Қарулы күштердің сержанттары қайта даярлау курсынан өтті

0
715

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында сержанттар құрамының біліктілігін арттыру курсы аяқталды.

Құрлық әскерлерінің бөлімдері мен құрамаларының 70-ке жуық сержанты биылғы жылдың тамыз айында бастапқы офицерлік лауазымдарға тағайындау үшін қайта даярлау курсынан өтті. Оқу барысында тыңдаушылар жауынгерлік мақсаттарына сәйкес бөлімшелерді басқаруға мүмкіндік беретін қажетті білім алып, машықтанды.

Мұнда қатысушыларды оқытудың негізгі пәні тактикалық дайындық болды.  Сержанттар қазіргі заманғы жалпы әскери ұрыстың негіздерін, соңғы кездегі қарулы қақтығыстарда бөлімшелердің жауынгерлік іс-қимылды ұйымдастыру ережелерін және олардың жауынгерлік мүмкіндіктерін тиімді қолдануды зерделеді.

Институттың профессорлық-оқытушылық құрамының кәсіби мамандары да болашақ взвод командирлерін шешім қабылдау алгоритміне, жауынгерлік тапсырмаларды беруге, қалыптасқан жағдайды дұрыс бағалай білуге және бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастыра білуге үйретті. Курсты өткізуге барлығы 175 оқу сағаты бөлінді. Теориялық сабақтарда алған білімдерін оқу-жаттығу полигонында тактикалық нормативтерді пысықтауда және оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауда көрсетті.

Сонымен қоса оқу курсы аяқталғаннан кейін тыңдаушылар тактикалық, атыс және арнайы дайындық пәндерінен кешенді емтихандар тапсырды. Сержанттарға одан әрі «лейтенант» әскери атағын  бере отырып қайта даярлаудан өткені туралы сертификаттар бастапқы офицерлік лауазымдарға тағайындауға негіз болады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here