Бір жыл бұрын «Талибан» қозғалысының Ауғанстан билігін басып алуы алдымен әйелдер қауымының зәре-құтын қашырды. Себебі, тоқсаныншы жылдардың соңында амалсыздан тәліптердің айтқанына көніп, айдауында жүрген әйелдер өздерінің құқығы қалай шектелгенін әлі ұмыта қойған жоқ. Бұрын әйел заты көпшілік алдына пәренже кимей шықса, оларға тас лақтыратын. Үйден жалғыз шығуға болмайтын. Білім алуға, мансап құруға рұқсат берілмейтін. Дегенмен, билік басындағы қазіргі тәліптер өздерін бұрынғы тәліптермен шатастырмауын сұрайды. Әйел затына білім алуға, жұмыс істеуге мүмкіндік беретіндерін айтып, әлемдік қауымдастықты соған сендіргісі келеді. Әрине, былтыр тәліптердің уәдесіне көбі күдіктенді. Көпшіліктің күдігі расқа айналды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Ауғанстандағы 20 млн-ға жуық қыз-қырқынға қырғидай тиген тәліптерге тоқталады.
ТӘЛІПТЕР АУҒАН ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРІН
БЕС ЖЫЛДА КҮҢГЕ АЙНАЛДЫРДЫ
Тәліптердің бес жылдық билігі 1996 жылдан 2001 жылға дейін жалғасты. Олар әйел затына қарсы солақай саясат жүргізді. Жұмыс істеуге, білім алуға, үйден жалғыз шығуға тыйым салды. Пәренже, ниқаб киюге міндеттеді. Тәртіп бұзғандарды таспен атуға немесе көпшілік алдында ұрып-соғуға рұқсат берді.
Пәренже, ниқаб кимегендер жалаңаштанған әйел саналды. Олар әйел затының бет-жүзін тек отбасы мүшелері ғана көруге тиіс екенін алға тартты. Содан халық үйлерінің терезесін де қымтап тастауға мәжбүр болды. Себебі, көшеде жолай өтіп бара жатқан еркек кіндікті терезеден пәренже кимеген әйел затын көріп қалуы мүмкін. «Әйелдің бет-жүзі – ерлер үшін азғындықтың қайнар көзі», – деп түсіндіреді мұны тәліптер.
Ер мен әйелдің арақатынасына қойылған қатаң талаптар күнделікті тұрмыста ғана емес, төтенше жағдай кезінде де қолданылды. Бірде-бір еркек кіндікті дәрігер сырқаттанған әйел затына қолының ұшын да тигізе алмады. Бұл ережені бұзғандар қатаң жазаланды. Науқастарды емдеуге арнайы ауруханаларда жұмыс істеуге мәжбүр болған әйелдер ғана құқылы болды. Әдетте, мұндай мекемелерде таза ауыз су, электр жарығы, хирургиялық жабдықтар мен кәсіби дәрігерлер жетіспейтін.
Тәліптердің бес жыл билік құруы ауған қыздарын білімнен жұрдай етті. Мектепке тек бастауыш сыныптың қыздары ғана бара алды. Кейбір өңірде қыздардың жасы көздің шамалауымен бағаланды. Осылайша, «жыныстық тұрғыда жетілді» деп саналған қыздар сегіз жасында тұрмысқа шықты. Сондықтан ата-аналар қыздарын оқу бағдарламасын мейлінше тезірек игеруге мәжбүрледі немесе мүлдем мектепке жібермеді. Соның салдарынан 2001 жылға қарай ауған мектептерінде бірде-бір оқушы қыз қалмады.
Тәліптер шектеудің бәрін шариғат заңымен байланыстырғысы келеді. Бірақ, іс жүзінде мұндай тыйымның шариғатқа еш қатысы жоғын саналы халық түсінеді. Олардың барлық қатыгез жарлығының тамыры пуштунның (парсы тектес халық, негізінен Пәкістан мен Ауғанстанда тұрады) әдет-ғұрпынан бастау алады. Демек, тәліптер шариғат туралы түсінігін өзінің болмысымен, дәстүрімен еріксіз араластырады.
Иә, ауған әйелінің жағдайы 2001 жылы «Талибан» үкіметі құлағаннан кейін жақсара бастады.
