Ақкөлден шыққан алыптар және арқауы мықты алтын көпір

0
3867

Жасымнан естіп-білгеніммен, Ақкөл бұрын-соңды жолым түскен жер емес еді. Халқымызға екі бірдей алыпты берген бұл құнарлы мекенге кеш те болса бара алғаныма шүкіршілік етемін. Бүгінгі сөзімнің өзегі болар алыптардың бірі – Ахаң, екіншісі – Кенжекең. Екеуі де теңдессіз, қазақ айтқан «бірді жығатын білектінің» емес, «мыңды жығатын білімдінің» дәуіріне сәйкес туған кемеңгерлер. Ал, алтын көпір – Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатованың осы екі алыбымыздың арасындағы дәнекерлік рөлі.

«Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы», – дейді қоғам мен уақыт байланысын пайымдай білген Ахмет Байтұрсынұлы. Бірақ, сол заманның қайсысы да оны мүсіркеп, бауырына тартпады. Қайта еңбегін еш қылып, еткен ісін теріске шығарғысы келді.

Рас, кеңестік «уағыз» бен партия сөзіне кезінде құдайдай сендік. Мысалы, Ленинді көріп, сөзін тыңдаған Әліби Жангелдин мен Хамит Чуринді қазақтың келелі мәселелерін шешкен тұлғалар ретінде таныдық. Тіпті, шындық басқа екен.

Халық жағдайына ерте зер салғандар мен саяси мәселе көтерушілер қатары алғаш рет ұйымдасқан түрде 1905 жылы маусым айында бой көрсеткен. Олардың ішінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Шаймерден Қосшығұлұлы, Науан Хазрет, Райымжан Мәрсеков, Жақып Ақбаев, Отыншы Әлжанов болған. Жұдырықтай жұмылған олар Қоянды жәрмеңкесіне жиналған 14,5 мың қазақтың атынан Ресей үкіметіне петиция жіберген. Онда Мемлекеттік думаның кезекті отырысында дін, жер, тіл және сот мәселелерін қарауды, оған қазақтан депутат сайлауды талап еткен. Осы кезден аталған кісілерге саяси сенімсіздік туып, қазақ даласынан алғашқылардың қатарында Науан Хазрет пен Шаймерден Қосшығұлұлы Сібірге айдалып, Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы бірнеше рет абақтыға жабылған. Кейін бұл саяси қозғалысқа Міржақып Дулатов, Ахмет Бірімжанов, Сейдәзім Кәдірбаев, башқұрт Ахмет-Заки Валиди, қырғыз Қасым Тыныстанов, Әлімхан Ермеков, Мұстафа Шоқай, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер, Елдес Омаров, Мұхтар Әуезов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Мырзағазы Есполов және Смағұл Сәдуақасов қосылған.

Осы үлкен топтың жетекшілері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, З.Валиди, Х.Ғаббасов және Ә.Ермеков алдымен Керенскийдің, кейін Ленин мен Сталиннің қабылдауында бірнеше рет болып, олармен телеграф арқылы жиі байланысып тұрған. Қазақ автономиясы, оның құрамына кіретін облыстар мен аймақтар, «Алаш» партиясы мен «Алаш Орда» үкіметі, олардың негізгі мақсат-мүдделері туралы сөйлесіп отырған. Кеңес көсемдерінің алдына көптеген талап қойып, олардың дұрыс шешімдеріне қол жеткізген. Оның сыртында сол кездесулерден большевиктердің түпкі пиғылдарын да түсініп, «советская свобода – это коммунистическое колонизаторство» (кеңестік бостандық дегеніміз – коммунистік отаршылық) деген тұжырым жасаған. Қаймықпай 1917 жылы 29 қарашада «Башкортостан», ал 5 желтоқсанда «Алаш Орда» автономияларын жариялаған. Алашшылардың бұл жанқиярлық ісі 1920 жылы Қазақ автономиясын жариялауға ғана мұрындық болмай, 1991 жылы тәуелсіздігімізді де жариялауға негіз болды.

