Қазақ мұнайы – ұлттың қазынасы, бағына біткен байлығы. Бұлай деп тәпсірлеуімізге негіз де жоқ емес. Ел экономикасының дамуында қарт Каспийдің айналасындағы қойнауы қазынаға бай кеніштерден өндірілген «қара алтынның» рөлі айтарлықтай зор. Десе де, бүгінде «қазына қоржынын» толтырып отырған мұнай тасымалына байланысты тосқауылдар туындауда. Басты себеп – Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс, Батыс елдерінің солтүстіктегі іргелес қонған көршімізге салған санкциялары. Соғыстың салдары мен санкция салқыны қазақ мұнайын экспорттауға да өз кедергісін келтіруде. Атап айтқанда, біздің елдің мұнайы Еуропаға тура шыға алмайды. Жер-жаһанға тасымалданатын мұнайдың 80 пайызы Каспий құбыр желісімен Ресей арқылы тасымалданады. Ал, солтүстіктегі қоңсымыздың бүгінгі ахуалы белгілі. Батыс пен Ресей арасындағы текетірестің Қазақстан экономикасына қандай әсері болмақ? Ресей арқылы экспортталатын қазақ мұнайының жолы кесілмей ме? Бұл бағыттағы балама жол табыла ма? Билік басындағылардың мазасын алып отырған басты сауалдардың бірі де осылар.
РЕСЕЙ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚЫР КӨРСЕТТІ МЕ?
Каспий құбыр желісі консорциумы – қазақстандық шикізатты Қара теңіз арқылы еуропалық нарыққа шығаратын басты бағыт. Құбырмен келген мұнай Ресей арқылы кәрі құрлыққа жол тартады. Ресей Украинаға басып кіргеннен соң Батыс елдері Кремльге салған санкциялардан бөлек, орыс мұнайын сатып алуға толық шектеу қойды. Осы кезеңде Қазақстанның мұнай экспорты да бірнеше рет тосқауылға ұшырады. Атап айтқанда, 20 наурызда Қара теңізде алапат дауыл болып, Ресейдің Новороссийск портындағы Каспий құбыр желісі консорциумының мұнай тасымалдайтын екі терминалы істен шықты. Консорциум басшылығы құбыр арқылы мұнай жөнелту шектелгенін мәлімдеді.
Ресми түсіндіру бойынша, оған теңіз дауылы себеп болған-мыс. Алайда, сарапшылар бұл «Украинаға соғыс ашқаны үшін жарты әлемнің санкциясына ілігіп, өз мұнайын сата алмай дал болған Ресейдің Қазақстаннан мұнай өндіретін шетел компанияларына қарсы диверсиясы болуы мүмкін» деген болжам айтты. Бұл тарапта Германияның Handelsblatt басылымы арнайы зерттеу де жүргізген. Нәтижесінде, «Ресей Қазақстан мұнайының Еуропа нарығына шығуына қасақана бөгет келтірген» деген тұжырым жасалған.
Неміс басылымының бұл тұжырымына қарсы уәж айтайын десең, көктемдегі жағдай үш айдан кейін тағы қайталанды. Айталық, 15-25 маусым аралығында «суасты қауіпті заттарды утилизациялауға даярлық жұмыстар» жүргізіліп жатқанын сылтауратқан консорциум басшылығы еліміздің мұнайын үш қондырғының біреуімен ғана тасымалдауға рұқсат берді. Әрине, бұл экспорт көлемінің айтарлықтай азаюына әсер етті.
Шілде айында жағдай ушыға түсті. Ресейдің Новороссийск қаласындағы аудандық сот консорциумның жұмысын 30 күнге тоқтатты. Бұған «құбыр желісінің апат кезінде төгілетін мұнайды жою жоспарына қатысты құжаттарының дұрыс болмауы» себеп болған. Кейін апелляциялық инстанция шешімді өзгертіп, консорциумға 200 мың рубль көлемінде айыппұл салды.
