Арктика – мұнай, көмір мен табиғи газдың қоры көп аймақ. АҚШ-тың Ұлттық геологиялық қызметінің (USGS) есептеуінше, Еуразия және Солтүстік Америка құрлықтарының солтүстік шетін, Солтүстік Мұзды мұхитты аралдарымен қоса түгел қамтитын Жер шарының солтүстік полюс аймағында шамамен 83 млрд баррель мұнай, 1 550 трлн м3 газ, 780 млрд тонна көмір бар. Бірақ, ондағы жағдай біз ойлағаннан да күрделі. Біріншіден, мәңгілік мұз астында жатқан аймақтан дәмелі елдер көп. Екіншіден, арктикалық мұнай, көмір мен газ өндіру көлемін арттыру экологиялық апатқа (мұздың еруі, ауа райының жылынуы) алып келеді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Арктикаға таластың бүгінгі жағдайына тоқталады.
АРКТИКАДАН ҚАЙ ЕЛДЕР ДӘМЕЛІ?
Мәңгілік мұз астында жатқан Арктикаға таластың басталғанына біраз жыл болды. Мәселе Біріккен ұлттар ұйымында (БҰҰ) талай талқыланды, талқыланып та жүр. Көп елдің көкейін тескен нәрсе – ондағы мұз астында жатқан қыруар табиғи байлық. Айталық, Ресей Федерациясы иелік еткісі келетін аймақта 5 млрд тонна көмірсутектік отын қоры бар екен. Демек, бұл таласуға болатындай байлық. Тек әзірге заңдастырылмаған. Талай ел одан үлес алғысы келеді.
БҰҰ-ның 1982 жылы қабылданған Теңіз құқығы жөніндегі конвенциясы бойынша, теңіздік шекарасы бар мемлекеттер өз жағалауынан 200 мильдік аймақты экономикалық мүддесіне пайдаланады. Сол жағалау шельфтермен жалғасар болса, ол 350 мильге дейін созылуы мүмкін.
Рас, Арктиканы бөлісуге қатысты айтылатын уәж көп. Кейбір елдер өздерінің жағалауларынан сол Солтүстік полюске дейінгі жерге иелік еткісі келеді. Бұл мұз құрсанған аймақты ашқан кім, алғашқы жолды салған кім – соның да үлесі болсын дейтіндер және бар. Оған қатысы жоқ елдер болса, адам (көп) мекендемейтін сол өңір жалпы адамзатқа ортақ болғанын жөн санайды. Дегенмен, Арктикаға қазір қай елдер құқылы? Енді соған тоқталайық.
Солтүстік Мұзды мұхитқа тіреліп жатқан Ресей Федерациясының арктикалық секторы аса ауқымды, барлық Арктиканың жартысына жуығын қамтиды. Онсыз да әлемдегі жер көлемі ең үлкен солтүстіктегі көршіміз мұхиттың біраз табанын қосып алар болса, бұл шексіз байлыққа кенеледі. Оған ресми Мәскеудің өз дәлелі бар. Сол теңіз табанын континенталдық жерінің жалғасы санайды.
Жер аумағы кішкентай болғанымен, арктикалық секторы үлкен ел – Дания. Оның Гренландия автономиясы арктикалық сектордың үлкен бөлігін құрайды.
Солтүстік Америка құрлығында орналасқан Канаданың да Арктикадан үлесі бар. Соны алға тартқан Оттава 2002 жылы Мәскеумен коалиция құрып, Солтүстік полюстің мәртебесін белгілемек болды.
Аляска штаты арқылы арктикалық секторы аздау болғанымен, АҚШ-тың да беделі үлкен. Онымен санаспай мәселе шешілмейді.
Норвегияның ішектей созылып жатқан жері де оған біраз үлес алып береді. Демек, табиғи қоры бай аймақтан Ослоның да дәмесі зор.
Таласқа арктикалық секторы бар елдер ғана емес, сол аймаққа жақын жатқан Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Финляндия, Швеция сияқты еуропалық елдер де таласады.