Әрине, бұл шешім уақытында Кеңес үкіметін құрған большевиктер түгіл Колчакқа да, басқа ақ гвардияшыл атамандар Анненков, Дутов, Семенов пен Корниловқа да ұнаған жоқ. Олар бірден жас автономияға қарсы қырып-жою саясатын бастап кетті. Осы жолда алашшылардың жер аударылғандары (Н.Хазрет пен Ш.Қосшығұлұлы) мен түрмеге жабылғандарының (Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов) тізімі алғашқы саяси құрбандармен толықты. Семейдегі Алаш әскерінің басшысы найман руынан шыққан Қази Торсановты большевиктер атып өлтіріп, Мақаншыда Отыншы Әлжановты тірідей отқа жағып жіберді.

Ол ол ма, төңкерістен кейін Лениннің өзі қол қойып, «бір-біріңе өшікпей, бірігіп халыққа қызмет қылыңдар» демеп пе еді?! Бірақ, оны тыңдап, орындаған кім бар?! Алашшылармен жауласып, топтап айдатқан, соттатып, атқызған большевиктер де сол азапты тартып, соңында барша қазақ зиялыларының көздеріне құм құйылды. Солардың бірі болған Сәкен Сейфуллиннің өзі де Ахаңның елуге толуына орай «Еңбекші қазақ» газетіне жариялаған мақаласында «Ахаң байлардың құлдығында шіріген жарлылардың айғайшысы емес, олардың шоқпаршысы да емес, байын, кедейін айырмай, қазақты ғана сүйейтін адал жүрек, ұлтжанды еді», – деп жазды.

Жасырақ кезімде өзіммен қызметтес болған бір үлкен оқытушының әңгіме арасында: «Біз көрген тауқыметті сіздер білмейсіздер. Ондаған жылдар үрей билеп, ұйқы қашқан, мезгілсіз келген-кеткеннен қорыққаннан артық азап болмайды екен», – дегені есімде.

Мынаны қараңыз. Әлихан, Ахмет, Міржақып аталарымызға тізе қосып, Башқұртстанның тәуелсіздігі үшін ұзақ арпалысып, Ленинмен де, Сталинмен де айтыса жүріп, оның автономиясын жариялаған Ахмет-Заки Валиди аман-есен қартайып, артына үлкен «Естеліктер» қалдырып, 79 жасында дүниеден өтіпті.

Иә, сол кездері азат пен азап, өмір мен өлім текетіреске түскен арпалыс арасында уақыт тауып, сабасына түсіп, тіпті бабына да келіп, артына бүкіл түркі әлемін таңдандырған қоғами, ғылыми, тарихи, мәдени, әдеби жауһарлар қалдырған Әлихан, Ахмет, Міржақып аталарымыздың қажыр-қайраты мен қабілетіне қалай таң қалмайсың?!

Ақыры қайыр, Ахаң айтқан:
«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», – деген сенімі алдымен өзіне демеу болып, кейін шындыққа шықты. Ахаңның «су түбіндегі мінсіз таза маржандары» мен «ой түбіндегі шер толқытқан мінсіз таза сөздері» халықтың рухани азығына айналды, ұлттық сезімін оятып, бостандық басты құндылық екеніне көзімізді жеткізді.

Ахаңның 1913 жылы «Қазақтың бас ақыны» мақаласын жазып, Абайтану іліміне жол ашуының өзі неге тұрады?! Мұхтар Әуезовтың Абай дәуірі мен шығармашылығын зерттеп, оны да, өзін де әлем деңгейіне көтеруіне Ахаңның бұл ісі мұрындық болмады деп кім айта алады?!