АМЕРИКАЛЫҚТАРДЫҢ КЕЛУІМЕН АУҒАН
ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРІ ЕРКІНДІК АЛДЫ
«Талибан» қозғалысы 1994 жылы Ауғанстанда құрылып, 1996 жылдан 2001 жылға дейін бастап елді басқарды. 2001 жылы 11 қыркүйекте лаңкестер Нью-Йоркке шабуыл жасағаннан кейін АҚШ өз әскерін Ауғанстанға кіргізді. Сөйтіп, америкалықтардың көмегімен Ауғанстандағы «Талибан» режимі құлады. Ал, 2001-2021 жылдары Ауғанстанда оң өзгерістердің болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Мысалы, 2007 жылға қарай ауған мектептеріндегі оқушы қыздардың саны шамамен 40 есе артып, 41,7 пайызды құрады. 2011 жылға қарай олардың саны одан да көп болды. Оқушылардың жалпы санының 65,6 пайызын құрады. ЖОО-да да қыздардың саны айтарлықтай өсті. 2016 жылғы деректерге сүйенсек, Ауғанстандағы студент қыздардың үлесі 28 пайызға, әйел мұғалімдердің үлесі 14 пайызға жеткен.
Көптеген ауған әйелі үшін тәліптер тұсында бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер пайда болды. Әйелдер тәліптер билікке келмей тұрып, 1996 жылға дейін әскери салада қызмет еткен болатын. Бұған қайта рұқсат берілді. Содан кейін ауған әйелдері полиция офицері, сот, тіпті министр болуға мүмкіндік алды. 2020 жылғы мәліметтерге сүйенсек, Ауғанстан парламентіндегі әйелдердің үлесі АҚШ конгрессіндегі әйелдердің санынан да көп болып шыққан. Америка конгрессіндегі әйелдердің үлесі 23 пайыз болса, ауған парламентіндегі әйелдердің үлесі 27 пайызды құраған.
Мұндай еркіндікке негізінен қалалардағы әйелдердің қолы жеткені рас. Ауылдағы әйелдер сол күйінше ерлерге тәуелді болып қала берді. Шалғайдағы әйел заты үшін білім де, медициналық көмек те қолжетімсіз болды, олар жұмысқа да тұра алмады. Өйткені, сол жақтағы ерлер қатып қалған қағиданы ұстанды.
Соған қарамастан саясаткерлер ауған әйелдерінің қоғамдағы мәртебесін көтеруге барынша тырысты. Мәселен, экс-президент Ашраф Ғани әйелдерді басшылық қызметтерге тағайындады. Ал, оның жұбайы, елдің бірінші ханымы болған Рула Ғани ресми шараларға белсенді қатысып, әлеуметтік жобаларды басқарды.
Заңнамалық деңгейде әрбір ауған әйелі өз құқығын қорғауға, білім мен медициналық көмек алуға құқылы болды. 2004 жылы қабылданған конституцияда ер мен әйел тең құқылы екені тайға таңба басқандай анық жазылды.
Ауғанстан билігі 2009 жылы мемлекет әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғауға міндетті деген заң қабылдады. Human Rights Watch халықаралық үкіметтік емес ұйымының пікіріне сүйенсек, бұл заңның арқасында құқық қорғау органдары Ауғанстандағы қыз-келіншектерге жасалған зорлық-зомбылықтарға көп көңіл бөле алды. Ауғанстандағы ауыл өмірі мен қала өмірінің арасы жер мен көктей болса да, негізінен ауған әйелдерінде өз еріктерінше өмір сүруге титтей де болса мүмкіндік болды. Бірақ, тәліптердің былтыр билікке қайта келуі оларды бұл мүмкіндіктен түбегейлі айырды. Соңғы 20 жылда ауған әйелдері қол жеткізген ілгерілеушіліктің бәрі енді жойылатын түрі бар.
ТӘЛІПТЕРДІҢ СӨЗІ МЕН ІСІ ҚАБЫСПАЙДЫ
Былтыр тәліптер Кабулды басып алғаннан кейін, бірден қыздарды университеттерден эвакуациялау жұмыстары жүрді. Ал, сұлулық салондарының иелері қабырғадағы әйелдердің суретін бояп, өшіре бастады. Сондай-ақ, елдегі пәренже мен ниқабтың бағасы он есе қымбаттады.