Сәл алыстау жатқаны болмаса, Исландия түзу сызықпен Солтүстік полюске тіреледі.
Швеция Солтүстік теңіз жолын 1878 жылы өздерінің Норденшельд экспедициясы ашқанын алға тартады және Арктикалық кеңес құрамына да кіреді. Ал, Финляндия 1939-1940 жылғы соғыста Кеңес Одағы өздерінің Петсамо портын (кеңестік Печенга қаласы) тартып алғанын айтады.
Германия, Ұлыбритания сияқты елдер, басқаларға олжа үлестіріп жатқанда, өздерінің құр қалғанын намыс көреді.
Қызық болғанда, географиялық тұрғыдан Арктикаға мүлдем қатысы жоқ Қытайдың өзі соңғы жылдары аталған аймаққа көз тігіп отыр.
Әдеттегідей, Канада, Дания мен Норвегия елдерінің мүддесін АҚШ қорғаса, дауға келгенде Ресей Федерациясы да ешкімге есесін жібере қоймас. Сарапшылардың пайымдауынша, Арктика туралы әңгіме алдағы уақытта әлемдік тартыстың арқауына айналады.
РЕСЕЙДІҢ СОЛТҮСТІК ПОЛЮСТЕН АЛАР ҮЛЕСІ ҚАНДАЙ?
Арктика – өте суық, табиғаты қатал және адамның өмір сүруіне қолайсыз аймақ. Ауыл шаруашылығымен айналысу мүмкін емес. Кез келген мемлекет үшін ол жақта жол, үй салу және байланыс желісін жүргізу өте қымбатқа түседі. Дегенмен, барлық Арктиканың басым бөлігіне ие Ресей Федерациясы жолдар, үйлер салып, байланыс желісін жүргізіп жатыр. Не үшін? Енді сол сұраққа жауап беріп көрелік.
2007 жылы Ресей Арктикадағы су астына, атап айтқанда, 4 200 метр тереңдікке сүңгуір құрылғы түсіріп, теңіз түбіне титан жалау орнатты. Бұдан Мәскеудің Арктикаға қаншалықты мән беретіні байқалады. Ал, Кремльдің баяндауынша, Арктика таяу жылдары өмірлік маңызы бар аймаққа айналады.
Арктика қойнауында ресейлік мұнай қорының төрттен бір бөлігі және табиғи газ қорының жартысы бар. Сондықтан Арктиканы игеруге Мәскеу қыруар қаржыны аямайды.
Ресейдің ең ұзын шекарасы да Арктикада. Оның үстіне әскери-теңіз флотының Арктика арқылы бірден мұхитқа шығу мүмкіндігі мол.
Солтүстік мұхит жолы – Азия мен Еуропаның ортасын қосатын ең қысқа су жолы. Соны жақсы түсінетін Кремль өзінің ескі порттарын жандандыруға, жаңаларын салуға кірісті.
2013 жылы РФ Үкіметі «Ресей Федерациясының Арктика бөлігінің даму стратегиясы және 2020 жылға дейін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» құжатын қабылдады. Мемлекет стратегиясының 5 жылға жуық уақыт іске асуының нәтижесінде қазір Арктиканың дамуы жүйелі жолға қойылды.
Бүгінде Ресей Федерациясы Арктиканың үштен біріне иелік етуде. Дегенмен, жоғарыда айтқанымыздай, БҰҰ-ның 1982 жылы қабылданған Теңіз құқы жөніндегі конвенциясы бойынша барлық арктикалық аймақты өзінің экономикалық мүддесіне пайдалана алмайды.
Мәселен, Ломоносов жотасы орналасқан жерде 5 млрд тонна көмірсутегі бар. Оны өндіру құқығына ие болу үшін Кремль 20 жылдай уақыт күресіп келеді. Арктика суасты қайраңдарындағы шекарасын кеңейтуді сұраған Ресей БҰҰ-на үш мәрте өтініш тастағанымен, көрші елдің бұл өтініші геологиялық мәліметтердің жеткіліксіздігінен қанағаттандырылмады.