Біз кезінде Ахаң меңзеген «келер заман» мен «ертеңгінің» өкіліміз. Оларды Ахмет атамыз ұрпақтар сабақтастығын көздеп айтқаны айдан анық. Бұл тұрғыдан алғанда да Ахаңның ісі мен ілімінің жемісі мол. Тәуелсіздік алып, жеке мемлекет болдық. Тіліміз бен әдебиетіміздің ауқымы кеңейе түсті. Миллиондаған бала Ахаң құрып кеткен қазақ тілі ережелерімен жазып, сөйлейді. Мыңдаған оқытушылар мен мұғалімдер Ахмет ұсынған әдістермен жоғары оқу орындары мен мектептерде сабақ береді. Жүздеген ғалымдар мен ізденушілер Ахаң мұрасын зерттеп жүр.

Ахмет Байтұрсынұлының қазақ қоғамының рухани өміріндегі орны төрде. Өзіне тартып туған ізбасарлары да жоқ емес. Солардың бірі де бірегейі – академик Кенжеғали Сағадиев. Ол Алланың әмірімен Ахаңдай арыс жауластары құрған тозақтан жан тәсілім болғанда, сол Аққұмда бір шешеміздің бойына бітіп, күні жетіп туған екен.

Кенжекеңмен өмірінің соңғы 26 жылында қызметтес, дәмдес болып, бірге жүрдім. Ағамыз қатарынан озық туған, алғыр, мысы да бөлек азамат еді. Терең ойы сөздерінің сарқылмас бұлағындай, табиғи талант иесі болатын. Сөйлесе шешендігі, бастаса көсемдігі бірден байқалатын, қай ортаға да батыл кіріп, көпшілікті өзіне баурап алатын кісі еді.

Кенжеғали Сағадиұлы Торғай өңірі арқылы бүкіл қазақ даласына ағарту ісінің алғашқы дәнін сепкен Ыбырай Алтынсаринмен, кезінде қазақ ғылымы мен білімінің академиялық орталығының алғашқы басшысы, халқының рухани көсемі болған Ахмет Байтұрсынұлымен арналас, сабақтас ұрпақ өкілі екенін ешқашан ұмытқан емес. Ахаң оған жас кезінен алдындағы меже, бағыт берген пірі десек те артық емес. Кенжекең бес жоғары оқу орнын басқарған, Ұлттық ғылым академиясында президент болып, Парламенттің екі шақырылымында депутаттыққа сайланған сирек тұлға. Бұл мекемелерде Кенжеғали Сағадиұлы өз қолтаңбасын қалдыра білді. Тың шешімдер мен тосын әдістерді шебер пайдаланып, жемісті жұмыс істеді. Мысалы, Ұлттық ғылым академиясын қысқа мерзім ішінде республиканың ғылыми ғана емес, мәдени-рухани орталығына да айналдырды. Оның жалпы жиналыстарына Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Мағауин бастаған ақын-жазушылар жиі қатысатын. Ол Ұлттық ғылым академиясы отанымыздың тәуелсіздігі жағдайында Үкіметтің басты ұжымдық кеңесшісі болуы керек екенін, ал Үкімет ғылыми-техникалық ізденістерге ұдайы басымдық беріп отыруы керек екенін нақты деректермен дәлелдей білді.

Кенжекеңнің мені қызметке шақырғанда «Академия ұлттық статус алып жатыр. Сен ол жерде (Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясын меңзеп) біраз істедің. Енді маған көмектес. Бәрі де Қазақстан ғылымы ғой. Ахаң мен Жахаң бірге болмап па еді кезінде», – дегенін қалай ұмытарсың?!

Ол құрған үлкен жоспарда ғылыми-техникалық үрдіс мәселелерімен қатар қазақ халқының рухани-тарихи мұралары мен «Алаш» феноменін жан-жақты зерттеп, көрнекті алашшылар мен басқа елге еңбегі сіңген қайраткерлер туралы ғылыми-публицистикалық кітап серияларын шығару да бар еді. Оның алғашқы «наброскаларын» да өзі жасап, үлгі көрсетті. Манастың 1000 жылдығына, Ұлықбектің 600 жылдығына, Абайға, Ахмет Байтұрсынұлына, Халел Досмұхамедовке, Сәкен Сейфуллинге, Қаныш Сәтбаевқа, Гүлнәр Дулатоваға, алпыстан аса басқа да замандастарына арналған мағыналы мақалалар жазды. Солардың ішінде «Абай және біздің заманымыз» бен «Абай әлемі», «Ахмет Байтурсынов и экономические взгляды лидеров Алаш-Орды» зерттеулерінің орны бөлек.

