Мұхтар Әуезов – әлем таныған ғұлама ғалым, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, Абайтану ғылымының негізін салушы, өмірінің барлық саласының түп-тұңғиығына терең бойлаған қазақ халқының ғасырда бір туатын ұлы перзенттерінің бірі. Ол Абай дәстүрін үлгі еткен ортадан нәр алған, туған халқының қайғы-шері мен қуанышын жүрегіне сыйғызған, аса күрделі әрі қайшыласқан ұшқыр заманның сан қырын асқан шеберлікпен суреттеген жазушы. Ол өзінің білім өресінің биіктігімен, ой-пікірінің тереңдігімен, көркемдік кестесінің қанықтығы мен алуан түрлілігі, өмірге құштарлығы өз уақытындағы, өз дәуіріндегі небір айтулы атақты тұрғыластарының ішінде өзіндік тұрпатымен дара көрінетін тұлға.
Мұхтар Әуезовтің әр шығармасы кез келген оқырманның жүрегіне жол тауып қана қоймай, қоғамға ықпал етеді. Ол – әділеттің туын көтерген қаламгер, жалғандыққа төзбейтін, сатқындық пен екіжүзділікке қаны қас суреткер.
Жазушылық қызметінің алғашқы жылдарында жазылған «Еңлік-Кебек» драмасы мен «Қорғансыздың күні», «Ескілік көлеңкесінде», «Көксерек», «Қыр әңгімелері», «Қыр суреттері», «Жетім», «Қараш-қараш», «Қаралы сұлу» сияқты қазақ даласының ұлттық тұрмыс-тіршілігін шынайы бейнеленген әңгімелері арқылы ол өзінің зор дарын иесі екендігін танытты. Қазақ әңгімесінің деңгейін әлемдік биік дәрежеге көтерді.
Оның тұңғыш туындысы «Қорғансыздың күні» әңгімесінде зорлықшыл Ақан болыс пен оның атқосшы Қалтайдың күндерін әрең көріп отырған жетім-жесірге көрсеткен қорлығы мен зорлығы шынайы суреттеледі. Жас қыз Ғазизаға жасалған жан түршігерлік хайуанға тән іс-әрекет уақыт, қоғам шындығының нақты айғағы іспетті көркемдік шешім арқылы ашылған. Заман құрбанына айналған қорғансыздар тақырыбы оның өзге де шығармаларына арқау болды. «Жуандық», «Ескілік көлеңкесі», «Жетім», «Кім кінәлі?», т.б. әңгімелерінде қорғансыз жандар тағдыры суреттеледі.
ХХ ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап Мұхтар Әуезов бірыңғай кәсіби жазушылықпен айналысып, шығармашылық еңбекке түбегейлі бет бұрды. Ел аралап, жер көріп, ел тарихына, ұлт тағдырына қатысты көптеген зерттеулер жүргізіп, оны өзінің жазушылық шығармашылық еңбегіне пайдаланды.
20-30 жылдары Мұхтар Әуезов «Қаралы сұлу», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қараш-қараш оқиғасы», «Көксерек» сынды әңгіме-хикаяттарында осының бәрін астарлап, алайда бүкпесіз шындықпен шырайын кіргізе бейнелеген. Ол көркем әдебиеттің барлық саласына қалам тербеп, көркемдігі кемел туындылар жазды. Поэзия үлгісіндегі дәстүрлі қазақ әдебиеті ХХ ғасырда Мұхтар Әуезовтің кең құлашты роман-эпопеясы арқылы әлемдік әдебиеттің биік шыңына шығып, әлемге танылды.
Туған халқының тарихын көркем сөзбен шынайы бейнелеген және сол биіктен танылған жазушы қаламынан шыққан көркем шығармалар бүгінгі қазақ халқының асыл қазынасы.
Мұхтар Әуезовтің есімі қазақ халқының соңғы ғасырдағы мәдени, әдеби тарихымен тікелей байланысты. 1926 жылы қазақтың тұңғыш театры өзінің сахнасын «Еңлік-Кебек» пьесасымен ашты. Оның қаламынан туған «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қаракөз», «Түнгі сарын», «Айман-Шолпан», «Қарақыпшақ Қобыланды», «Абай» сияқты көптеген драмалық туындылары ұзақ уақыт қазақ театрларының сахнасынан түспей, негізгі репертуарын құрады. Мұхтар Әуезов пьесаларының көпшілігі қазақ театр өнерінің классикалық туындыларына айналды.
