Қырық күн үлкен жүрек тоқтағалы…

0
1710

Кешегі күннен жүйрік жоқ. Еңбек ардагері, Құрметті металлург, Ұлытаудың тумасы Жалғас қажы Үңгітбайұлының әулеттің, ағайын-туыстың, құда-жекжаттың көңілін мұңайтып, жанын жабырқатып, мына өмірдің өткінші екенін көрсетіп, бұл фәниден бақилыққа аттанғанына да қырық күнге таяп қалыпты.

Қырық күн үлкен жүрек тоқтағалы,
Біз оны көп айтармыз жоқтап әлі, – деп Қасым ақын (Аманжолов) дүниеден өткенде Әбділда Тәжібаев жырлағандай, біз де Жалғас ақсақалды әлі талай іздейтін, сағынып еске алатын боламыз.

Иә, бүгінде Жалғас ақсақал ортамызда жоқ. Өмірдің қайтып келмес желкеніне мініп кетті. Көңілге медеу болатыны – артында өшпес ізін, игі ісін, таным-тағылымын қалдырды. Артында сүйген жары Ұлболсын жеңгей, Ұлбөпе, Мереке, Мұқан, Меруерт, Уәлихан, Данияр есімді ұрпағы қалды. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы болса керек. Шүкір, «Ат тұяғын тай басар» дегендей, перзенттері мен немерелері ат үстінде. Енді сол Жалғас ақсақал тіккен қара шаңырақтың туы әрқашанда желбіреп тұруын, олардың амандығын тілейік. «Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін» ақсақалдың өнегелі өмір жолы ұмытылмақ емес.

Топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын!
Амал дәптері оң жағынан ашылсын!

Махмұт НӘЛІБАЕВ

ЖАЛҒАС ҚАЖЫНЫҢ ҰРПАҒЫНА АҚ ТІЛЕК

Туыстарым, достарым,
Қабыл болсын жайған астарың.
Ұлытаудың елінде
Ашық болсын аспаның.
Жалғас аға тұлғамыз,
Өмірден озды дегенде,
Жолға шыға бастадым.
Көп ойланып отырмай,
Қолыма қалам ұстадым.
Өлшеулі демің таусылса,
Өтесің де кетесің,
Өмір ғой бұл қас қағым.
Аманат қылған балдарың
Өсіп-өніп ел болсын,
Жалғас аға асқарым.
Жұмақ болып жайыңыз,
Тілегім менің ақталсын.
Ұлболсындай жарыңыз,
Төрелік жасап ұрпаққа,
Ел аузында ат қалсын.
Қыпшақ деген рудың,
Тұлғасы едің, бауырым.
Еңбегіңді елің бағалап,
Еске алып жатыр ауылың.
Тәжірибелі металлург,
Әлемде сендей маман жоқ.
Ұл-қыз өсірген талантты,
Қажы аға, сенде арман жоқ.
Етегінен таулардың,
Биік екенін көрмейсің.
Бірге жүрген достардың,
Шың екенін білмейсің,
Шың болып менің жадымда,
Қажы аға, мәңгі өлмейсің.
Елің сенің, қажы аға,
Ұлытау деп білемін.
Ұлытау десе елеңдеп,
Елжірейді жүрегім.
Мұқан, Уәлихан, Данияр,
Ұлбөпе, Мереке, Меруерт
Дастархан жайып жатыр еліңе.
Балаларыңа тілегім,
Үмітіңді ақтасын.
Еңбек етіп еліне,
Өлмейтұғын ат қалсын,
Үңгітбайдың әруағы,
Тіл мен көзден сақтасын.
Еліңе тілер тілегім,
Жалғас қажыдай ұл өссін,
Даласына гүл өссін.
Әлемдегі елдермен,
Терезесі теңессін.
Тілегін сізге арнаған,
Сыр елінің ақыны –
Бауырың болам Төрехан.
Мұқандай асыл ұлыңнан,
Күтеді елің мол үміт.
Еңбек етіп еліңе,
Дастархан жайып жатыр үлгеріп.
Үлесін қосқан тілекке,
Төрағасы қыпшақтың –
Ыбырайханұлы Махмұт.

Төрехан ӘБІШЕВ, ақын, сазгер

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here