Қазақтың дарынды ұлы Сәкен Сейфуллин жары Гүлбаһрамнан екі перзент көрген: қызы Лаура 1931 жылы дүниеге келсе, ұлы Аян 1936 жылы туған. Әке қызын еркелетіп «Дәрідана» деп атапты. Арыстың осы екі баласы да шетінеп кеткен. Мұның бәрі де ақтауға болмайтын репрессияның кесірі екені айтпаса да түсінікті.
«АЯН ДҮНИЕГЕ
КЕЛГЕНДЕ
СӘКЕН МҮЛДЕМ БАЛАЖАН
БОЛЫП КЕТТІ»
Қазақ зиялыларының ішінде фотосуреті ең көп сақталғаны – осы Сәкен Сейфуллин. Алматының шуақты жазының бір күнінде досы Қаскей Өтекинмен түскен суретінде оның жүзінде күлкі бар еді. Заманы бір, сыры ортақ доспен ашыла, ақтарыла әңгімелескені анық. Әзілге орын беріп, қалжыңмен қағысқаны да білінбей тұрмайды. Бұл 1937 жылдың жазы болатын.
«Аян дүниеге келгенде Сәкен мүлдем балажан болып кетті», – дейді ақынның жары Гүлбаһрам Сейфуллина.
Тоқтасқанда, қырықтың үстіне шыққанда көп зарығып жүріп көрген жалғыз ұлы ғой. Сәкен «Біздің тұрмыс» деген кітап жазғанда соның кейіпкерін «Аян» деп атаған. Аян, Ардақ оның жақсы көретін аттары еді. Алайда, Сәкеннің ұлының есімін Мұхтар Әуезов қойыпты.
Сәкеннің отбасына қатысты фотосуреттерде жары Гүлбаһрамның Аянды еркелетіп ойнатып отырғанда түсірілген екі суреті сақталған. Және бір суретте Аянның өзі жеке түсірілген екен.
Қылығы тәтті, түрі сүйкімді кішкентай Аянның бір жасқа толу күніне ерлі-зайыпты екеу қатты дайындалады. Бұл көптен күткен қуаныш екені белгілі. Олар той қамына кірісіп, қонақтарды жақсылап күтіп алу үшін базарға арнайы барып, ақ дастарқан сатып алады. Өкініштісі сол, әлгі ақ дастарқан қуанышқа жайылмайды. Сол күндері «қуанышыма достарым келеді» деп күтіп жүрген Сәкенді НКВД жендеттері тұтқынға алады.
«БҰЛ КЕЗДЕСУ
СӘКЕНДІ СОҢҒЫ КӨРУІМ
ЕКЕН ҒОЙ…»
Сонымен, 1937 жылдың қыркүйегінде Сәкен нақақтан-нақақ «халық жауы» атанып қамалады. Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы музей қызметкерлерінің баяндауынша, Гүлбаһрам Сәкенді соңғы рет 1938 жылы 8 ақпанда көреді: «Кірсем, кірпігі көзіне жабысып, өңі құп-қу Сәкенім отыр. Нарттай беті қарайып кеткен. Жағы суалған. Қайратты қара шашын сыпырып тастаған. Шашы 4-5 айда ағарып кеткені көрініп тұр. Көз жанары сөнген. Өң жоқ. Екі ұрты ішіне кіріп кеткен. Тістері қаусап қалған болу керек. Алдымда отырған бір аруақ секілді. Бұл кездесу Сәкенді соңғы көруім екен ғой. Тіпті, ештеңе де дұрыстап сөйлесе алмадық. «Орысша сөйлесіңдер» деп жан алып тұрғанда не айтып, не қоярсың?! Сөздің бір ретінде «Аянды неге сұрамайсың?» дегенімде, ұйқыдан шошып оянған адамдай:
– Ол тірі ме еді? – деп қарсы сауал қойды.
– Қой, қайдағыны айтпа, асыр салып ойнап жүр, мұнда жібермейді екен, үйде қалды. Ондай жамандықты қайдан естіп жүрсің?! Аман, қам жеме, өзіңнің ақталып шығуыңды күтеміз, – дедім.
– Әрине, солай ғой. Бір жаман түс көріп едім, тілім де, түсім де қара тасқа! – деп бір түкірді. Дауысы бұрынғыдай ашық естілмей, кетік тістен шыққандай ысыл араласып тұрды. «Адалмын, тазамын, ақталамын» деп анау естісін деп құшырлана айтты».
8 ақпанда кездесіп, мұңын айтып, қос мұңлық бақұлдасқандай болған соң, сталиндік репрессия 25 ақпанда аймаңдай арыс ұл Сәкеннің тағдырын жалғыз оққа байлап береді. Гүлбаһрамды «халық жауының әйелі» деп көрсетіп, Ақмолаға жер аударады. Сондағы жол бойы көрген азап, шеккен мехнатты жан баласы түгілі, жауына да тілемегендей екен.