Отызыншы жылдар Мұхтар Әуезов шығармашылығында драматургия жанры үшін жемісті жылдар болды. Олардың ішінде «Түнгі сарын», «Айман-Шолпан», «Тартыс», «Тастүлек», «Қобыланды», «Хан Кене» сынды озық драматургиялық шығармалары бар. Бұл саладағы биік табысқа жетудің негізі жазушының әлем драматургиясын жетік білуінен еді. Ол аударған Уильям Шекспирдің «Отеллосы» мен «Асауға тұсауы», Николай Гогольдің «Ревизоры» ең шебер аудармалары ретінде қалыптасуына зор әсер тигізгені шындық.
Қазақ әдебиетінде драматургия жанры, тек Мұхтар Әуезов қана ашқан жаңалық. Одан бұрын қазақтың ұлттық әдебиетінде ауызға аларлық пьесаның өзі түгіл, исі де болған жоқ. Қазақ драматургиясының алғашқы жолын Мұхтар Әуезовтің қаламынан 1917 жылы туған «Еңлік-Кебек» пьесасы бастады. Ол алғаш киіз үйде қойылды.
Жиырмасыншы ғасырға дейін қазақтың халық әдебиетінде драматургияға өзек болатын мол қазына жиналды. Осы байлықты игерген қаламгер – Мұхтар Әуезов. Ол халық әдебиетінен нәр алды. Қазақ тұрмысындағы сауық түрлері, қыз ұзату салтанаты, алтыбақан ойындары тұңғыш драмаға енгізілді. Мұхтар Әуезов көп ұлтты театрда істеген. Осы тәжірибе оған сахна сырын жете үйретті. Жазушының қаламынан 30-дан аса драмалық шығарма туды. Жеке пьесалардың нұсқаларын қоссақ, 50-ден асады.
Мұхтар Әуезовтің әр алуан тақырыптағы туындыларынан қоғам, кезең шындықтары, өмір-уақыт тынысы терең сезіледі. Ең бастысы, проза жанрында жазушының жаңа тақырыпқа барлау жасап қана қоймай, сонымен қатар, шығармашылық жаңа шешімге қадам басатыны да байқалады. Сол арқылы ол төңкеріске дейінгі және одан кейінгі кездегі қым-қиғаш тарихи оқиғаларды жеке кісі жасайтын әрекет арқылы буырқанған дәуірдің көкейкесті мәселесін көркем туындыға арқау ете білді. Бұл тұрғыдан келген Мұхтар Әуезов өз шығармасында да ескі өмірдің қиындығын көрсете отырып, жаңа заман өзгерісін дұрыс байқата алған. Ұлы жазушының туындыларының ерекше бір болмысы – өмір шындығын көрсетудегі түр жасай білуінде. Әр шығармасында түрліше баяндау мәнері бөлектеніп, орасан бір міндетті атқарып отырады. Сол оқиға арқылы оқырманды еріксіз ынталандырып, қызықтырады. Бұл амал-тәсіл шығармадан шығармаға бұрынғысынан да бетер шыңдалып, шымырланып жетіле дамып, сөз өрнегі зерделеніп, нұрлана, сұлулана түседі. Оны тамсана оқып, сүйсіне қарап, қазақтың ойлау, сөйлеу пайымына таң қаласың! Өзің айтып, жеткізе алмағаныңды заңғар жазушы тілімен өрнектеп жеткізеді.
Қазақтың ойшыл-гуманисі Абайдың өмірі мен қызметі жайлы жазу арқылы қазақ халқының өмірлік энциклопедиясын әлем әдебиетіне танымал етті. Өзі де шексіз даңққа бөленді. Ол көшпенділер тарихын шебер суреттеуі нәтижесінде өзін де Абай өмір кешкен дәуірдің заңды жалғасы етіп көрсете білді.
