Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күніне орай, Жас ғалымдар мен үздік білім алушылар форумы өтті. Оған университет басшылығы мен оқытушы-профессорлар құрамының өкілдері, докторанттар, магистранттар мен білім алушылар қатысты.
Форумды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы –Ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, Республика күніне арналған шараның мәні мен маңызын атап өтті. «Сіздер еліміздің болашағы, жаңа Қазақстанды құрушы жаңа буын өкілдерісіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Бүгінгі жастар ғылым мен технологияның қыр-сырын игерген өте білімді, алғыр. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деп айрықша атап өткен болатын», – деді ректор.
Бүгінде жас ғалымдардың, талантты студенттердің шығармашылық, ғылыми әлеуетін дамытуда университет барлық қажетті жағдайды жасауда.
ҚазҰУ-да 40 жасқа дейінгі 300-ден астам жас ғалым жұмыс істейді. Олардың ішінде 49-ы – Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жас ғалым» жобасының жеңімпазы. Көпшілігі әлемнің жетекші университеттері мен орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтті. Жас зерттеушілердің ғылыми жетістіктері Қазақстанда және шетелдерде жоғары бағаға ие. Биылғы 2022 жылы жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру аясында 900 млн теңгеден астам 60-қа жуық жоба орындалуда. Білім ордасының басшысы бұл ҚазҰУ жастарының жоғары ғылыми-инновациялық әлеуетін көрсететінін жеткізді.
География және табиғатты пайдалану факультетінің оқытушысы, PhD кандидаты, коммерцияландыру бойынша жобаларды орындаушы Елдар Нұрұлы өз баяндамасында «Туризмнің цифрлық контентін жаңғырту: мобильді қосымшалар, панорамалық 3D турлар, интерактивті карталар және QR кодтары» атты жобасының нәтижелерін коммерцияландыру тәжірибесімен бөлісті.
«Бұл жобаның миссиясы – ішкі туризмді дамыту арқылы ел экономикасын әртараптандыру және Қазақстанның туристік бағыттары туралы ақпаратты шоғырландыру. Біз бұл мәселелерді цифрлық технологияларды, атап айтқанда: мобильді қосымшаларды, панорамалық 3D виртуалды турларды, QR-кодтарды, интерактивті карталарды генерациялауды пайдалана отырып жүзеге асырамыз», – деді ол.
Жиында сөз алған биология және биотехнология факультетінің «Жас ғалым» постдокторанты Әйгерім Мамырова «Жас ғалымдар: өсу және өзін-өзі жетілдіру мүмкіндіктері» тақырыбын қаузады. Ол көптеген ұлы ғалымдар үшін ғылымға жол жас кезінен басталғанын тілге тиек етті. Томас Эдисон 30 жасында фонограф ойлап тапты, ал Альберт Эйнштейн 26 жасында салыстырмалылық теориясын ашқанын мысалға алды. «Қазақстандық жастардың қазір үлкен мүмкіндіктері бар – «Жас ғалым» және Erasmus Mundus бағдарламалары, «Болашақ», «Абай Верн» стипендиялары және тағы басқа қолдаулар бар. Жас зерттеушілерден табандылық пен қайсарлық, ғылыми конференцияларға белсенді қатысу, жеке брендті нығайту және жақсы нәтижелерге қол жеткізуге көмектесетін басқа да іс-әрекеттер қажет», – деді Әйгерім.
ҚазҰУ-дың «Қоғаммен байланыс» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Аружан Қабдолова өз сөзінде адамның өмірін ұзартуға, денсаулығын бақылауға және жақсартуға, қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ғылымның рөлін жоғары бағалады. Ең бастысы – ғылым өмірге жаңа серпін беретінін айтты. Ғылыми жетістіктер ҚазҰУ-дың тыныс-тіршілігін қалай өзгерткеніне назар аудара отырып, Аружан: «Мен біздің жастарымыз, әрбір жас маманның қазіргі және жарқын болашағымыздан шабыт алып, ғылымға шығармашылық қызығушылық танытқанын және өз саласында жұмыс істегенін қалаймын», – деді.
Сонымен қатар жиында химия және химиялық технология факультетінің PhD докторанты Федор Мальчик, «Халықаралық қатынастар (РУДН)» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты Айдана Тоқберген пікір білдіріп, өз ұсыныстарымен бөлісті.
Форум аясында зерттеулерді коммерцияландыру мәселелері және университеттің жас зерттеуші ғалымдарының ғылыми қызметінің өзекті бағыттары талқыланды.
Жиын соңында ректор жас ғалымдармен еркін форматта кездесіп, ғылымдағы өзекті мәселелерді талқылау үшін Жас ғалымдар клубын құруды және ғылыми жетістіктер көрмесін ұйымдастырып, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге жол ашатын Жас ғалымдар қорын құруды тапсырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі