Бір ұлт, екі мемлекет: Екіге бөлінген Германия қалай бірікті?

0
19144
1989 жылы 9 қарашада ГДР Үкіметі батыс Берлинмен арадағы шекараны ашқаннан кейін немістер қаланы екіге бөліп тұрған дуалды бұзды

Дүниені дүр сілкіндірген Екінші дүниежүзілік соғыс (1939-1945) фашистік Германияның күйрей жеңілуімен аяқталды. Содан Үшінші рейхтің тағдырын шешу жеңімпаз елдердің еншісіне тиді. Берлин үкіметі капитуляциялық құжатқа қол қойғаннан кейін ел аумағына кеңестік, америкалық, британдық және франциялық әскерлер басып кірді. Германияның әскери, экономикалық инфрақұрылымдары жойылды. Соғыстағы жеңілістен кейін елдегі барлық үкіметтік ұйымдар, фашистік басқару құрылымдары өз жұмыстарын тоқтатты. Үшінші рейхті бар әлеуетінен айырған одақтастарға «ұлтшылдық-идеологиялық» элементтерді жою және мемлекет құрылымын қайта құру сынды міндеттер артылды. Әрине, қиын-қыстау кезеңде екіге бөлінген Корея, Осетия, Судан, Кипр, Конгоның басы күні бүгінге дейін бірікпей келеді. Олар бір ұлт болғанымен, өзінің туы, өзінің астанасы, өзінің басшысы бар екі ел. Ал, өткен ғасырда державалардың ықпалымен бөлінген Германияның 40 жылдан кейін қайта бірігуі үлкен ерлік саналады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін екіге бөлінген Германияның қалай біріккеніне тоқталады.

Дуалдың батыс бөлігі суретшілер мен әлемнің әр түкпірінен келген туристердің салған суреттері мен жазулары жинақталған галерея іспеттес еді. Ал, қатаң күзет қойылған шығыс жағы тап-таза күйінде қалды. 1984 жылы 29 сәуірде түсірілген сурет

СОҒЫСТА ЖЕҢІЛГЕН ГЕРМАНИЯ ҚАЛАЙ БӨЛІСКЕ САЛЫНДЫ?

Жаһандық сұрапыл соғыс аяқталмай тұрып-ақ, жеңіс туын тікпей жатып-ақ, одақтас мемлекеттер соғыстан жеңілетін Германияның алдағы тағдырын талқылады. 1943 жылы 28 қараша мен 1 желтоқсан аралығында өткен Тегеран (Иран) конференциясында «Соғыстан кейін Германияны бөліске салудың пайдасы бар ма?» деген мәселе көтерілді. Түрлі ұсыныстар айтылды.

АҚШ-тың 32-ші президенті Франклин Рузвельт біртұтас Германияның орнына бес автономиялы мемлекет құруды ұсынды. Ұлыбританияның премьер-министрі Уинстон Черчилль Баварияны, Вюртембергті, Баденді Германиядан бөліп алып, оларды Австрия, Венгриямен бірге Дунай конфедерациясына қосуды жақтады. Одақтастардың арасында көрегендік танытқаны – Иосиф Сталин болды. КСРО басшысының айтуынша, Германияны екіге бөлгенімен, болашақта оның қайта бірігуіне ешқандай ел тосқауыл бола алмайды. Сөйтіп, Германияның бөлінуін құптамады. Дегенмен, 1944 жылы 12 қыркүйекте Лондонда (Ұлыбритания) Германияны шығыс, солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс аймақтарына бөлу туралы хаттамаға қол қойылды. Яғни, жеңіске жеткен соң одақтастар Германияны үшке бөлуге уағдаласты.

1945 жылы 8 мамырда жер дүниені қанға бөктірген Үшінші рейхтің демі үзілді. Келісім бойынша сол жылдың 4 шілдесінде Кеңес Одағына қарасты бес оккупациялық аймақ құрылды. Олар: Мекленбург, Померания, Бранденбург, Саксония-Анхальт, Саксония мен Тюрингия. Кеңес Одағы аталмыш аймақтарды бақылауына алу үшін 1947 жылы 11 маусымда орталық әкімшіліктің төрағалары кіретін экономикалық комиссия құрды. Содан 1949 жылы 7 қазанда кеңестік зонада Германия Демократиялық Республикасы (ГДР) шаңырақ көтерді. Сол тұста 18 млн халқы бар елдің тұңғыш президенті Вильгельм Пик болды. Ал, оның алдында, 1949 жылы 23 мамырда батыс Германияда АҚШ, Ұлыбритания, Францияға қарасты Германия Федеративтік Республикасы (ГФР) жарияланды. 63 млн халықты Теодор Хойс басқарды.

БЕРЛИН ҚАБЫРҒАСЫ ҚАШАН ҚҰЛАДЫ?

