Қарашаңырақ

0
775

1934 жылы іргетасы қаланған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бүгінде отандық жоғары оқу орындарының ең үздігіне айналды. Алатау бөктерінде орналасқан қарашаңырақта бізге, яғни арман қуып келген студенттерге барлық жағдай жасалған.

«Студенттер қалашығы» деп тегін аталмаса керек, расында алып шаһардың ішіндегі шағын қалада өмір сүріп жатқандаймыз. Өзіндік ішкі аурасы, жеке тәртіп пен жарғысы, қызмет көрсету орталықтары мен студенттік кешендері бар. Жыл сайын біздің университетке бір мыңнан астам студенттер оқуға түседі. Әр студент өзінің қызығушылығына қарай түрлі ұйымдарға, кәсіподақ ұйымдарына кіріп, жаңа адамдармен танысып, өзінің рухани құндылығын толықтыруға мүмкіндік алады.

Иә, ҚазҰУ – еліміздегі жетекші университет. Атына заты сай өнегелі білім ордасы. 37 мамандық бойынша кадрлар даярлайтын жоғары оқу орны бүгінде ғылыми-зерттеу орталығына да айналды. Балапандай қанат қаққан, әрбір жас тұлғаны бауырына басып, оның дамуына үлес қосып келе жатқан маңдайалды университет екені де рас. Қазіргі таңда ҚазҰУ QS халықаралық рейтингінде 1 500 университет арасында 150-орында тұрғанын мақтанышпен айтамыз.

Әрбір студент – еліміздің болашағы. Сапалы маман даярлауда біздің университет алдыңғы қатарда тұр. Білімнің қайнар көзі болып отырған қарашаңырақ заманауи білім беруден де қалыс қалып жатқан жоқ. Әлемдік озық елдерге студенттеріміз оқуға барып, тәжірибе жинайды. Университетте дуалды жүйе де қалыптасып, теория мен практиканы қатар дамытып жатыр. Оқимын деген әрбір жас тұлғаға жан-жақты көмек пен мүмкіндік жетерлік. Танымал профессорлар мен ұлағатты ұстаздардан білім алған студенттеріміздің арасында жақсы жерлерде қызмет атқарып жүргендері де аз емес.

ҚазҰУ – білім мен тәрбиенің ошағы, ал қарашаңырақтан білім алған әрбір жас тұлға – мемлекет болашағы.

Талшын КОБЕНТАЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің 3-курс студенті,

Жетекші – Бақыткүл ҚОНЫСБАЙ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here