Жат елде Алаш идеясын үгіттеп, Алаштың адал атқарушысы болып, зор заманның зомбылығына жырымен төтеп берген, түрменің талай құқайын басынан өткеріп, небары 44 жыл ғана өмір сүрген алаштың біртуар ақыны Таңжарық Жолдыұлының туғанына биыл 120 жыл толды. Ақын Таңжарық Алаш идеясын бойына сіңіргенге дейін-ақ сауатты болған. Ол алғаш сауатын Күнеске белгілі Мыңбай молдадан ашып, дәріс алған. Ұстазы жас шәкіртін діни біліммен ғана емес, шығыс, араб әдебиетімен де сусындатқан. Бала Таңжарық зерек, өжет боп өскен. Ұстазы берген шығыс ақындарының кітабын жаттап, өзі де жанынан өлең шығарып, алты жасында-ақ ауыл арасында «ақын бала» атанады. 16 жасына дейін ауыл молдасынан сауат ашқан ақын кейін Құлжаның Күре өңіріндегі моңғол-қазақ гимназиясында оқуын жалғастырады. 1960 жылдары Қытайда орын алған «Мәдениет төңкерісінде» әкесі үшін «қылмыскер» атанып, ұрпақ қасіретінің дәмін татқан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында атажұртымен қауышқан Шара Таңжарыққызымен сұхбатымыз да ақын төңірегінде айтылмай келген кейбір жайттар туралы өрбіген еді.
«ҚЫТАЙДА
ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ ГАЗЕТІН
ШЫҒАРДЫ»
– Шара апа, дүлдүл ақынның бірден-бір тұяғысыз. Ақын шығармалары өзі өмір сүрген қоғамның ащы үні мен шындығын бейнелейді. Өмірі бұралаң-бұлтарысқа толы болса да, өлең өлкесінде алған бағытынан таймай, мақтанышпен айта аларлық жыр жолдарын қалдырған әкеңіз туралы әңгімені өз аузыңыздан естісек…
– Әкем Таңжарық 44 жыл ғана өмір сүрген. Осынау қысқа ғұмырының жартысы – ат жалын тартып мінгеннен қайтыс болуына бір жыл қалғанға дейінгі күндері аңдуда, қуғын-cүргінде, зындан-түрме жағдайында өткен. Отыз мың жолдай өлеңдері тар жол, тайғақ кешу, терең зындан мен тас қапас түрмеде жазылыпты.
Енді әкем түрмеде не үшін отырғанына келсек, оған жалғыз-ақ себеп: Алаш идеясының адал атқарушысы болғандығы үшін жазаланған. Өлеңдерінің дені осы мақсаттан туған.
Қазақстанға 1921 жылы Нарынқолдағы нағашыларын ғана емес, туған елін аңсап, арнайы іздеп келген. Сол кезде ұжымдастыру науқаны жүріп, қызыл үкіметтің теңсіздік әрекеттерінің үстінен дөп түседі. 1921-1924 жылдары осында оқып, орысша үйреніп, қазақтың зиялылары Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіровтермен кездескен. Содан әкем Алаш идеясын қабылдайды. Елдің малын, жанын құрбан етіп жатқан жаңа үкіметтің кереғар іс-әрекетін көрген жас ақын бұдан әрі елде тұрақтап қала алмайтынына көзі жетеді.
Әкемнің шығармаларын зерттеген ғалым, марқұм Оразанбай Егеубаевтың айтуынша, Таңжарық албанның ақыны Келекеге ғашық болған, тіпті ол қызбен айтысқан. Қыз байдың ұрпағы болып, олар шыдатпаған, әкем содан қайтып кеткен деседі. Меніңше, әкем қыз үшін емес, Қытайға Алаш идеясын үгіттеу үшін кеткен. Сол кезде Шәкәрімнің ұлы Зият және көптеген алашордашылар Шыңжаңға өткен.
