Бүгінде тоқсанның төріне шығып отырған фармацевтика ғылымдарының кандидаты, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының Құрметті профессоры, Қазақстан-Ресей медициналық университетінің фармация кафедрасының меңгерушісі, профессор Есболған Тегісбайұлын 1980 жылдан бастап білемін. Мен сол кезде Алматы мемлекеттік медицина институтының Шымкент филиалының дайындық курсына оқуға түстім. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген дайындық курсының тыңдаушыларын сол институттың ректоры Есболған Тегісбаев оқуға түсуімізбен құттықтап, ақ жол тіледі. Бұл естен кетпес ерекше сәттер еді…
Сол кезде институттың 1-курсында 250 студент, 2-курсында да 250 студент, дайындық курсында 40 шақты тыңдаушы оқыды. Институт ашылғанына екі жыл ғана болған, сол кездің өзінде Есболған Тегісбайұлының білікті басқаруының арқасында білім ордасы күннен күнге көз алдымызда өркендей берді. Атап айтатын болсақ, кітапхана, оқу залы, жатақхана, зертхана, асхана ашылды. Студенттерге барлық жағдай жасалды.
Енді ағайымыздың өмірбаянына қысқаша тоқталсақ. Есболған Тегісбаев 1932 жылы Алматы облысының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Ақсу ауданының Басқан ауылында жарық дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыстың кері әсерінен мектептегі оқуын тоқтатып, қаршадайынан 1941-1944 жылдар аралығында колхоздың жұмысына араласқан. Сол себепті Сарқандағы орта мектепті 20 жасында аяқтаған. Бір атап өтерлігі, мектепте оқып жүріп аудан көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, 10-сыныпта партия қатарына өтеді. Бұл кезде партия қатарына өту – абыройдың белгісі. Ал, оқушының партияға енуі бұрын-соңды болмаған құбылыс еді. Осыдан-ақ бала күнінен Есболған Тегісбайұлының алғыр, іскер болғанын байқауға болады.
Орта мектепті бітіргеннен кейін Есболған Тегісбайұлы Қазақ мемлекеттік медицина институтының фармация факультетіне оқуға түседі. Институт қабырғасында да қатарластарының алды болады. Студенттер мен оқытушылардың көзіне түсіп, студенттік кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметіне сайланады және Қазақстан медицина қызметкерлері кәсіподағы Орталық комитетінің президиум мүшесі міндеттерін атқарады.
Бұл соғыстан кейін әлі де тұрмыс түзеле қоймаған жылдар еді. Қиындыққа мойымаған Есболған ағайымыз институтта оқып жүргенде Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтың ұлы Нойылмен дос болып, тұғырлы тұлғаның үйіне барып тұрыпты.
Бірде Жұмабай Шаяхметов Есболған ағайдан оның және студенттердің жағдайын сұрайды. Сонда Есболған ағай өзі білім алатын институтта соғысқа қатысқан, отбасын құрған жастар да оқитынын, оларға жатақханада төсек-орын жетіспейтінін, студенттер арасында сырқаттардың көптігін, тамақ тапшылығын айтып береді. Содан көп ұзамай-ақ Жұмабай Шаяхметовтың қолдауымен медицина институтының жатақханасына төсек-орын бөлініп, сырқат балаларға медициналық жәрдем көрсетіліп, жатақхананың жанынан ауылдан келген қыз балаларға арналған жүз орындық интернат ұйымдастырылады. Бұл студенттер толығымен мемлекеттің есебінен тамақпен, киіммен қамтамасыз етіледі. Әрине, бұл жұмыстың орындалуына сол тұстағы елдің Денсаулық сақтау министрі Сибағатолла Қарынбаевтың да зор үлес қосқанын атап өтпеуге болмас. Дегенмен, бұл үлкен істің бастамашысы болған және институт ішінде оны жүзеге асырған Есболған Тегісбаев екені талас тудырмайды.
