Америкада кәсіп ашқан Қазақстан тумасы

0
5564
«Soul of Nomad» өнімдерін сатып алғысы келетін қазақстандықтар www.soulofnomad.com сайты немесе +1 415 854 7177 телефон нөмірі арқылы тапсырыс бере алады

Осыдан біраз жыл бұрын Назым Палташев Алматыдағы пәтерін сатып, мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-қа қоныс аударып, Калифорния штатында «Soul of Nomad» (Көшпенді рухы) брендінің негізін қалады. Оның кәсібі туралы жүз жылдық тарихы және жеті жүз мыңдай таралымы бар атақты америкалық «Forbes» журналы да жазды. Ал, брендтің сапалы киімін әлемнің ең бай адамы Илон Масктің өзі де киеді. Осындай әлемге әйгілі тұлғалар таңдайтын брендті қалыптастырған Қазақстан тумасы, америкалық кәсіпкер Назым Палташевтың сұхбатын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«АТАМ «ТҰСКИІЗ» ФАБРИКАСЫНЫҢ НЕГІЗІН
ҚАЛАДЫ, ӘЖЕМ «АЛМАТЫ КІЛЕМНІҢ» БАСШЫСЫ БОЛДЫ»

Назым, сұхбатымызды Сіздің АҚШ-қа қалай тап болғаныңыздан бастайықшы. Қазақстан тумасы Америкада қайдан жүр?

– Мен кішкентай кезімнен Алматыда ата-әжемнің қолында өстім, ал әке-шешем Санкт-Петербургте оқып, сол жақта жұмыс істеді. Былайша айтқанда, менің балалық шағым осы екі қалада өтті. 1995 жылы біздің өмірімізде үлкен өзгеріс орын алды. Яғни, әкемнің жұмысы АҚШ-қа ауысатын болды. Содан көп ұзамай біз Юта штатына қоныс аудардық. Ол кезде мен 15 жаста едім. Кейін отбасымыз Дакотаға, артынан Сан-Францискоға қоныс аударып, сонда тұрақтадық.

Ата-әжеңіздің ұлттық тәлім-тәрбиесін бойыңызға сіңіргеніңіз байқалып-ақ тұр

– Оныңыз рас! Тұлға болып қалыптасуыма сол кісілердің сіңірген еңбегі зор. Менің атам мен әжем Қазақстанның жеңіл өнеркәсібіне көп үлес қосқан жандар. Атам кезінде жалғыз ұлттық киімдер мен бұйымдар өндіріп келген «Тұскиіз» фабрикасының негізін қаласа, әжем 25 жыл бойы «Алматы кілемнің» басшысы болды. Бала кезден көрген-білгенімді қазір өз тәжірибелерімде қолданып жүрген жайым бар.

– АҚШ-та жүргенде туған елге оралу жоспарыңызда болды ма?

– 2004 жылы жоғарғы оқу орнын аяқтап, қолыма дипломымды алдым. Содан достарым Алматыдан жұмыс ұсынды. Мен бұл ұсыныстан бас тартпадым. Өйткені, туған елге қызмет етіп, оның бір кірпіші болып қаланғым келді. Алматыда жұмыс істеген сол кезең тәжірибе жинақтауыма, болашағыма жол ашты. Негізінен жылжымайтын мүлік пен құрылыс саласында жобалар дайындап, батыл бастамаларды қолға алдым. Сол жобаларымның ішіндегі баршаға танысы − Алматы аймағындағы «Восемь Озер» демалыс орны.

Туған топыраққа тағзым етіп, ойдағы жоспарларымды жүзеге асырғаннан кейін, атап айтқанда, 2012 жылы Америкаға қайта оралуды жөн санадым. Жарты жылға жуық уақытта «Soul of Nomad» атты жаңа брендімді дайындап шықтым.

