Осыдан 1,5 ай бұрын «Astana Ballet» театрының төрінде «Сұлтан Бейбарыс» балеті көрерменге жол тартқан еді. Театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри өзінің туындысын мәмлүктердің көшін бастаған Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арнағанын жасырмады. Дәл осы қойылым үшін ол өнер саласындағы «Umai» ұлттық сыйлығының «Үздік хореограф» номинациясында топ жарды.
Спектакльді көріп отырып, таудың етегінен биік шыңға қарай талпынған бірегей болмыс иесін, яғни Бейбарыстың бейнесін, алапат күші мен бойындағы жауынгерлік рухын танисыз. Еріксіз тамсанасыз. Бас кейіпкер асқақ та биік мақсаттар жолында өмірін бәске тігеді, тәлкекті тағдырмен бетпе-бет келіп, қандай қиындық кезіксе де, бәріне төтеп береді. Тіпті, еркіндік пен ерлік жолында көптеген құрбандыққа барып, арманындағы азаттыққа, билікке қол жеткізеді.
Қойылымды көргенде құлдыққа сатылған құлын-ғұмырдың шырқыраған үні құлағыңызға естіледі. Дешті Қыпшақ даласында дүниеге келген Бейбарыс сұлтанның бойындағы ұлы рух – жеңістің бойтұмары тәрізді. Тіпті, оның бітімгершілігі, уәдеге беріктігі мен табандылығы әлем тарихының бетінде алтын әріппен әдіптелген. Ұлы тұлғалар туралы ақиқат пен аңыз көп. Дегенмен, Бейбарыс сұлтан жайлы тарихқа бойласақ, туған жерінің топырағын аңсаған, бір түп жусанның иісіне құмартқан боздақтың бейнесі елестейді. Аталған қойылымның хореографы Мукарам Авахри бас кейіпкердің осы бір сезім мен рухқа толы кезеңдеріне, ішкі күйзелістері мен жанайқайына тоқталуды жөн көріпті. Яғни, Бейбарыс сұлтанға ел билеушісі ретінде емес, қарапайым адам ретінде қарауға ұмтылған.
«Бейбарыс сұлтан образын бимен бейнелеу қиынға соққанын жасырмаймын. Сонда да осынау текті тұлғаның болмысын барынша ашуға тырыстым. Би – үнсіз сөйлейтін тылсым өнер. Оны жан дүниеңізбен сезінуіңіз қажет. Дегенмен, спектакль қою барысындағы қиындықтарға қарамастан, бұл туындымызды бұдан да мінсіз етуге бекініп отырмыз. Тарихтың терең сырларына қазбалау арқылы қол жеткіземіз деп ойлаймын», – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри.
Расында, сахнадағы шайқастар мен жорықтарды би тілінде баяндау, құлдар мен күңдердің бейнесі, таңғажайып шығыстың атмосферасы, бәрі-бәрі көрерменге ерекше әсер қалдырады. Тіпті, XIII ғасырда Бейбарыс сұлтанмен бір кезеңде өмір сүріп жүргендей сезімде боласыз.
Қойылымға дайындық барысында алдымен актерлердің сырт бейнесіне, костюмдеріне мән беретіні анық. Бұл тұрғыда «Сұлтан Бейбарыс» балетінің киімдері, өз ісінің шебері Ася Соловьеваның талғамына таңданасыз. Себебі, ол жасаған образдарды көргенде дизайнердің суреткерлігін, қиялының шетсіз-шексіз екенін бірден байқайсыз.
Бейбарыс сұлтанның бейнесі Айдан Қалжан мен Әлімхан Төребековке бұйырды. Ал, Құтұз сұлтан партиясын Фархад Буриев, Шаджұр партиясын Айнұр Әбілғазина мен Аяулым Мақымова биледі.
Бас кейіпкердің бейнесін мінсіз алып шыққан балет әртісі Айдан Қалжанның айтуынша, өзі сомдаған рөл оның көңілінен бірден шықпаған. Сол себепті актер күні-түні тынбай дайындалған.
«Мен үшін сұлтанның әрбір әрекеті, көңіл-күйі маңызды болды. Сахнаға шыққан сайын толқитынымды жасырмаймын. Мәселен, ең соңғы ақтық дайындық кезінде мен өз кейіпкерімді әбден зерттегенім соншалық, Бейбарыс сұлтанның әлемінде өмір сүрдім. Бірақ, кейде сахнадағы бейнеме сырт көзбен қарағанда өзімнің көңілім толмайтын кездер көп болады. Дайындық барысындағыдай мінсіз бейне жасауды армандаймын. Өйткені, менің кейіпкерімнің рухы мықты, білегі мен жүрегі бекем тұлға. Сол тұлғаның бүкіл болмысын бір бидің ішіне сыйдыру оңай емес», – дейді Айдан Қалжан.
Өнерсүйер қауымның ықыласына бөленіп үлгерген «Сұлтан Бейбарыс» балеті алдағы 21-22 мамырда Алматыдағы «Almaty Theatre» төрінде сахналанады. Қазір билеттер сатылымда бар. Тарихтың тереңіне сүңгітетін, тынымсыз еңбек пен табандылыққа негізделген таңғажайып туындыны көруге асығыңыз, көрермен!
Әлия ІҢКӘРБЕК