Сол тұста консорциумның бұл шешімін сарапшылар сан-саққа жүгіртіп, Қазақстанның мұнай экспорты «есе қайтарудың құралына айналғанын» айтып жатты. Өйткені, ақпан айында Қазақстан «Донецк Халық Республикасы мен Луганск Халық Республикасының тәуелсіздігін мойындамайтыны» туралы емеуірін танытқан соң Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысы үш рет тоқтады. Оның үстіне маусым айында Санкт-Петербург қаласында өткен форум барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің көзінше «ДХР» мен «ЛХР»-ді «квазимемлекеттік аумақ» деп атап, Украинаның шығысындағы сепаратистік құрылымдардың тәуелсіздігін мойындамайтынын ашық айтқан болатын. Президенттің бұл пікірі Путин бастаған ресейлік истеблишментке ұнамағаны айтпаса да түсінікті.
МҰНАЙДЫ БАТЫСҚА АПАРАР БАЛАМА БАҒЫТТАР
Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысы тоқтатылатыны жайлы ақпарат шыққаннан кейін 7 шілде күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-транзит әлеуетін дамыту жөніндегі кеңес өткізіп, мұнай тасымалдау ісін әртараптандыруды тапсырды. Атап айтқанда, Президент Ресейді айналып өтетін бағыт арқылы «қара алтын» экспорттау мәселесін пысықтау қажеттігін алға тартты. Осыған орай ол Транскаспий бағытын жүзеге асырудың ең оңтайлы әдісін тауып, екі құбыр желісінің қуаттылығын арттыруды міндеттеді.
«Транскаспий бағдары басым бағыт саналады. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау-Кеңқияқ және Кеңқияқ-Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда айта кетерлігі, Қазақстан қазіргі уақытта мұнайды Каспий құбыр консорциумы жүйесінен басқа бағыттар арқылы да экспорттап жатыр. Атап айтқанда, Өзен-Атырау-Самара, сондай-ақ Қытай бағытындағы Қазақстан-Қытай құбыры, Ақтау порты (Махачкала-Баку) бағыттары қолжетімді. Алайда, бұл бағыттардың тасымалдау қуаттылығы мардымсыз. Мәселен, Өзен-Атырау-Самара арқылы жылына 17,5 млн тонна мұнай шетел нарығына шығарылады. Бұл бағыт арқылы бағытталатын мұнай сорты – ресейлік Urals. Ал, оның әлемдік нарықтағы бағасы қазір төмен.
Қазақстан-Қытай құбыр желісінің жылдық қуаттылығы – 20 млн тонна. 2019 жылдан бері осы бағытпен тасымалданған мұнай экспортының көлемі 1 млн тоннаға да жетпейді.
Сонымен қатар, қазақ мұнайын жаһандық нарыққа экспорттауға мүмкіндік беретін Баку-Тбилиси-Жейхан, Қазақстан-Түркіменстан-Иран, Транскаспий бағдарлары да қарастырылуда. Шикізатты темір жол арқылы Өзбекстан және Қырғызстан арқылы да тасымалдауға мүмкіндік бар.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Қазақстанның Энергетика министрі Болат Ақшолақов Каспий құбыр желісі консорциумы жұмысын толықтай тоқтатқан жағдайда балама бағыттар арқылы айына бар болғаны 1,3 млн тонна мұнай экспорттауға мүмкіндік бар екендігін айтты. Сондай-ақ, ведомство басшысы экспорт бағыты бойынша түрлі нұсқалар қарастырылып жатқанын баяндады. Осы ретте мамандар Баку-Тбилиси-Жейхан бағытын ең оңтайлы балама көреді. Бұған себеп те жоқ емес. Аталған бағыт арқылы жылына 50 млн тонна мұнай тиеуге мүмкіндік бар. Бұл – ТМД аумағындағы Ресейді айналып өтетін алғашқы бағыт. Жоба акционерлерінің қатарында BP, MOL, ENI, Exxon Mobil сынды әлемдік алпауыт мұнай компаниялары бар. Министр Ақшолақов бұл бағытты іске қосу үшін Ақтау портының инфрақұрылымын жаңғырту қажеттігін алға тартады. Бұдан бөлек, Құрық портын қайта қалпына келтіріп, оған арнайы құбыр тарту қажет және танкерлерді іске қосу сияқты мәселелер шешім табуы тиіс. Ал, Қазақстандағы мұнай-сервисі компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұловтың пайымдауынша, Ақтау портындағы құбырдың тасымалдау мүмкіндігі төмен.