1989 жылы қарашаның 9-нан 10-на қараған түні екі Германияны бөліп тұрған әйгілі Берлин қабырғасы құлатылды. 1961 жылы ГДР билігі тұрғызған Берлин қабырғасы ГДР мен ГФР-ді ғана емес, шығыс пен батыстың қарама-қайшылығының, капитализм мен социализмнің күресін көрсетер нышанға айналды. Батыс Берлин 155 шақырымнан тұратын бетон қабырғасымен бөлінді. Тікенекті сымдар, жарылғыш миналар орнатылған қабырғаны мұздай қаруланған ГДР сарбаздары қадағалады. Тұрғындарға әлемді аралап саяхаттауға ерік берілгенімен, қабырға батыс пен шығыс немістерінің араласуына тосқауыл қою үшін тұрғызылды. Шекараны бұзбақ болғандарға аяусыз оқ атылды.

Сөйтіп, Германиядағы жағдай бір түнде өзгеріп шыға келді. Жоғарыда жазғанымыздай, 1989 жылы қарашаның 9-нан 10-на қараған түні шығыс Берлинде теледидар арқылы Германия социалистік біртұтас партиясы (SED) Орталық комитетінің мүшесі, журналист Гюнтер Шабовский баспасөз конференциясында ГДР тұрғындарына Батыс Германияға сапар шегулеріне рұқсат екенін мәлімдеді. Шабовскийдің мәлімдемесінен кейін мыңдаған неміс Берлин қабырғасының өткізу бөліміне қарай ағылды. Соңғы жиырма жылдықта өткізу бөлімінің есігі тек бір бағытта – батыстан шығысқа қарай ашылған болатын. Бұл уақытта Берлин қабырғасының шекарасында ГДР-дің жоғары дайындықтан өткен 30 мыңға жуық сарбазы күзетте тұрды. Олар жоғарыдан қандай да бір бұйрық күтпестен мыңдаған адамды шекарадан өткізіп жіберді. Немістердің бақыттарына орай бірде-бір оқ атылмады. Сол түні Берлин қабырғасы құлады. Қабырғаның құлауы Германияның бірігу процесінің басы болды.

Әрине, бұл өзгеріс кенеттен бола қойған жоқ. Социалистік лагерьдегі тектоникалық өзгерістер бірнеше жыл бұрын, яғни 1985 жылы КСРО басшылығына Михаил Горбачев келгеннен кейін басталды. Немістердің басым көпшілігі Горбачевтің Германияны қайта құруға үлкен ықпалын тигізгендігі үшін өздерін қарыздар санайды.

Хрущев құрған «қамалды» 28 жылдан кейін Горбачевтің қайта құруы құлатты. «Берлин қабырғасын» құлатқаны үшін КСРО-ның тұңғыш және соңғы президентін немістер мақтайды, орыстар даттайды. Ал, Горбачев: «Польшаны – поляктарға, Венгрияны – венгрлерге, Германияны – немістерге бергенім үшін кінәлімін бе?!» – деп ақталады. Қалай болғанда да, Горбачев әркімнің қолы жете бермейтін Нобель сыйлығын алды. Суретте Михаил Горбачев пен Ангела Меркель (канцлер). 2014 жылдың 10 қарашасы

БІРТҰТАС ГЕРМАНИЯНЫ ҚҰРУ НАУҚАНЫ ҚАЛАЙ ЖҮРДІ?

1990 жылы 3 қазанда Германия халқы қос республиканың бірігуін атап өтті. Жиналған халыққа Рейхстагтің үстіндегі лапылдай жанған алау от та қуаныш алауындай көрінді. Сенер-сенбесін білмеген ығы-жығы халық. Бірақ, бұл қуанышқа жету үшін неміс халқы біршама тер төккен еді.

1989 жылы басталған бейбіт төңкерістің қорытындысында кеңестік зонадағы немістер социалистік режимді құлатты. Мемлекет басшылары қызметінен қуылды. Төңкеріс барысында бірде-бір оқ атылмады. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесуге» машықтанған немістер бұл ретте Шығыс Еуропада дүмпу тудырған «Барқыт төңкерісінің» салдарын ұтымды пайдаланды. Осылайша, 1990 жылы 3 қазанда ГДР ресми түрде ГФР-ға қосылды. Немістер қайтадан бір шаңырақтың астында өмір сүре бастады. ГФР президенті Рихард фон Вайцзеккер (1920-2015) салтанатты кеште от шашу алдында сөйлеген сөзінде: «Біз немістер өз жауапкершілігімізді түсінеміз және Еуропадағы бейбітшілікке қызмет етеміз», – деп мәлімдеді.

Германияның бірігуі қажырлы еңбекті қажет етті. Федералдық канцлер кеңсесінің сол кездегі басшысы Рудольф Зайтерс 1989 жылдан бастап көптеген іс-шараларда канцлер Гельмут Кольмен біршама жұмыстар атқарды. Германияның ресми түрде біріккен күнінің алдында Рудольф Зайтерс түні бойы ұйықтамағанын айта келе: «Мен Прагадағы Германия елшілігіне Шығыс Германиядан босып кеткен немістерді Батыс Германияға кіруге рұқсат беру туралы келіссөздерді, Прага елшілігінің балконында Ганс-Дитрих Геншердің үндеуі, Берлин қабырғасының құлауы туралы Бундестагтағы айтқан сөздерімді, ақыр соңында Дрездендегі Фрауэнкирхе шіркеуінің алдында Гельмут Кольдің айтқан сөздерін есіме түсірумен болдым», – деп ағынан жарылды.

