Бес күннен кейін Минниханов президент болудан қалады

0
1199

Қоян жылының алғашқы күні күшіне енген «Ресей Федерациясының субъектілерінде мемлекеттік билікті ұйымдастырудың жалпы принциптері туралы» заң бойынша Ресей Федерациясындағы (Украинаның облыстарын есепке алмағанда) 83 аймақтың, соның ішінде әлемдік қауымдастық мойындамаған Қырымды қосқанда 22 республиканың басшылары бірдей «аймақ басшысы» деп аталады. Яғни, енді бұрынғыдай «президент», «губернатор», «мэр» сияқты лауазымдар болмайды. Ал, жаңа жылдағы жаңа заң татарлардың оң жамбасына сай келмеді.

Осыдан 1,5 жыл бұрын аталған заң жобасы қызу талқыға түскенде, Татарстаннан басқа аймақтар мен республикаларда оған ешқандай қарсылық болған жоқ. О баста заң жобасына Татарстан депутаттары ғана қарсы шықты.

Иә, Татарстан депутаттарының шулайтынындай бар. Өйткені, Ресей Федерациясының құрамындағы Татарстаннан басқа 21 республиканың ешқайсында «президент» деп аталатын лауазым жоқ. Оларда «республика басшысы» деп қана аталады.

Әрине, бұл – «бір сөзде тұрған не бар» дейтіндей шаруа емес. Неге десеңіз, «президент» ұғымы тәуелсіз елдерге ғана тән. Алдымен бұл идеология. Татарлар түбі азаттық алатындарына сенеді, соған үміт артады. Демек, татарлар осы бір сөз үшін жан алысып, жан берісуге дайын болды. 2021 жылдың күзінде Татарстан Мемлекеттік кеңесінің депутаттары аталған заң жобасының барлық субъектінің басшыларын «аймақ басшысы» деп атауға міндеттейтін нормасына бірауыздан қарсы дауыс берді. Халық қалаулылары жаңа заң Татарстанға қарсы бағытталғанын жасырмай айтты. Олардың пікірінше, Мемлекеттік Дума депутаттарының қолымен от көсеп отырған Путин әкімшілігі осылайша президент лауазымы бар Ресей Федерациясындағы жалғыз республиканың меселін қайтармақ. Әйтсе де, бодандықтың қылбұрауы қыса түсті. Содан Қазан Мәскеудің дегеніне көніп, ығына жығылды. «Құлдық қамытын киген» елде бұдан басқа жол да жоқ еді.

Бір атап өтерлігі, Мемлекеттік Дума депутаттарының заң жобасына Татарстан Мемлекеттік кеңесінің депутаттары соңына дейін қарсыласып бақты. Барыс жылындағы соңғы отырысында ғана ел парламенті Татарстан Конституциясына өзгерістер енгізетін заң жобасын қабылдады. Оның өзінде қулыққа басты. Енді Татарстан президенті «Татарстан раисы» деп аталады. Ұғым араб және басқа да шығыс тілдерінде «президент» мағынасын білдіреді. Бұл – бір. Екіншіден, 23 желтоқсандағы жылдың соңғы сессиясында жергілікті депутаттар қабылдаған жаңа заңда өтпелі кезең бекітіліп, қазіргі іс басындағы президент Рустам Минниханов «президент» атағын сақтап қалмақ, яғни «раис» деген жаңа атау республиканың жаңа сайланатын келесі басшысына қолданылмақ болды. Дегенмен, Мәскеу бұған көнбеген екен. Өйткені, 26 қаңтарда татар депутаттары «Татарстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы» заңды қабылдады. Сөйтіп, кеш болса да, Қазан бәрібір жаңа федералды заңның талабын орындады. Енді бес күннен кейін Рустам Минниханов президент атанудан қалады.

Айта кетейік, Татарстан – Ресей Федерациясының құрамындағы республика. Жер көлемі – 67 847 шаршы шақырым (Грузиямен шамалас). Халқы – 4 млн адам (Хорватиямен шамалас). Халқының 54%-ын – татарлар, 40%-ын – орыстар құрайды. Астанасы – Қазан қаласы.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here