«Соңғы жылдары Ақтау портында жылына 2-2,5 млн тонна көлемінде ғана мұнай тиелуде. Шын мәнінде порт жылына 12 млн тоннаға дейін мұнай тасымалын жүзеге асыруға қабілетті. Ол үшін тозығы жеткен кемежайларды жаңартып, бірқатар жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Сондай-ақ, Каспий теңізінің деңгейіне арналған жүк тасымалдау қуаты 12 мың тоннаға жететін ондаған жаңа мұнай танкерін алу керек. Бұл қыруар қаражатты қажет етеді», – дейді Нұрлан Жұмағұлов.
Мамандар Баку-Тбилиси-Жейхан бағыты мен Ақтау порты арасындағы байланыстың жоқтығын экспорт көлемінің аздығына тағы бір себеп ретінде көреді. Осы мәселені оңтайлы шешу мақсатында 2006 жылы Қашаған акционерлері 4 млрд долларға жоба ұсынған. Жобаға сәйкес Ақтау порты БТД-мен байланысуы тиіс болатын. Алайда, іс аяғы құрдымға кеткен. Бүгінде мұнда тек жүк кемелері ғана мұнай тасымалдауда.
Ендігі бір бағыт – Қазақстан-Түркіменстан-Иран. Бұл бағыт арқылы қазақ мұнайы Тегеран арқылы әлемдік нарыққа шығады. Еліміз аталған бағытпен бұған дейін жылына 2-3 млн тонна шикізатты ирандық Нека портына жеткізіп отырған. Десе де, бұл бағыттың болашағы бұлыңғыр. Сарапшылардың пайымдауынша, жуырда әлемдік нарықта Иран тарапынан жеткізілетін мұнайға деген сұраныс төмендеуі мүмкін.
Қазақстандық шикізатты темір жол арқылы Өзбекстан мен Қырғызстандағы мұнай өңдеу зауыттарына жеткізу де мұнай экспортының әлеуетінің артуына ықпал етпек. Экономика ғылымдарының докторы Олег Егоровтың айтуынша, бүгінде Қырғызстанда жылына миллион тоннаға дейін мұнай өңдеуге қабілетті үш қытай зауыты жұмыс істейді. Оларды қазақстандық шикізатпен қамтамасыз етуге толықтай мүмкіндік бар. Ал, Өзбекстанға қыруар көлемдегі мұнай қажет емес. Көршілес елдегі автокөліктердің 70 пайызы метан газымен жүруі бұған басты себеп.
ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНА СҰРАНЫС АРТУДА
Еліміз 2021 жылы 66 млн тоннаға жуық мұнай экспорттаған. Қазақтың «қара алтынының» негізгі тұтынушысы – Италия. Қазақстандық мұнайдың 27,3 пайызы осы мемлекетке тасымалданады. Сонымен қатар, біздің мұнайды импорттаушы елдер қатарында Нидерланд, Франция, Қытай, Түркия, Испания, Үндістан, Оңтүстік Корея, Румыния және Грекия бар.
Осы ретте айта кетерлігі, соңғы жылдары Германия қазақстандық мұнайды сатып алу көлемін айтарлықтай арттырған. Биылғы алғашқы жартыжылдықта бұл мемлекет «қара алтын» импортын 92 пайызға көбейткен. Мәселен, өткен жылдың алғашқы алты айында Қазақстан Германия нарығына сомасы 1,65 млрд еуро көлемінде мұнай экспорттаса, 2022 жылғы көрсеткіш 3,17 млрд еуроны құрап отыр.
Бастапқыда аймақта қалыптасқан геосаяси ахуалға байланысты әлемдік нарықта қазақ мұнайын экспорттауға шектеу қойылу қаупі бар екендігі топшыланған болатын. Бұл күдікті әлемдегі бірқатар мемлекеттердің Ресей мұнайынан бас тартуы растай түскендей әсер еткендігі жасырын емес. Атап айтқанда, алғаш болып АҚШ сияқты алпауыт ел ресейлік өнімді тасымалдауға шектеу қойды. Десе де, ресми Вашингтон Ресейдің мұнайы мен өзге де қуат көздерінен бас тартуын Қазақстанға бәлендей әсері болмайтынын мәлімдеді. Энергетика министрі Болат Ақшолақов та Ресейге салынған санкциялардың Қазақстан мұнайының тасымалына теріс ықпалы болмайтынын айтып, күдікті сейілтті. Бұл макроэкономикаға тәуелді біздің ел үшін тиімді әрі маңызы зор екені айтпаса да түсінікті.
