Қазалы топырағының даңқты перзенті, жалынды жастар жетекшісі Ғани Мұратбаевтың дүниеден озған күніне орай Алматы қаласындағы Оқушылар сарайының жанындағы ескерткішінің алдында ағайын-туыс ұрпақтары бас қосты. Еске алу шарасы қайраткер рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Осы шараны ұйымдастырушылардың бірі белгілі журналист Қараша Қараманов Ғани Мұратбаевтың қысқа ғұмыры Қазақстан және Орта Азия жастары үшін өнегелі болғанын атап өтіп, жалындап өткен жас ғұмыр туралы естелік айтты.
Жанай және Қолдас есімді ақсақалдар көпшілікке баталарын берсе, Қашқынбай, Қуаныш, Құтмағамбет, Асқар есімді Ғани ұрпақтары өздерінің ыстық тілектерін білдірді.
Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері күйші Шәміл Әбілтаев Ғаниға арнаған күйін орындады. Ал, Мақсат Әлсейітов қайраткерге арнаған өлеңін жиналғандар алдында оқып берді:
Ғани аға – ол жалын еді,
Жылытатын мұздаған жүректерді.
Арайлап атқан таңым еді,
Қуып шыққан даламнан түнектерді.
Ол мейірімді еді,
Жетімдерді сипаған маңдайынан.
Үйіріліп тұрған иірім еді,
Ән болып тамып түскен таңдайымнан.
Ол – көктем еді тоңдарды жібіткен,
Мұздарды еріткен, орманды тірілткен.
23-ақ жылдық жас ғұмыр,
зуылдап өткен қыран боп,
Орнату керек өзіне ылайық тас тұғыр,
бүкіл қазақ боп.
Жиыннан Ғани ұрпақтары сағынышты қимастық сезіммен тарасты.
Айбол БИТУҒАНОВ, жоғары білімді ұстаз