Ахметтің аманаты

0
3386

Өткен ХХ ғасырдың бас кезінде Алаш оқығандары мен зиялылары қазақ баспасөзінің алғашқы басылымдары – «Қазақстанды» (бас шығарушысы – Елеусін Бұйрин) 1911 жылы Оралда, «Айқапты» (бас шығарушысы Мұхаметжан Сералин) 1911 жылы Троицкте, «Қазақты» (бас шығарушысы Ахмет Байтұрсынұлы) 1913 жылы Орынборда, «Сарыарқаны» (бас шығарушысы Мұхаметжан Тынышбаев) 1917 жылы Семейде, «Бірлік туын» (бас шығарушысыМұстафа Шоқай) 1917 жылы Ташкентте, «Ақ жолды» (бас шығарушысы – Сұлтанбек Қожанов) 1920 жылы Ташкентте шығарды.

Әрине, жоғарыда аталған басылымдардың арасында «Қазақ» газетінің өзіндік орны бар. «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын», – деп заңғар жазушы Мұхаң, Мұхтар Әуезов жазғандай, 1913-1918 жылдары 266 нөмірі оқырман қолына тиген газеттің әр санында жарияланған мақалалар ұлттың жоғын жоқтады, мұңын мұңдады. Қазақы сөз, қазақы ой, қазақы таным, бәрі газеттің түпкі санасында сайрап, оқырманын жаңа кеңістікке жетеледі.

Ұлттық баспасөздің қарлығашы саналатын тұңғыш халықтық газет былтыр 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өткен Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жетекшілігімен Орынбор қаласында жарық көрді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Сәбит Дөнентаев, Мұхметжан Тынышбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Бимағамбет (Бейімбет) Майлин, Ғұмар Қараш, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды алғашқы қазақ оқығандары мен Алаштың демократиялық бағыттағы қайраткерлері газеттің тоқтаусыз шығып тұруына үлес қосып, оған көбі автор болды. Белгілі лингвист, алаштанушы ғалым Ғарифолла Әнес: «Олар қаламдарын ұштап, саяси көзқарастарын жетілдіріп, кейін үлкен саяси күшке айналды. Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін құрды», – деген пікір айтады.

Тағы да Мұхтар Әуезовтің сөзін келтірсек, «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығынан жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр».

Газеттің алғашқы нөмірі осыдан 110 жыл бұрын, 1913 жылдың 2 ақпанында Ахмет Байтұрсынұлының қол қоюымен Орынбор қаласында жарық көрді. Меншік иесі – «Азамат» серіктестігі. Содан 1918 жылға дейін 266 саны жарық көріп, тоқтаусыз шығып тұрды. 1918 жылы сол замандағы ішкі жағдай, сыртқы жағдай (Бірінші дүниежүзілік соғыс) салдарынан газет шығуын тоқтатты. 1913 жылы 44 нөмірі (1-44), 1914 жылы 48 нөмірі (45-92), 1915 жылы 71 нөмірі (93-163), 1916 жылы 48 нөмірі (164-211), 1917 жылы 45 нөмірі (212-255), 1918 жылы 10 нөмірі (256-266) оқырманға жол тартты.

Газеттің бас шығарушысы Ахмет Байтұрсынұлымен бірге газеттің негізін Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатұлы қалады. Міржақып Ахметпен кезектесіп, газеттің әр нөміріне қол қойып отырса, соңғы нөмірлеріне Жанұзақ Жәнібеков (1899-1937) қол қойды. Басылымда сол кездегі ел өмірі, яғни елдің тұрмыс-тіршілігі, саяси-әлеуметтік жағдайы, мал-жан жайы (экономикасы мен демографиясы), дін, мәдени-ағарту тақырыптары қамтылып, бас бетіне ішкі-сыртқы маңызды мәселелер жөнінде бас мақала жарияланса, кейінгі беттеріне шағын мақалалар, өлең-жырлар басылды.

Өзінің саналы ғұмырының көп бөлігін осы «Қазақ» газетіне арнаған алаштанушы Ғарифолла Әнес «Қазақ» газетінде жазылған тақырыптар мен көтерген мәселелерді үшке бөледі. Біріншісі – жүз жыл бұрынғы халқымыздың хал-ахуалы, тұрмыс-тіршілігі, рухани және материалдық құндылықтары. Екіншісі – жер һәм жер мәселесі, империялық, отаршылдық саясаты, табиғи көшпелі шаруашылық потенциалының сарқылуы, көшпелі отырықшы норма. Үшіншісі – оқу-білім, дін басқару, сьезд, партия құру, империялық һәм әлемдік дамуда қазақ елінің өзіндік орнын табуы. 

