Жаңаөзен жұмысшыларына қатысты әркім әртүрлі қауесет таратып жүр ғой. Мен де «бес тиынымды» қыстыра кетейін. Бірақ, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деген қарадүрсін жақтау мен даттау емес, журналист болғандықтан, нақты дерекке сүйене отырып жазғанды құп көремін.
Сонымен, бұл өлкенің жігіттері неге жиі бас көтере береді? «Ауру қалса да әдет қалмайды» дегендей, қит етсе, көшеге жинала кету – «ескі Қазақстанға» тән ескі тәсіл негізі. Ереуіл десе, елең етіп, айдалада отырып алып, олардың қолтығына су бүркіп қою оңай. Арасында өзің жүрмегеннен кейін қарапайым жұмысшыларды отқа айдап салып, біреудің тағдырымен өйтіп ойнауға болмайды. Көзі ашық, көкірегі ояу адам кез келген мәселенің астарына үңіліп, нақты не болып жатқанына мән бере алса керек. Мысалы, митинг арқылы міндетсініп, «сен бере бер, мен ала берейін» деген сияқты шектен шыққан артық талап қоюдың артында кімдер тұр? Шынымен де, ол қазір жұрт айта бастағандай, олигархтардың ойыны емес пе?!
Енді нақты дәлелдерге көшсем, жақында осы Жаңаөзенде мұнай компанияларының басшылары жергілікті әкімдікпен кездесіп, жұмыссыздық мәселесін талқылады. Сонда анықталғаны, 2019 жылдан бері 4 компания 4 мыңға жуық жергілікті азаматты жұмыспен қамтыған. Ал, сирек қолданыстағы мамандық бойынша онда қазір 146 адам қызмет етіп жүр.
Бүгінде Жаңаөзенде әлі де 9 996 адам жұмысқа орналасуға кезекте тұр десек, оның 415-і жеке кәсіпкер екен. Сондай-ақ, 4 333 адамның зейнетақы қорына аударымдары үздіксіз түсіп тұр. Тек шынымен «екі қолға бір күрек» іздеген 2 603 қана жұмыссыз бар.
«ӨзенМұнайГаз» АҚ басшысы Нұрдәулет Игілікұлының айтуынша, бұл компания жалпы 10 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыған. Бұдан артық адамды жұмыспен қамту компанияның экономикалық жағдайына кері әсерін тигізеді екен. Сол себепті, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов алдағы уақытта әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыссыз жандарға алгоритм аясында «ӨзенМұнайГазға» қарасты еншілес мекемелерге жұмысқа орналасуға ұсыныс жасап отыр. Демек, ол жерде мұнай саласы бойынша ешкім жұмыссыз қалмақ емес. Бірақ…
Иә, бірақ мұнайға малданып отыра береміз деген психологиядан арылған жөн. Ол туралы мен емес, таяуда Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтты.
«Батыста, әсіресе, Маңғыстауда жастар көбіне мұнайшы болғысы келеді. Бұл – дұрыс емес. Мұнай қоры таусылғанда аймақтағы ахуал тіпті күрделі болып кетуі мүмкін. Сондықтан жастардың басқа да кәсіптерді игеруіне жағдай жасауымыз керек. Бұл жұмысты арнайы жоспар бойынша атқару қажет. Мысалы, бүгінгі заманның өзекті саласы – ақпараттық технологиялар. Осындай технологияларды Маңғыстау облысын дамыту ісінде қолдануға болады. Жалпы, біз көзі ашық, білімді жастарды тәрбиелеуіміз керек. Өскелең ұрпақ келешекке сеніммен қарауы қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Дұрыс! Бұл ретте мен де арнайы білімсіз жоғары жалақыға ұмтылуды қазіргі заманға сай тірлік дей алмаймын. Ал, жергілікті бюджетке келсек, қалалық мәслихаттың «2023-2025 жылдарға арналған Жаңаөзен қаласының бюджеті туралы» 2022 жылғы 22 желтоқсандағы №27/206 шешіміне өзгерістер енгізіліп отыр. Сол бойынша облыстық бюджеттен трансферттер түсуінің арқасында қалалық бюджет 4 млрд 954 млн 806 мың теңгеге артатын болды. Бүгінде жалпы қала бюджеті – 17 млрд 138 млн 606 мың теңге. Бұған дейін ол 11 млрд 638 млн 218 мың теңге болған. Артында жеке мүддесі бар біреулер тұрмаса, бұл жұрт сол кезде неге ереуілдетпеді?
Салыстырмалы түрде алсақ, тозған Торғайдың жанында Жаңаөзен дегенің – халқы әжептәуір өмір сүріп жатқан өлке. Көшеге шығамыз десе, сол Торғайда да жалақысына үстеме қостырып алғысы келетін рухты пенде жоқ емес, бар. Бірақ, онда мұртын мұнайға малып, өмірін өндірістегі миллиардтармен қамтамасыз еткісі келетін тасадағы топты қызықтыратындай ештеңе жоқ. Сондықтан да, жаңаөзендіктер өз еркімен өзеуреп жүр дегенге сене алмаймын.
Иә, Жаңаөзеннің тәуелсіз Қазақстан демократиясының бастауы екенін мен де жаздым. Бұрынғы шын ашынып шыққан жұмысшылардың ұйымшылдығына тәнті болып. Бірақ, «ойбай, жаңаөзендіктер шығады» деген сайын соны әдетке айналдырып, билікті кез келген уақытта ереуілдің ентігімен қорқытып-үркітіп аламыз деп ойлау – өз қадіріңді өзіңнің қашыруың ғой. «Мешкей деген жақсы ат емес» дегендей, ымырасыз құр айқайдан халық та жалығады.
Еркеғали БЕЙСЕНОВ