30-40-шы жылдары Қытайдың Гоминдан үкіметі халықшыл, демократияшыл саясат жүргізіп, сол жылымықта Шыңжаңда бірсыпыра прогресшіл реформалар жүзеге асады. Осы мезгілде әкем халқы мен қоғам үшін қыруар игі істер атқарған. Айталық, өзі секілді ұлтжанды азаматтарды жұмылдырып, Күнес ауданы бойынша қазақ мектебін ашып, ауыл-ауылдарда мұғалімдер курсын ашуды да жүзеге асырған. Өзі аудан болысы Мақсұттың хатшысы болады. Мақсұт болыс та Алаштың бағыт-бағдарын қолдап, соңынан Гоминдан түрмесіне жабылады.
Мақсұт болыс Құлжаға ауысқан кезінде әкемді бірге ала кетеді. Содан «Қырғыз-қазақ мәдени ұйымын» құрады. Ұйым – газет шығару, театр жұмыстары және өзге де мәдени шараларды жандандыру жұмыста-рымен айналысады. Аталмыш ұйым қазақ тілінде тұңғыш газет шығарады. «Іле газеті» аталған осынау басылым күні бүгінге дейін тұрақты түрде Құлжадан жарық көруде. Осы газетті құрушы көзі тірі ақсақалдармен тілдескенімде, олар әкем туралы: «Таңжарық мәдениет бөлімін басқарды, газеттің қаз тұруына тікелей жан-тәнімен кірісті, ты-нығуды білмеді. Өзі редактор, өзі корректор, мақала да, өлең де жазады және өзге де адамдардың қолжазбаларын реттестіреді», – деп айтып еді.
Әкемнің Қытайда аталып өткен 80 жыл-дық мерейтойында осы газеттің мұрағатын қарау үшін Іле ауданына барғанымда: «Мұрағатты Мәдениет төңкерісі кезінде күйдіріп жіберген, сақталмаған» деген жауап алдым. Ешқандай түпнұсқа қалмапты.
Әкемнің екінші тың бастамасы – театр ісі. Қытай қазақтарының тұңғыш театр өнерінің іргетасын қалап, оның алғашқы шымылдығын Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» пьесасымен ашады. Пьесаны жергілікті қазақтардың өміріне ыңғайлап жазып, әкем басты кейіпкерді ойнаса, анам Шұғаның рөлін ойнапты. Яғни, екеуінің жақын танысулары дала сахнасынан бастау алған. Сол жылдары Қазақстаннан қоныс аударып келген анам мұғалімдер курсында оқып жүрген, әрі орыс тілінен аздап сауаты да болған. Әкем мен анам 1936 жылы шаңырақ көтереді. Келер 1937 жылы дүниеге мен келіппін. Азан шақырып қойған атым Шарапат, ал әкем еркелетіп Шапатай деп атайтын. Өлеңдерінде мені «Шапайым» деп келтіруінің себебі осы.
Әкем бойындағы бар қабілет-қарымын қоғамдық жұмысқа арнаған. Сондықтан үйде ешқашан мал-мүлік болмады, байлық жинамаған, тіпті үйде не бар, не жоғында да шаруасы жоқ кісі еді. «Кейде көшеде жетім, қаңғып қалған бала көрсе үйге әкелуші еді», – деп отыратын анам Бәти.
Күнеске 80 жылдық тойына барғанымда әкемнің көзін көргендер: «Маңдайы жарқырап әкесіне тартыпты», – деп қызыл дөңгелек жүзіме дейін ұқсатып, бауырларына қысып жатты. Тағы бір қызығы, реңімнің сарылығына таңданушылар: «Мына қызыңның шашы неге сап-cары?» дегендерге әкем: «Иван дейтін диірменші орыстан бір таған бидайға сатып алғанбыз» деп қалжыңдайды екен. Әкемнің досы Рымбек аға да бала күнгі еркеліктерімді былайша еске алғаны бар: «Бәти өзі іс тігетін. Үй шаруасын да дөңгелетіп ала жөнеледі. Біздің ас-cуымызды да әзірлейтін, бәріне үлгеретін. Таңжарық жарықтық боза ішкенді ұнататын. Ондайда екі-үш жасар сені әкең иығына мінгізіп алып отырады. «Мен де ішем, мен де ішем» деп сен бозаға ұмтыласың. Сонда әкең: «Жоқ, болмайды, бұл ащы су» дегеніне қоймастан «Мен де ащы су ішемін» деп жылайтынсың. Әйтеуір әкең тіліңді тауып жұбатып алатын».
