Жеңіл өнеркәсіптің ауыр жолы

0
4364
2019 жылы елімізде 36,5 млн жұп аяқ киім сатылды, яғни ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтамасыз ету үшін жылына 500 мыңдай жұп аяқ киім тігетін «Жетiсу» сияқты елде кемінде 70 ірі фабрика ашу керек. Әрине, қазіргі жағдайда бірден ірі кәсіпорындарды іске қосу мүмкін емес. Елде оған қаржы да, шикізат та жетіспейді. Дегенмен, жеңіл өнеркәсіптің ауыр жолымен жүріп келе жатқан кәсіпкерлер де бар. Олар шағын фабрика ашып, аяқ киім тігуді қолға алған. Соның бірі – «Kadam.kz» компаниясының басшысы Әсел Болатқызы

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сенсек, Қазақстандағы аяқ киімнің 96,7%-ын импорт құрайды. Демек, ішкі нарықтағы отандық аяқ киімнің үлесі 4%-ға да жетпейді. Сөйтіп, еліміз аяқ киімнің 60%-ын Қытайдан, 20%-ын Түркиядан, 10%-ын Ресейден, 7%-ын Өзбекстан сияқты елдерден импорттайды. 1985 жылы 30,6 млн жұп аяқ киім шығарған Қазақстан 2019 жылы 1,3 млн жұп аяқ киім ғана тіккенін ескерсек, айналдырған 35 жылда жеңіл өнеркәсіптің бір саласынан көз жазып қалғанымызды мойындамасқа болмайды. Киім нарығы да тұралап тұр. Сексенінші жылдардың ортасында еліміздің бір жылда 90 млн дана киім шығарғаны қазір аңыздай естіледі. Құдай-ау, іш киім мен шұлықтың өзін сырттан тасыған соң болды ғой. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін отандық жеңіл өнеркәсіптің ауыр жолына тоқталады.

Отыз бес жыл бұрын 30,6 млн жұп аяқ киім тіккен Қазақстан қазір аяқ киімнің 96,7%-ын сырттан тасиды.

ОТЫЗ ЖЫЛДА ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП
ТАЗ ҚАЛПЫНА ТҮСТІ МЕ?

Өткенге сәл шегініс жасасақ. Кеңес Одағы тұсында елімізде жеңіл өнеркәсіп 14 бағытты және 69 өнеркәсіптік бірлестік пен кәсіпорынды қамтыды. Ол ел бюджетінің 25%-дан астамын құрады. 1985 жылы аталған салада 203 мың адам еңбек етіп, екі мыңнан астам өнім түрлерін шығарды. Ал, саланың республика өндірісінің жалпы көлеміндегі үлесі 15%-дан асса, КСРО-ның жеңіл өнеркәсібі бойынша 4%-ға жеткен. Мысалы, 1985 жылы отандық өнеркәсіп орындары 130 млн шаршы метр мақта-мата (2019 жылы – 14 млн ш.м.), соның ішінде 22,6 млн дана сырт киім, 68 млн дана трикотаж киім (қазір шығарып жатқанымыздан 90 есе артық) және 30,6 млн жұп аяқ киім (2019 жылы – 1 млн 270 мың) мен 74,7 млн жұп шұлық (қазір 15-16 млн) шығарған.

Одақ тұсында Алматы мақта-мата комбинаты, Жамбыл былғары аяқ киім комбинаты, Қостанай мәуіті-шұға комбинаты, Семей тері-былғары комбинаты іске қосылды. Олардың барлығы отандық шикізатпен жұмыс істеп, өнімнің жүздеген түрін шығарды. Кейбірі қала құраушы мекеме болды.

Өкінішке қарай, Қазақстан азаттығын алғаннан кейін көптеген зауыт-фабрикалар өз жұмысын тоқтатты. Содан тоқырау жылдары отандық өндіріс орындары жаппай жабылып, он мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Осылайша, тоқсаныншы жылдардың тоқырауы талай адамның тағдырын өзгертіп, мүлдем ойына келмеген шаруамен айналысуға мәжбүр етті. Кешегі зауыт-фабрикада еңбек еткендер базар жағалады, қара жұмысқа жегілді. Соның салдарынан қазір елдің жалпы ішкі өнімінде (ЖІӨ) жеңіл өнеркәсіптің үлесі 2%-ға да жетпейді. Жоғарыда жазғанымыздай, сексенінші жылдардың соңында бұл көрсеткіш 15%-ды құраған болатын.

