Беназир Бхуттоның бар жазығы әйел болғаны ма?

0
2142
Пәкістанның 1988-1990 және 1993-1996 жылдардағы премьер-министрі Беназир Бхутто – үкімет басқарған тұңғыш мұсылман әйел

Қазір 238 млн халық тұратын Пәкістанның үкіметін Беназир Бхутто екі мәрте басқарды. Ол – Пәкістанның 1988-1990 жылдардағы 14-ші және 1993-1996 жылдардағы 17-ші премьер-министрі. Беназир Бхуттоның туғанына 70 жыл толуына орай ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін үкімет басқарған тұңғыш мұсылман қызының саясаттағы жолына тоқталады.

ЭКС-ПРЕЗИДЕНТТІҢ
ҚЫЗЫ БИЛІК
БАСЫНА ҚАЛАЙ КЕЛДІ?

Пәкістан – Оңтүстік Азияның ең мазасыз аймағында орналасқан мемлекет. Ұзақ жылдар билік тұтқасы әскери-генералдардың қолында болып келді. 1990 жылы 6 тамызда президент Ғұлам Исхақ Хан Ұлттық ассамблеяны (парламенттің төменгі палатасы) таратып, үкіметті отставкаға жіберді. Беназир Бхутто кабинетіне жемқорлық пен непотизмге жол беру, конституция мен заңнаманы бұзу, провинциялардың құқықтарына қол сұғу, билік пен ресурстарды саяси мақсат пен жеке пайда үшін пайдалану, біліксіздік, сенатқа (парламенттің жоғарғы палатасы) деген құрметке нұқсан келтіру сияқты ауыр айыптар тағылды.

Әрине, Беназир Бхутто басқарған үкімет бар болғаны 1,5 жыл ішінде белшеден былыққа батқанына сену қиын. Сондықтан орын алған оқиғалардың мәнін жақсырақ түсіну үшін елдегі әскери мен саяси күштердің де рөлін ұмытпау керек. Мемлекеттік істерді тікелей бақылаудан бас тартқан әскерилер оларға үлкен ықпалын сақтап қалғаны жасырын емес. Армия билеуші партия мен оңшыл оппозициялық блок – Ислам демократиялық альянс арасында тұрақсыз тепе-теңдікті сақтап қалды. Ал, осы тепе-теңдікті сақтап келген Беназир Бхутто кім еді? Енді осы сұраққа жауап беріп көрелік.

Беназир Бхутто 1953 жылы Карачи қаласында Пәкістанның 4-ші президенті, 10-шы премьер-министрі Зұлфықар Әли Бхуттоның отбасында дүниеге келген. Карачидегі ауқатты отбасылардың балалары сияқты Беназир да монастырьдегі христиан миссионерлік мектебіне оқуға барған. Дегенмен, анасы Нусрат қызы Беназирдің өз дінінен алшақтап кетпеуіне қатты мән берген. Мысалы, қызына орамал тағумен бірге, қыз-келіншектердің денесін басынан аяғына дейін жабатын чадраны киюді де үйреткен. Алайда, әкесі мұны құптамаған. «Қызым бойжеткен соң бет-әлпетін аша ма, жоқ па, оны өзі шешеді. Ислам әйелге өз өмірін өз қалауы бойынша сүруге құқық береді», – деген. Әкесінің осы ұстанымынан кейін Беназир чадраны ешқашан кимеген.

Осылайша, әке қызын еркін өсіреді. Бетінен қақпайды. Әрине, бұл еркектер әйелдерді өзінен төмен санайтын қоғам үшін жат дүние еді. Ал, Сыртқы істер министрі қызметін атқарған кезінде кішкентай Беназирді шетелдік саясаткерлермен таныстыра бастаған. Олардың қатарында Чжоу Эньлай, Генри Киссинджер, Джордж Буш сияқты әлемдік деңгейдегі саясаткерлер де болған.

Беназир АҚШ-тағы Гарвард университетінің Редклифф колледжіне оқуға түседі. Оны Гарвардқа әкелген анасы жатақхана бөлмесін қарап шыққан соң, қызының қай бағытқа қарап намаз оқу керектігін айтқан. Меккенің қайда екенін көрсетіп, ұлттық киім киіп жүруді ескерткен.