«БІЗ ТҮП-ТАМЫРЫМЫЗДЫ ЕШҚАШАН
ҰМЫТПАУЫМЫЗ КЕРЕК»

– Білуімізше, «Soul of Nomad» бренді джинсыдан тігілген өнімдер екен. Неліктен дәл осы саланы таңдадыңыз?

– Жұмыс жоспарымның тығыз болуына байланысты әлемнің әр түкпірін аралап, көп уақытым ұшақтан ұшаққа ауысумен өтеді. Сондай сәттердің бірінде «Кез келген жағдайда ыңғайлы, сапасы да көңілге қонымды, әрбір жанның көңілінен шығатын, талғамға сай киім неге аз?» деген ой келді. Классикалық костюммен жолда жүру ыңғайсыз ғой. Сол себептен осы идеяны жүзеге асыруды қолға алдым. Яғни, бүгінгі күннің «көшпенділеріне» кез келген жағдайда ыңғайлы киім болуын мақсат еттім.

Жалпы, Американың адамдары еркіндікке құштар ғой. Ой еркіндігі, сөз еркіндігі, тіпті, олар киімнің де барынша еркін болғанын құптайды. Ол жақта ер адамдар классикалық үлгідегі киімдерді сирек киеді, ал нәзік жандылар көйлек пен биік өкшелі аяқ киімдерге мүлде құмар емес. Осыны ескерсек, американдықтардың күнделікті «униформасы» – сапалы джинсы шалбар мен жеңіл футболка. Осы қарапайым киімдерге сұраныс өте көп. Сондықтан, киім әлеміне қадам басқанда алдымен джинсы шалбардан бастауды жөн көрдік. Біз ұсынған джинсылар киген адамға – кең даланың рухын сыйлап, еркіндік пен сенімділікке шақырады. Сонымен қатар, жолда жүруге қолайлы пішінде жасалған жолсөмкелер мен әмияндар, сөмкелер, белдіктер де шығардық.

– «Soul of Nomad» атауының қазаққа, ұлтымыздың түп-тамырына қатысы бар секілді

– Әрине! Бұл атаудың астарлы мәні бар. Бүгінгі таңда өнімдеріміз американдық бренд болғанымен, сол елде ұзақ уақыт тұрып жатқанымызбен, біз тегімізді, түп-тамырымызды ешқашан ұмытпауымыз керек. «Soul of Nomad» – алған бетінен қайтпайтын қайсар, қырандай қырағы, мақсатына жетуді көздеген мерген жандарға арналған. Өзіңіз байқап отырғандай, бұл қасиеттер мен ерекшеліктер біздің мәдениетімізбен, болмысымызбен тығыз байланысты. Бұл халқымыздың құндылықтарын қастерлейтін атау. Сондықтан да, брендті «Көшпенді рухы» деп атадым.

– Джинсы өнімдерін үлкен нарыққа шығару – тәуекелге бел буу сияқты. Бәсекелестердің көптігі қорқыныш тудырмады ма?

– Кез келген өнім сауда-саттығы жолға қойылған елдің нарығында бәсекеге түседі. АҚШ нарығы бұл тұрғыда сапалы киімдердің көшін бастап тұрғаны айтпаса да түсінікті. Осыны ескерсек, әлем нарығына бәсекеге қабілеттілігін жоғалтпаған өнім енгізу қиынның қиыны. Оның үстіне АҚШ – мүмкіндік пен еркіндіктің елі. Яғни, өнімің сапалы, көпшілікке ұнамды болса ғана әлемдік аренада еркін жүзе аласың. Біз ұялы телефон, көлік секілді күнделікті өмірімізге қажетті дүниелерді жасауды үйрендік. Енді көңіліміздегідей киімді де заманға лайық етіп жарыққа шығару қолымыздан келетінін дәлелдедік.

«ЕРКІН ОЙЛЫ ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ НӘТИЖЕЛІ ЖОБАЛАР
ЖАСАЙТЫНЫНА КӨЗІМ ЖЕТТІ»

– Сән саласына бірден еніп кетпегеніңіз белгілі. Осы саланың сырларын білу үшін алдымен зерттеулер жүргізген боларсыз?

– Бастапқыда қазақстандық «Almeo Group» компаниясындағы достарым осы саланың қыр-сырына қанығу үшін көмек қолын созды. Расында да, бұрын-соңды білмейтін мүлде бейтаныс саланы бірден меңгеріп, нәтижелі, өнімді еңбек ету оңай емес. Тәжірибе жинақтап, сән саласының сырларына бойлаған соң ғана нақты іске кірістім. Киім өндірісінде матаның сапасына көңіл бөлу керек. Люкс-сападағы киімдер қашан да сұранысқа ие әрі бағалы болып саналады ғой. Сонымен қоса, сән саласының құпияларын зерттеу барысында Пеппердайн университетінің (Pepperdine University) профессорларымен де кеңестім. Американдық сән индустриясындағы жаңалықтардан да қалыс қалғам жоқ. Осының бәрін ескере келе өнімдерімді люкс-сапада шығаруға бел будым. Экономикалық тұрғыдан да тиімділігіне көз жеткіздім әрі сапалы дүниемен бәсекелесу де екінің бірінің қолынан келмейтінін ойладым. 

– Тұтынушыға сапалы әрі ыңғайлы джинсы өнімдерін ұсыну үшін не қажет?

– Ең алдымен команда қажет. Жай ғана команда емес, барлық сынға дайын тәжірибелі команда жасақтау маңызды. Ол команданың құрамына дизайнерлер, құрастырушылар мен өнімді өндірушілер кіреді. Әйгілі джинсы өндірушілер «True Religion», «7 For All Mankind», «Guess», «Gap», «Diesel» сынды белсенді мамандардан құралған команда болса, компания бағындырмайтын белес болмайды. Сондай-ақ, өнімнің маркетингі мен сауда-саттық жайын реттеп отыратын мамандар да ауадай қажет.

Осы жолды таңдар алдында, бұдан бұрынғы, яғни, қалыптасып қалған жүйеден аулақ болуға, өз сүрлеуімді салуға тырыстым. «Басшының айтқаны – заң!» деген ұстанымнан бас тарттым. Менің командам қандайда бір қиындық туындаса, қол қусырып, басшының шешімін күтіп отырмайды. Керісінше, түйткілді шешуге тырысып, бірауыздан шешім қабылдайды. Міне, біз осындай ұстаныммен жетістікке қол жеткізіп келеміз. Меніңше, осы ұстанымның өзі – жетістік. Еркін ойлы қызметкердің нәтижелі жобалар жасайтынына көзім жетті. Сондықтан, Қазақстанда да осы әдіс қолданылса, көптеген шаруалар алға басар еді.

«АМЕРИКАДА БАСПАСӨЗ БЕТІНЕ ШЫҒУ –
АБЫРОЙДЫҢ БИІГІ»

– Әйгілі «Forbes», «The Huffington Post» басылымдары «Soul of Nomad» бренді жайлы жазып үлгерді. Аз уақытта танымал болудың сыры неде?

– Америкада баспасөз бетіне шығу – абыройдың биігі. Бұл елде нашар өніммен бұқаралық ақпарат құралдарының назарын өзіңе қарату мүлде мүмкін емес. Сапалы өнім қашан да қолдау табады. Америкалық ірі бұқаралық ақпарат құралдарының бізге мойын бұруы, қолдау көрсетуі – өнімдерімізге берілген жоғарғы баға. Біздің өнімдердің қаншалықты сұранысқа ие екенін содан-ақ байқауға болатын секілді. 

Сіздердің өнімдеріңізді танымал тұлғалардан кімдер тұтынады?

– «Soul of Nomad» джинсы шалбарларын «Dallas Mavericks» баскетбол командасының иесі Марк Кьюбан, миллиардер Илон Маск, «Apple» және «Oracle» компанияларының бұрынғы вице-президенті Кенжи Ямамото, шашқа трансплантация жасайтын әлемге әйгілі маман Крэг Зиренг сынды танымал тұлғалар тұтынады. Біздің өнімді тұтынушылардың қатарында технологиялық, инвестициялық компаниялардың басшысы болып үлгерген жастар да бар.

«БІЗДІҢ САН-ФРАНЦИСКО,
НЬЮ-ЙОРК ПЕН ЛОС-АНДЖЕЛЕСТЕ
ДҮКЕНДЕРІМІЗ БАР»

– «Soul of Nomad» джинсыларының басты ерекшеліктері қандай?

– Ең басты ерекшелік – сапа. Алдымен біздің шеберлер матаның түстерін іріктеп, АҚШ-тың жақсы бір зауытына жинақтайды. Өнімдеріміздің шикізаты, маталары, қосымша жабдықтарының бәрі Лос-Анджелестен алынып, Италияда өндіріледі. Джинсы шалбарлардың сыдырмасына көп көңіл бөлеміз. Өйткені, сыдырманың сапасынан-ақ киімнің сапасын байқауға болады. Сыдырмадан бастап, ірілі-ұсақты жабдықтарының бәрі Италияда жасалатындықтан, өнімді өзгелерге сенімді түрде жарнамалаймыз. Басты ерекшелігіміз осы шығар. Әрбір джинсы шалбар арнайы қапқа салынады. Бұл қапты да кейін жолға шыққанда алып жүруге қолайлы етіп жасадық.

– Джинсы шалбарлардың орташа құны қанша? Қазақстандықтар оған қалай қол жеткізе алады?

– Орташа құны – 500$. Джинсы өнімдерімізді алғысы келетін қазақстандықтар www.soulofnomad.com сайты немесе +1 415 854 7177 телефон нөмірі арқылы тапсырыс бере алады.

– Тауар мен тұтынушы арасындағы байланыстың жақсаруы үшін қандай әдістер қолданасыздар?

– Өнімдеріміздің сатылымы қазіргі таңда тек сайт арқылы жолға қойылған. Дегенмен, дүкендердің санын арттырсақ, сатылым да көбейер еді. Сан-Франциско, Нью-Йорк және Лос-Анджелестен дүкендер аштық. Тұтынушыларға тиімді жаңа бағдарлама жасамақпыз. Бұл бағдарламаның ерекшелігі – тұтынушы біздің дүкендерімізге барып, уақытын шығындамайды. Яғни, біздің қызметкерлеріміз екінші тараптан түскен шақырту бойынша тұтынушының мекенжайына барады да қалаған өнімінің эскизін сызып, тапсырыс қабылдайды. Осылайша, тұтынушы мен өнім ұсынушы арасында алтын көпір орнайтынына сенімдімін.

– Болашаққа қадам басқан жас кәсіпкерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Меніңше, барлық адам табиғатынан өзгелердің жетістіктерінің сырын білуге, табысының құпиясын іздеуге ұмтылады. Кез келген жеңістің артында мыңдаған сәтсіздік пен жүздеген жеңіліс тұратынын кейде ұмытып кететініміз бар. Бастысы – мақсатқа жету жолында ештеңеден қорықпай, тек қана алға ұмтылу, үздіксіз іздену, жоспарлы түрде еңбек ету. Біз өзіміз жасап алған қолайлы мекеннен ұзап шыққымыз келмейді. Ынта мен ізденістің, жетістіктің жауы осы. Сан түрлі сындарға төтеп берген мықты адамға көп ұзамай жетістіктің өзі келеді. Енді ғана өзінің дара жолын бастағандарға осы қағидаларды ұсынар едім.

– Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Сұхбаттасқан: Әлия ІҢКӘРБЕК

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here