Қарақалпақстан халқы жаппай наразылыққа неге шықты?

0
3318

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қарақалпақтардың жаппай наразылығынан кейін Қарақалпақстан мәртебесі туралы Конституцияға түзетулерден бас тартты. Мәліметті Өзбекстан Президентінің Баспасөз қызметі растады.

Ресми мәліметке сенсек, 2 шілде күні Нөкіс қаласына барған Өзбекстан басшысы Қарақалпақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаттары және қоғам белсенділерімен кездескен.

«Конституцияға енетін өзгертулер мен толықтыруларды талқылау процесі жалғасып жатқандықтан және Қарақалпақстан тұрғындарының пікірін ескере отырып, Шавкат Мирзиёев Өзбекстан Республикасы Конституциясының 70, 71, 72, 74, 75 баптарын өзгеріссіз қалдыру қажеттігін атап өтті» деп жазылған ресми хабарламада.

Осындайда Бейімбет Майлиннің «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген әңгімесі еріксіз еске түседі. Ал, Қарақалпақстандағы даудың басы елдің Өзбекстанның жаңа Конституциясында ұсынылған мәртебесінен басталды. Айталық, Өзбекстанда Конституцияға енгізілетін өзгертулер жобасы 26 маусымда жұртшылық талқылауына ұсынылды. Ұсынылған жобадағы республиканың жаңа мәртебесі туралы 70, 71, 72, 73, 74, 75 баптар дауға айналды. Өйткені, Өзбекстанның қолданыстағы негізгі заңының 70-бабында Қарақалпақстанның «егемен» мәртебесі жаңа нұсқада түсіп қалған. Онда тек «Қарақалпақ республикасы» туралы сөз болады. Бұл – бір. Екіншіден, қолданыстағы Конституцияның 74-бабында Қарақалпақстанның референдум жолымен Өзбекстан құрамынан шыға алатындығы туралы бап та жаңа Конституция жобасында өзгеріп кеткен. Осыған наразы болған Өзбекстан құрамындағы қарақалпақтар 1 шілде күні Нөкіс қаласында жаппай наразылыққа шықты. Қарақалпақстанның өзге де қала, аудан, аймақтарында наразылық талабымен шыққандардың қарасы көп болды. Наразылық шарасы полицияның күш қолдануымен басылған.

Тарихқа сәл шегініс жасасақ. Кеңес Одағының 1936 жылы Қарақалпақстанды Өзбекстан құрамына қосуы геосаяси қателіктердің бірі болды. Ел шекарасының Қазақстанның Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарымен шектесетіндігі, қазақ пен қарақалпақ тілдерінің ұқсастығы да ескерілмей, Кремльдің шешімімен 1930 жылы Қарақалпақ автономдық облысы Қазақстан құрамынан шығарылып, жеке отау тіксе, артынан, 1936 жылы Өзбек КСР құрамына өтті. Әйтсе де, Кеңес Одағының күйреуі Қарақалпақстанға тәуелсіз ел болуға үміт сыйлады.

1990 жылы 14 желтоқсанда «Тәуелсіздік туралы декларациясы» қабылданғанымен, 1992 жылы өткен референдумда Қарақалпақстан Өзбекстан құрамында 2013 жылға дейін болатындығы жөнінде келісімге қол қойылды. Сөйтіп, Қарақалпақстан көрші елдің құрамында болғанымен, оларда азат мемлекетке тән барлық құқықтары сақталатын болды. Мәселен, 1992 жылы 14 желтоқсанда мемлекеттік туы белгіленсе, бір жылдан кейін, дәл сол күні қарақалпақ әнұраны ресми түрде бекітілді. Өзінің Конституциясы тағы бар. Осыған қарамастан қарақалпақтар өз республикаларында тең құқыққа ие болмады. Ал, 2013 жылы жоғарыдағы келісімнің уақыты бітсе де, Ташкенттің Нөкіс алдындағы уәдесі қағаз күйінде қалды.

Рас, қарақалпақ халқының көпшілігі алдағы уақытта өзгенің етегіне тығылмай, тәуелсіз ел болуды аңсайды. Құрамдас ел болудан көңілі қалған Аралдың ар жағындағы ағайындар тек өздеріне, сосын батыстың демократиялық елдеріне ғана үміт артады. Ал, олардың үміті ақтала ма, жоқ па, ол алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа.

Айта кетейік, Қарақалпақстан – Өзбекстан құрамындағы республика. Өзбекстан жерінің 40 пайызын алып жатқан республика Қазақстанның Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарымен шектеседі. Республикада 2 млн адам тұрады. Астанасы – Нөкіс. Соңғы халық санағы Қарақалпақстанда ең көп қоныстанғандар – өзбектер (400 мың), екінші орында қарақалпақтар (390 мың), үшінші орында қазақтар (300 мың) екенін көрсетті. Яғни, қарақалпақтар өз жерінде азшылыққа айналған.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here