Болашақ премьер Ұлыбританияның атақты Оксфорд университетінде гуманитарлық ғылымдар бойынша оқиды. Сол кезде саяси мансапқа бет бұра бастайды. Оксфорд одағының пікірсайыс қоғамының президенті лауазымына сайлануы оның жас кезінде-ақ шешендік өнерге бейім болғанын байқатады.

Осы бір қысталаң кезде Пәкістанда жан түршігерлік оқиғалар орын алады. Елдің шығыс бөлігінде екінші сортты азаматтардың позициясында қалған бенгалдықтар тең құқықты талап етіп, бүлік шығарады. Сол тұста билікті бір қолына шоғырландырған генерал Аға Мұхаммед Яхия Хан Пәкістанның шығысын мекендеген бенгалдарды темір жұдырықпен басуға бел буады. Сөйтіп, президенттің бұл әрекеті 1971 жылдың қысында Пәкістан мен Үндістан арасындағы соғыстың басталуына түрткі болады.

Сол тұста Сыртқы істер министрі қызметін атқарған Зұлфықар Әли Бхутто БҰҰ арқылы Шығыс Бенгалияның Пәкістаннан бөлінуіне жол бермеуге барын салады. Содан ол қызы Беназирді Англиядан алдыртып, Қауіпсіздік кеңесі сапарында Пәкістан делегациясының хатшысы етіп тағайындайды.

Зұлфықар Әли Бхутто Қытай, АҚШ, КСРО және Қауіпсіздік кеңесінің басқа да тұрақты мүшелерімен келіссөздер жүргізеді. Сол кезде ол: «Егер мен Кеңес өкіметімен сөйлесіп жатсам, әңгімелерімді үзіп тастап, байланыс тұтқасында Қытай делегациясы тұрғанын ескертесің. Ал, мен америкалықтармен келіссөз жүргізсем, байланыста орыстар немесе үндістер күтіп тұрғанын айтарсың. Дипломатияның негізгі заңдарының бірі – күмән туғызу, ешқашан үстелде картаны ашып ұстамау», – деп қызына саясаттың қитұрқы әрекеттерін үйретеді.

Бір айта кетерлігі, Зұлфықар Әли Бхуттоның дипломатиясынан түк шықпайды. Келіссөздер Пәкістанның пайдасына шешілмейді. Оның үстіне соғыста Пәкістан Үндістаннан жеңіледі. Содан 1971 жылы 16 желтоқсанда Бангладеш Пәкістаннан азаттығын алады. Дегенмен, Зұлфықар Әли Бхуттоның халық арасында беделі артады. Ал, Яхия Хан режимі құлағаннан кейін ол Пәкістанның президенті, кейін премьер-министрі атанады.

Сөйтіп, әкесі билік басында тұрғанда шетел көрген, жетекші университетте білім алған Беназир Бхутто саясатқа араласа бастайды. Дегенмен, генерал Мұхаммед Зия-ул-Хақ әскери төңкеріс жасап, билікті басып алады. Ол Зұлфықар Әли Бхуттоны тақтан тайдырады. Оны және қызын қамауға алып, түрмеге тоғытады. 1979 жылы әкесі өлім жазасына кесіледі. Әкесінің өлімі оны саясаткер болуға мәжбүрлейді.

1979-1984 жылдары үй қамақта отырған Беназир Бхутто тағы екі жыл Ұлыбританияда саяси қуғында жүреді. Ал, отбасын ойран еткен Мұхаммед Зия-ул-Хақ әуе апатынан қайтыс болғаннан кейін Отанына оралады. 1986 жылы әкесі құрған Пәкістанның халық партиясын басқарды.

«ҚАТЫН
БАСТАҒАН КӨШ
ОҢБАЙ» МА?

1988 жылы 16 қарашада алғашқы еркін парламенттік сайлауда оның партиясы жеңіске жетіп, партия 207 мандаттың 94-ін алды. Осылайша, партия жетекшісі ретінде Беназир Бхутто ислам әлемінен шыққан тұңғыш әйел премьер-министр атанды. Бір мезетте Қорғаныс министрі, Қаржы министрі қызметтерін қоса атқарды.

