Осыдан жүз жыл бұрын жері жатқа кеткен жұртының қайғы-қасіретіне ем іздеген күрескер Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазіргі қазақ мәселелерінің ең зоры – жер мәселесі. Бұл – қазақтың тірі иә өлі болу мәселесі», – деді. Өкінішке қарай, азаттық алғаннан кейін де жеріміздің «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кеткені рас. Демек, Ахаңның жүз жыл бұрын айтқан сөзі өзінің өзектілігін жойған жоқ. «Бұл қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы», – деп тағы да Ахаң айтқандай, Мемлекет басшысы жекенің қолында кеткен жерді мемлекетке қайтару мәселесін көтергеніне біраз болды, қазіргі күнге дейін қайтарылған жер де аз емес. Президент бүгінгі Қарағандыға сапарында мемлекетке қайтарылған жерлерді жергілікті шаруаларға әділ бөліп беру керегін баса айтты.
«Менің тапсырмаммен ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштан мониторинг жасалды. Республика бойынша игерілмей бос жатқан 20 миллионнан астам гектар жайылым жер анықталды. Оны мемлекет меншігіне қайтарумен айналысатын арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде 4,2 миллион гектардан астам алқап қайтарылды. Соның ішінде 1,1 миллион гектар жер Қарағанды облысына тиесілі. Әлемде 9 орын алатын ұлан-ғайыр жері бар Қазақстанда жайылым тапшылығы деген – еш қисынға келмейтін нәрсе. Осы кең байтақ жеріміздің игілігін латифундистер емес, қарапайым халық көруі керек. Сондықтан, ендігі мәселе – қайтарылған жерді жергілікті шаруаларға әділ бөліп беру қажет. Сонда ғана фермерлердің өз шаруашылығын адал жүргізуге сенімі артады», – деді Мемлекет башысы.
Ауызбен орақ орып, артымен диірменнің тасын айналдырған бүгінгідей заманда 4,2 миллион гектар жердің мемлекетке қайтарылғаны – сөз бен іс қабысқан тірлік болған екен.
Жалпы, Президент өңдеу өнеркәсібін қолдау, өңірдің транзиттік-тасымал әлеуетін арттыру, моноқалаларды дамыту, экологиялық жағдайды жақсарту, өнеркәсіп кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, сумен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығын дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет инфрақұрылымын дамыту, облыс орталығын дамыту сияқты Қарағанды облысын дамытудың сегіз басымдығын айқындап берді. Енді жергілікті атқамінерлер Президент тапсырмасын орындауға міндетті.