Тәліптер билік басына қайта келгенде әйел затының бұрынғы құқығы өзгермейтініне әлемдік қауымдастықты сендіруге тырысты. Алайда, тәліптердің сөзі мен ісі қабыспайтынын осы бір жылда көз көрді, құлақ естіді. Айталық, билікке тәліптердің келуімен Әйелдер істері бойынша министрлік бірден таратылды. Әйелдердің құқығы шектелді. Нәзік жандыларға жұмыс істеуге тыйым салынды. Бұл – бір. Екіншіден, қыздардың мектепте білім алуларына шектеу қойылды. Үшіншіден, қыз-келіншектер бет-аузын тұмшалап қара жамылып жүруге міндеттелді. Яғни, ауған әйелдері енді тек көздерін ғана ашып жүре алады. Төртіншіден, олар үйінен 72 шақырымнан арыға ұзап шыға да, көшеде бір өзі жүре де алмайды. Қасында бір еркек кіндікті жүруге міндетті. Ережені бұзғаны үшін оның әкесі немесе еркек кіндікті басқа жақын туысы жауап береді. Заңды бұзғандар жұмыстан шығарылады немесе қамауға алынады.
Әлемдік қауымдастық алдында былтыр берген уәдесін орындағанын көрсету үшін тәліптер мемлекеттік қызмет, денсаулық сақтау, БАҚ сияқты жекелеген салаларда әйелдерге жұмысын жалғастыруға мүмкіндік берді. Алайда, сансыз шектеуге байланысты олардың алаңсыз жұмыс істеуі мүмкін болмай барады. Мәселен, 21 мамырда Ізгілікті насихаттау және жамандықтың алдын алу министрлігі ауған телеарналары үшін қаулы шығарды. Аталған қаулы бойынша тележүргізуші әйелдер эфирге бетін тұмшалап шығуға міндеттелді. Жергілікті БАҚ қызметкерлері мен халықаралық ұйымдардың қарсылығына қарамастан, тәліптерден құралған үкімет тележүргізуші әйелдерге қатысты шешімнің талқылауға жатпайтынын жасырмай айтты. Оның алдында тәліптер ауған телеарналарына әйел актрисалар рөл ойнайтын көркем фильмдер көрсетуге тыйым салған болатын. «Бұл ой-пікір еркіндігін шектеу емес, қарапайым ұстанымдар ғана», – деп санайды Ауғанстан Ислам Әмірлігінің ресми өкілі Забихулла Муджахид.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Бір жыл бұрын «Талибан» қозғалысы Батыс елдері қолдап келген Ауғанстан үкіметін құлатып, 20 жылдан кейін билік басына оралды. Сөйтіп, елдің 1996-2001 жылдардағы атауын қайтарды. 40 млн халық тұратын елдің қазіргі ресми атауы – Ауғанстан Ислам Әмірлігі. Ал, тәліптер әлемдік қауымдастықты елде енді бұрын өздері басқарған кездегідей қатаң ереже болмайтынын айтып сендірсе де, олар уәдеге берік болмай шықты. «Талибан» билігінің алғашқы он айындағы адам құқықтары туралы Ауғанстанға көмек көрсету бойынша БҰҰ миссиясының есебінде журналистерді, құқық қорғаушылар мен наразылық білдірушілерді жаппай тұтқындау жалғасып жатқаны баяндалды. БҰҰ сарапшылары 160 соттан тыс өлім жазасына кесу, 178 заңсыз қамауға алу, ауған әскери күштері мен үкіметінің бұрынғы қызметкерлеріне тәліптер қолданған 56 азаптау деректерін тіркеді. Этникалық және діни азшылықтар арасында 2 106 адам тәліптер саясатының құрбаны болды. Бұл бізге белгілісі ғана. Ал, БҰҰ сарапшыларының назарына ілікпей қалған жан түршігерлік жағдайлар қаншама?!
Фараби СӘЙКЕНОВ
БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Ауғанстан экономикасы бұрыннан сырттың қаржылай көмегіне тәуелді. Мысалы, тәліптер билікке келгенге дейін үкімет шығындарының шамамен 75 пайызы шетелдік гранттар мен гуманитарлық көмек есебінен жабылған. Ал, экстремистік топтан құралған қазіргі үкімет тұсында Оңтүстік Азияда орналасқан елге халықаралық ұйымдар мен дәулетті елдер бұрынғыдай материалдық көмек көрсетпейтіні түсінікті. Содан Ауғанстанның бюджеті 2022 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 60 пайызға дейін қысқарып, елде жаппай жұмыссыздық белең алды. Халықаралық еңбек ұйымы бұған тәліптердің әйелдердің жұмыс істеуіне тыйым салғаны да түрткі болғанын атап өтеді.