Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Аналар күнімен құттықтап, анасы Тұрар Шабарбаеваның өмірі мен тәрбиесі туралы естеліктерімен бөлісті. Ол анасының қарапайымдылығы, балаларына деген шексіз махаббаты және рухани қолдауы туралы айтты. Мемлекет басшысы анасының ақыл-кеңестері мен батыл қолдауы өміріне үлкен әсер еткенін айтып, аналарды құрметтеуге шақырды. Бұл туралы Президент өзінің (Тokayev_online) инстаграм парақшасынды жазды.
Президент анасының қарапайым өмір сүргенін, бар күш-жігерін балаларына арнағанын және ешқашан әшекей мен сән-салтанатқа құмартпағанын атап өтті.
«Бүгін – Аналар күні! Осы орайда анам Тұрар Шабарбаева туралы аз-кем естелікпен бөліскім келеді. Төрт балалы біздің отбасы қарапайым тұрды. Анам ұзақ уақыт бойы белгілі себептермен жұмыс істемеді, ол кісі үй жұмысын атқарды. Жалғыз асыраушымыз әкей. Айлық жалақыдан бөлек, ол кей-кейде мақалалары мен кітаптарына қаламақы алатын. Мұндай күндері біздің үйде нағыз мереке орнайды. Шешей ол кезде жас әйел бола тұра, көп нәрседен, оның ішінде әшекей заттар мен қымбат киімдерден тартынатын. Әрине, сәнді киініп, әсем әшекейлер таққысы келгені табиғи ғой, алайда бар өмірін перзенттеріне арнап, аналық парызын қысқа ғұмырының ақырына дейін атқарып өтті. Тіпті, қымбат дүниелер алатындай мүмкіндік туған кезде де, өзіне ұнаған заттарды немерелеріне әперумен шектелетін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент анасының ақыл-парасаты мен рухани тәрбиесі өмірлік ұстанымдарына үлкен әсер еткенін жеткізді.
«Өз өмірімнің Кеңес Одағы тарауымен тұспа-тұс келген сындарлы сәтінде анамның батыл қолдағаны ешқашан ұмытылмайды. Сол бір қауырт күндері Мәскеуде қалып, Ресей мемлекетінің Сыртқы істер министрлігінде қызмет істеу немесе елге қайтып оралуды анықтау қажет еді. Сонда анамның «Әкең тірі болса, саған бірден Қазақстанда қызмет ету керек дер еді» деп айтқаны есімде. Бұл сөз бұйрықтай болып естілді. Шешеміз, әрине, кейбір шенеуніктердің аяқастынан қисапсыз байып шыға келіп жатқанын білді, бірақ мұндай тіршіліктің баянсыз және ақыры жақсылыққа апармайтынын жалықпай айтып отырды», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Президент анасының қиын сәттерде батыл қолдау білдіргенін және әрдайым ұлының тазалық пен әділдік жолында болуын қалағанын айтты.
«Өзі де қарапайым тірлік кешті, көзі жұмылғанша көп нәрседен өзін шектеп отырды. Ылғи да ел алдында ұятқа қалмау үшін өзімді таза ұстауды, ешқашан көрсеқызарлыққа бармауды айтып кеңес беретін. Анам да үнемі мені қолдайтын. Бала күнімнен мен оның көптеген мағынасы терең мазмұнды әңгімелерін, ой-пікірі мен пайымдауларын тыңдап өстім ғой. Әңгімені жақсы айтатын және менің де ықыластана тыңдайтынымды сезген болар, сөйтіп өмірлік дүниетануыма өлшеусіз ықпал етті. Жан-жағыма байыпты қарап, ұстамды болуға, жақсыны үйренуге және одан тек пайдалысын алуға үйретті. «Күні бойы және кешке немен айналысатыныңды таңертеңнен ойлау керек. Жинақы жүру қажет, асып-сасқан адам сәтсіздікке ұшырайды» деп жиі айтатын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев аналардың мейірімі мен жанашырлығының өлшеусіз екенін еске салып, барша жұртты аналарын құрметтеуге шақырды.
«Біздің анамыз ұсақ-түйек нәрсеге дейін түгел білуді қажет санады. Ол кісінің қатысуынсыз ата-аналар жиналысы өткен емес. Төрт баласының оқытушыларының бәрін білетін. Балалық тентектігімізге, жеткіншектік қуаныш пен күйініш-сүйінішімізге қатысты жайларды түп-түгел сезініп отыратын. Анығын айтқанда, анамыздан жасыратын құпиямыз болған жоқ. Ол кісі біздің өмірмен ғұмыр кешті, ал біз оның өмірінің ажырамас бөлшегі едік. Аналардың қадірін біліп, әрдайым құрмет көрсетіп, ардақтап жүріңіздер!» –деді Президент.
Еске салайық, бүгін Қазақстанда мамырдың екінші жексенбісінде Аналар күні аталып өтіледі. Бұл күн 2023 жылғы Үкімет қаулысына сәйкес қыркүйектен мамырға ауыстырылды. Мереке отбасылық құндылықтарды нығайту және аналардың еңбегін құрметтеу мақсатында белгіленген. Сонымен қатар, Әкелер күні маусымның үшінші жексенбісінде тойланады.