Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты Алаш арыстарының 1913 жылы 2 ақпанда «Қазақ» газетін шығаруы отандық кәсіби журналистиканың ізашары болғаны рас. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарының бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны шыққан күнін тарихи маңызды датаға айналдырудың маңызы зор. Осыған орай бүгінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен 2 ақпанды «Ұлттық басылым күні» ретінде белгілеу бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
Аталған күнді ресми белгілеу үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Қоғамдық талқылау үшін қаулы жобасы нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына орналастырылды. Қаулы жобасы 3 сәуірге дейін «Ашық НҚА» порталында талқылау үшін қолжетімді болады.
«Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаеваның 2023 жылғы 13 ақпандағы тапсырмасымен 2 ақпанды «Ұлттық басылым күні» деп атап өту ұсынылды. Осыған байланысты Қазақстандағы мерекелік күндер тізбесінің құрылымына жаңа мерекелік күн, 2 ақпан – Ұлттық басылым күні енгізіледі», – делінген қаулы жобасында.
Құжатқа қосымша берілген түсіндірмеде бұл бастама бұқаралық ақпарат құралдарының маңызын айқындап, сала қызметкерлерін ынталандыру мақсатында ұсынылғаны жазылған.
«28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні, 2021 жылдан бастап 1 қазан – Радио қызметкерлері күні деп белгіленді. Бұл дәстүр БАҚ-тың маңызын көрсете отырып, осы саладағы қызметкерлерді ынталандыра түседі. Ұлттық басылымның алғаш шыққан күнін ұлықтау Ресей, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан сияқты елдерде дәстүрге айналды. Бұқаралық ақпарат құралдарының бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны шыққан күнін тарихи маңызды датаға айналдырудың маңызы зор»,– деп түсіндірме берілген қаулыға.
Расында, бұл сүйінші сұрайтындай-ақ жаңалық!