Ресми статистикаға сенсек, бүгінде елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында 1 071 кәсіпорын бар. Соның ішінде 40-ы ғана ірі және орта кәсіпорын саналады, қалғандарын кішігірім тігін цехтары құрайды. 35 жыл бұрын 200 мыңнан астам адам еңбек еткен жеңіл өнеркәсіпте қазір 12 мың адам ғана қалды. Сондықтан жеңіл өнеркәсіптің ел экономикасына тигізетін оң әсері шамалы. Мәселен, оның өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі – 1,2%-дан, ішкі сұраныс – 10%-дан аспайды (әлемде экономикалық қауіпсіздік шегі – 30%-ды құрайды). Тігін және тоқыма саласына – шамамен 8%-ы, былғары мен аяқ киім саласына – 2%-дан да азы тиесілі. Нарықтың қалған 90%-ын импорт тауарлары алады. Қазақстандықтарды Түркия, Қытай, Бангладеш, Өзбекстан, Қырғызстан және Италия сияқты елдер киіндіреді.

Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласы тұралап тұрғанымен, әлеуметтік-экономикалық мәнге ие сала әлемде белсенді дамып келеді. Мұның тағы бір маңызды тұсы – тұтыну көлемі бойынша азық-түлік нарығынан кейінгі екінші орында тұр. Тек киім және аяқ киім нарығының әлемдік көлемі 1,7 трлн долларды құрайды. 2019 жылы әлемдік тоқыма нарығының көлемі 961,5 млрд долларға бағаланды.

ЕЛІМІЗДЕ ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІ
ӨРКЕНДЕТУГЕ НЕ КЕДЕРГІ?

Отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытудың бірнеше тежеуші факторы бар. Біріншіден, өндірістің қымбаттығы. Отандық кәсіпорындар байырғы жабдықтар мен арзан жұмыс күшін пайдалана отырып, азиялық өндірушілермен бәсекелесуге мәжбүр. Қазақстандық жеңіл өнеркәсіп зауыт-фабрикаларында жабдықты жаңарту көрсеткіші жылына 3-4%-ды ғана құрайды. Соның өзі несие немесе жеке қаражат есебінен іске асады. Ал, шетелде бұл көрсеткіш – 15-17%. Бұл негізінен мемлекет тарапынан инвестициялық қолдауға байланысты. Отандық кәсіпорындар көбінесе банктерден несие ала алмайды. Оған қоса, бизнестің өтінімдерін қарау кезінде кепілдік мүлікті өте төмен мөлшерлемемен бағалайды, алдағы келісімшарттарды қарастырмайды. Несие алғаннан кейін кәсіпорындар жабдықтар әкелінбей, яғни аяқтан тұрмай жатып несие төлеуге мәжбүр болады.

Екінші тежеуші фактор – отандық табиғи шикізаттың, алдымен тері мен жүннің тапшылығы. Қазақстандық өнімнің өзіндік құнында ол шамамен 60%-ды құрайды. Ал, елімізде сапалы киім шығаруға керек шикізаттың әлеуеті негізі зор. Бірақ, сол әлеуетімізді мүлдем пайдалана алмай отырған жайымыз бар. Әйтпесе, біздің мақтаның өзбектікінен артықшылығы – оның талшықтары қатты. Сондықтан мата төзімді келеді. Демек, осы саланың еңсесін езіп тұрған шикізат тапшылығы мәселесін шешпей, жеңіл өнеркәсіптің жолы ашылмайды. Бүгінде мақта талшығының 2%-ы ғана өңделіп, дайын өнімге айналады. Шикізаттың 90%-ға жуығы бастапқы өңдеуден өткен шикізат ретінде өзге елдерге экспортталады.

