Абай атындағы ҚазҰПУ түлектерінің форумы өтті

0
1927

Өткен аптада Абай университетінде Түлектер форумы өтті. Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 50-ден астам түлек қатысты. Кездесуді Абай атындағы ҚазҰПУ әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шыңғыс Нұрланов ашты. Проректор ректор Дархан Біләловтың құттықтауын оқып, университеттің Түлектер қауымдастығының қызметі мен рөлі туралы айтып, оның туған жоғары оқу орнының дамуындағы, ұрпақтар сабақтастығын нығайтудағы және тәжірибе алмасуды кеңейтудегі маңыздылығын атап өтті. 

Түлектер қауымдастығы қоғамдық ұйымының президенті, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының қауымдастығы» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев түлектерге алғысын білдірді.

«Абай атындағы ҚазҰПУ Түлектерінің қауымдастығы 2018 жылы құрылды. Бүгінде түлектермен тығыз байланыс орнату мақсатында 1000-нан астам үздік түлектердің тізімі жасақталып, түлектерімізге қатысты барлық деректер қоры үнемі жаңартылуда. Оқу орнымызда Түлектер қауымдастығының және Университет демеушілік қорының жеке кабинеті ашылды. Үйлестірушілермен бірге «Түлектер энциклопедиясы» топтамасында түрлі салада жетістіктері бар түлектер туралы мәліметтер жинақталды. Бүгінгі таңда энциклопедия 400-ден астам түлек туралы мәліметтермен толықтырылды, нақты мәліметтер бар, бұл ізденіс әлі де жалғасын табатын болады. Университет мұрағатында түлектердің электронды тізімін қалыптастырудамыз. Осы жұмыс барысында 90 мыңға жуық түлектердің тізімі жасақталып, алдағы уақытта толықтырылатын болады. Университетіміздің түлектері мен Абай университетінде қызмет етіп жүрген 5 профессор мен 2 түлек білім алушыларымызға көмек көрсетті. Өткен жылдардағы түлектердің арқасында бірінші курстың 9 студентіне шәкіртақы тағайындалса, қалғандарына біржолғы көмек көрсетілді. Шәкіртақылардың жалпы сомасы 1 145 000 теңгені құрайды», – дей келе Төлеубек Мұқашев түлектер бұл бастаманы жан-жақты қолдап, өз университетінің дамуына үлес қосатындарына сенім білдірді.

Барлық форум қатысушыларына Түлектер куәлігі табыс етілді. Кездесу барысында түлектер студенттік өмірді көңілді еске алып, ұстаздарына алғыстарын айтып, пікір алмасты. Жас кәсіпкер, «PLATINUM TRAVEL KAZAKHSTAN» ЖШС директоры Гүзел Бекбаева жетістіктері университетте алған білімімен байланысты екенін баса айтып, университетке, оның басшылығына және ұстаздарына алғысын білдірді.

Кездесу барысында түлектермен тығыз қарым-қатынаста болу үлкен жетістік екені, оқу орны түлектермен одан әрі байланыс орнату арқылы талапкерлерді тартуда, студенттерді оқытуда, түлектерді жұмысқа орналастыруда, студенттердің әлеуметтік және материалдық-техникалық базасын жақсартуда негізгі қозғаушы күшке айналуы мүмкін екендігі айтылды. 

Шара соңында түлектер естелік суретке түсті. Форумға қатысушылар түлектердің кезекті кездесуін асыға күтетіндерін айтты.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here