«ӘКЕМНІҢ
ТҮРМЕДЕ ЖАЗҒАН
ӨЛЕҢДЕРІ
ХАЛЫҚҚА ЖЕТТІ»
– Әкеңізді «саяси сенімсіз» деген жаламен қамауға алып кеткені туралы не айтасыз?
– Әкемді 1940 жылдың 3 ақпан күні қызмет орнынан Гоминдан үкіметі милициясын жіберіп, тұтқындаған. Үйге қайырылуға мұрша бермеген. Мен сол кезде үш жастамын, есімді білмеген баламын. Шеріктер үйімізді тінтіп, әкемнің бүкіл қолжазбасын алып кетіпті де, бізді Құлжа қаласына қуғындапты. Сонда әкеммен бірге туған жалғыз інісі келіп бізді Күнеске, аудан орталығы Бестөбе қалашығына апарып орналастырады. Сол кездегі аудан әкімі Жәйірбек деген кісі отбасымызға көп қамқорлық көрсетіп, қазынадан шағын болса да баспана бергізіп, шешем мен әпкемді мектепке мұғалімдікке қабылдатыпты. Үйімізде тағы да екі жетім бала болды. Оның бірі әкем алып келген, қараусыз қалған Нұржігіт, екіншісі туыстарының ішінде жетім өскен Кәрім еді.
Арада алты жыл уақыт өткенде, 1946 жылдың тамызында әкем тұтқыннан босап келді. Бұл кезде біздің отбасымыз жаңа өкімет құрыла сап Құлжаға қайта оралған болатын. Іле, Тарбағатай, Алтай сияқты үш аймақтағы ұлт-азаттық көтерілістің соңы жеңіске жетіп, 1945 жылы «Шығыс Түркістан Республикасы» құрылған. Олар гоминданшыларды бір шеті Үрімші, екінші қиыры Оңтүстік Шыңжаңға дейін қуып тастап, үш аймақ дербес мемлекет болған кезең еді. Жаңа өкімет пен Гоминдан өкіметі арасында 11 түрлі келісім жасалып, сол шарт бойынша тірі қалған саяси тұтқындар босатылып, еліне қайтарылған екен.
Әкем оралғанда үйде шешем екеуміз ғана тұратынбыз. Әкемнің сыртқы қақпадан кіріп келген кескін-келбеті әліге дейін көз алдымда. Қапсағай денелі, кең иықты, үстінде сұр китель-шалбар, басында шляпа, оң қолы мойнына асулы, бойы биік болатын. Әкем мен шешем бір-бірімен көрісіп, жылап жатыр. Екеуінің етегіне оралып, кемсеңдеп мен тұрмын. Әп-сәтте жиналған көрші-қолаң жұбату айтуда. Әкем мені жерден көтерген бойда бауырына қысып, сүйіп, солқылдап жылап ұзақ тұрды. Ол кісіні көруге келген адамдарда есеп болмады. Тіпті, Құлжадағы Кеңес консулдығының қызметкерлері де үйге арнайы келіп, амандасты. Осылармен бірге екі қазақстандық кісі келді. Екеуі де Үрімші түрмесінде жатыпты, бұлардың Гоминдан түрмесіне не үшін түскендерін білмеймін.
