Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыру мақсатында орта білім беру ұйымдары үшін жаңа оқу жылына арналған «Тоғыз ай – тоғыз іс-шара» жоспарын ұсынды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
«Тоғыз оқу айы ішінде оқушылар тоғыз түрлі іс-шараларға қатысады. Жоспарды іске асыру – биылғы наурызда оқушылар арасында өткізілген «Күй күмбірі» республикалық домбырашылар челленджінің жалғасы. Барлық іс-шаралар ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие процесіне бірыңғай көзқарасты қамтамасыз етуге бағытталған», – деп түсіндірді Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева.
Іс-шаралар келесі тәртіпте өткізіледі:
- қыркүйек – «Сергіту сәті»;
- қазан – «Әнұран айту»;
- қараша – «Асық ату»;
- желтоқсан – «Шығарма жазу: болашаққа хат»;
- қаңтар – «Қазақ есебі»;
- ақпан – «Оқуға құштар мектеп»;
- наурыз – «Домбырашылар»;
- сәуір – «Тоғызқұмалақ, шахмат ойыны»;
- мамыр – «Жасыл мекен».