Жер – шектеулі ресурс. Оның өнімділігі қаншалықты тиімді пайдаланғанына тікелей байланысты. Мысалы, ауыл шаруашылығында цифрлық технология игілігін молынан көріп отырған АҚШ-та жүгерінің әр гектарынан алынатын өнім шамамен 75 центнерді құраса, жаңа технологияны аз қолданатын Үндістанда бұл көрсеткіш 25 центнерден аспайды. Бұл мәселе біздің елімізде де өткір күйінде қалып отыр. Статистикаға сүйенсек, отандық диқандардың тек 10 пайызы ғана өз жұмыстарында сандық технологияларды қолданады. Ал, еуропалық диқандардың 70 пайыздан астамы ақпараттық технологияларды белсенді пайдаланады. Заманауи технологияға салғырт қарағанның салдарынан еліміз жыл сайын астықтың 25 пайызын жоғалтады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін шаруалардың жұмысын жеңілдетіп отырған «Egistic» компаниясына тоқталады.
АЛҚАПТЫ СПУТНИКТЕР ҚАРАУЫЛДАЙДЫ
Дәлдік – егін шаруашылығындағы маңызды фактор. Егіннің мөлшеріне қашан және қайда ықпал ету керегін түсіну диқандарға шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Алайда, бұл жұмыстар байырғыдай атқарылмайды. Диқандар егістік алқабында дәстүрлі қағидаттармен жұмыс істемейді. Сөйтіп, мәселенің барлығы ұзақ мерзімді даму жоспарын құратын ақылды егіншіліктің көмегімен шешіледі.
Жоғары өнімділік – алынған өнімнің сапасымен, еңбек өнімділігінің деңгейімен және топырақ құнарының сақталуымен өлшенетін ауыл шаруашылығындағы табыстың басты көрсекіштерінің бірі. Сондай-ақ, егінді өсіріп, жинап қана қоймай, оны аз шығынмен сақтау да маңызды.
Иә, егінді еккеннен бастап сатуға дейінгі аралықта өнімнің бір бөлігі жоғалады. Бұл түрлі себептерге байланысты орын алады. Бірақ, ең басты себебі – ауыл шаруашылығындағы процестердің тиімсіз басқарылуы.
Жасалған түрлі зерттеулердің нәтижесінде, жұмыс барысына ақпараттық технологияларды енгізген диқандардың өздерінің тиімділігі мен табысын 20%-ға арттыра алғаны белгілі болды. Бұл туралы «Egistic» компаниясының негізін қалағандардың бірі – Жандос Керімқұлов ElDala.kz порталының тілшісіне берген сұхбатында кеңінен айтыпты.
Қазақстанда егін шаруашылығын «Egistic» жүйесі арқылы басқару 2018 жылдан бастап іске қосылды. Аталмыш жүйе диқандарға өз шаруашылықтарын басқаруды оңтайландыруға септігін тигізеді. Жүйе қашықтан зондтау технологияларын, жоғары дәлдіктегі спутниктік навигацияны, географиялық ақпараттық жүйелер мен машиналық оқыту технологияларын қолдана отырып, өңделген аумақтарды бақылау мен басқарудың кешенді шешімін енгізуге негізделген. Бірақ, жаңа дүниенің игілігін барлық диқандар көріп отыр деуге әлі ерте. Бүгінде диқандардың басым бөлігі сол күйінше ескі жүйемен жұмыстарын жалғастырып жатыр. Олар көбінесе егіс алқабының жай-күйіне өзінің ішкі түйсігіне сүйене отырып, топырақ пен егістіктердің жағдайын көзбен көре отырып баға береді. Көпшілігі егіс алқаптарын спутниктен түсірілген суреттермен не үшін бақылау керектігін түсіне де бермейді.
«Бұл жүйе өте ыңғайлы. Біріншіден, спутник субъективті ақпарат емес, дәлірек ақпарат береді. Екіншіден, диқандар бұрын алтын уақытын сарп ететін көптеген процедуралар жасауға мәжбүр болатын. Мысалы, айналма жолдар арқылы егістікті шолып шығатын. Енді бұл шаруа бір минут ішінде жүзеге асады. Суреттерге қарап-ақ егіс алқабында не болып жатқанын білуге болады. Сондай-ақ, спутниктер арқылы адам көзіне көрінбейтін нәрселерді де бірден байқайды. Мысалы, егіс алқабының дәл ортасында қандай да бір арамшөп немесе ауру пайда болды делік. Ал, егіс алқабын айнала қарап шыққанда, ортасында не болып жатқанын көру мүмкін емес. Мұны спутниктен байқау өте оңай», – деп жаңа жүйенің артықшылығына тоқталды Жандос Керімқұлов.