Ғылым академиясының жауапкершілігімен, Сағадиевтің тікелей басқаруымен өткізілген ұлы Абайдың 150 жылдығына арналған салтанатты жиналыстар жоғарғы деңгейде өткізілгені, оған 22 елдің өкілдері қатынасып, сөз сөйлегені қазіргі үлкен ұрпақтың әлі есінде. Оны даярлау кезінде «маған келіп кет» деген соң кабинетіне барсам, кітапханадан «Қазақ» газетінің қалың тікпесін алдырып, Ахаңның «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласын оқып отыр екен. Маған «тыңда» деп сол жерде баяндамасының қолжазбасын оқып берді. Мен тыңдап отырып, таңданып «сізден жазушылық қалып барады екен» дегенімде, «өзім де соны жиі ойлаймын» дегені есімде.

Кенжекең бүгін арамызда болса, осы Ахаң тойының басы-қасында, бастаушылары мен ұйымдастырушыларының ортасында жүрер еді. Оның басқа дәрежеде өтуіне де мұрындық болатыны сөзсіз еді. 

Кенжеғали Сағадиұлының қазақ зиялылары туралы ғылыми-публицистикалық кітаптар сериясын шығару жоспарына Гүлнәр Міржақыпқызымен кездесуі де себеп болды.

1994 жылдың күзінің бас кезінде Сейітбек Нұрханов ағамыз менің қызмет орныма келді. Ол кісі: «Гүлнәр апамыз Алаш қайраткерлері туралы естелігін бітіріп еді. Енді оны шығару жағы қиын болып тұр. Соған қандай мүмкіндік бар?» – деді.

«Академия келешекте сондай шығармалар жоспарын жасамақшы. Гүлнәр апамызды президентке кіргізейік» – деп, ертеңіне ол кісі Кенжекеңнің қабылдауында болып, апайдың «Шындық шырағы» деген екі томдығы «Ғылым» баспасынан 1995 жылы алғаш рет жарық көрді.

Осыдан кейін Кенжекең де, мен де Гүлнәр апаймен жақсы араластық. Өте ұстамды, қай уақытта да кісілігінен айнымаған, маңайына нұр шашып тұратын мейірбан жан еді. Апайдың әртүрлі мәселелер туралы өз қолымен маған жазған 4-5 запискасы қолымда. Жиен қарындасымыз, белгілі ғалым Жаннат Әбенқызының «Г.Д.» деп таңба салынған, ұзақ тұтынған күміс қасығы мен шай ішетін чашкасын табақшасымен «Апаңыздың жасына келіңіз, сізді ерекше жақсы көруші еді», – деп берген қымбат бұйымдары да өзімде сақтаулы.

Дәл осы кезден бастап, Кенжекеңнің өзі де қаншама жұмыс арасынан уақыт тауып, «Сәкен Сейфуллин и его эпоха», «Абай және біздің заманымыз», «Халел Досмұхамедов туралы сөз», «Нам нельзя забывать его уроки» деген Қ.И. Сәтбаев туралы толғаныстарын жазып, Ахмет Байтұрсынұлының қоғам дамуының заңдылықтарына көзқарасын зерттеп, оны Ахаң өз еліміздің өткенімен байланыстыра отырып, классикалық марксизм іліміне сәйкес келе қоймайтын, бірақ батыс ғалымдарының ойына жақын алты сатыға бөлгенін алғашқылардың бірі болып анықтады. Олардың ішінде бастапқы сатылар ретінде Ахмет Байтұрсынұлы «Жиып-теру мен аңшылық жасауды», «Жануарларды қолға үйрету, мал бағуды» атағанын атап көрсеткен болатын.