КСРО кезінде студенттерді қыркүйек-қараша айларында ауыл шаруашылығына жұмысқа жұмылдыратын. 1953 жылы 2-курста оқып жүрген Есболған Тегісбаев партия қатарында болғандықтан, студенттерді Оңтүстік Қазақстан облысының «Пахта-Арал» совхозына мақта жинауға басқарып апарады. Сол кездегі қарлы-боранды күндері мақта жинаған студенттердің ауыр жағдайы туралы Мәскеудегі Маленковтың атына жеделхат жолдауы оның ерлігі еді.
«Екі күннен кейін КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Косыгиннің Ташкентке келгенін радиодан естідім. Ертеңіне үстеріне ұзын плащ киген екі кісі келіп, менен телеграмманы кімнің бергізгені туралы жауап алды. Мен оларға бар шындықты айтып, бұл қадамға өз еркіммен барғанымды айттым. Екеуі кеткен соң Косыгиннің көмекшісі келіп, студенттердің жағдайын өз көзімен көріп, қағазына жазып алып кетті. Ертесіне бір машина азық-түлік, фуфайка шалбарымен және керзі етіктер жеткізіліп, студенттердің жағдайы біршама жақсарып қалды», – деп өткен күннен естелік айтады Есболған ағай.
Есболған Тегісбайұлы 1957 жылы медицина институтының фармация факультетін бітіргеннен кейін облыстық бақылау-аналитикалық зертхананы тұңғыш ұйымдастыру үшін Талдықорғанға жолдама алады. Онда екі жыл нәтижелі де абыройлы жұмыс атқарып, 1959 жылы өзі бітірген институтқа ғылыми-педагогикалық жұмысқа оралады. Фармациялық химия кафедрасында оқытушы болып жүріп, Қазақстанның дәрілік өсімдіктерін зерттеу бойынша 1967 жылы кандидаттық диссертация қорғап шығады. Содан 40 жылдан астам уақыт фармациялық, бейорганикалық, аналитикалық және токсикологиялық химия кафедраларының меңгерушісі қызметтерін атқарады.
1979 жылы Қазақстан үкіметінің тапсырмасы бойынша Есболған ағай Алматы мемлекеттік медицина институтының Шымкент қаласындағы тұңғыш фармацевтикалық филиалын ұйымдастырып басқаруға жіберіледі. Ол қысқа мерзімде бұл оқу орнының сол кездегі талаптарға сай материалдық-техникалық іргетасын қалыптастырып үлгереді. Онда фармация және түбегейлі пәндер бойынша жаңа оқу-әдістемелік нұсқаулар мен құралдар, бағдарламалар жинақталады. Оңтүстік Қазақстанда үлкен фармациялық кітапхана ашылды, шипалы шөптердің питомнигі, студенттерге арналған 150 орындық спорттық-сауықтыру кешені салынды. Бұл атқарылған шаруалардың барлығы айтуға ғана оңай. Ал, іс жүзінде олар үлкен қажыр-қайратты, ауыр еңбектенуді талап ететін жұмыстар. Есболған ағай бұл филиалдың жұмысын ұйымдастыруда М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен, И.М.Сеченов атындағы Бірінші медициналық институтымен, Пятигорск фармация институтымен, Киев, Ташкент қалаларындағы медицина институттарымен тығыз байланыста болғанын, олардан көрнекті фармация ғалымдарын шақырып, олардың студенттерге дәріс оқуларына барын салғанын көз көріп, құлақ естіді. Бізге фармацевтикалық химиядан Мелентьева, фармакогнозиядан Арзамасцева, дәрілік заттар технологиясынан Крамаренко сияқты мықтылар дәріс оқыды. Оның бәрі Есболған ағайымыздың ұйымдастыруымен мүмкін болды.