Бағдарламаны қолдана отырып, диқандар егіс алқаптарының ауданын да дәл анықтай алады. Тыңайтқыштарды, тұқымдарды, жоспарланған дақылдарды қолдану барысында дәлірек есептеулер жасайды.
Egistic шаруашылықтарды бақылау үшін GPS бақылау жүйесімен біріктірілген. Оның көмегімен диқандар телематиканы басқара алады. Яғни, нақты уақыт режимінде техниканың өткен жолын, жанармай деңгейін, жұмыс уақытын, көліктің орташа және максималды жылдамдығын біледі.
Көп диқандар әлі күнге дейін «мұндай технологияларды пайдалану қымбатқа түседі және ол тек ірі шаруа қожалықтары мен агрохолдингтерге ғана қолжетімді» деп ойлайды. Шынымен де, бұлай санауға негіз бар. Бұған дейін қазақстандық нарыққа осыған ұқсас шетелдік сервистер ұсынылған. Олардың бағасы айтарлықтай қымбат болды және оны қолдану күрделі еді. Ал, «Egistic» компаниясы бағдарламалық жасақтаманың бағасын қолжетімді етіп, пайдалануда ыңғайлы ету бағытын таңдады. Аталмыш отандық жүйе кез келген диқанға өз жұмыстарында спутниктік суреттерді пайдалануға мүмкіндік береді.
«Біздің өнімді пайдаланудың қаржылық моделі әлдеқайда тартымды. Қызмет көрсету құнымыз бір гектарға небәрі 90 теңгеден, ал басқа компаниялар бір гектарға 600 теңге сұрайды. Қазақстан жерінің кең болуы осындай тартымды бағаны ұстап тұруға мүмкіндік береді. Біз көлемді түрде аламыз. Оған қоса біз қаржыландыруға қол жеткіздік. Компанияны дамытуға атсалысатын стратегиялық серіктестеріміз бар. Сонымен қатар, біз диқандармен, агрокомпаниялармен тікелей жұмыс істейміз. Тоқ етерін айтқанда, біздің компания тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағдарланған. Біз ақпараттарды диқандардың өздерінен аламыз. Олар біздің әзірлеушілерді өздері тексереді. Яғни, бір жағынан біздің өнімді диқандардың өздері жасайды», – дейді Жандос Керімқұлов.
«EGISTIC» ЕГІНДІ САҚТАУҒА ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕДІ?
Биыл құрғақшылық диқандарға қолайсыздықтар тудырды. Олардың арасында қосымша суару міндеті де, өсірілген дақылдарды сақтау мәселесі де бар. «Egistic» жүйесі биылғы жылы шаруаларға өз өнімділіктерін сақтауға және арттыруға көмектесті. Бүгінгі таңда «Egistic» жүйесіне мыңнан астам аграрлық мамандар тіркелген.
«Он мың гектарға дейінгі аудандарды жедел бақылау үшін адам ресурстары жеткіліксіз. «Egistic» пайда бола сала олар оған назар аударды. Биылғы жылы келісімге қол қойылып, өз егістіктерін жасыл масса бойынша бақылауды бастады. Бізге спутниктен түсірілген фотосуреттер ұсынылды. Ауытқулар болған аймақты бөліп көрсетті. Жалпы суреттен өзгеше нәрсе байқағанда, біз бірден сол жерге барып қарадық. Әзірге жүйені осы бағытта қолданамыз. Алайда, функционалдығы өте үлкен. Жалпы, мұны «Агрономның электронды дәптері» деп атар едім. Оны бухгалтерлік бағдарламамен біріктіріп, қызметкерлердің жалақысын есептеуге болады. Біз «Egistic»-пен жұмыс бастадық. Сонымен қатар, оның тиімділігін көреміз. Жүйе қандай да бір қиындықтар тудырмайды. Себебі, қызметкерлердің компьютерлік сауаттылығы бар және интернет істен шықпайды. Бұл мәселе ауылдық жерлерде жиі кездеседі. Бірақ, онда автономды жұмыс істеуге болады. Сондай-ақ, бұл қазақстандық әзірлеме және бағасы да қолжетімді. Біз түрлі бағдарламаларды қарастырдық. Ал, қаржылық жағынан ең тиімдісі осы болды. Қазір біздің алдымызда өз техникамызға GPS-бақылау жүйесін орнату міндеті тұр. Оны бірден «Egistic»-пен біріктіруді жоспарлап отырмыз», – дейді Ақмола облысындағы «Halyk Grain» ЖШС басшысы Нұрлыбек Сейітжапаров.