Өкінішке қарай, академиялық жүйе ішінде іске асырылмақшы қазақ қайраткерлеріне арналған сериялар шығару жобасы Академияның Ғылым министрлігіне қосылуына байланысты жалғасын таппады. Қазір ол әртүрлі мекемелер мен жеке адамдардың ісіне айналып, бытыраңқы түрде жүріп жатыр. Жүйелі жұмыс жоқ.

Оның сыртында көп зерттеулер мен кітаптар бұрыннан белгілі қайраткерлер төңірегінде жүргізіліп, шығарылады. Осы күнге дейін алашшыларды айтсақ та үш адамды, жазушыларды айтсақ та үш адамды атауды дағдыға айналдырып, басқа қайраткерлерімізді «тағы басқалар» қатарындағы тобырға айналдырып, ұмыттырғымыз келеді де тұрады. Тіпті, бүкіл Қазақстанды қамтымай-ақ дәл осы Қостанай-Торғай аумағынан шыққан Ахмет пен Ғазымбек Бірімжановтар, Сейдәзім Кәдірбаев, Мырзағазы Есполов, Нәзипа Құлжанова, Мұхаметжан Сералин, Елдес Омаров, Файзолла Сатыбалдыұлы, Әлмағамбет Қасымов, Ғаббас Нұрымов, Әлжан Байғурин, Мұхтар Мырзин, Жұмыр Токмурзин (А.Шаяхмет) секілді Алаш қайраткерлері кімнен кем?! Олар да сол кінәмен сол заманда, сондай азап көріп, қиянатпен өлтірілген жоқ па?! Жоғарыда біз атап өткен Алаш үшін жапа шегіп, қаза тапқан Науан Хазрет, Шаймерден Қосшығұлұлы, Қази Нұрмұхамедұлы мен Отыншы Әлжановты қазақ жұрты неге білмейді?! Осылардың бәрінің өмір жолдары мен көрген азаптары жабулы қазан қалпында қашанғы қала береді?! Олар арнайы неге зерттелмейді, осындайда неге аталмайды?! Тіпті, аттары бір рет те аталмайтын талай боздақтар тарихтан өздеріне лайықты орын ала алмай қалғаны шындық қой!

Біздің арамызда тірі жүріп, ондаған жылдар қорлық көргендер де бар. Атылған, сотталған қайраткерлердің әйелдері мен туыстары, ұлдары мен қыздары жаппай лагерьлерге жабылып, одан шыққаннан соң да қоғамға қауіпті адамдар қатарында есептелді. Солардың бірі – кешегі күндерге дейін ортамызда жүріп, 98 жасқа қараған шағында дүниеден өткен Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова.

Бұл апамыз – шын мәніндегі «Алаш қызы» (Қ.Әлім), «ұлт үшін жанын пида еткен, еңіреген ерлердің тәлім-тәрбиесін жөргегінен сіңірген тектілердің соңғы тұяғы» (Ж.Шаштайұлы). Олардың төрт көзі түгел тұрғанда әкесінен үлкендерін ата, онымен құрдастарын папа, одан кішілерін аға деп араларында өскен, мойындарына асылып, алдарында отырып, еркелеген. Есейе келе өзара қарым-қатынастары мен сыйластықтарын ғана емес, айдалып атылғандарын көзімен көріп, шарасыздық шырмауында шерменде күйге түсіп, алпыс жыл азап шеккен. «Маңындағылар алыстап, …таныстары танымастай өзгерген кезде бір ауыз жылы сөзге зар болған» (Ж.Досбай).

Апамыз сексенге жақындап қалған шағында жылымық жылдар лебін пайдаланып, алғашқылардың бірі болып, СОКП Орталық Комитетінің сталиндік қуғын-сүргіннің құрбандарын саяси тұрғыдан ақтауға байланысты құрылған Комитетке Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Аймауытов туралы құжаттар жіберіп, оларды жазықсыз деп тануды талап еткен.