Есболған Тегісбайұлының 10 жыл нәтижелі басқаруының арқасында бұл ұжым фармация мамандарын дайындауда үлкен жетістіктерге жетіп, филиалдық дәрежеден жеке институт дәрежесіне дейін көтерілді. Оның тұсында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина институты құрылды. Ағайымыздың басқаруымен бір мыңнан астам оқушылар орталық медициналық жоғары оқу орындарына арнайы бағдарламамен оқуға түсті.
1990-1994 жылдары Есболған Тегісбайұлы Алматы мемлекеттік медицина институтының проректоры қызметін атқарды. Бұл кезеңде де жоғары оқу орындарының ұйымдастырушысы, оқу-әдістемелік жұмыстардың білгірі ретінде көріне білді. 20 жылдан астам уақыт институттың студенттерді қабылдау комиссиясын басқарды. 2002 жылы Қазақстан медицина университетіне ауысып, ректордың кеңесшісі, фармация мен стоматология факультеттерінің деканы қызметтерін атқарады.
Есболған Тегісбайұлы қалалық және аудандық партия комитеттерінің мүшелігіне, қалалық және аудандық кеңестердің депутаттығына бірнеше мәрте сайланды. Ол қазіргі Түркістан облысында мейірімділік және денсаулық қорының төрағасы, «Новое в медицине и фармации» журналының және «Казахстан. Кто есть кто в медицине» кітабының редакциялық кеңесі төрағасының орынбасары, «Фармация» журналының редакция мүшесі сияқты қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысады.
Есболған ағайымыздың Қазақстан фармация ғылымының дамуына зор үлес қосқанын атамай кетуге болмайды. Ол 100-ден астам ғылыми еңбектер жариялаған, фармация бойынша өтетін түрлі деңгейдегі конференциялар мен съездерге ұдайы қатысып тұрады. Оның басқаруы кезінде Алматы мемлекеттік медицина институтының Шымкенттегі филиалында 26-дан астам қызметкерлер ғылым кандидаты атағына ие болды, диссертация қорғады. Олар қазіргі Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында, отанымыздың ғылыми-зерттеу институтары мен жоғары оқу орындарында және шет елдерде жемісті еңбек етуде.
Есболған Тегісбайұлының атқарған қызметтері мемлекет деңгейінде жоғары бағаланып, «Знак почета» орденімен, «За освоение целинных земель», «За доблестный труд в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг.», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 65 жыл», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 75 жыл» медальдарымен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Ағайымыздың жұмысқа деген үлкен іскерлігімен қатар адамгершілік қасиетіне де тоқталмай кетуге болмас. Соның бір көрінісі ретінде оның өткенді сыйлауы, өзінің ұстаз тұтатын адамдарын ұдайы есте сақтап, жастарға үлгі етуін айтуға болады. Ол өзіне ұстаздық еткен Сибағатолла Қарынбаевты, Қожахмет Шуақовты, Тихон Ильинскийді, Михаил Исаевты әрқашан құрметпен есіне алады. Олар да Есболған Тегісбайұлына өз балаларындай қарағандай әсер қалдырады. Соның бір мысалы ретінде екі рет Денсаулық сақтау министрі болған медицина ғылымдарының докторы, профессор Сибағатолла Қарынбаевтың Есболған Тегісбайұлының елуге толған мерейлі жасымен құттықтаған хатын келтірсе де жетіп жатыр.
«…У тебя есть все данные быть полезным человеком в деле, которому ты служишь. Счастье желаю, конечно счастье необходимо, но какое? Есть счастье случай – это бог с ним. Хотелось бы счастье пришло как заслуга!» деп құттықтапты Сибағатолла Қарынбаев.
Осындай ұстаздардан тәрбие алған Есболған ағайымыздың қарапайымдылығы, кішіпейілділігі мен парасаттылығы айналасындағылармен жақсы қарым-қатынасы жұмысқа деген іскерлігін ұштап тұрады. Ол осы қасиеттерімен қарамағындағыларға ұрыспай-ақ айтқанын істете алады. Бұл кісінің жүріп өткен өнегелі жолы мен таңғажайып өмірі баршамызға үлгі болса керек.