«Абай жолы» – ақынның аса құнды да асыл мұрасының орасан бай қазынасы, қазақтың тұңғыш эпопеясы, ХХ ғасырдағы ең үздік шығармаларының бірі. Үздік шығармаға айналған «Абай жолы» Мұхтар Әуезовтің бас кітабына айналды. Туған халқынан мәңгілік мұра болғандай ғасырлық туынды сыйлау тек ұлылардың ғана үлесіне тиген. Солардың бірі – Мұхтар Омарханұлы Әуезов. Ол өзінің осынау шығармасын жазып үлгеріп кетті. Жазушының үлкен бақыты да осы еді. Ол «Абай жолы» арқылы отандастарына, тіпті қазақтардың өзіне «қазақ» дегеннің кім екенін танытты. Қазақ халқының ұлылығын, оның өткен өмірін, тарихының түбегейлі кезеңдерін, қазақ мінезі қалыптасқан дәуірлерді ғажайып көркемдікпен жарқыратып ашып, жан-жақты айқындап, терең түсіндіріп берді.
Қазақ халқының қазақ екендігін әлемге «Абай жолы» арқылы танытқан Мұхтар Әуезов «Абай жолы – халық жолы» екендігін түсіндірді. Романда Абайдың ел-жұрты, қоғамдық ортасы, әлеуметтік қоршауы, дәуірі, заманы туралы жазылған. Абай – Әуезов қолындағы шамшырақ. Әуезов сол шамшырақты қолына ұстап, Абай жолы туралы көп жазған.
Мұхтар Әуезов қазақ халқының көркем шежіресін әлем жұртшылығының тарихында алтын әріппен жазды. Қазақ халқының ұлы перзенті сол халықтың ХХ ғасырдағы көркемдік ізденісінің ең шыңына қол жеткізді. Ол жазушы ретінде эпос пен драманың шағын түрлерінен күрделі жанрларына дейін, одан әрі ұланғайыр ғасырлық шындықты туған халқының тарихи тағдырымен тамырластыра танытқан керемет кең құлашты эпопеяға дейін самғап, биікке көтерілген теңдесі жоқ сөз зергері. Замана талабын дұрыс түсінген үлкен ойшыл жазушы. Оның әр жылдарда, әр түрлі жағдайларға байланысты сөйлеген сөздері, жазылған көркем шығармалары мен зерттеулері терең ойларға толы. Олар бір мақала емес, сандаған монографиялық еңбектерге арқау болар дүниелер.
Жазушы әлемі тек әдебиеттану тарихында ғана есімі аталып қоймау керек, қазақ ұлтының заңғар жазушысының есімі бүкіл қазақ халқының ғұмырымен тағдырлас есім. Қазақ ұлтының тіл байлығын, оның ойлау ғылымилығын дәлелдеген суретші туралы ғасырдан ғасырға жалғасын тауып, айтыла беретін, зерттеле беретін, ұлт алдында үлгі болатын алып тұлға.
Мұхтар Әуезов өзінің ғажайып таланты, асқан еңбекқорлығы арқасында халқына қалтқысыз қызмет етті, көркем сөздің шыңына шығып, соңына мәңгі өлмес мұра қалдырды. Жазушы бойындағы отаншылдық сезім мен адамзатқа ортақ гуманизм принциптерін ғұмырының соңына дейін қатар ұстап өткен ұлы жүрек иесі.
Алдына жан салмаған кемел прозашы және драматург, ғұлама ғалым, аса дарынды аудармашы, қарымды публицист Мұхтар Әуезовтің келер ұрпақтарға қалдырған асыл мұрасы туған халқының, бүкіл адамзаттың игілігіне әрдайым қызмет ете бермекші. Егемендік алған елімізде бүгін де Мұхтар Әуезов дәстүрлері өзінің жалғасын тауып, кең өріс алып ұлттық рухани байлығымыздың молаюына, туған әдебиетіміз бен ана тіліміздің мерейі үстем болуына игі әсерін тигізіп отыр. Ол көзінің тірісінде де, дүниеден өткеннен кейін де халқының қалтқысыз сый-құрметіне, сүйіспеншілігіне бөленген, осындай мерекелі күндерде ғана емес, әрдайым жұртының жадында жаңғырып тұратын, тарихтың да, тағдырдың да сынына төтеп берген Ұлы тұлға.
Нұрсұлу ӨМІРБЕКОВА,
Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің
жетекші ғылыми қызметкері
СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