Маусым айынан бастап әкеммен бірге Шапқы жайлауына шықтық. Бірінші әйелінен туған Уәлихан ағайым да бізбен бірге барды. Әкемнің ортасы сондай тамаша, достары ала жаздай қасымызда жүрді, күндік жердегі ауылдарға қонаққа барамыз, елдің құрметіне мейлінше бөлендік. Әкеме туыстары есік пен төрдей жорға ат, маған ер-тоқымымен тай, ал анама жасаулы ат мінгізді. Қонаққа шақырған жерлерге осы аттарға мініп барып жүрдік.
Әкем Шапқы жайлауына жайғасқан соң өлеңдерін реттеуге кірісті. Сонда бір көрініске куә болғаным бар. Үрімжі абақтысында отырғанда жазған өлеңдерін тұтқындарға берілетін шала піскен жүгері нанның көкаяз қалдығынан «шарик» жасап, соның ортасына жасырып, қатырып, арнайы жасатқан ағаш сандығына мұқият сақтапты. Сол ағаш сандығының ішінен әлгіндей қатырылған «шариктердің» үйме-үймесі шықты. Оны балғамен шағып, ішінен шыққан өлеңдерді қағазға көшірді. Түрмеде жазған өлеңдері халыққа осындай жолмен де жетті.
Арада жылдар өткенде, нақты айтсам, 1951 жылы Үрімжіге көшіп барғанымызда, сол түрмеде кілтші болған Жұмахан деген ағамен кездесіп қалдық. Ол кісі: «Мені адам еткен ақын Таңжарық қой», – деп әкемнің өзінің намысын ояту үшін жазған жырларын жатқа айтып бергені бар.
Күз аяқталып, қыс мезгілі басталар тұста жаңа өкімет Құлжадан арнайы қызмет ұсынғанда: «Күнесімді сағындым, сол жаққа барайын, берсеңдер қызметті сол жақтан беріңдер», – деген әкемнің ұсынысын қабылдап, әкемді Күнестегі «Жер-cу» аталатын мекеменің басшысы етіп тағайындады. Осы қызметі туралы ел арасында тараған бір қалжыңға саятын сөзі бар. «Таңжарық, не жұмыс істеп жүрсің?» – деушілерге: «Құдайдан кейінгі жер-cу иесімін», – деп жауап береді екен.
Әкем сол кездері дәм-тұзының таусыларын Рымбек досына ептеп сездіргендей болған. Рымбек ақсақал сыбызғыда жақсы ойнаса керек. Бірде досының күйлерін тыңдап, туған жерінің төсіне басын қойып: «Рымбек, егер мен өлсем, қабірімнің басында отырып, жүрегімді жылытқан күйлеріңді тартшы», – деп өтініпті әкем. «Қайдағы өлім, не айтып тұрсың, өзің әлі жассың, аман-есен отбасыңмен қауышқаныңа қуан», – дегеніне: «Қалжыңдап тұрғаным жоқ», – деп бір ауыз сөзбен жауабын қайырыпты.
Рас, көп ұзамай әкем аяқ астынан тұмауратты да, кете барды, не болғанын түсінбестен артында біз зар илеп қала бердік…
Көңіл айтуға үйге Құлжадан үкімет делегациясы келді. Әкемді революция құрбаны деп танып, шығармалар жинағын бастыруды, Құлжадан ақынның атына көше есімін беруді, артында қалған балаларына үкімет тарапынан қаржылай стипендия төлеп тұруды жүзеге асыру мақсатында арнайы қаулы қабылдады.
«25 ЖЫЛ БОЙЫ
ӘКЕМНІҢ
ШЫҒАРМАЛАРЫН ОҚУҒА
ТЫЙЫМ САЛДЫ»
– Қабылданған қаулыдағы шаралар жүзеге асты ма?
– Қаулыда көрсетілген көмектің барлығы емес, бір-екеуінің ғана жүзеге асқаны бар. «Алғашқы жинақ» атты жыр жинағын шығарды. Уәлихан ағам екеуміз өкімет қаражатымен оқыдық.
