Біздің Терри: Мәслихат депутаты басына түскен қиындықты қалай еңсерді?

0
2320

1958 жылы дүниеге келген канадалық Терри Фокстың тағдыры көпшілікке мәлім. Жастайынан баскетболшы болуды армандаған оның оң аяғы сыр беріп, 1977 жылы бір аяғынан айырылады. Бар болғаны 22 жыл ғана өмір сүрген тағдырлы тұлғаның көзі тірісінде еңсесі түспеген, тауы шағылмаған. Аты жаман ауруға ұшырағандарға қолдау көрсетіп, ұзақ қашықтықтағы марафонға қатысқан. Бірақ, денсаулығы сыр беріп, марафонды аяқтай алмаған. 143 күн бойы 5 373 шақырым қашықтықты жүгіріп өткен Терри Фокс 23 жасқа толуына тура бір ай қалғанда қайтыс болады. Осындай өмірге деген құштарлықтың керемет үлгісін көрсеткен аңыз адамға Оттава қаласында ескерткіш қойылса, Канада мен әлемнің 50 елінде Терри Фокс атындағы қайырымдылық марафоны ұйымдастырылып келеді. Біздің де басына түскен ауыр сынақтан сағы сынбаған өз Террилеріміз бар. Соның бірі – 24 жастағы паралимпиадашы, Алматы қалалық мәслихат депутаты Серік Есматов.

Алматы қалалық № 4 аурухананың дәрігерлері қолдан келгеннің бәрін жасады. Алайда, ота кезінде Серіктің бір аяғын, екі айдан соң екінші аяғын кесіп тастауға тура келген. Отадан кейін оның қалпына келуіне екі жылдан астам уақыт кетті. Осы уақыт аралығында жаттығу залынан қол үзген жоқ…

ТӘЛКЕККЕ ТҮСКЕН ТАҒДЫР

Серік Есматов 10 жасынан спортты жанына серік еткен. Спорттағы алғашқы қадамының нық болуына ағалары Арман мен Аянның ықпалы зор болған. Яғни, болашақ чемпионды бауырлары бала кезінен баулыған. Осылайша, бала Серік спорттың әр түрінен өзін іздей бастайды. Алдымен өзінің қатарластары секілді былғары қолғап шебері болғысы келген ол боксқа қызығады. Тіпті, сол кездері бокста жаттығатын құрамды болашақ Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің өзі дайындаған көрінеді. Кейіпкеріміз кейіннен жүзумен белсенді түрде айналыса бастайды және өзі қалаған жоғары дәрежедегі көрсеткіштерге қол жеткізеді. Үлкен мақсаттарды, биік белестерді бағындырмақ болған Серік Есматов 2011 жылы өмірлік трагедиясына айналған қайғылы оқиғаға ұшырайды.

Әрине, өзегін өкініш кернеген қайғылы күнді кейіпкеріміздің ұмытуы мүмкін емес. Сол оқиғаны Серік Есматов былайша еске алады: «Бастапқыда жүзумен белсенді түрде айналыстым. Жетістіктерге де жеттім. Толайым табыстарға жету жолындағы жоспарларым көп еді. Өкінішке қарай, бір күнде тағдырым күрт өзгерді, 2011 жылы 30 тамызда қос аяғымнан айырылып қалдым. Мен «Алматы-1» теміржол бекетінің маңында тұрамын. Сейфуллин мен Райымбек даңғылдарының қиылысындағы залда жаттығатын едім. Үш сағаттық ұзақ жаттығудан кейін үйіме қайтып бара жаттым. Шойын жолдан өтем дегенде пойыздың қалай қағып өткенін түсінбей де қалдым. Сөйтсем, жаттығудан шаршағаным соншалық, келе жатқан пойызды байқамаған екенмін. Бұл қайғылы жағдайдың куәсі болған күзетші жедел жәрдемді шақырады. 15 минутта дәрігерлер келіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Мен отаға дейін есімнен танған жоқпын».

Рас, армандай алатын және оның орындалатынына сенетін адам ғана өмірдің барлық сынағына төтеп береді. Кейде бұл жалғанда біз ойламаған нәрсеге тап болып, шарасыздықтан, қауқарсыздықтан оқиғаға көндігетін кездер жиі орын алады. Ал, Серік екі аяғынан айырылса да, бала күнгі арманына деген сенімінен айырылған жоқ. Мүмкіндігінің шексіз екенін сөзбен емес, ісімен дәлелдеп келеді.

САҒЫ СЫНБАҒАН СЕРІК

Қайғылы оқиғадан кейін бір жыл өткен соң Серік Есматов өз-өзіне келіп, бар күш-жігерін бойына жинап, өзінің сүйікті спорты волейболға оралады. Орындықта отырып-ақ ойнап, қазіргі күйіне икемделеді. Бар болғаны төрт айдың ішінде бапкерлер оның едәуір алға жылжығанын байқайды. Сөйтіп, таңданысын жасырмаған олар волейболдан Қазақстанның жастар құрамасына шақырады. Осылайша, нысанасы айқын қайсар азамат аз мерзімнің ішінде өзінің мықтылығын тағы бір дәлелдеп шығады.

Кейіпкеріміз қиын сәттерде қасынан табылып, қолдауын аямаған ата-анасына, қос ағасына, өзге де жақындарына алғысы шексіз екендігін жасырмайды. Өйткені, алғашқы кездері адам төзгісіз ауыр сәттерде Серіктің жақындары қаланы шыр айналып, оған ем болатын құралдар іздеген екен. Бүгінде сол күндер естелікке айналып, көрген түстей өте шықты.

