Өмірінің 45 жылын мектепке арнаған ұлағатты ұстаз

0
2126

Кез келген мұғалім шәкірт жүрегіне жол таба алмайды. «Ұстаз – ұлы есім» дейтініміз де сондықтан. Ал, шәкірт бойына даналықтың дәнін сеуіп, болашаққа бағдар беретін нағыз ұстаз болу – ұлылық. Бүгінгі кейіпкеріміз – аяулы ана, ұлағатты ұстаз Мейрамбала Баймолданова.

Өнегелі өмірін тәрбие мен тағылымға арнаған Мейрамбала Баймолданова Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының Рахат ауылдық округіндегі  №1 орта мектепте қызмет етеді. Білім саласында 45 жылдан астам тәжірибесі бар ұлағатты ұстаздың жүздеген дарынды шәкірттер тәрбиелеп, математика атты таңғажайып ғылымда өзіндік қолтаңбасын қалдырғаны анық.

Сандар әлемінің сырына терең бойлап өскен Мейрамбала Байтанқызы бұрынғы Талдықорған облысының Қаратал ауданындағы Қалпе ауылында туып-өскен. Болашақ ұстаз өз қатарынан озық ойлайтын, қағылез, ізденімпаз бала болыпты. Мектеп қабырғасында математика пәнін ерекше жақсы көргені соншалық күрделі есептердің шешімін оңай әрі жылдам тапқан екен.

Адам баласы өмірде қателеспеуі керек саналатын қос таңдаудың бірі – мамандық таңдау болса, Мейрамбала Байтанқызы бұл таңдаудан еш жаңылмаған. Талдықорған педагогикалық институтынан физика-математика мамандығын алып шыққан соң, Көксу ауданының Мәмбет ауылындағы орта мектепте еңбек жолын бастайды. Жастығына қарамастан қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, тәжірибе жинаған жас маман мектептегі ұстаздар қауымы мен ата-аналардың құрметіне, оқушылардың ықыласына бөленіп үлгереді. Дегенмен, оған мастанбайды. Үнемі ізденіс үстінде жүреді.

«Нағыз ұстаз шәкірттері үшін бар күш-жігерін, уақытын және мейірімін аямауы қажет. Мен шәкірттерімді әлемдегі ең нақты ғылымды жақсы көруге үйретіп қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да баулыдым»,– дейді Мейрамбала Байтанқызы.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп данышпан Абай айтқандай, жалықпай еткен еңбегінің арқасында шәкірттерінің жүрегіне жол таба білді. Бүгінде кейіпкеріміздің шәкірттері әр салада еңбек етеді, егемен еліміздің бір-бір кірпіші болып қаланды.

«Ұстаздан шәкірт озар» деген. Яғни, мұғалім еңбегінің қайтарымы өзі оқытқан шәкірттерінің биік белесті бағындырғанымен бағаланады. Бұл ретте, еліміздің түкпір-түкпірінде өзінің жолын қуып, кейінгі ұрпаққа білімнің нұрын сеуіп жүрген шәкірттері де бар. Алматы облысындағы үздік математиктің бірі – Нұрболат Абдуллаев та Мейрамбала Байтанқызының шәкірті.

«Білесіз бе, біздің жұмысымызда ең бастысы – балаларды сүю. Онсыз мектепте жұмыс істеу мүмкін емес. Оқушылар әр түрлі, олардың жан дүниесінен жақсылық пен ізгілікті тауып, өмірге бағыт-бағдар беру керек. Балалардың бәрі қабілетті, тек бұлақтың көзін ашу – біздің басты міндетіміз», – деп санайды Мейрамбала Байтанқызы.

Ол 1981-1987 жылдары Көксу ауданындағы Ф. Энгельс атындағы орта мектебінде, 1987-2001 жылдары Ж. Егінбаев атындағы орта мектебінде, 2001-2005 жылдары Абылай хан орта мектебінде, 2008-2017 жылдары Р. Тоқатаев атындағы орта мектебінде ұстаздық етті. Қазір Рахат ауылдық округіндегі  №1 орта мектепте сабақ береді.

Әрине, ұлағатты ұстаз ерекше еңбекқорлығымен, өз ісіне деген сүйіспеншілігімен дараланады. Әріптестері мен оқушылары оның жұмысына деген жауапкершілігі үшін жақсы көреді. Одан жастардың үйренері көп.

Мейрамбала Баймолданова – өмірдің өткелдерінен сүрінбей өтіп, қызығы мен қиындығы қатар жүретін сырлы әлемнен өз болмысын таныған маман, асыл жар. Кейіпкеріміз педагогикалық қызметте табысты болуының сыры – отбасындағы қолдау мен сенімнің арқасында екен. Осы жолда қажырлы еңбек етуге өмірсерігі – Елубай Баймолдановтың ықпалы зор болғанын жасырмайды. Атына заты сай – Мейіргүл, Меруерт, Маржан, Мақпал есімді төрт қыздың анасы, сегіз немеренің әжесі атанған кейіпкеріміз қарапайым қазақ әйелінің символы секілді.

Кейіпкеріміз көп жылдық еңбегінің нәтижесінде «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төс белгісімен, Білім министрлігінің «Құрмет грамотасымен», «Білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін» және «Ыбырай Алтынсарин» медальдерімен, «Қазақстанның Құрметті азаматы» атағымен марапатталған. Республикалық «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы. Бірақ, ұстаз үшін ең маңызды марапат – шәкірттерінің ыстық ықыласы. Себебі, олар үшін Мейрамбала Байтанқызының мектеп қабырғасында өткен сабағы – өмір сабағы тәрізді. Расында, әр оқушының мәңгі жадында қалу ұстаз үшін ең ғажап марапат емес пе?!

Әлия ІҢКӘРБЕК

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here