Рас, миллиондаған қойдан қырқылған жүн мен терілер, жиналған мақта, зығырлар және шаруалар еңбегінің басқа да нәтижелері бүгінде мемлекетке көл-көсір пайда әкелмей тұр. Олар өңделмеген шикізат күйінде шетел асып, сол жерде шубаға, былғары күртешеге, костюм мен көйлекке айналып, өзімізге он есе қымбат бағаға сатылады. Ең өкініштісі, тігін өнеркәсібі елде іс жүзінде өндірілмейтін импорттық маталарды, жіптерді, ұсақ-түйек заттарды пайдалануға мәжбүр. Бұл өнім құнының жоғары болуына және олардың импорттық өнімдермен баға бойынша бәсекеге түсе алмауына әкеп соғады. Оның үстіне үлкен тапсырысы жоқ кәсіпорындар шетелден шикізатты көп мөлшерде сатып ала алмайды. Осы жерден қымбат баға шығады. Осы мәселелерді шешу үшін өңдеу деңгейі төмен өнімдерді шығаруға жоғары баж салығын енгізу қажет. Ал, қосылған құны жоғары өнім экспортын жеңілдіктер жасау арқылы ынталандыру керек. Дайын өнімді өндіруді ынталандырудың мұндай әдісін кезінде Қытай сәтті жүзеге асырған болатын.

Үшінші мәселе – білікті кадрлардың жетіспеушілігі. Кадр тұрақсыздығының жоғары болуы және жұмысшылардың, тігінші әйелдер мен тігінші ерлердің ғана емес, сондай-ақ жоғары және орта буындағы техникалық қызметкерлердің де жетіспеушілігі бар. Елімізде осы салаға мамандар даярлайтын оқу орындары жеткілікті болғанына қарамастан, көптеген түлектер еңбек жағдайы мен айлықтың аздығына байланысты өз мансабын өндіріспен байланыстырғысы келмейді. Бұл фактор да жеңіл өнеркәсіптің бағын байлайды. Сондықтан кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін персоналды басқарудың жаңа тәсілдерін енгізуді талап етеді.

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР
ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІҢ
ЖҮГІН ЖЕҢІЛДЕТЕ АЛДЫ МА?

Әрине, жеңіл өнеркәсіптің жолын жеңілдету үшін еліміз талпыныс жасады, жасап та жүр. Атап айтқанда, екі жыл бұрын Жол картасы қабылданды. Сол арқылы іс жүзінде барлық іс-шаралар атқарылып келеді. Алайда, бұл құжат жеңіл өнеркәсіп алдында тұрған мәселелерді кешенді түрде шешпейді. Ол тек «өртті» сөндіру қызметін атқарады. Бір жердегі өртті сөндіргенмен, екінші жерде ол тұтанады. Мәселен, мүйізді ірі қара мал терісін автомобиль көлігімен Қазақстан аумағына әкелуге бес жылға тыйымның салынуы тері жинаумен айналысатын кейбір кәсіпкерлердің бәрінен айырылуына, малшылардың шығынға батуына алып келді. Бұл ретте шикізатты сатып алатын кәсіпорындарға қойылатын талаптар және іс жүзінде бұл шара кімнің мүддесі үшін енгізілгені нақты көрсетілмеген. Нәтижесінде, жеткізушілердің тығырыққа тірелгенін пайдаланып, олар сатып алу бағасын төмендетті.

Шикізат бағасы да түсінбестік туғызады. Қой жүнінің келісі шамамен 200 теңге тұрса, макулатураның келісі 3 теңгеге бағаланады. Мұндай бағалардан кейін шикізат жинаумен айналысатындардың аз болатыны түсінікті. Макулатура қоқысқа кетеді, ал теріні контрабандалық жолмен шетелге әкететіндіктен, ол көзден ғайып болады.

Бір кездері елдің мақтанышы болған биязы жүнді және қаракөл қойларының одан арғы жайына да бақылау жүргізілмейді. Терісі бағалы құстың, ешкінің, қой мен түйенің жүнін жинауға көңіл бөлінбейді. Сондықтан шикізатты сатып алып, оны жеңіл өнеркәсіп өндірушілеріне сататын бұрынғыдай кәсіпшілік артельдер, үйде жұмыс істейтін фабрикалар ашқан жөн болар еді. Кезінде Көкшетау үйде еңбек ету фабрикасы 1,3 мың ауыл тұрғынына жұмыс берген, ал ақсөлмен өңделген астарсыз былғары қолғаптар бүкіл КСРО мұнайшылары мен балықшыларының толық қажеттілігін қамтамасыз еткен.

Көлеңкелі импорт та кәсіпкерлердің бар еңбегін зая кетіреді. Салықтар мен баж алымдарының болмауынан сапаның төмендігіне байланысты контрафакт арзанға түседі. Ал, біз экспортқа сатқаннан гөрі жеңіл өнеркәсіп өнімдерін 17 есе көп импорттаймыз. Осы мәселе бізді ойландыруы керек.

