Ұлттық жоба халықтың әл-ауқатын қалай арттырады?

0
4579
Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджеттен 402 млрд теңге қарастырылған, 15,5 трлн теңге көлемінде жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр

2021 жылы елімізде «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы бекітілді. ҚР Үкіметінің 12 қазандағы №730 қаулысымен қабылданған ұлттық жобаның негізгі мақсаты – экономиканы әртараптандыру. Сөйтіп, халықтың табысын арттырып, тұрмысын түзеу. Әрине, зымыран уақыт атқан оқтай, бұлаңдап шапқан аттай ұстатпайды. Әне-міне дегенше бұл ұлттық жобаның қабылданғанына да бір жылға жуықтады. 2025 жылға дейін алға қойылған жоспарды түгел орындау үшін ұлттық жоба аясында қандай жұмыстар қолға алынды? Алдағы үш жылға артылар салмақ қандай? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы тақылеттес сұрақтарға жауап іздейді.

ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУҒА ҚАНША ҚАРЖЫ ЖҰМСАЛАДЫ?

Өткен жылдың қазан айында Қазақстан үкіметі бірнеше ұлттық жобаны мақұлдаған болатын. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұлттық жоба сондай маңызды шешімдердің бірі. Мамандардың дерегінше, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасын жүзеге асыру 2025 жылға қарай нәтиже бермек. Ұлттық жоба негізгі бес бағытты қамтиды. Олар индустриялық-инновациялық даму, мұнай-газ химия кешені мен геология саласын дамыту, энергетика саласын жандандыру, шикізаттық емес экспортты ілгерілету. Осындай негізгі бағыттарға сай жұмыс істейтін ұлттық жобада әр бағыт бойынша негізгі міндеттер де айқындалған.

Аталған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізіп, игі жобаның ізгі нәтижесін көру үшін 15,9 трлн теңге жұмсалады. Ұлттық жобаны іске асыруға қажетті қаржының 402 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінеді, қалған 15,5 трлн теңге жеке инвестициялар есебінен қарастырылады. Оны толықтай іске асыру нәтижесінде тұрақты экономикалық өсім кемінде 5 пайыз деңгейінде қамтамасыз етіледі. Елімізде 127,8 мың жұмыс орны құрылады. Оның 102,8 мыңы – тұрақты жұмыс, қалған 25 мыңы – уақытша жұмыс орны болмақ. Үкімет жоспары осындай.

Тағы бір атап өтерлігі, еңбек өнімділігі 2019 жылмен салыстырғанда 20,6 пайызға артады. 2019 жылғы деңгейге қарағанда халықтың нақты ақшалай табысы да 27,1 пайызға көбейеді. 2020 жылғы деңгейге қарағанда өңдеу өнеркәсібіндегі қызметкерлердің орташа жалақысы – 31,5 пайызға, электр энергетика саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы – 50 пайызға, мұнай-газ химия саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы – 25 пайызға өседі.

Демек, осы тәуір бастамалардың арты сиырқұйымшақталып кетпесе, онда ұлттық жоба «екі қолға бір күрек» таппай жүргендердің мәселесін шешеді және халықтың тұрмысын түзеп, әл-ауқатын арттырады.

БАҒЫТТАР БОЙЫНША БҮГІНГІ БАҒАМ

  • Индустриялық-инновациялық даму

Индустриялық-инновациялық даму бағыты екі негізгі міндетті қамтиды. Олар – өңдеуші кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту және өндірілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейту арқылы өндіріс көлемін ұлғайту. Аталған жоспарды іске асыру үшін 11,46 трлн теңге қарастырылады. Оның ішінде бюджеттен тыс негіздегі қаржы көлемі 11,2 трлн теңгені құрайды.

Цифрлық технологияларды пайдаланатын өңдеу өнеркәсібіндегі ірі және орта кәсіпорындардың үлесі 2020 жылы 6,1 пайызды құраса, жоба нәтижесінде бұл көрсеткіш 2025 жылға қарай 23 пайызға дейін артады. Алдағы үш жылға осындай үлкен міндет қойылып отыр. 2020 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі – 13,23 трлн теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш – 15,79 трлн теңгеге жетуі керек. Аталған қаржы көлемін 2023 жылы – 17,11 трлн теңгеге, 2024 жылы – 18,41 трлн теңгеге, 2025 жылы – 19,69 трлн теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр. Ұлттық жоба аяқталар уақытқа қарай өңдеу өнеркәсібіне жалпы қосылған құн көлемін 15 трлн теңгеге дейін арттыру міндеттелді. Енді осы міндеттердің орындалғаны керек.

Экспортқа бағытталған өнімдер көбірек шығарылып, олардың көлемі де 9,1 млрд долларға дейін ұлғаймақ. Жаңа жобаларды іске қосу есебінен өңдеуші кәсіпорындардан түсетін салық көлемі де артады. Бұл көрсеткіш 2025 жылы 417,3 млрд теңгеге артады деп күтіледі. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға 11,2 трлн теңге жеке инвестиция тарту жоспарланып отыр.

