесулер мен жүздесулер өтуде. Кітаптағы «Қонаевтың 12 қасиеті» деген тарау бойынша ұстаздар дәріс оқып, Димекеңнің өмір-өнегесін насихаттауда. Қонаевтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында шыққан кітап қонаевтанушылар үшін таптырмайтын еңбекке айналды. Кітап авторы Қонаев университетінің құрметті профессоры болғандықтан өзі шақырылған жерлерге барып, тегін лекция оқиды, әңгіме өткізді.

Бүгінде зейнеттегі қаламгер текке қарап отырмайды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Нұр-Сұлтан қаласындағы қалалық және Есіл аудандық ардагер кеңесінде  дәріс оқып, сөз сөйлейді. Әрине, Қонаев тақырыбында.

Қапшағай қаласының 35 жылдық мерейтойында, 2005 жылы аталған халықтың тілегі бойынша Қонаевтың атын беру жөнінде баспасөзде ең алғаш мәселе көтерген де Ораз Қауғабай болатын. Бүгінде сол идея жоғары билік тарапынан қолдау тауып, жүзеге асып жатыр.

Міне, Ораз Қауғабай өзінің азаматтық ұстанымы мен ұрпақ алдындағы міндеттеріне көлеңке түсірмей, өткенімізді қайта жаңғыртуда ерен еңбек сіңірген белгілі тұлға. Әркез игілігі мол қоғамдық істердің ортасында жүретін қайраткер ағамызға мықты денсаулық, жанына амандық тілей отырып, желкенді жетпісіңіз құтты болсын дейміз!

Қали ҚАМБАРОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here