Cолтүстік теңіз жолы Ресей Федерациясы үшін Жібек жолымен пара-пар. Жыл сайын құрлықтар арасында жүктерін Солтүстік Мұзды мұхит арқылы тасуға ниеттілер көбейіп келеді. Бұл жолдың жандануы жаңа жұмыс орнын ашып қана қоймайды, жергілікті тұрғындардың тұрмыс деңгейін де жақсартады.
Рас, арктикалық Ресейде демографиялық жағдай өте күрделі. Соңғы бес жылда бұл жерден 150 мың адам басқа жаққа қоныс аударған. Өйткені, климаты қатал, азық-түлік пен коммуналдық төлемдер ақысы қымбат аймақта тұрғысы келетіндердің қатары аз.
Соңғы кездері «Арктиканы бағындыру – әлемді бағындыру» екені жиі айтыла бастады. Ал, мәңгілік мұз құрсауындағы аймаққа қай елдердің мүдделі екенін жоғарыда жаздық. Өйткені, мұз құрсауында тек көмірсутегі ғана емес, басқа да пайдалы қазбалар бар. Демек, Ресей Федерациясы (Мурманск, Архангельск, Түмен облыстары, Красноярск өлкесі, Саха Республикасы, Магадан облысының солтүстік аудандары), Канада (Юкон, Солтүстік-батыс Квебек, Ньюфаундленд аумақтары), АҚШ (Аляска түбегінің (штатының) солтүстігі), Дания (Гренландия аралы), Норвегия (Шпицберген аралы) сынды жер шарының солтүстік полюс аймағымен шектесетін елдер мен географиялық тұрғыдан мүлдем қатысы жоқ Германия, Ұлыбритания, Франция, Швеция, Қытайдың Арктика үшін күресіп жатқандарын түсінуге болады. Дегенмен, әлемдік қауымдастық алдымен Арктиканың экологиясына алаңдауы керек.
2007 жылы БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі сарапшылар тобы ендігі ғасырда Арктикадағы климаттық өзгерістің басқа аймақтарға әсері болжанғаннан әлдеқайда асып түсетінін ескерткен болатын. Пессимистік болжам он жыл өтпей жатып-ақ шындыққа айналды. Климаттың өзгеруі басқа аймақтарға қарағанда Арктикаға қатты әсер етті. Ағаштар тізбегі біртіндеп солтүстікке жылжып, бұталар мен шөптер тундраны басып барады. «Мәңгілік» деп аталатын мұздықтар еріп, жер де көгере бастапты. Ақ аюдың, морж бен солтүстік бұғылардың кей түрлері азайғаны да байқалады.
Норвегия Полярлық институтының халықаралық мәселелер жөніндегі директоры Ким Холмен: «Арктика дүниенің басқа бөліктерімен салыстырғанда, ең бірінші болып әрі ең үлкен ауқыммен шапшаң еріп жатыр», – деп түсіндіреді.
Климаттық болжамдар бойынша, 2040 жылға қарай жазғы уақытта Солтүстік полюске кемелер ашық су жолдары арқылы емін-еркін жүзіп жете алады.
Жалпы, 1979 жылы жерсеріктерінің көмегімен бақылау жүргізіле бастағалы бері Арктика мұз көлемінің жартысынан көбін жоғалтыпты. Мұздықтардың жалпы аумағы азайып, жұқарған екен.
Мәңгілік мұз құрсауындағы аймаққа мүдделі елдердің мұнай, көмір мен газды өндіруге деген құлшынысы Арктика экологиясын одан сайын күрделендіріп, ондағы мұздардың еру процесін жылдамдатады. Өйткені, мұз ерісе, әлемдік мұхит деңгейі көтеріліп, мұхит жағасындағы мемлекеттер су астында қалады әрі тұщы су қоры таусылады.
МӘСКЕУ МЕН ОТТАВА ЭКОЛОГИЯДАН БҰРЫН ЭКОНОМИКАҒА БАСЫМДЫҚ БЕРЕ МЕ?