«Egistic» жүйесінің қабілеті ғарыштан түсірілген суреттерді талдау жасаумен ғана шектелмейді. Платформа модульдерінің бірі – телематика. Осы функцияның арқасында диқандар техниканың қозғалысын онлайн режимде бақылай алады. Сіз топырақ өңдеу мен егін жинау кезінде орын алатын барлық ағаттықтарды бірден байқай аласыз. Егер техникада арнайы датчик орнатылған болса, жанармай деңгейі мен шығынын байқап, жанармай құюда орын алатын ысырапшылдық пен ұрлықтың алдын аласыз.
Рас, технологиялық карталарды құру функциясы диқандар үшін үлкен жетістік. Ол аграрлық іс-шараларды жыл бойына жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл технологиялық процестерді ұстап тұруға көмектеседі. Себебі, бағдарлама қажетті тыңайтқыштардың мөлшерін көрсетеді. Сонымен қатар, әр жер учаскесі үшін жеке-жеке есептеледі. Фермер кез келген уақытта өз алқабының тарихын, оның қалай дамығанын, дақылдардың қандай күйде екенін және арамшөп басқан жерлерін көре алады.
«Бұл жүйені көптен бері сынап келеміз. Бізде технологиялық карта бар. Сол арқылы егістігіміздің тарихын жылдар бойынша бақылай аламыз. Біз вегетация кезеңін бақылаймыз. Егістік алқабы қай фазада екенін, қай жерде қателіктер жіберілгенін де анықтаймыз. Ол арқылы адам көзі байқай бермейтін нәрселерді байқауға болады. Біз әдетте егіс алқабының шетіндегі көшеттерді ғана байқаймыз. Ал, егіс алқабының ортасында не болып жатқаны туралы көптен бері біле алмай келдік. Әрине, қазіргі кезде дронның көмегімен егіс алқабын бақылауға да болады. Кейбірі солай істеп те жүр. Егер егіс алқабының гектары аз болса, солай жасауға болады. Бірақ, егер егіс алқабының гектар саны көп болса, онда дронмен бақылау көп уақытты алады. Ал, бұл жүйенің көмегімен сен бүкіл егіс алқабының фотосуретін оңай лезде аласың. Мысалы, бізде элита егетін алқап бар. Егістіктің шеткі бөліктеріне қарағанда дақылдар өте жақсы көтерілген сияқты. Бірақ, маған белгі берілген кезде барып алқапты қарадым. Сөйтсем аптап ыстық пен құрғақшылықтың салдарынан дақылдардың көтерілмегені белгілі болды», – деп түсіндірді Солтүстік Қазақстан облысындағы «Полтавское» ЖШС бас директорының орынбасары Ерлан Зикирин.
Платформа тек қазақстандық агрономдардың тарапынан ғана жоғары баға алған жоқ. Қазіргі таңда оң пікірлер мен жүйеге қосылуға арналған өтініштер жақын шетелдерден де келуде. Бүгінде «Egistic» жүйесі арқылы 1 млн гектардан астам егіс алқаптары тұрақты түрде бақыланады. Бұл еліміздегі барлық егістік алқаптарының шамамен 5 пайызын құрайды. Сондай-ақ, Ресей мен Өзбекстаннан да клиенттер бар. Осы маусымда жүйені пайдаланушылар саны екі есеге өсті. Қазір оны 130-дан астам шаруа қожалығы қолданады.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Ауыл шаруашылығында жаңа технологиялар болашаққа қарқынды қадамдармен жақындап келеді. Олар фермерлерге шығындарды оңтайландыру, егін шаруашылығын басқаруды жеңілдету және өнімділікті арттыру бойынша айтарлықтай көмек ұсына алады. Өнімділікті арттыру табыс деңгейін еселеуге көмектеседі. Бұл тұрғыдан алғанда, бізде «Egistic» сияқты өз жүйеміздің бар болғандығы қуантады. Шын мәнінде, бұл осындай деңгейдегі алғашқы қазақстандық әзірлеме. Бұған ұқсас жүйелер де бар. Бірақ, тек «Egistic» қана қатардағы стартаптан ауқымды бизнес деңгейіне көтеріле алды.
«Бейімділік, клиентке бағдарлану, пайдаланудың қарапайымдылығы және қолжетімділігі – біздің жобамыздың философиясы. Біз ферманы басқаруды едәуір жеңілдетеміз, қарапайым фермерге егіншілікті дәлдікпен айналысуға мүмкіндік береміз. Бүгінде «Egistic» жүйесін мыңнан астам клиент пайдаланады», – деп түйіндеді өз ойын Жандос Керімқұлов.
Егін шаруашылығында цифрлық технологияларды сән-салтанат үшін қолданбайды. Бұл бәсекеге қабілеттілікті сақтаудың бірден бір жолы болып табылады. Өйткені, жоғары технологиялар дамыған қазіргі заманда өнімнің төрттен бір бөлігін жоғалту – ақылға қонымсыз дүние.
Фараби СӘЙКЕНОВ