«Қазақтың» шаң басқан архивтерде жатқан түпнұсқаларын отандық және шетелдік архивтерден құмнан алтын іздегендей ашып алып, оны төте жазудан (Байтұрсынұлы әліпбиінен) қазіргі жазу үлгісіне түсірген қазақ ғалымдары Үшкөлтай Субханбердина, Мақсұт Шафиғи (бұл кісі еліміздегі ескі қолжазбаларды оқитын санаулы ғалымдардың бірі), Ғарифолла Әнес, Аманқос Мектеп-тегі сынды санаулы мамандар екенін жұрт білуге тиісті. Үшкөлтай Субханбердина «Қазақ» газетінің әр жылғы нөмірінен таңдап құрастырған «Қазақ газеті» деген кітап және ол кісі жасаған библиографиялық көрсеткіш кейін Ұлттық ғылым академиясының жанындағы ғылыми кітапханадан жарық көрді. Тағы да осы ғылыми кітапхананың жанынан Светлана Смағұлова құрастырған «Қазақ» газетінің 1915 жылғы топтамасы басылып шықты. Кітаптың соңына библиографиялық көрсеткіштер берілді. Осыдан кейін 2018 жылы С.Смағұлова, Ғ.Әнес, Т.Зәмзиевалардың құрастыруымен «Қазақ» газетінің 1913-1914 жылғы топтамасын «Арыс» баспасы шығарды. 1913 жылғы жинаққа газеттің 14 нөмірі (1-44), 1914 жылғы жинаққа 45 нөмірі (45-92) топтастырылған. Бұл кітаптың соңына да библиографиялық көрсеткіштер берілген.

Әлбетте, газетті  Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиінен (төте жазудан) осы жазуға (кириллицаға) түсірумен іс бітпейтіні анық. Газеттің әр нөмірін толығымен оқу, яғни оны қатесіз факсимиле түрінде жариялау, оларға текстологиялық талдаулар мен библиографиялық көрсеткіштер транскрипциясын жасау, канондық мәтін қалыптастыру міндеті тұрғаны түсінікті. Оны жақсы түсінгендігінен немесе оның жоқшысы мен жаршысының бірі болғандығынан ғана емес, араб әліпбиі мұрасымен біршама таныс болғандықтан, оны танып білуге тырысқан Ғарифолла Әнес жетекшілік ететін репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» республикалық қоғамдық қоры соңғы он шақты жылдан бері «Қазақ», «Қазақстан», «Сарыарқа» газеттері, «Айқап», «Абай» журналдары туралы үлкен ғылыми жобалар іске асырғаны белгілі. Аталған қордың жанындағы ғылыми редакциялық топтың жетекшісі – әдебиетші, Алаш мұрасын танушы Сержан Сәрсенбайұлы Ғ.Әнес, Т.Зәмзиева, А.Оралбекұлы, Ғ.Қасымханұлымен бірге «Қазақ» газетінің 1915-1918 жылдардағы нөмірлерін толығымен төте жазудан қазіргі жазу үлгісіне түсіріп, елімізде жоқ нөмірлерін алыс-жақын шет елдердегі архивтерден тауып, оның библиографиялық көрсеткіштері мен транскрипцияларын жасап, үлкен бес томдық еңбекті баспаға дайындады. Өкінішке қарай, кітап қаржылық себептерге байланысты әлі жарық көрмеді. Дегенмен, Ғарифолла Әнес бастаған шығармашылық топ дайындаған «Қазақ» газетінің 1913 жылдан 1918 жылға дейінгі толық нөмірі көп ұзамай  толымды еңбек болып шығатынына күмән жоқ. ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының энциклопедиясына айналған (Ғ.Әнес) «Қазақ» газетінің ғылым салалары бойынша ғылыми айналымға еніп, келешектің игілігіне жарайтынына сенім зор.

Жоғарыда жазғанымдай, газет 1918 жылы тоқтағаннан кейін оның жарық көрген сандары кешегі кеңес заманында жетпіс жылға жуық жабық қорда жатты. Тек еліміз азаттық алған тоқсаныншы жылдары ғана «Қазақтың» қазақпен қайтадан қауышуына мүмкіндік туды. Ең әуелі сол асыл текті Алаш арыстарының сарқытындай болған қазақтың қабырғалы қаламгері Қоғабай Сәрсекеевтің «Қазақ» газетін 267 нөмірінен бастап қайта шығарғаны (сонымен бірге «Айқапты» да) – ел өміріндегі елеулі оқиға болғаны анық.

Газетке екінші өмір сыйлаған Қоғабай Сәрсекеев 2014 жылы дүниеден өткенде «Газеттің күні енді не болар екен» деген екіұдай пікірлердің басы қылтиып шыққаны да, тіпті редакция қызметкерлерінің желдей ескен жорамалдардан дағдарып қалғаны да жасырын емес. Өкінішке қарай, марқұм Қоғабай Сәтенұлының қазасынан кейін көбі «өзі жоқтың – көзі жоқ» дегенді ұстанған көрінеді. Бар ауыртпалық Қоғабай Сәтенұлының жары Гүлбаршын Мүталапқызы, ұрпақтары мен редакцияға түсті. Қоғабай Сәрсекеевтің мектебінен өткен шәкірті Жасұлан Мәуленұлы 25 жасында газеттің тізгінін қолына алды. Ал, газет қиын-қыстау кезді басынан өткерген сол сын сағатта Махмұт Нәлібаев ұлт руханиятының алтын жауһары болған басылымның жабылып қалмауы үшін барын салды. Ұлылар қалдырған ұлағаттың үнпарағы болған «Қазақтың» шығармашылығына азаматтық айбар, қайраткерлік қажыр қосқан, дағдарыс кезеңінен тарықпай өтуіне рух берген осындай азаматтардың арқасында газет жұмысы жаңа ғасырда да жалғасып келеді. Бүгінде тарихи газеттің 1163 нөмірі жарық көріп отыр. Дүние тұрғанша тұр, «Қазақ»!

Раушан САҒЫМБЕКОВА,
М. Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейдің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here