Осыдан 75 жыл бұрын, 1948 жылы 30 қаңтарда көрнекті үнді саясаткері, қоғам қайраткері Махатма Ганди 79 жасында кісі қолынан қаза тапты. Ол 1947 жылы әлемнің саяси картасында жаңадан пайда болған Үндістан мен Пәкістан елдерінің арасындағы дауды бейбіт жолмен шешуді жақтағаны үшін жазықты болды. Расында, Махатма Ганди зорлықтың кез келген түрін қабылдамады. Отыз жылдан аса өз философиясын тапжылмай уағыздады, соңында бүкіл әлемге зорлыққа қарсы саясатының тиімді екенін дәлелдеді. Сөйтіп, 1947 жылы Махатма Ганди жігерінің арқасында Үндістан бейбіт жолмен Ұлыбританиядан азаттығын алды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Махатма Гандидің күреске толы ғұмырына тоқталады.
ҰЛТЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУМЕН БАСТАЛҒАН ҒҰМЫР
Мохандас Ганди 1869 жылы 2 қазанда Британдық Үндістанның Порбандар қаласында дүниеге келген. Он үшке толғанда ол өзімен жасты Кастурба есімді қызбен некелесті. Әрине, бұл неке оның үш ұйықтаса да түсіне кірмеген еді. Оны ата-анасы үнді салт-дәстүріне сай үйлендірді.
Мохандас мектепті аяқтағаннан кейін алдағы уақытта не істейтінін білмеді. Ағасы оған Лондонға оқуға баруды ұсынды. Ол ағасының ұсынысын қабыл алды. Дегенмен, Британ империясының астанасында Британдық Үндістаннан келген жас жігітке шекесінен қарады. Менсінбеді. Өйткені, ақ нәсілділерге бодан елден шыққан жігіттің Лондонда білім алуы ерсі көрінді. Кемсітушіліктің түр-түрін көрген Мохандас қолына заңгер мамандығы бойынша дипломын алғаннан кейін Бомбей сотында адвокат болуға үміттеніп, еліне оралды. Бірақ, жас жігіттің Лондонда алған білімі Британдық Үндістанның қолданыстағы заңына мүлдем сай келмейтін болып шықты. Сонымен, 1893 жылы Мохандас ағасының мәжбүрлеуімен Оңтүстік Африкаға жұмысқа кетті.
Мохандас күрделі мәселелерді шешуге қабілетті әрі бітімгер адвокат ретінде таныла бастады. Оның клиенттерінің арасында ақ нәсілділер де, үнділер де болды. Жегені алдында, жемегені артында болып шат-шадыман өмір сүрмесе де, жас адвокаттың табысы артып, бірнеше жылдан кейін әйелі мен ұлдарын елінен алдырта алатын жағдайға жетті.
Рас, Мохандас адвокаттық тәжірибеде қоғамдағы теңсіздікпен кезікпеген жағдайда, мүмкін күрескер тұлғаға айналмас та еді. Ақ нәсілділер үнділерге «екінші сорттағы» адам ретінде қарады. Олардың еңбектеріне тиын-тебен ғана төленді. Заңсыз қорлауға қарапайым үнді халқы ғана емес, ауқатты кастадан шыққан адвокат Мохандас Ганди де ұшырады. Бірде беделді адвокат ауқаттыларға арналған пойызға билет сатып алды. Адвокаттың сорына қарай аталған пойызда жолаушылардың бәріне бірдей орын жетпеді. Бұған ашуланған ақ нәсілді біреу «екінші сорттағы» адамның өзіне орнын босатып беруін талап етті. Мохандас Ганди оған қарсылық білдіріп, сатып алған билетін көрсетті. Бірақ, онысы бекер болып шықты. Пойыз келесі бекетке тоқтағанда полиция келіп, оны кілең ақ нәсілділер жиналған вагоннан шығарып жіберді. Сөйтіп, оған «лайықты» орнын көрсетті. Бұған қатты қорланған Мохандас Ганди мұндайға енді көнгісі келмеді. Сол үшін бар өмірін өз халқының құқығы үшін күресуге арнады.
АҚИҚАТҚА ҒАНА АРҚА СҮЙЕГЕН АДВОКАТ
Жүйені өзгерткісі келген Мохандас Ганди бүлікшілердің дәстүрлі жолын таңдаса, төңкерісшілердің қара тізіміне енер еді. Алайда, ол қарулы күрес ұйымдастыруды қолдамады. Керісінше, қарсыласының ар-ожданына әсер ету ниетіне негізделген өзіндік әдіс, жаңаша құрал ойлап тапты. Адвокат ойлап тапқан әдіс «Сатьяграха» (ақиқатқа арқа сүйеу) деп аталды. Оның мақсаты – жауыңды одақтасыңа, досыңа айналдыру. Бұл әдісті жақтаушылар қарулы күрестен гөрі ар-ожданға негізделген күрес анағұрлым тиімді деп санады.