Алаш қайраткерлері ақтала бастағанда қолына қалам алып, бүкіл болмысын билеп алған шер мен мұңды жауып қойып, көкірегін кернеген, жадында толып, тұнып тұрған Алаш тарихына жаңа деңгейде жол салып, том-томдап кітап жазды. Оларды тарихшы, әдебиетші қауым «қазақ руханиятындағы өзгеше қазына, баға жетпес олжа» (М.Мағауин) ретінде қабылдады. Телевидение мен радиода сөйлеп, сұхбаттар берді. Газеттер мен журналдарда мақалалар жариялады. Ғалымдар мен ізденушілер, оқушылар мен студенттер арасында сан рет кездесулер өткізіп, алашшыл қыз, ана, әже ретінде теңдессіз тәлім-тәрбиелік мәні бар әңгімелер айтып, тыңдаушыларын жан шуағына малындырды. Апайдың әңгімелері «қияндағы жылдар мен қиялдағы күндерді жәудіретіп көз алдыңа әкеледі, …қат-қабат тарих қойнауына сүңгітіп жібереді» (Ә.Кекілбаев).

Апай Алаш қайраткерлеріне қатынасы бар, «жойылып, жоғалып кетті-ау» дейтін көп құжаттар мен хаттарды, олар тұтынған заттар мен бұйымдарды сақтай біліп, музейлер мен мемлекеттік қорларға табыс етті. Қазіргі кезде халыққа белгілі жүзге тарта фотосуреттердің алпысқа жуығын ғылыми-тарихи айналысқа кіргізіп, оларда көпке дейін танылмай «белгісіз» деп келген алашшыл кісілердің аты-жөндерін анықтап, өшпес бейнелер мұрағатына айналдыруға мүмкіндік берді (Д.Қамзабекұлы).

Осы тұрғыдан алғанда, Гүлнәр Міржақыпқызы Алаш ардақтылары мен кейінгі ұрпақтың, олардың ішінде Ахаң мен Кенжекеңнің арасындағы алтын көпір (М.Қойгелдиев), жібек арқау болды (Ж.Шаштайұлы). Олардың алдындағы ұрпақ парызын орындады (Б.Хинаят, Қ.Омаров). Бұл жолда оған Алла тағала әдейі 98 жыл жасатып, ұрпақтар дәнекерлігін нәсіп етті (Ж.Шаштайұлы), ғасырлық ғұмыр беріп, алаштану ісіне ұлан-ғайыр үлес қосуды бұйыртты, оның негізін қалаушыға (А.Ісімақова), біздің «алаштанушыларымыздың біріне (Ш.Елеукенов) айналдырды.

Апайдың «жады мықты, зердесі тұңғиық қазына, құнды мұрағаттай» (Б.Хинаят) еді. Тектіліктен нәр алған ақыл-парасаты мен «бітімі бөлек бекзаттық болмысы» (С.Досанов) оны қазақтың ұлы анасы (Ш.Сәтбаева, А.Ісімақова, Ж.Шаштайұлы) дәрежесіне көтерді. Ол «қандай да қиындықтарды басынан өткізсе де, мұқалған жоқ, қатыгездікке де бойын алдырмады» (Н.Оразалин).

Апай «Алаш қайраткерлерінің бағына қарай кезінде олармен де, қазіргі зиялы қауыммен де етене араласты» (Х.Әбжанов). Ол барлық күш-жігерін әкесі мен оған үзеңгілес кісілердің Алаш идеясы жолындағы күресін кейінгі жұртқа жария етіп, әділдік пен ақиқаттың орнауына сарп етті.

Гүлнәр апай өмірден өткенде қалың елі өзінің ұлы қызынан, анасы мен әжесінен айырылып қалғанын (Ш.Сәтбаева) анық сезді. Мадияр (венгр) туғандардың Гүлнәр апайды жақсы білетін бір қайраткері «қазақтың тәж кимеген бекзадасы өмірден өтті» деген екен.