Таяуда Арктика тағы да экологияны қорғаушылардың назарына ілікті. БҰҰ-ның Халықаралық теңіз ұйымы Солтүстік Мұзды мұхитта ауыр жанармаймен жүретін кемелердің жүзуіне тыйым салу жөнінде бастама көтеріп келеді. Бастаманы Германия, Нидерланд, Жаңа Зеландия, Финляндия, Швеция және Арктикаға тікелей қатысы бар АҚШ, Норвегия, Исландия қолдайды. Бұл бастамаға «Таза Арктика» экологиялық ұйымы да қосылды. Аталған шектеу мазутпен жүретін Ресей секілді елдердің су жолдарының дамуын баяулатады.
«Таза Арктика» экологиялық ұйымының аға кеңесшісі Шаан Прайордың айтуынша, Арктика мұздарына қауіп төндірмес үшін жүк тасымалдау көлемін азайту керек. Солтүстік Мұзды мұхитта ауыр жанармаймен жүретін кемелердің жүзуіне тыйым салу бастамасын қолдаған елдер 2017 жылы қалдық отынды пайдалануды азайтуға сөз берген. Және сөздерінде тұрған. Енді Арктика кеңесінің мүше елдері мазуттың орнын басатын отын іздеуге кірісті. Ал, Арктиканы Қытаймен бірге игеруге құлшына кіріскен Ресей Федерациясы енді қайтпек?
Көрші елдің өкілдері бұған Мәскеудің ешқандай қарсылығы жоқ екенін алға тартады. Мұнай мен газды өндіруді тоқтатпайтынын ашық айтқан Кремль мазуттың орнына дизель мен сұйытылған табиғи газды қолданатынын жеткізді. Осы отын түрлеріне арналған кеме құрастыруды жоспарлап отыр. Бірақ, экологтардың пікірінше, Мәскеу ұсынып отырған бұл отын түрлері де Арктика экологиясына зиян келтіреді.
Қалдық жанармайы барлық кемелердің 80 пайызында, ал Арктика кемелерінің 75 пайызында қолданылады. Кемелердің басым бөлігі Ресейге тиесілі. Ал, Кремль оларды таяу жылдары толықтай жаңалай алмайтынын айтып, Халықаралық теңіз ұйымының бұл шешімімен келіспей отыр.
Бұл мәселе Канадаға да жақсы таныс. Канаданың Арктикаға тиесілі бөлігінде тұратын халыққа ресурс мазутпен жүретін кемелер арқылы жеткізіледі. Сондықтан Оттава бұл салынған тыйымға жауап ретінде мазутты алмастыратын технологиялар жайында толығырақ білгілері келетінін жеткізді. Демек, Оттава мен Мәскеу үшін экологиядан бұрын экономикасы маңызды болып тұр.
Халықаралық теңіз ұйымының бастамасын экономикасына орасан зор шығын келетініне қарамастан Батыс және Скандинавия елдері қолдады. Өйткені, аталған елдерде бұл мәселенің (экологияның) маңыздылығына күмәнданған кез келген саясаткердің мансабымен қоштасуына тура келеді.
Иә, экологиядан бұрын экономикаға баса маңыз берілген барлық саясаттың қате екенін уақыт дәлелдеп келеді. Алысқа бармай-ақ, бұған мысал ретінде өзіміздің Арал тағдырын айтсақ та жетеді. Мүмкін Арал теңізінің тартылуы тек Орта Азия елдерінің экологиясына әсер еткен болар, ал Арктикадағы мұздардың еруі тегіс адамзатқа қауіп төндіреді. Сондықтан да, Ресей болсын, Канада болсын, бұл мәселеге бейжай қарауға құқығы жоқ.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Жобалап есептегеннің өзінде, Арктика қойнауында әлемдік газ қорының 30 пайызы, мұнай қорының 13 пайызы бар екен. Бұған көмір, мыс, титан, темір, алмаз, алтынды және қосыңыз. Ал, Арктиканың бұл кен байлығына көз тіккен ондаған елдің барын ескерсек, болашақта Арктика шиеленіс ошағы, экологиялық апат аймағы немесе табысты өлке – осы үшеуінің біріне айналуы мүмкін.
Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