Мохандас Ганди басшылығымен «Сатьяграха» қозғалысының мүшелері ағылшындар тарапынан көрсетіліп жатқан барлық әділетсіздікке күш қолданусыз қарсылық көрсету, ұрып жатса да, өлтіріп жатса да, абақтыға қамап жатса да, үн-түнсіз отырып алу сияқты әдістерді кеңінен қолданды. Үндістанға сырттан басқыншылар тарапынан әкелінген тауарларды тұтынбай, оларды қажетке жаратпай, тек қана үнді тауарларын тұтыну, хинди тілінде сөйлеу сияқты Мохандас Гандидің «Сатьяграха» қозғалысы қойған талаптары ағылшын отарлаушыларын тығырыққа тіреді. Отарлаушылардың сырттан әкелген тауарлары жергілікті тұрғындарға мүлдем керексіз болып, Англиядағы ірі алпауыттардың өзі шаш етектен шығынға батып, өз үкіметіне еріксіз наразылық көрсете бастады. Билік пен халық арасындағы ұзаққа созылған текетірес ағылшындарды отар елдерін тастап, еріксіз бас сауғалауға алып келді.
Жалпы, Мохандас Гандидің әдісі алдымен Оңтүстік Африкадағы үнділер арасында қолданыла бастады. Адвокаттың идеялары алғашында британдықтардың ғана емес, өзінің отандастарының да күлкісін келтірді. Дегенмен, ол алдына қойған мақсатынан бас тартқан жоқ. «Бастапқыда олар сізге мән бермейді. Содан кейін олар сізге күледі. Сосын олар сізбен соғысады. Түбінде олар сізден жеңіледі», – деді.
Британ империясының әкімшілігі өзгеше ұстанымдағы адвокаттың идеясын жақтаушылардың көбейе бастағанына алаңдады. Оларға қарсы қандай шара қолданарларын да білмеді. Империя әкімшілігіне Гандиді соттау мүмкін болмады. Гандишілдердің әрекеті баяу әрі табанды болып ерекшеленгендіктен, отаршылдарды жеңілістерге ұшырата бастады.
Мохандас Гандидің үнділердің арасындағы моральдық беделі тез өсті. Ол 1915 жылы Оңтүстік Африкадан отанына оралғанда, «Нобель» сыйлығының лауреаты, атақты жазушы Рабиндранат Тагор Мохандас Гандиді «Махатма» (ұлы жан) деп атады. Сөйтіп, Мохандас Ганди «Махатма Ганди» атымен әлемге әйгілі болды.
Махатма Ганди Үндістанның ұлттық конгресін он үш жыл басқарды. Бірақ, азаттық алғысы келетіндерді идеясына сендіре алмайтынын түсінген кезде конгрестен өз еркімен кетті.
Осы тұста Махатма Гандидің ұстанымы өмірдің қатал шындығымен бетпе-бет келді. Оны қолдаушылар зорлық-зомбылықтан бас тартқанымен, британдықтар одан бас тарта алмады. Олардың жазалауы ұрып-соғумен ғана шектелмей, кей жағдайда манифестанттарды өлтіруге дейін барды. Ашуы қозған үнділер де британдықтарға қарсы жауап берді. Жақтастарының қантөгіске баруын құп көрмеген Махатма Ганди: «Үнділер зорлық-зомбылықтан бас тартуға дайын болмаса, олар әлі де азаттық алуға дайын емес», – деп мәлімдеді.
Қарсыластары Махатма Гандидің әрекеті мен мәлімдемесін қорқақтыққа балады. Бірақ, ол өз идеясына беріктігін, табандылығын әрекетімен дәлелдеді. Бірнеше рет қамауға алынды, халық арасында толқу туғызғаны үшін сотталып, түрмеге де тоғытылды. Ал, Махатма Ганди барлық сынақты сабырмен жеңді.
Үнді халқы Махатма Гандидің ұстанымын түсіне де, оны қабылдай да алмады. Атам заманнан бері келе жатқан касталар жүйесінің теңсіздігіне қарсы радикалдарға соққы беріп, олардан үнді қоғамындағы касталық жүйенің толығымен көзін жоюды талап етті. Сондай-ақ, үндістандық мұсылмандарға қысым көрсетуші радикалдарға да қарсы шықты.
