«Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы 20 шілдеде басталады

0
2157

Былтыр «Qazaq» газетіне берген сұхбатында Жамбыл облысы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа облыс әкімінің қолдауымен «Әулиеата жастары» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасының жобасы әзірленіп, Қоғамдық кеңеске талқылауға ұсынылғанын айтқан еді /Қараңыз: Серікбол Берікқожа: «Бес жылдық «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасының жобасы бекітілді», №33 (1084), 17.08.2021. Сілтеме: http://qazaq1913.com/2021/08/12/serikbol-berik-ozha-bes-zhyldy-ulieata-zhastary-irlik-ba-darlamasyny-zhobasy-bekitildi/ /. Келешегіміздің келбетті, болашағымыздың баянды болуы үшін еңбектеніп жүрген Серікбол Қайратұлы сөздің емес, нақты істің адамы екенін тағы бір дәлелдей түсті. Өйткені, Жамбыл облысында көптен күткен жастарға арналған тұрғын үй несиесін беру бағдарламасы іске қосылады. Өзінің Facebook парақшасында Серікбол Берікқожа бұл ақжолтай жаңалықты қуана жеткізді.

Серікбол Қайратұлының жазуынша, аталған тұрғын үй бағдарламасы бір жарым жылға жуық уақыт қаралып, талқыланып, әбден сүзгіден өткен.

«Биыл пилоттық жоба ретінде қарастырдық. Күні кеше облыс әкімі Н.Нұржігітов пен «Отбасы банк» АҚ төрайымы Л.Ибрагимова екіжақты меморандумға қол қойды. 24 маусымда бағдарламаның басты талаптары мен шарттары бойынша «Өңірлік коммуникациялар қызметі» орталығында облыс әкімінің орынбасары Е.Үйсімбаев пен «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Г.Бекназарова баспасөз конференциясын өткізді. Бағдарлама бойынша ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары алдағы уақытта жүргізіледі. Талаптары мен шарттары әлеуметтік желілерде жарияланады. 2022 жылы бар болғаны 50 пәтерге қаржы қарастырылды. Бұл да болса жетістік. Бұл біздің ортақ жетістік деп ойлаймын», – деп жазды Серікбол Берікқожа.

Сонымен, «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы 2022 жылдың 20 шілдесінде басталады.

Бағдарламаға тек Жамбыл облысының жастары ғана қатыса алады. Өтініш 2022 жылдың 20-30 шілде аралығында e-zhambyl.kz сайты арқылы қабылданады.

Бағдарламаның шарттары:

  • Қарыздың ең жоғары сомасы – 13 млн теңгеге дейін;
  • Пайыздық мөлшерлеме – 5%;
  • Бастапқы жарна – 5%;
  • Несие беру уақыты – 19 жыл.

Қатысушыға қойылатын талаптар:

  • Жасы 35-тен аспауы тиіс (35 жас кіреді);
  • Бағдарламаға қатысушы конкурсқа қатысуға өтінімді толтыру кезінде Жамбыл облысы аумағында өзі еңбек ететін салада соңғы 1 жылдан кем емес жұмыс өтілінің болуы;
  • «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жинақ шотының болуы;
  • Бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жылда тұрғын үйдің немесе меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы;
  • Әр отбасы мүшесіне бөлінген кездегі кірістің жалпы құны 3,9 ең төменгі күнкөріс деңгейі немесе 145 817 теңгеден аспауы қажет (2022 ж. 1 сәуіріне ең төменгі күнкөріс деңгейі – 37 389 тг).

Қай санаттағы азаматтар қатыса алады?

  • Денсаулық сақтау саласы;
  • Білім беру саласы;
  • Мәдениет саласы;
  • Спорт саласы;
  • Журналистика саласы.

Қосымша:

  • ЭЦП кілт керек;
  • Қатысушы өзінің жеке кабинетіне жолдама алады;
  • Қатысушы жолдамада көрсетілген уақыттан кейін 15 жұмыс күні ішінде «Отбасы банк» АҚ-на құжаттарын өткізеді;
  • Банктің мақұлдауынан кейін қатысушы 60 күн ішінде үй іздейді;
  • Рәсімдеу және несие шартына қол қою (несие соммасы сатушыға аударылады).

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here