Біздің заманның зиялыларының есінде ол ұлт құндылықтарын бойына сіңіре білген «қазыналы кейуанасы» ретінде қалып қойды (Н.Оразалин). Апай «халқымыздың ұлттық тарихының тұтас бір дәуірін өзімен ала кетті» (Х.Әбжанов). Енді тек оның жазба мұрасына ғана шүкіршілік ететін боламыз.

Алаш қайраткерлерінің қазақ тарихындағы екінші өмірлері Мемлекеттік тәуелсіздік пен Гүлнәр апайдың мемуарлық естеліктерінен бастау алады. Алдағы зерттеулер осы екі тұғырды аттап өтпейтіні анық. Сондықтан Міржақыпқызының аты да олармен бірге аталып, бірге жасайтын болады.

Апай туралы жазылған мақалалар осы күннің өзінде бір кітапқа жүк болыпты. Олардың ішінде біз атап өткен кісілерден басқа С.Қирабаев, Ғ.Қайырбеков, М.Айтхожина, Т.Кәкішев, Қ.Сәрсекеев, Қ.Әлім, А.Шаяхмет секілді ғалым, ақын-жазушылар, Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің тарихын, олардың мүшелерінің өмірін зерттеушілер жазған материалдар көп. Солардың бәрінің  сайып келгенде меңзейтіні мынау:

  • «Ақша билеген тап мынадай заманда Гүлнәр апайдың қадіріне» (Ж.Шаштайұлы) қаншалықты жете алдық;
  • Талай ер-азаматқа сын болар күрделі де қиын еңбекті Гүлнәр Міржақыпқызы «өз қалауымен, ақысыз, пұлсыз, ешкімнен қолдау, марапат күтпей-ақ, көрмей-ақ жасады» (Қ.Сәрсекеев);
  • «Қазақ үшін сирек, санаулы жаратылыс иелері ғана құрбандыққа бара алған дәуірдің тірі куәгерінің алдында бәріміз қарыздармыз» (Ж.Шаштайұлы).

Ащы шындық осы. Қазақ жұртының Алаш арыстарына қарызы шаш етектен. Қанымызға біткен керенаулық пен немқұрайлылық оны орындауды кейінге жылжыта береді. Оған жершілдік пен рушылдық қосылса, күтер мезгілің ғасырға айналуы оп-оңай.

Соғыс жылдарында жау тылына үш жүз елу рет ұшып, онда ойран салған қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспанова жарты ғасыр өткен соң, оның өзінде «Казахстанская правда» газетінде жарияланған Қанапия Ахметовтің мақаласынан кейін ғана жоғары марапатты алып еді…

Көзі тірісінде белгілі жазушы, жерлесіміз Қоғабай Сәрсекеев әзіл-шыны аралас «кеудем бос – награда тағуға дайын» деп айтқанындай, Гүлнәр Міржақыпқызының кеудесіне де Үкімет атынан не кеңестік кезеңде, не тәуелсіздік тұсында бір сөлкебай тағылмады. Алаш арыстарының өздеріне де байланысты мемлекеттік деңгейде қабылданған шаралар көңіл көншітер дәрежеде деп айтуға ауыз бармайды. Алты ай даурығып, Қостанайдың әуежайына Ахаңның аты берілгеніне мәз болдық.

Жақында жолым түсіп, Міржақыптың кесенесі мен музейіне барып, тәу еттім. Жапан далада қалған, жанында бес-алты үй мен шырақшы ғана бар екен. Бойымды «Алпыс жыл Ақ теңізде аз болғандай, еліңде жатырсың ба тағы жалғыз» деген ой қарып өтті, көзіме жас келді…

Әрине, бәрі өткінші болғанымен, Алаш арыстарының ісі қазақ халқымен бірге мәңгі жасай беретіні анық.

Сәбит БАЙЗАҚОВ, ҚР ҰҒА академигі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here