Махатма Ганди мен оның ізбасарларының тарихтағы ең танымал әрекетінің бірі – 1930 жылы ұйымдастырған «Тұз жорығы» болды. Ұлт көсемі үндеген аталған сапар Үндістан жеріндегі тұзды үнділерге өндіруге тыйым салған талапқа қарсылықтан туды. Алдымен бірнеше рет отарлаушы өкіметпен келіссөзге барудан еш нәтиже шықпаған соң Махатма Ганди теңіз жағасындағы топырақтың бетіне тұзы шығып жатқан Данди қаласына баруға отандастарын шақырады. Алғашында бұған миығынан күле қараған британдықтар 79 серіктесімен жорыққа шыққан Ганди тобының сан миллиондаған наразы топқа айналғанын көреді. Бұл, шынында да, ешқандай күш көрсетусіз жасалған қарсылық еді. Бұған ашуланған отаршыл британ әкімшілігі Гандиді қамауға алды. Алайда, ол қамалғаннан кейін де акция жалғасын тапты. Нәтижесінде, сексен мыңға тарта адам түрмеге тоғытылды. Бұл да наразылық білдіруге кедергі бола алмады. Ақыр соңында британ үкіметі Гандиді қамаудан босатуға мәжбүр болды.
КІСІ ҚОЛЫНАН ҚАЗА ТАПҚАН ҚАЙРАТКЕР
Қырықыншы жылдардың ортасына қарай Британ империясы өзінің үлкен отары Үндістаннан айырылатынына көзі жетті. Бірақ, британдықтар Үндістанға азаттық бермес бұрын оларға «сый» қалдырып кетуді жөн көрді. Бұл Гандиден кек алудың бір түрі болса керек. Олар бұрыннан «бөліп ал да, билей бер» қағидасын ұстанатын. Осы жолы үнділер мен ол жақтағы мұсылмандар арасындағы бұрыннан келе жатқан ескі алауыздықтың отын одан әрі тұтатып кетті. Ақыр соңында діни қақтығыстар көбейе берді. Үндістан мұсылмандарының арасында Ұлыбританиядағы саяси күштердің азғыруымен жеке мемлекет құру идеясы пайда болды. Махатма Ганди Үндістанның бөлінуіне үзілді-кесілді қарсы шықты.
1947 жылы 15 тамызда Махатма Ганди күресінің негізгі мақсаты орындалды. Үндістан тәуелсіздігін алды. Бірақ, мақсатына жеткен Махатма Гандидің қуанышы су сепкендей басылды. Сол жылы тамызда әлемнің саяси картасында бір емес, екі мемлекет пайда болды: Үндістан мен Пәкістан. Қос елдің пайда болуы қақтығыс пен соғыс өртінің тұтануына алып келді. Азамат соғысын тоқтату үшін Махатма Ганди төтенше шаралар қабылдады. 1948 жылдың қаңтарында аштық жариялады. Ол шешімін былай деп түсіндірді: «Өлім маған керемет құтылыс болады. Үндістанның өзін өзі құртып жатқанын көрген бишара куәгері болғанша өлгенім артық». Оның бұл қадамы жергілікті халықты алаңдатып, қақтығыстар уақытша тоқтағандай болды. Әрине, соғысты қалаған топтар оған ашуланды. Себебі, Махатма Ганди олардың жоспарына кедергі келтірді.
1948 жылы 30 қаңтарда Махатма Ганди кешкі діни рәсім үшін далаға шықты. Жақтастары оны күтіп алды. Дәстүр бойынша олар Махатма Гандидің аяғына қолдарын тигізгісі келді. Олардың қатарында Үндістандағы мұсылмандардың тәуелсіздігін алып, өз алдына отау тіккеніне тікелей Махатма Гандиді жауапты санайтын радикалды ұйымның мүшесі Натхурам Годзе бар еді. Годзе Гандиге қарата үш рет оқ атты. Алғашқы екі оқ «қаңғып кеткенімен», үшіншісі жүрекке таман тиді. Талықсып барып құлаған Махатма Ганди: «О, Рама! О, Рама!» – деп сыбырлап, қылмыскерді кешіретінін ыммен көрсетіп, жан тәсілім етті.
Қылмыскер құрықталды. Тергеу барысында кісі өлтіру тек жалғыз бір адамның ғана еркі емес, мұқият жоспарланған қастандық екені анықталды. Сот алдына сегіз адам жауапқа тартылды. Барлығы кісі өлімі үшін сотталды. Ал, Натхурам Годзе өлім жазасына кесіліп, 1949 жылы 15 қарашада дарға асылды.
Айта кетейік, Махатма Гандиді «ұлт жауы» санаған бомбей миллионері Винайяк Саваркар оның саясатымен, тәуелсіз мемлекет құрған мұсылмандармен күресу үшін 1947 жылдың күзінде террористік ұйым құрды. Ал, Махатма Гандидің өмірін қиған Натхурам Годзе аталған ұйымның мүшесі әрі радикалды газеттің шеф-редакторы болды.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Өмірі өнеге мен күреске толы Махатма Ганди нағыз күрескер әрі демократ болды. Ол жақсылықтың зұлымдыққа қарсы тұра алатынына сенді. Халқын соған сендірді. Сан ғасырдан бері әлемді қарудың күшімен ғана өзгерткісі келетін тұлғалардың қателесетінін сөзімен де, ісімен де дәлелдеп берді.
Фараби СӘЙКЕНОВ