Иә, жауапкершілік жүгі ауыр қызметі Беназир Бхуттоны күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Елде жағдай күрделі еді. Этникалық толқулар жаппай қанды қақтығыстарға ұласқан Синдтегі жағдай тым ушығып кеткенде, үкімет жағдайды тұрақтандыруға шамасы келмей, армияны елдің осы бөлігінде заңдылық пен тәртіпті қалпына келтіруге шақырды. Бірақ, әскери басшылық басқару өкілеттіктерін талап етті. Бұл Беназир Бхутто келісе алмайтын провинцияларда соғыс жағдайын енгізуге шақырған белгі саналды.

Үндістан мен Пәкістан арасындағы даулы аймақ Кашмир мәселесі үкімет мүшелері мен әскерилер арасындағы өткір келіспеушіліктердің тақырыбына айналды. Беназир Бхуттоның Үндістанмен осы мәселе бойынша келіспеушіліктерді реттеу әрекеттері ислам фундаменталистері мен әскерилер тарапынан қарсылыққа ұшырап жатты. Дәл осы тұста исламның жасыл туын желбіреткен дәстүршіл-консервативтік саясаткерлердің де белсенділігі күрт артты. Олар генерал Зия-ул-Хақ кезінде елдегі ең жоғарғы заң ретінде жариялаған мұсылмандық канондардың кодексі (шариғат) заң жобасын сенат арқылы өткізуге қол жеткізді. Төменгі палатада көпшілік дауысқа ие болған исламдануға тиімді кедергілер де болды. Осының барлығы Беназир Бхуттоны конституциялық төңкеріспен пара-пар қадамға баруға итермеледі.

Бір айта кетерлігі, билік басына Беназир Бхуттоның келуімен әйелдердің тұрмысы түзеле бастады. Үкіметтегі орынның төрттен біріне әйелдер жайғасты. Сол тұста мұндай жағдай Азия елдерінде мүлдем кездеспейтін еді. Жаңа кабинет әлеуметтік, саяси реформаларды жүзеге асыруда біраз табысқа да жетті. Үкімет басшысы әскери диктатурамен жойылған кәсіподақ құқықтарын қалпына келтірді, студенттік одақтардың, үкіметтік емес ұйымдардың, соның ішінде әйел құқықтарын қорғайтын орталықтардың қызметіне шектеулерді жойды, сөз бостандығына еркіндік берді, оппозиция жұмысына кедергі келтірмеді. Дегенмен, «қатын бастаған көш оңбайды» дейтін қоғамда Беназир Бхуттоның алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік берілмеді. Жоғарыда жазғанымыздай, ауыр айыптар арқалатып, үкіметті отставкаға жіберді.

Алғаш 35 жасында билік басына келген Беназир Бхутто «қатын бастаған көш оңбайды» деген стереотипті жойғысы келді. Содан оның партиясы кезекті парламент сайлауына қатысуға шешім қабылдады. Дегенмен, «әйел баласының орны – отбасында, ошақ қасында» деп санайтын діндарлар сайлау қарсаңында онымен ашық соғысты. Қырық молда бас қосып, билікті әйелге сеніп тапсырған елдің гүлдене алмайтынын, мұндай жағдайда батыс мәдениетінің іріп-шіріген шұңқырына түсу қаупі барын ескертіп, пәтуа шығарды. Беназирдің АҚШ пен Англияда оқып жүрген кезінде шалбар киіп, жат өмір салтына қосылғаны туралы айтылды. Соған қарамастан Беназир Бхуттоның партиясы 1993 жылғы парламент сайлауына қатысып, саяси додада жеңіске жетті. Ал, ол екінші рет үкімет тізгінін қолына ұстады.

БХУТТО ҮКІМЕТІ
НЕГЕ ОТСТАВКАҒА КЕТУГЕ
МӘЖБҮР БОЛДЫ?