«СҮЙЕНГЕН
ЖАЛҒЫЗ ҰЛЫМ ҚОЛЫМДА
ӨЛІП БАРАДЫ»
«Аянжаным ауырды. Тоқтамай іші өте бастады. Не дәрі-дәрмек жоқ. Наннан өзге тамақ та жоқ. Прәнік, бірдеңе берген болам. Татпайды. Сонша халықтың ішінде баламның іші өткені-ақ қиын болды. Аянымның күйген денесі өз денемді де күйдіріп барады», – дейді Гүлбаһрам Сейфуллина қуғын көріп, талай мәрте жазықсыз сотталған жазушы Жайық Бектұровқа берген естелігінде (Енеден ерте айырылған төл секілді. – Қазақстан, 2003. – 83 б.).
Жол үстіндегі пойыздың ішінде ауырған баланы қалай жұбатарын білмеген ананың мүшкіл халін елестетіп көріңіз. Шыбын жаны шырқырап кеткен ғазиз әйел жаны баласы үшін шығып кетердей.
«Бәрін де тәрк еттім. Жаны ашитын, ауызға су тамызатын ешкім жоқ. Өзім болсам, жер ауып барам. Білегім талса да, сүйенген жалғыз ұлым міне өліп барады. Дем салып, үшкіріп, түшкіретін де, кәлимаға тіл келтіретін де ешкім жоқ. Өмірімде бар көрген қос перзентімнің бірі, бар сүйенген қанат-құйрығым Аянжаным біржола көзін жұмуға таяу» (86 б.).
Сәкеннің «Азап вагонында» көргені бұл отбасына қайта айналып соқты.
Бір жарым жастан енді ғана асқан сәби жүрек өмір үшін арпалысып-ақ бағады. Алайда, пәк денеге бір жамалған ауру асқынып, оған басқа да дерттер қосыла бастайды. «Сәкеннің артта қалған шиеттей жалғыз тұяғы, көзінің қарашығы соның қырсығынан ұзақ жол қиындығына шыдамай, ішінен қан өтіп, дизентерия болып, екі көзі жаудырап, білегімді талдырып, жүрегімді жандырып, бойымды алдырып, өкпемді қабындырып, суалғыз екі көзімнен қанды жасымды ағызып, қолымда шөптей солып өліп барады» (87 б.).
«Мынадай жағдайды көзбен көріп, қолмен ұстағанша өліп неге кетпедім?» деген ананың зар-мұңы екі көзден қанды ірің ағызғандай. Аянның шерлі тағдырының ең ақырғы сәтінде өзінің де әл-дәрмені құрып, әбден әлсіреп біткенінде Гүлбаһрам ана: «Өзімізге таудай азамат болып көрініп қалған, секіріп аттай шауып жүрген Аянымның өлі денесін құшақтап, буынымнан әл кетіп түстім», – дейді.
Кейін межелі жерге жетіп, Сәкенді де азаптаған қарғыс атқыр пойыз вагонынан түскен Гүлбаһрам таныс адамының үйіне түседі де:
– Әни, қазір үйге кірмеймін. Маған еріп зират жаққа жүріңізші. Қолымда балам. Жаңа пойызда өлді. Темір күрегіңіз бар ма? Алып жүріңізші. Бірер метр ақ кездемеңіз бар ма? Бір шәйнек су алыңызшы. Баланы көмейік, аятын оқыңыз, – деп сыртқы басқышқа ботадай боздап отыра кетеді.
Одан кейін қос қолының қары талып, саусағы қарысып қалған Гүлбаһрамның аузына әнидің сусын тамызып сасқалақтап қалғанын, қала сыртындағы зиратқа ұрланып барып, ұрлыққа түскен кісілердей көр қазғанын, балғын денені шәйнек сумен жуып, орап, арулап қара жерге тапсырғанын, қол жайып құран оқып, үнсіз егіле жылағанын оқығанда заманның сұрқайлығына, шектен тыс қатыгездігіне қарғыс жаудырғың келеді.
Бұл 1938 жылдың 18 тамызы еді. Аянның бар ғұмыры 1 жыл 9 аймен шектелді.
Гүлбаһрам және әлгі айтылған шапағатшыл әнидің көмегімен мұсылмандар зиратына жерленген кішкентай «мына өмірден хабарсыз жаңа туған» Аянның басына Қуат Есімханов бастаған азаматтар белгі тас қойды. Ақын Несіпбек Айтұлының «…Үзілген бір қауырсын жатыр мұнда/ Сәкендей ақ сұңқардың қанатынан» деген өлең жолы мәңгілікке қашап жазылды. Осы жазылған мақаламыздың бар мазмұнын төрт шумаққа сыйғызған ақын жыры мынадай:
«…Еске алып басқан күнді қара тұман,
Ескерткіш тас тұрғыздық ел атынан.
Үзілген бір қауырсын жатыр мұнда
Сәкендей ақ сұңқардың қанатынан.
Айдауда бара жатып аяулы ана,
Көз жұмған құшағында Аян бала.
Көргендер іштен тынып күрсініпті
Көмегі амалсыздың – аяу ғана.
Қатыгез қай заманда жендет деген,
Сәбиін өз қолынан жерлетпеген…
Жанары жасқа толып Гүлбаһрамның
Өлгенше көкірегінен зар кетпеген.
Сәкендер қызыл қанды кешіп өлді,
Аламыз кімнен оның өшін енді?
Сұмдықтың халық көрген бір куәсі –
Аянға орнатылған осы белгі…»
Заңғар КӘРІМХАН