1949 жылы 7 қазанда кеңестік зонада Герман Демократиялық Республикасы (ГДР) шаңырақ көтерді. Ал, оның алдында, 1949 жылы 23 мамырда батыс Германияда АҚШ, Ұлыбритания, Францияға қарасты Герман Федеративтік Республикасы (ГФР) жарияланды

НЕМІСТЕР ЖЕДЕЛ ҚАБЫЛДАҒАН ТАҒДЫРШЕШТІ ШЕШІМДЕР

Ақ түйенің қарны жарылып, екіге бөлінген бір ұлт қайта табысқанымен, атқарылатын жұмыстар көп еді. Екі Германияның саясаткерлері бұл аралықта күрделі келіссөздер жүргізіп, маңызды шешімдер қабылдауға мүдделі болды.

Шығыс Германияда билік құрылымы жылдам өзгерді. 1990 жылы наурызда сайланған халықтық палатаның депутаттары Батыс Германияның федералдық мемлекеттік құрылымын орнатты. Осыдан кейін өз құрамындағы жерлерін Батыс Германиямен біріктіре алатын жағдай туғызды. Сонымен қатар, Шығыс Германиядағы мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі таратылды.

Германиядағы асығыс орындалған саяси шешімдердің мәні айтпаса да түсінікті. Шығыс Еуропада социалистік режимді құлатуға бағытталған қозғалыстар пайда болғаннан бері толқулар шарпыды. Барлық жерде азаматтар еркіндікті, саяси жүйені реформалауды, қайта құру мен жариялылықты талап етті. Олардың ұрандары тек КСРО-ға ғана емес, көрші елдерге де тез тарады.

Берлин қабырғасында осындай көрмелер жиі өтіп тұрады
 

НЕМІСТЕРДІҢ БІРТҰТАС ЕЛГЕ АЙНАЛУЫНА КІМДЕР ҚАРСЫ БОЛДЫ?

Немістердің Германия Демократиялық Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасын біріктіруге деген ұмтылыстарының орындаларына Еуропа мемлекеттерінің басшылары еш күмәнданбады. Алайда, олар күмәнсіз болғанымен, қорқыныштары жоқ емес еді. Екінші дүниежүзілік соғыстың қорқынышы сейілмегендіктен, біріккен Германияның қайта күшеюінен қауіптенді.

Ұлыбританияның алғашқы әйел премьер-министрі Маргарет Тэтчер Германияның қайта бірігуіне қарсы топтың ұйытқысы болды. Қарсы шыққандардың алғы шебінде сол тұстағы Франция президенті Франсуа Миттеран да тұрды. Алайда, Гельмут Коль бастаған неміс саясаткерлері француз басшысын райынан қайтарып, өз идеяларына сендіре алды.

Кеңес Одағындағы жағдайлар да көршілес мемлекеттерде болып жатқан үдерістерді жеделдетуге себепші болды. КСРО капиталистік елдердің ұйымы НАТО-ның көзіне күйік болып жүрген Варшава ұйымына мүше елдерге жүргізетін ықпалынан айырылып қалды. Ал, бұрын ұйымға мүше елдер Михаил Горбачевке қарсы шығудан, төңкеріс жасаудан қаймығатын. КСРО-ның соңғы басшысы Варшава ұйымына ықпалын жүргізіп отырған жағдайда, Германияның бірігуіне Мәскеудің батасын беруі екіталай еді.

Немістердің айы оңынан туды. Егер қос елді біріктіру шаралары сәл кейінірек басталғанда, біртұтас Германияны түстерінде көретін еді. Өйткені, 1990 жылдың тамыз айында әлемдік қауымдастықтың назары Кувейтті басып алған Иракқа ауды. 1991 жылдың жазында Кеңес Одағының күйреуі әлем назарын өзіне аударды. Яғни, Германияны біріктіруді 1990 жылы бастағанда процесс ұзаққа созылып, үлкен  геосаяси дауға айналатыны анық болатын.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Екінші дүниежүзілік соғыста қара бет болып жеңіліп, бөліске салумен жазаланған Германия тарих толқынында өз жолын қайта тапты. Сірә, КСРО-ның күн көсемі Иосиф Сталин кезінде неміс халқының ұлттық идеологиясының мықтылығын аңғарып, адастырғанмен қайтып үйірін табатынын сезсе керек.

Рас, немістердің еңбекқорлығын әлемдік қауымдастық баяғыда-ақ мойындаған. Ал, Адольф Гитлер бастаған Екінші дүниежүзілік соғыстың экономикалық салдары немістер үшін нағыз қасірет және бір ұлттың екіге бөлінгені жығылғанға жұдырық болды. Соған қарамастан немістер соғыс аяқталғаннан кейінгі 10 жылда аяқтарынан нық тұрды.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here