Билік тізгінін қайта ұстаған Беназир Бхутто елде бірқатар ауқымды реформаларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, мұнай кен орындарын мемлекет меншігіне қайтарды, бюджет қаржысын әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға бағыттады. Ол қабылдаған реформалардың нәтижесінде білім беру мен денсаулық сақтау саласының шығындары артты. Білім мен медицина тегін болды. Халық арасындағы сауатсыздық үштен бірге төмендеді. Ауылдарға жарық пен ауыз су берілді. Сыртқы инвестициялардың көлемі бірнеше есе өсті. Содан Пәкістан экономикалық даму қарқыны бойынша Үндістанның алдына шықты. Дегенмен, әйел еркектен бір саты төмен тұратынын алға тартатын қоғамда Беназир Бхуттоның қарсыластары іште де, сыртта да аз болмады. Әсіресе, ислам әлеміндегі тұңғыш әйел-премьердің билік басында болуы діни фанатизмге шалдыққандарға маза бермеді. 1995 жылдың қыркүйегінде бір топ пәкістандық консервативті офицерлер Беназир Бхуттоға қастандық жасамақ болды. Бірақ, олардың арам пиғылы іске аспады, олар қамауға алынды.

Беназир Бхутто сыртқы саясатта да жетістікке жетті. Батыстың да, шығыстың да тілін тапты. 1996 жылы «Жылдың ең танымал халықаралық саясаткері» ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінің Құрметті докторы, Францияның Құрметті легион орденінің иегері атанды.

Сыртқы саясат мәселесінде Пәкістанның көпвекторлы бағыт ұстанатынын жер-жаһанға жария еткен Беназир Бхутто әлемдік аренада барынша тәуелсіз болуға тырысты. Мысалы, ол түрлі қарсылыққа қарамастан ядролық қару бағдарламасын қаржыландыруды жалғастырды, Ауғанстанның «Талибан» қозғалысының көмегімен есірткі саудасын тоқтатты. Тіпті, Ресеймен ынтымақтастық орнатып, Ауғанстандағы соғыстан бері тұтқында болған орыс сарбаздарын босатуға көмектесті.

Өкінішке қарай, медальдің екі беті болатыны сияқты үкімет басшысының жолы да тақтайдай тегіс болмады. Бхутто билігі тұсында жемқорлық бұрынғыдан да кең өріс алды. Атап айтқанда, оның күйеуі Азиф Әли Зардари тағы да пара алды деген күдікке ілінді. Бұл істі мұқият тергеуді талап еткен Бхуттоның ағасы Карачиде өлім құшты. Оның өліміне Беназир Бхуттоның өзі мен күйеуі айыпталды.

Отбасындағы кикілжіңді премьер-министрдің қарсыластары ұтымды пайдаланды. Осылайша, халық арасында Беназир Бхуттоның танымалдығы төмендеп, ислам фундаменталистерінің ықпалы күшейе түсті. Сондықтан 1996 жылы оның үкіметі Ауғанстандағы «Талибан» режимін мойындауға мәжбүр болды. Дегенмен, сол жылдың соңында оның үкіметі отставкаға кетті.

«Әл-Каида» террористік ұйымының негізін қалаған Усама бен Ладен де Беназир Бхуттоны жек көретін. Содан көзі тірісінде әлемдегі «нөмірі бірінші террорист» атанған Усама бен Ладен «Пәкістанның қара раушан гүлінің» (Бхутто билікке екінші рет келгенде журналистер осылай атаған) басына 10 млн доллар сыйақы жариялады.

«ҚАРА
РАУШАН ГҮЛДІҢ»
ТҮБІНЕ
КІМ ЖЕТТІ?

1997 жылғы сайлауда Бхутто басқаратын Пәкістанның халық партиясы 217 мандаттың 17-сін ғана алып, жеңіліске ұшырады. 1998 жылдың басында Бхуттоға, оның күйеуі мен анасына жемқорлық туралы ресми айып тағылды. Олардың британдық, швейцарлық банктердегі есепшоттары бұғатталды. 1999 жылдың аяғында Первез Мушарраф бастаған әскерилердің билікке келуімен Бхуттоның басына қара бұлт үйірілді.