Бүгінгі таңда жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының негізгі бөлігі үлкен тапсырыстарды орындауға дайын емес және жыл мезгіліне байланысты өнімдер желісін жылына бірнеше рет өзгерте алмайды. Өткен жылы жеңіл өнеркәсіптің өнеркәсіптік өндіріс құрылымындағы үлесі 0,4 пайыз ғана болды. Демек, егер ертең бұл сала жоғалып кетер болса, онда қарапайым тұтынушылар мұны байқамай да қалады.

Қазіргі таңда Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпке көп жағдайда ведомстволық мемлекеттік тапсырыстар беру арқылы қолдау көрсетіледі. Соның арқасында кәсіпорындар әзірге қалт-құлт етіп жұмыс істеп тұр. Бірақ, мемлекеттік сатып алуға көптеген жеткізушілер қатысады. Төмен бағасына бола таңдаған тапсырыс беруші сапасыз импорттық тауарларды алады. Соның салдарынан бюджет қаражаты елден шығып, басқа елдер экономикасының дамуына үлес қосады. Осыған орай мемлекеттік тапсырыстарды бір уәкілетті органға шоғырландырып, тауарлар сапасын төмендетпеу үшін демпинг нормаларын реттеу қажет.

Жеңіл өнеркәсіпті ұзаққа созылған дағдарыстан шығару үшін алдымен кәсіпорындарды техникалық қайта жарақтандыруды жеделдету және Оңтүстік-Шығыс Азиядан арзан импортқа арнайы баж салығы мен квоталар енгізу арқылы елдің ішкі нарығын импорт экспансиясынан қорғау сияқты мәселелерді шешу қажет. Уақытша сипаттағы мұндай шаралар өз уақытында АҚШ-та, Қытайда, Үндістанда, Түркияда және басқа елдерде қабылданған болатын. Бұл елдерде жеңіл өнеркәсіп ұлттық экономиканы дамытудың басты бағыты болып жарияланды. Отандық өндірушілерге мемлекет тарапынан бетбұрыс жасалып, жеңіл өнеркәсіп салаларын қолдайтын бағдарламалар әзірленді.

Өкінішке қарай, біздің елде түрлі бағдарламалар қабылданып жатқанымен, жеңіл өнеркәсіптің жолы жеңілдей қойған жоқ. Сөз бен іс үйлеспейді. Мысалы, кезінде қабылданған Жеңіл және тамақ өнеркәсібіндегі импортты алмастырудың 2001-2003 жылдарға арналған бағдарламасы, Қазақстан Республикасында жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы және 2019-2021 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша Жол картасы көзге көрінер нәтиже берген жоқ. Мемлекет бөлген қыруар қаржы құмға сіңген судай жоқ болды. Енді 2020-2024 жылдары жеңіл өнеркәсіпте жалпы құны 52 млрд теңге болатын 41 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Мемлекеттің бұл бастамасы отандық жеңіл өнеркәсіптің жүгін қаншалықты жеңілдететінін уақыт көрсетеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жеңіл өнеркәсіп – тұрғындарды жұмыспен көбірек қамтуға мүмкіндік беретін әлеуметтік маңызы зор сала. Тек бұл саланың өзінен бюджетінің 20%-ын құрап, экономикасына әжептәуір пайда келтіріп отырған елдер бар. Айталық, Үндістан, Қытай, Түркия елдерінде еңбекке жарамды халықтың 20%-ы осы кәсіппен айналысады. Бұған сол елдерде еркін экономикалық аймақтардың құрылуы, жеңілдетілген салықтар, пайызы төмен несиелер, мемлекеттік инвестициялар оң ықпалын тигізгенін ешкім жоққа шығармайды. Жеңіл өнеркәсіп Португалияда жалпы ішкі өнімінің 22%-ын құрайды. Ал, бұл көрсеткіш Қытайда – 20%-ға, Үндістанда – 15%-ға, Италияда – 12%-ға, Түркияда – 10%-ға тең. Әлемдегі матаның 30%-ын – Қытай, 14%-ын – Малайзия, 10%-ын – Үндістан шығарады. Түркиядағы 40 мыңға жуық ірі фабрикада 2 млн-нан астам адам еңбек етеді. Сондықтан бұл салаға жүрдім-бардым қарауға болмайды.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here