Түркі әлемінің 2023 жылғы мәдени астанасы – Әзербайжанның Шуша қаласы. Бұл туралы ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің ХХХІХ отырысында Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой мәлімдеді.
«Шуша қаласының басқыншылықтан азат етілуі – түбі бір түркінің ортақ қуанышы. Сондықтан Шуша Түркі әлемінің 2023 жылы мәдени астанасы болуға әбден лайық», – деді Мехмет Нури Ерсой.
Әзербайжанның Таулы Қарабақ аумағындағы Шуша қаласын 1992 жылдың 8 мамырында армян әскерлері басып алған. Салдарынан қаланың 30 ауылы күйреді, 195 адам армян әскерлері қолынан қаза тапты, 165 адам жараланды, 58 адам із-түзсіз жоғалып кетті, 24 мыңнан астамы жер аударылды. 2020 жылдың 8 қарашасында Шуша армян әскерлерінің басқыншылығынан азат етілді.