Қарыз қамыты: «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешені де сатылады

0
3354

Рас, «Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» дейді қазақ. Өкінішке қарай, соңғы кездері қарыз «жылап та» қайтпайтын болса керек. Сөзіміз жалаң болмас үшін ресми статистикаға сүйенейік. Ұлттық банктің соңғы мәліметінше, елімізде 7,4 млн адамның банк алдында берешегі бар болса, соның ішінде 1,5 млн борышкер қарызын 90 күннен астам уақыттан бері төлемей жүр. Тіпті, банкке қарызын қайтара алмай жүргендердің арасында заңды тұлғалар да аз емес. Мәселен, кезінде «БТА Банкінде» кепілдікте болған «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешені 2017 жылы Қазақстан проблемалық кредиттер қорына өткен. Аталған мекеме басынан бағы тайған банктен «мұраға» қалған әлемге әйгілі тарихи нысанды биыл сатылымға шығарды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенінің қарыз қақпанына қалай түскеніне тоқталады.

«ШЫМБҰЛАҚ» ҚАРЫЗ ҚАҚПАНЫНА ҚАЛАЙ ТҮСТІ?

Әлқисса. Лицензиясынан айырылған «БТА Банкінің» негізгі үлесін осыдан алты жыл бұрын «Казкоммерцбанк» пен «Самұрық-Қазына» қоры теңдей бөліп алған болатын. Ал, атышулы банктің проблемалық активтері, яғни 2,6 трлн теңгеге бағаланған кепілдік дүние-мүліктері 2017 жылы Қазақстан проблемалық кредиттер қорына өтті. Он жылдан бері жұмыс істемейтін қарыздар бойынша өтеп алынған активтерді, соның ішінде жер телімдері мен коммерциялық жылжымайтын және жылжымалы мүліктерді сатумен айналысатын мекеменің меншігіне өткен нысандардың арасында «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешені де бар.

Осындайда Бейімбет Майлиннің «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» деген әңгімесі еріксіз еске түседі. Ал, 68 жылдық тарихы бар «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешеніне қатысты дау осыдан 15 жыл бұрын басталған. Сол кезде аталған кешеннің бұрынғы иелері оның аймағындағы жер телімдері мен мүліктерін банкке кепілдікке қойып, несие алған. Дегенмен, кешеннің бұрынғы басшылары құрдымға кеткен қаржы институтынан қанша қарыз алғаны жөнінде нақты мәлімет жоқ. Себебі, берешек көлемі «банктік құпия» деген желеумен құпия күйінде қалды.

Қазақстан проблемалық кредиттер қорының алдында «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешені мүліктеріне қатысты міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етуге «Chimbulak Development» пен «Алатау Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жауапты. Жалпақ тілмен айтқанда, кешенді басқаратын компанияның несие бойынша үлкен қарызы бар. Осыдан 15 жыл бұрын сол кезде «Шымбұлақ» тізгінін ұстағандар кешеннің мүлкін «БТА Банкіне» кепілге қою арқылы несие рәсімдеген. Сөйтіп, олар тарихи нысанға қарыз қамытын кигізген.

Банктен алынған несиеге басшылар «Radisson» қонақ үйі мен өзінің мейрамханасы, сегіз қабатты қонақ үйі бар Швейцариядағыдай «Альпы ауылын» салмақ болған. Дегенмен, несие жетпеді ме, әлде қаржы талан-таражға түсті ме, ол жағы бізге бәймәлім, белгілісі – ауқымды жоба сөз жүзінде қалған. «Альпы ауылының» орнына тек «Медеуден» «Шымбұлаққа» баратын жол салынған, кешеннің аумағында аспалы жолдар орнатылған.

БАНК АЛДЫНДАҒЫ БЕРЕШЕГІН ӨТЕУГЕ КЕШЕННІҢ ШАМАСЫ НЕГЕ ЖЕТПЕДІ?

Әу баста сол несие қаржысына салынатын қонақ үйлер мен нысандардан түскен пайда есебінен кешеннің банк алдындағы берешегі өтелуі тиіс болған. Дегенмен, «Альпы ауылы» салынған жоқ. Ал, несие есебінен орнатылған аспалы жолдардан қарызды өтеу мүмкін емес еді.

Иә, «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенінің мүліктерін кепілге қойып алынған несие ақшасын орнымен жұмсауға келгенде жауаптылардың «жеті рет өлшеп, бір рет кесуге» ақылдары да, ақылшылары да жетпеді. Содан кешен банк алдындағы қарызын өтей алмай, қарыз қамытын киді. Осылайша, қарызға белшесінен батқан кешеннің мүлкіне «БТА Банкі» иелік етті. Ал, банктің басына қара бұлт үйірілгенде кешеннің проблемалық несиесі Қазақстан проблемалық кредиттер қорына өтті.

Жоғарыда жазғанымыздай, «банктік құпия» деген желеумен «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенінің нақты қарыз көлемі аталмай келеді. «Курсив» газетінің мәліметінше, кешеннің қор алдындағы қарызы шамамен 1 трлн теңгеден асады.

ТАРИХИ НЫСАНДЫ ЕШКІМ САТЫП АЛҒЫСЫ КЕЛМЕЙ МЕ?

Тығырыққа тірелген ірі банктердің миллиардтармен өлшенетін активтерін сатып алған Қазақстан проблемалық кредиттер қоры жер телімдері мен жылжымайтын мүліктерді сатылымға шығарумен айналысады. Негізі қаланған он жылда қор олардың біразын сатып та үлгерді. Дегенмен, Қазақстан проблемалық кредиттер қоры өзіне талап ету құқығына сәйкес өткен «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенін бәс саудаға шығаруға асықпады. Оның екі себебі бар. Біріншіден, тау-шаңғы кешенінің аумағындағы жер теліміне қатысты мәселе қалалық әкімдік немесе Үкімет деңгейінде қарастырылады. Екіншіден, Қазақстанның брендіне айналған әлемге әйгілі тарихи нысанның «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетпеуіне жол берілмеу үшін кез келген  инвестор сүзгіден өтеді.

Қазақстан проблемалық кредиттер қоры қазір сенімді инвестор іздеп жатыр. Алайда, сенімді инвестор табу оңай емес. Өйткені, талап жоғары. Мысалы, «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешеніне ақша құюға дайын инвестор алдымен Қазақстан проблемалық кредиттер қорынан кешеннің талап ету құқығын сатып алады. Содан кейін тозығы жеткен кешенді жаңғыртуға қаржы бөледі. Осыдан төрт жыл бұрын «Шымбұлақты» сатып алған инвестор күрделі жаңғырту жұмыстары үшін шамамен 500 млн долларға шығындалатыны айтылған болатын.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әзірге «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенін қарызымен бірге сатып алудан бөлек, тарихи кешеннің қолданыстағы инфрақұрылымын жаңарту, келушілер санын арттыру, қонақ үй мен коммерциялық нысандар салу сияқты ауқымды жұмыстарға инвестиция құюға жұлқынып отырған инвестор көрінбейді. Бұл сөзімізге шілде, тамыз айларында екі рет Қазақстан проблемалық кредиттер қоры жариялаған хабарландыруларға бірде-бір өтінімнің түспегені дәлел болса керек.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here