Қазақстан – цифрландыру бағдарламасын қабылдаған әлемдегі алғашқы 20 елдің бірі. Ал, ерте қамданғанның есесі кетпейді. Соның арқасында қазір еліміз цифрландырудың даму қарқыны бойынша әлемде алғашқы отыздыққа енеді. ТМД мен Орта Азия елдерін айтпағанның өзінде Канада, Ирландия, Италия, Бельгия сияқты өркениетті елдердің алдына шықты. Әрине, босаңсуға болмайды. Мемлекет басшысы елдің цифрлық трансформациядағы бес басым бағытын белгіледі.
Өткен күзде «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев отандық цифрлық трансформациядағы бес басым бағытты атады. Олар:
- адамға бағдарланған қызметті дамыту;
- IT саласына қолайлы жағдай жасау;
- ІТ инфрақұрылымын кең көлемде жаңғырту;
- Цифрлық экономика мен Индустрия 4.0-ді дамыту;
- адами капиталды күшейту.
Үкімет Президент тапсырған осы бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар атқарса, онда қазіргі позициямызды сақтап қана қоймай, үздік ондыққа енуге мүмкіндік туады.
Цифрландыру бағдарламасының игілігін халық көріп те жүр. Цифрлық құжаттар қолданысқа енді. Халық өзімен бірге бұрынғыдай жеке куәлігін, жүргізуші куәлігін, неке куәлігін, дипломын және өзге де құжаттардың 15 түрін алып жүрмейді. Оны құзырлы орындар да талап етпейді. Бұл – бір. Екіншіден, жоғарыда аталған құжаттарды алу үшін енді үйден шығудың, сөйтіп уақыт құртудың керегі жоқ. Бәрі электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қолжетімді. Үшіншіден, цифрландыру бағдарламасы бизнестің басы-қасында жүргендер үшін де қолайлы. Мысалы, заңды тұлға ақшасын шешіп алу үшін арнайы банкке бармайды. Бұл қызмет Onlinebank арқылы қолжетімді.
Міне, цифрландыру бағдарламасының игілігін қазақстандықтар көріп жатқанда, посткеңестік кеңістіктегі кейбір елдер үшін мұндай қызметтер қолжетімсіз саналады. Оны БҰҰ-ның былтырғы есебі де растайды. Айталық, барыс жылында «E-Government» жүйесін дамыту бойынша Қазақстан әлемдік рейтингінде алғашқы отыздыққа еніп, 193 елдің арасында 28-орынға жайғасты. Алғашқы ондықты Дания, Финляндия, Оңтүстік Корея, Жаңа Зеландия, Исландия, Швеция, Аустралия, Эстония, Нидерланд және АҚШ түйіндеді. Ресей (42), Украина (46), Беларусь (58), Армения (64), Өзбекстан (69), Молдова (72), Қырғызстан (81), Әзербайжан (83), Тәжікстан (129), Түркіменстан (137) елдері Қазақстаннан қалып қойды. Көш соңында Орталық Африка Республикасы, Сомали, Оңтүстік Судан тұр.
Электрондық үкімет қызметтерін қолдану көрсеткіштері бойынша әлемдік рейтингіде Қазақстан былтыр 15-орынға көтерілді. Осылайша, еліміз цифрлық әлеуеті жоғары елдердің қатарына енді.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