– Қытайда Таңжарық ақынның шығармаларын оқуға тыйым салынған солақай саясаттың жүргізілгені айтылып қалады. Сізге немесе ақынның туыстарына оның салқыны тиді ме?
– Қытайдағы филология факультетін бітірген тұңғыш қазақ қызының бірімін. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң Шыңжаң университетінде оқытушы болып істедім. 1966 жылы «Мәдениет төңкерісі» басталып, төңкеріс он жылға созылды. Сол кезеңдерде жоғары оқу орындарында сабақтар тоқтатылды. Мұғалімдерге қара күйе жағылып, «қылмыскер» атандық. Атылғаны атылды, айдалғаны айдалды. Бойында ұлттық намысы мен өзіндік мақсаты бар қазақ студенттері жаппай оқудан шығарылып, қудаланды.
Сөйтіп, Қытайда 1958 жылы басталған Таңжарық ақынды қаралау, шығармаларын оқуға тыйым салу жаласы 25 жылға созылды. Кейбір белсенділер: «Әкең ұлтшыл, идеялық шекара жігін ажыратуың керек», – деп өзіме жөн-жосықсыз соқтығумен болды. Тіптен ақынның қызы екенімді атап көрсетіп, сол жоғары оқу орынның қабырға газетінде «мені әшкерелеумен» болды. Әкем 80-ші жылдың басында ғана ақталды.
Ақиқат қашанда өз биігінде қалады екен. Үкімет Таңжарық ақынның мұрасына оң қабақ танытып, 1985 жылы Шыңжаң университетінің арнайы нұсқауы шықты. Әкемнің өмірі мен шығармашылығына қатысты деректер жинастыру үшін Үрімжіден Құлжа қаласына, Күнес пен Бестөбеге арнайы іссапармен бардым. Бұл аймақтарда кезінде әкем қызмет атқарған. Әкемнің көзін көріп, жақын араласқан ақсақалдармен кеңірек сұхбаттасып, олар айтқан естеліктерді үнтаспаға жазып алдым. Сол жолы әкемнің 22 өлеңінің көшірмесін алып қайттым. «Халық» баспасында қызмет ететін жасы егделеу бір кісіге беріп (атын ұмытыппын), ол кісі «тапсырамын» деп еді, кейін еш дерегін біле алмадым. Өлеңдерінің келесі бір көшірмесін Шыңжаң университеті ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Зарифқа бергенмін. Осы өлеңдердің бәрі дерлік қолды болды ма – білмеймін, әйтеуір қайта өз қолыма тимеді.
Әкемнің 80, 90, 100 жылдықтарын атап өтсе де, ақынның ұлтжандылығын Қытайда ашық айта алмаймыз. Ал, Қазақстанда Елбасымыз «Таңжарық Жолдыұлы – қытай-қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы» деп жоғары бағалады. Еркіндік пен теңдікті жырына өмір бойы арқау еткен Таңжарық ақын өзі арман еткен тәуелсіз елімен қайта қауышқанына тәуба деймін.
1990 жылы Қытайдан атамекенге бір-жола қоныс аудардым. Балаларымның бәрі елге келген соң үйлі-баранды болды.
– Шара апа, тарих үшін мәні зор сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан: Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ
РЕДАКЦИЯДАН: 20 сәуір күні сағат 10:00-де Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Таңжарық Жолдыұлының туғанына 120 жыл толуына орай «Таңжарық Жолдыұлы: Шыңжаңдағы ұлттық ағарту мен жаңғыру қозғалысының тарихи маңызы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ал, оқырман назарына ұсынылып отырған жоғарыдағы сұхбат қайраткердің 105 жылдығына орай Шара Таңжарыққызынан 2008 жылы алынып, газетімізде жарияланған болатын. Өкінішке қарай, ақынның қызы былтыр 85 жасында өмірден озды.