Өткен ғасырда Шығыс Еуропа, Азия мен Африкада коммунистік елдер саны көп болды. Айталық, Кеңес Одағының (1922–1991) құрамында болған қазіргі 15 тәуелсіз ел (ішінде біздің Қазақстан да бар), Моңғолия (1924-1992), Польша (1944-1989), Югославия (1945-1992) құрамындағы 7 ел (Хорватия, Черногория, Сербия, Албания, Словения, Босния және Герцеговина, Солтүстік Македония), Болгария (1946-1990), Румыния (1947-1989), Чехословакия (1948–1990) құрамындағы қазіргі Чехия мен Словакия, Венгрия (1949-1989), Германия Демократиялық Республикасы (1949-1990), Йемен (1967-1990), Конго (1970-1992), Мадагаскар (1975-1992), Мозамбик (1975-1990), Бенин (1975-1990), Ангола (1975-1992), Сомали (1976-1991), Эфиопия (1977-1991), Ауғанстан (1978-1987) экономикалық теңдік пен жекеменшікті жоюға негіз болған экономикалық және саяси идеологиямен өмір сүрді.
Расында, мәңгілік ештеңе болмайды. Алдымен Ауғанстанда, екі жылдан кейін Польшада, Румынияда, Венгрияда, Чехословакияда, артынан Германияда (анығы ГДР), Бенинде, Мозамбик пен Йеменде социализмнің іргесі сөгілді, коммунистердің дәурені келмеске кетті. 1991 жылы жетпіс жыл бойы он бес кеңестік республиканы «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстап келген КСРО-ның шаңырағы шайқалып, «халықтар түрмесі» аталған алып империя тарих қойнауына кеткеннен кейін қалған елдерде Коммунистік партия қолындағы билігінен айырылды. Алайда, ХХІ ғасырда коммунистік идеологиядан әлі бас тартпаған бес ел қалды, бұл қатарға билік тізгінін коммунистер уысынан шығармай ұстап отырған Оңтүстік Азиядағы Непалды да қосуға болады.