Суреттеу әдісінің жүз тәсілін ойлап тапқан суретші

1
3573

Көкшетау тумасы Қанат Нұртазин жаңа кескіндеме техникасын меңгерген. Ұшқыр қиялының нәтижесінде оның «Сурет салудың жаңа 100 әдісі» атты жобасы дүниеге келді. 30 жастағы суретші кәдімгі жапырақтан, алмадан, кофе түйіршігінен, құмнан, шегеден, қағаздан, шоколадтан, кассетаның лентасынан, т.б. толып жатқан нәрседен ерекше өнер туындыларын жасайды.

«Бұл өнерді 9 жыл бұрын мықтап қолға алдым. Сол 2013 жылы Малайзиядан оқуымды тәмамдап елге оралдым. Біраз уақыт жұмыс іздеп жүрдім. Бос уақытым көп еді. Сурет салғым келді. Бірақ, көп суретшілер сияқты емес, елді елең еткізер дүние жасағым келді. Алғашында қатты қағазды тесіп сурет сала бастадым. Қолым жаттыққан соң, жапыраққа сурет сызып, кофе түйіршіктері, құм сияқты нәрселермен сурет салуды әдетке айналдырдым. Осылайша, «Сурет салудың жаңа 100 әдісі» атты жоба ойыма келді. Жүз тәсілдің алпыстан астамын меңгердім, қалғанын ойлап жүрмін. Сол әдістердің арасында алманы ойып салған суретім, шоколадқа салған суретім және жапыраққа сызған бейнелерім әлеуметтік желіде жылдам тарап кетті», – депті бір әңгімесінде жапыраққа жан беріп жүрген суретші.

Тағы бір ескерер жайт – Қанат Нұртазин бұл жаңа өнерге әуестенгенге дейін ешқашан сурет салып көрмеген. Жоғары оқу орнында алған мамандығының да, бүгінгі қызметінің де өнерге еш қатысы жоқ. Ол Малайзияда халықаралық бизнес-менеджмент мамандығы бойынша білім алған. Назарбаев университетінде қызмет атқарады.

«Оқушы кезімде сурет сабағының тапсырмасын ағам орындап беретін. Ал, қазір менің суреттерім елімізге, шетелге таныла бастады. Біраз ақпарат агенттіктері ол суреттерді жариялап жатыр, әлеуметтік желіде халық жарыса таратып жүр», – деп ағынан жарылды таң қаларлық туындылар салып жүрген дарын иесі.

Бір жағынан, суретші шет елдерге жиі сапарлап шығады екен. Қай жерге барса да Қазақстанмен байланыстыра отырып сурет салу оның кәдімгі хоббиіне айналған. Мысалы: Вашингтонда алмаға Алтын адамның, Лондонда алмаға киіз үйдің, Стамбулда жапыраққа Көк тудың суретін салған.

Ізденісінің арқасында Қанат Нұртазин осылайша жаңа кескіндеме техникасын насихаттап жүр. Ұлы  неміс  ойшылы  Иоганн  Гете  айтқандай,  1 пайыз талант пен 99 пайыз төгілген тер ғана табысқа қол жеткізуге жол ашады. Үнемі ізденіс үстінде жүретін суретші мұны жақсы түсінеді. Ал, біздің мақсат – дарынды тану, талантты таныту болса керек.

Айта кетейік, Disney мен Nickelodeon сияқты атақты америкалық алпауыттар оның ерекше туындыларын Instagram парақшасынан көріп, ынтымақтастық туралы ұсыныс жасаған. Қанат Нұртазин қазір сол ірі әлемдік брендтермен және телеарналармен жобалық негізде жұмыс істейді.

Ерекше талант иесі Қанат Нұртазиннің сол өнер туындыларының кейбірін бір ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті өз оқырмандарының назарына ұсынып отыр.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

1 пікір

  1. Тамаша ақпарат екен! Қанат Нұртазинге өнері үстем болсын дегім келеді. Өте керемет еңбек! Таңқалмасқа болмайды! Және суреттері өте шебер істелінген! Өркенің өссін, шырағым!

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here