Бхуттоға «қаржы алаяқтығын жасады және кісі өлтіруді ұйымдастырды» деген айып тағылды. Содан «Пәкістанның қара раушан гүлі» елден кетуге мәжбүр болды. Бұрынғы премьер үш баласымен Дубайдан пана тапты. Пара алғаны жөнінде айыпталған оның күйеуі бес жылдан астам уақыт түрмеде отырды. Күйеуі 2004 жылы бостандыққа шыққаннан кейін отбасына оралды. Олар біраз уақыт Лондонда да тұрды. Ал, 2001 жылы Пәкістанда бір адамға премьер-министр қызметін екі реттен артық атқаруға тыйым салатын конституциялық түзету қабылданды. Оны көпшілік демократиялық сайлау болған жағдайда, Мушаррафтың Бхуттодан жеңіліп қалуынан қорғану әрекеті ретінде қабылдады.

Сол жылы Пәкістанның Жоғарғы соты Бхуттоға жаңа айыптар тағайындады. Бхутто сотқа келмегені үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл үкім оның 2002 жылғы парламент сайлауына кандидат ретінде тіркелуіне тосқауыл болды.

Тірі адам тіршілігін жасайды. Бхутто көп уақытын Лондон мен Дубайда өткізді. Әлемнің кейбір елдерінде дәрістер оқыды және Пәкістан халық партиясының басшылығымен байланысын үзбеді.

2007 жылдың қаңтарында Абу-Дабиде Беназир Бхутто мен Первез Мушарраф бетпе-бет кездесті. Артынан Пәкістан президенті жемқорлық бойынша істі болған Бхуттоға және басқа оппозиция өкілдеріне рақымшылық жариялау туралы жарлыққа қол қойды.

Сол жылдың 18 қазанында Беназир Бхутто 8 жылдан кейін Отанына оралды. Оны жақтастары қарсы алу кезінде екі жарылыс болды. Одан Беназирдің өзі аман қалды. Өкінішке қарай, 130-дан астам адам қаза тауып, 500-ге жуық адам жараланды. Терактіні ешкім мойнына алмады. Дегенмен, қастандықты не Зия-ул-Хақтың радикалды ізбасарлары, не «Әл-Каида» мен «Талибан» жасағаны анық еді. Соңғылары терактінің алдында «Бхутто Пәкістан жеріне аяқ басқаннан кейін бірнеше рет ауқымды шабуылдар жасаймыз» деп қорқытқан болатын.

Елдегі парламенттік сайлау 2008 жылдың қаңтарына жоспарланды. Одан Беназир өзінің жеңіске жететініне сенді. Жоғарыда жазғанымыздай, қолданыстағы заң бойынша ол премьер-министр лауазымын атқара алмайтын еді. Алайда, оның алдында Бхуттомен келіссөз жүргізген Мушарраф бұл заңның күшін жоятынын сарапшылар айтып жатты. Оның үстіне Бхуттоның кандидатурасын АҚШ та қолдады. Бірақ, Мушаррафтың Бхуттоның қайта билікке келуіне қарсы болғаны оның әрекеттерінен байқалды.

Бірінші қастандықтан екі ай өткен соң, 27 желтоқсанда Бхутто Равалпинди қаласындағы жаңа террористік актінің құрбаны болды. Онда ол өзінің жақтастарының алдында сөз сөйлеп болғаннан кейін бір жанкешті Бхуттоның мойнына және кеудесіне оқ атып, жарылғыш құрылғыны іске қосты. Ауыр жарақат алған Бхутто ауруханаға жеткізілді. Дегенмен, ақ халатты абзал жандар оның өмірін ажалдан арашалап қала алмады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

54 жасында қастандықпен өлтірілген Беназир Бхуттоның бір фильмге жүк болардай қилы тағдыры өмірдің шарықтау мен құлдыраудан, жеңіс пен жеңілістен тұратынын тағы бір дәлелдей түсті. Оның жақтастары да, қарсыластары да көп болды. Саясатта жеткен жетістіктері де, жіберген кемшіліктері де аз емес. Халық бірде мақтады, бірде даттады. Бір анығы, Беназир Бхуттоның үкімет басқарған тұңғыш мұсылман әйел екенін тарихтан ешкім сызып тастай алмайды.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here