Гүлмира Қанай халық алдында есеп берді

0
1066

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрайымы – Ректор Гүлмира Қанай халық алдында есеп берді. Оған университет ұжымы мен білім алушылары, Youtube желісінде өкілдері қатысты.

Ректор өз есебінде университетте 2021-2022 оқу жылында білім беру және ғылыми-зерттеу, қаржылық-шаруашылық салалары бойынша атқарылған жұмыстар мен педагогикалық оқу орнының алдағы даму жоспары жайында жан-жақты баяндады.

Есеп беру жиынында Гүлмира Қанай Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық білім беру мен ғылым салаларын дамыту, мамандарды бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақстандық жоғары оқу орындарының әлемдік білім беру кеңістігіне ену тапсырмасы бойынша атқарылған жұмыстарды жұртшылық назарына ұсынды.

– Ұлттық институционалдық рейтингте университет ЖОО-ның үздік ондығына енсе, Шығыс Еуропа елдері және Орталық Азия QSEECA Халықаралық рейтингінде 401-450 орындар деңгейінде тұрмыз. Дәл осы рейтінгте Орталық Азия елдерінің арасында 41-орынды иелендік. Білім беру сапасын қамтамасыз ету үшін жұмыс жасайтын тәуелсіз агенттіктің рейтінгі бойынша, Қазақстан Республикасының педагогикалық жоғары оқу орындарының ішінде 2-орынды иеленудеміз, – деді университет басшысы.

Университет ректоры биылғы қабылдау комиссиясының барысы жайында да айтты.

– Университет 80 жылға жуық тарихында еліміздің білім беру жүйесі үшін 70 мыңға жуық маман даярлады. Қазіргі таңда университетімізде 8 мыңнан аса білім алушылар бар. Соңғы жылдардағы көрсеткішті салыстырмалы түрде қарастырсақ, 2020 жылы колледжге 190 студент түссе, 2022 жылы колледжге түскен студенттер саны 405 студентке, яғни 2 есе артқан. Ең ауқымды студенттер легі бакалавриат деңгейіне оқуға түсетіні белгілі. 2020 жылы университетте 5 977 студент оқыса, 2021-2022 жылдары 7 мыңға артты. Білім деңгейінің көтеріліп, ғылымға бет бұрған жастардың санын магистратура мен докторантураға құжат тапсырып, грант иеленген білім алушылардың санының артуынан байқауға болады. Оқу орнына 2020 жылы магистратураға түсушілердің саны 200-ден асса, биылғы жылы 300-ге жетті. Сәйкесінше, докторантураға түсушілердің саны да 60-тан 70-ке артты. Жалпы алғанда, бүгінде университетте 8 298 студент, магистрант пен докторант білім алуда, – деді Гүлмира Қанай.

Өткен оқу жылында университет түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші де жоғары нәтиже көрсеткен. Атап айтқанда, 2021-2022 оқу жылында бакалавриат деңгейі бойынша оқу бітірген 1 934 түлектің 85 пайызы жұмысқа орналасып, өз мамандықтары бойынша қызмет атқаруда.

2021 жылы 3 оқытушы «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын жеңіп алса, 23 ғалым «Болашақ» халықаралық бағдарламасы конкурсының жеңімпазы атанды. Аталмыш бағдарлама аясында білім алған ұстаздардың деңгейі 7 есеге артты, салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр 3 қана оқытушы оқып келсе, биыл 23 оқытушы грант иегері болды.

Гүлмира Қанай өз баяндамасында ғылыми-зерттеу қызметі жайында да айтты.

– Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті білім, ғылым және инновацияларды үйлестіретін классикалық университет болып табылады. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін университетте әр ғылым саласы бойынша 172 ғылыми конференция болып өтті. 22 ғылыми үйірмеге 374 студент қатысса, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен 574 студент айналысты. Нәтижесінде 31 студенттік стартап жоба құрылды.18 ғылыми монография жарияланды, 21 авторлық куәлік, 4 патент тіркелді. 22 бағыт бойынша 30 ғылыми зерттеу жұмысы, ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен бөлінген 67,138 млн қаржыға 6 жоба іске асты, – деді ректор.

Қыздар университеті дәстүрлі түрде ғылыми мақалалар бойынша көшбасшы болып табылады. Профессор-оқытушылардың Scopus, Web of Science халықаралық ғылыми деректер базасында индекстелетін басылымдарда, сондай-ақ республикалық журналдарда жарияланған мақалалардың саны мен сапасы біртіндеп артып келеді. Мысалы, биыл отандық ғылыми басылымдарда 159, ал шетелдік басылымдарда 59 еңбек жарияланды. Ғылыми-практикалық конференция жинақтарында 607 материал енсе, басқа да ғылыми басылымдарда 169 мақала жарыққа шықты.

Жиын барысында университет ректоры оқу орнының алдағы даму жоспарлары жайында да айтты.

– 2021-2022 оқу жылы негізгі екі бағыт бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Біріншіден, университеттің инфрақұрылымын дамыту. Оның ішінде материалдық-техникалық базаны жаңарту басты назарға алынып отыр. Білім және ғылым министрлігімен бірге Академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске асыру, демеушілік қолдау іздеу мақсатында инвесторларға арналған ұсыныс бағдарламаларын жасау және жаңа жатақхана мен оқу корпустарын соғу немесе жаңартуды қарастырып отырмыз, – деді Гүлмира Қанай.

Университет басшысы университетте 10 оқу ғылыми орталықтары мен лабораториялар жұмыс жасайтынын, биылғы жылы балаларды ерте жастан дамыту орталығы, ауылдық білім беруді дамыту орталығы, білім беруді өлшеу және бағалау орталығы, әлеуметтік және гендрлік зерттеу орталығы, академиялық жазу және тілдерді оқыту орталығы, инклюзивті арнайы дамыту орталығы, педагогикалық-психологиялық көмек беру орталықтары ашылғанын атап өтті.

Бір бұл ғана емес. Биылғы оқу жылынан бастап университеттің профессор-оқытушыларының еңбекақысы 30 пайызға ұлғайтылады. Педагогтардың орташа жалақысын алдыңғы жылдармен салыстырғанда 2024 жылға қарай бірнеше есеге ұлғайту да көзделіп отырғанын айта кету керек.

Бір сағатқа созылған есеп беру жиынында көпшілік тарапынан түскен сауалдарға да жауап берілді. Ректорға қойылған сұрақтардың басым бөлігі жатақхана, оқу үдерісі, ғылыми-зерттеу жұмысы мен оқу орнының қызметіне қатысты болды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here