  • Мұнай-газ химия кешені

Қазақстанда мұнай-газ химия саласын дамыту қажеттігі бұрыннан күн тәртібінде тұрған мәселе. Бұл экономиканың шикізаттық бағытынан алшақтап, қосылған құны жоғары өнім өндіруге мүмкіндік береді. Және жаңа нарықтық тауарларды айқындап, экономикалық өсудің жаңа нүктелерін құруға және экономикалық әлеуетті арттыру мақсатында қолайлы инвестициялық ахуал жасауға таптырмас мүмкіндік саналады. Бұл үшін бес саланы қамтитын мұнай-химия кластері құрылуда. Қазақстанда полипропилен, метанол, бензинге арналған қоспа, полиэтилентерефталат өндірілетін болады. Газ өңдеу зауыты да іске қосылады. Аталған зауытқа негізгі шикізат көзі ретінде Қашаған кен орны тартылмақ.

Мұнай-химия кластерін құру үшін жалпы көлемі 2,46 трлн теңге қажет етілсе, оның 2,42 трлн теңгесін жеке инвестициялардан тарту көзделуде.

Ұлттық жобаны әзірлеуші мамандардың айтуынша, мұнай-газ химиясы өнімдерінің өндірісі 2020 жылғы 360 мың тоннадан 2025 жылы 2 млн тоннаға дейін өседі. Бұл ұлттық жоба мерзімі аяқталғанша 5,5 есеге көбею дегенді білдіреді. Осы бағыттағы экспорт көлемі 1,36 млрд долларға дейін артпақ.

  • Геология саласын дамыту

Ұлттық жоба негізінде түрлі іс-шараларды ұтымды ұйымдастыру арқылы геологиялық барлаудың инвестициялық тартымдылығы арттырылады. 2025 жылға қарай осы салада 14 инвестициялық пакет қалыптастырылады. Геологиялық материалдарды сақтау және өңдеу жұмыстары да 100 пайыз мемлекеттік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Және ұлттық жобаның соңына қарай геологиялық-геофизикалық зерделеумен қамту жұмысы ұлғая түседі.

  • Энергетика саласын дамыту

Бұл бағыт бойынша экономиканы орнықты дамыту талаптарына сай келетін энергетикалық кешенді жаңғырту басты міндет болып табылады. Себебі, ел экономикасы мен халықтың сұранысына сай электр энергиясына деген қажеттілік жылдан жылға артып келеді. 2025 жылға қарай іске қосылған электр қуатының қосымша көлемі 5341 МВт құрайтын болады. Бұл алға жылжу жаңартылған энергия көздерінің жаңа қуаттары мен аралас циклді станциялар және энергия өндіруші ұйымдармен инвестициялық келісімді іске асыру есебінен жүргізіледі. Бұл ретте энергия тасымалдаушы ұйымдардың саны 2017 жылғы деңгейден 30 пайызға дейін қысқарады.

  • Шикізаттық емес экспортты ілгерілету

2025 жылға қарай сыртқы сауданың жалпы көлеміндегі тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортының үлесін 32-ден 45,7 пайызға дейін, көлемін 41 млрд долларға дейін екі есеге арттыру жоспарлануда. Оның ішінде шикізаттық емес тауарлар экспорты 29,5 млрд долларды, қызмет көрсету 11,5 млрд долларды құрайды.

Бұл көрсеткіш пен алға қойылған жоспарға қол жеткізу үшін республикалық бюджеттен барлығы 34,5 млрд теңге қажет. Ал, мемлекет қазынасынан қаржылық қолдау шараларына 23,18 млрд теңге, қаржылық емес қолдауға 2,41 млрд теңге бөлінеді.

Елде 1000 белсенді экспорттаушы жұмыс істейтін болады. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметі бойынша, 2022 жылдың басында бұл көрсеткіш 540-ты құраған. Сондай-ақ, қазақстандық кәсіпорындар халықаралық электронды платформаға шығарылады. Олар экспортты жеделдету бағдарламасына қатыса алады.

2025 жылға қарай кем дегенде бес жаңа аккредиттеу схемасын енгізу жоспарлануда. Ал, жаңартылған сынақ зертханаларының үлесін 30 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұл үшін зертханалық база жаңартылып, экономика салаларында стандарттарды қолдану деңгейін есепке алу және талдау жүйелері енгізіледі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бүгінгі тақырыбымызға арқау болған «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасының қабылданғанына бір жыл болып қалды. Облыс әкімдеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұлттық жобаның жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруды қамтамасыз ету жүктелген. Қазіргі таңда осы бағытта іс-шаралар атқарылуда. Ел экономикасын әртараптандыру әрі ілгерілетуді мақсат еткен ұлттық жобадан халықтың күтері мол. Жоба негізінде жаңа жұмыс орындары ашылып, жалпы ішкі өнім мөлшері артпақ. Жобаның мерзімі 2025 жылы аяқталады. Әлі үш жылдан артық уақыт бар. Осы уақытта жоспар бойынша жұмыс жүргізілер болса, ел әлеуеті алдағы уақытта қазіргіден де жақсара түспек.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here