Серік Есматов – өз өмірінің қалтарыс-бұлтарысын елемеген, ешбір дауылдан сынбаған қарағай тәрізді. Оның айтуынша, жасанды аяқпен жүруді үйренуге тоғыз ай кеткен. Оны киіп, тік тұрудың өзі қиын болған және бес минут та тұру мүмкін болмаған. Қаз-қаз басқан баладай екінші рет жүруді үйренген.

Шыдамдылық пен сабырлылықты серік еткен кейіпкеріміз осылайша мектебін де тәмамдайды. Мектепті жақсы бағамен аяқтаған соң Серік ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай алған. Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясының түлегі. Кезінде волейболдан Қазақстан жастар құрамасының капитаны болған. Бүгінде Алматы қалалық мәслихатының ең жас депутаты.

Қазір Серік жасанды аяқпен еркін жүре алады. Дегенмен, ол үшін ішкі қуат, энергия көп кететіндігін жасырмайды. Бір қарағанда Серікті екі аяғы жоқ адамға ұқсату қиын. Себебі, жасанды аяқтың ыңғайына икемделгені сондай үйдің тірлігі мен кез келген шаруаны оңай атқара алады.

2017 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы алғаш өтті. Сол жылы El.kz порталында жалпыхалықтық дауыс беру арқылы 102 адам жеңімпаз атанды. Солардың қатарында 11 мыңға жуық халықтың дауысын алған Серік Есматов та болды.

МАҚСАТЫ АЙҚЫН АЗАМАТ

Кейіпкеріміз қоғам «мүмкіндігі шектеулі» деп танитын жандарға әр қалада қолайлы жағдай жасалғанын қалайды. Көбінесе жасанды аяқтың көмегімен жүретін ол кейде арнайы арбасына отырады. Серік сондай сәттерде мүмкіндігі шектеулі екенін шын сезінеді екен. Себебі, көше ережелері бойынша мұндай күйде жүру оңай емес.

Серік Есматов қоғамда қалыптасып қалған стереотиптер мен қатып қалған қағидаларға қарсы. Өзгелер секілді тамақтанып, ұйықтап, ойлана алатын жандарды «мүгедек» немесе «шектеулі жан» деп көпшілік бөліп тастайтынына ашуланған кездері де болған.

Депутаттың ерік-жігерінің мықтылығы сонша, оған көшеде кезіккен жандар таңданыспен қарайды. Ал, ол мұны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Өйткені, оның қос аяғы жоқтығын көрген балақайлар «О, терминатор!» деп жанындағы үлкендерге айтады екен. Әрине, бала көңіліндегіні жасырмайтындықтан, кейде оны мұндай жайттар күлкіге бөлейді. Не себепті мұндай күйге түскенін білгісі келетіндерге кейіпкеріміз ештеңе жасырмай, бәрін ашық айтады және өмірде бұдан да ауыр, шешімі табылмайтын оқиғалар болатынын түсінгенін де жасырмайды.

Оның ұғымындағы өмір – қиындығы мен тосын сыйы, қуанышы мен қайғысы қатар жүретін арпалысқа толы жер. Сондықтан Серік қандай жағдай болмасын жер басып, тірі жүргеніне шүкіршілік ету керектігін айтады. «Өмір әрқашан бірінші орында тұруы тиіс. Өмірге келу бар да, оны сүре білу, күресу бар», – деп санайды.

Серіктің кумирі – әлемге әйгілі Ник Вуйчич. Ол – оратор, меценат, жазушы. Алайда, Ник Вуйчичтің де өмірі қиындыққа толы. Бұл баршаға мәлім. Кейіпкеріміз Никпен кездесіп, ой-пікірін еркін айтып қана қоймай, онымен сырласқысы келеді.

2013 жылдың қазан айында Серік Малайзияда өткен ірі халықаралық жарысқа қатысты. Қазақстан спортшылары алғаш рет волейболдан паралимпиадалық турнирде қола медаль жеңіп алды. Олардың қатарында Серік те бар еді.

Қазір Серік көптеген спорт түрлерін меңгеріп алды. Волейбол ойнап, жеңіл атлетикамен де айналысып жүр. Арбамен жүгіруге қатысып, ядро мен найза лақтырады. Соңғы уақытта ауыр атлетика мен жүзу спортын да қолға алды.

«Қазақстандық Терри» спорттан бөлек көптеген қоғамдық іс-шараларға белсене араласып жүр. Өмірдің қиындығына кездейсоқ тап болған өзі секілді жандарға көмектесуге тырысады. Қатарластарымен жиі бас қосып, жастық жалынды сөндірмей, алға ұмтылуға үндейді. Алдағы уақытта өзіне сенетін жандарды жігерлендіретін кітап жазғысы келеді. Дәл қазір ол адамдардың үміт отын жағатын, болашақтың жарқын болатынына сендіретін видеороликтер түсіріп, әлеуметтік желіде жиі бөлісіп отырады. Серіктің спорттан өзге тағы бір хоббиі бар. Ол – музыка. Оның ішінде электрондық музыкаға ерекше қызығушылық танытады екен. Компьютер көмегімен түрлі әуендерді жазатын ол өзін диджей ретінде де елестетіп көрген. Әннің әсем әлемі жаны таза, рухани бай адамды ғана еліктіретіні сөзсіз.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жастайынан тағдырдың соққысына төтеп бере білген, «суға салсаң батпайтын, отқа салсаң жанбайтын» қайсар азамат Серік Есматовтың әлеміне саяхат жасадық. Оның бар өмірі алда! Спорт пен саясаттағы бағындырар белестері оған қазірдің өзінде қол бұлғап тұрғандай әсер қалдырады…

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here