Қазақстан әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы мемлекеттердің санатына кіреді. Қазір бізде жылына 90 млн тоннаға дейін мұнай өндіріледі. Өнімді сыртқа шығаратын Каспий құбыр желісінің салынуы мұнай-газ секторын дамытуға ерекше ықпал еткені белгілі. Аталған жоба Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарын игеруге тың серпін бергені рас. Бүгінде елімізде өндірілетін мұнайдың 60 пайызы осы кен орындарына тиесілі. Десе де, уақыт ағымы, замана сұранысы өзге де бағыттарды қарастыруға һәм іске қосуға мәжбүрлеп отырғаны жасырын емес.
Осы орайда айта кетейік, Қазақстандағы зерттелген мұнай қоры 2 млрд тонна көлемінде. Ал, еліміздің газ қоры 2,7 млрд текше метрді құрайды. Қыруар байлық-ақ. Осынау ұшан-теңіз табиғи қазынаны халық игілігіне жұмсау – еліміздің экономикалық дамуына және азаматтарымыздың әл-ауқатын қамтамасыз етуге қосылған елеулі үлес болмақ.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Қазақстан мұнайының 80 пайызын экспорттайтын Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысы қазір қалыпты жұмыс режиміне көшті. Алайда, Қазақстан мен Ресей арасын «қара мысық кесіп өтер» болса, жоғарыдағы жағдайдың қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Демек, «саудада достық болмайтынын» ескеріп, мұнай тасымалдайтын басқа да балама жолдарды қазірден бастап қарастыра беру керек. Бұл мәселеде енді арқаны кеңге салуға болмайды.
Жандар ТҰРАРҰЛЫ
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК) – Каспий теңізі аймағынан әлемдік нарыққа мұнай тасымалдайтын халықаралық бағыт. КҚК отандық «қара алтынды» Қазақстан мен Ресей аумағы арқылы транзитпен экспорттау үшін құрылған. Мұнай құбырының жалпы ұзындығы бір жарым мыңнан астам шақырымды құрайды. Оның 452 шақырымы республикамыздың аумағынан өтеді. Магистральды мұнай құбыры еліміздің батысындағы кен орындарын Қара теңіздің ресейлік жағалауымен байланыстырады. Қазақстан Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кеніштеріндегі мұнайдың 80 пайызын осы құбыр арқылы тасымалдайды.
Қазіргі таңда консорциум құрамына әлемнің мұнай-газ саласымен айналысатын ірі акционерлері кіреді. Атап айтқанда, олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company, Rosneft-Shell Caspіan Ventures Ltd., Eni International N.A. N.V. сияқты алпауыттар бар. Тасымалданатын мұнай сорты – CPC Blend.
2021 жылы Каспий консорциумының Қара теңіздегі терминалы арқылы 585 танкер тиеліп, 60,7 млн тонна мұнай әлемдік нарыққа шығарылған. Оның ішінде қазақстандық өндірушілердің үлесіне 54 млн тоннаға жуық мұнай тиесілі болса, қалғаны ресейлік өнім. «Қара алтынның» басым бөлігі Италия, Франция, АҚШ, Испания сынды мемлекеттерге тасымалданған.
Каспий құбыр консорциумының алғашқы сатысында жылына 28 миллион тонна мұнай өткізу мүмкіндігі болды. 2001 жылдан бері КҚК-нің мұнай құбыры арқылы әлемдік нарықтарға 750 миллион тоннадан астам Қазақстан мұнайы экспортталды. Оның өткізу қабілеті шамамен 2,5 есе артып, жылына 67 миллион тоннаға дейін жетті. Ал, 2023 жылға қарай бұл көрсеткішті 80 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.