Расында, Есболған Тегісбайұлы – ұстаздардың ұстазы. Әлі күнге дейін білім жүйесінде фармацевт мамандарын дайындауда зор еңбек етіп келеді. Ұстаз шәкірттерімен шұғылалы ғой. Сол айтқандай, фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Танагүл Арыстанова, фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор Жалғас Мерғалиұлы, медицина ғылымдарының докторы, ҚР Денсаулық сақтау ісінің озаты Баян Сағындықова, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының меңгерушісі, фармацевтика ғылымының докторы, профессор Сәуле Ордабаева сияқты көптеген шәкірттерімен Есболған Тегісбайұлы мақтана алады.
Былтыр фармацевтикалық және токсикологиялық химия кафедрасының құрылғанына 40 жыл толуына және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Фармацевтикалық ғылым мен білім беруді дамытудың заманауи үрдістері» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясында Есболған Тегісбаев атындағы жаңа оқу аудиториясы ашылған болатын.
«Кезінде Алматы мемлекеттік университетінің Шымкент филиалына оқуға түсу ұмытылмас оқиға болып саналды. Бүгін біз дарынды басшы, Қазақстанның фармацевтикалық ғылымы мен білім беру ұйымының ұйымдастырушысы, ЖОО-ның бірінші ректоры, профессор Есболған Тегісбаевқа құрмет көрсетеміз», – дей келе «ОҚМА» АҚ құрылтайшысы, облыстық мәслихат депутаты Серікжан Сейітжанов дәстүрлі қызыл лентаны кескен еді. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы өзінің тұңғыш ректорына осылай құрмет көрсетті.
Тағы бір атап өтер жәйт, Есболған ағайымыз питомник ашу үшін Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысына барып жер сұрайды.
«Екінші хатшы жүріңіз деп волгасына отырғызып алып, Шымкент қаласының шет жақтарын көрсете бастады. Осылай күнде біресе ана жерге, біресе мына жерге апарып, он күндей өтті. Бірақ, маған көрсеткен жерлері ұнамады, тағы бір күні бір жерге барып тұрғанда, екінші хатшының бетіне тура қарап тұрып: «Жолдас хатшы, осы жер мәселесі туралы В.И.Ленин 1917 жылы декретке қол қойған жоқ па, менің көздеген жерімді неге шешпейсіз» деп айтып салдым. Екінші хатшы волгасына мініп кетіп қалды. Осы сөзімнен кейін ана екінші хатшының көмекшісі Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі бірінші хатшысы Асанбай Асқаровқа айтқан болу керек, Асанбай Асқаров екінші хатшыны шақырып алып: «Тегісбаевтың айтқан сөзін түсіндіңіз бе, не деген астарлы сөз, сұраған жерін беріңіздер» деп айтқан екен», – деп есіне алады ағайымыз.
Керегетаста Есболған ағайымыздың арқасында питомник осылай ұйымдастырылып еді.
Есболған Тегісбайұлы 90 жасқа келсе де, әлі тың, ой-өрісі мұқалмаған, шәкірттеріне ақыл-кеңесін айтып отырудан, ақ батасын беруден жалыққан емес. Қазақстан-Ресей медицина университетінің фармацевтика факультетінің студенттері Есболған Тегісбаевтың ұйымдастыруымен түрлі іс-шаралар өткізеді. Осындайда ағайымыз Қазақстан-Ресей медицина университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Темірбекұлына да үнемі зор алғысын айтып, батасын береді.
«Ұстаздардың ұстазы» атанып отырған ұстазымыздың арамызда аман жүргені – бізге үлкен мәртебе. Ғибратты ғұмырыңыздың тоқсан дейтін тұғырында тұрсыз, енді жыр алыбы Жамбылдың жасына жетіңіз, Есболған ағай!
Қайрат ЖАЛДЫБАЕВ,
Қазақстан-Ресей медицина университетінің аға оқытушысы,
ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі