Қарт құрлықтағы аштық әбжыланы

0
5083
Дублин қаласының (Ирландия) орталығындағы 1845-1849 жылдардағы Ұлы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш

Жалпы, аштық бір аймаққа немесе белгілі бір елдерге ғана тән емес, оның барлық ұлтқа өз ауыртпалығын салғанына тарлан тарих куә. Аштық қарт құрлықты да жайпап өтті. Еуропадағы барлық аштық салдары ақсүйек ағылшын қоғамының әу бастағы жоспары болатын. Ұлыбритания ешуақытта өздерін еуропалық қауымдастыққа жатқызбаған. Іштей бүгіп келген бұл сырын олар үш жыл бұрын Еуропалық Одақтан шыққан кезде тағы бір дәлелдей түсті. Алайда, ағылшындар құрлық қоймасының кілтін де, қазанының қақпағын да ұстап бақты. Сондықтан орайы келгенде қолдан аштық ұйымдастырып отыруға бейіл болғанын тарих растайды.

ОТАРШЫЛ
ЕЛДІҢ
ОЗБЫР САЯСАТЫ

Еуропа, Азия мен Африка елдері орта ғасырлық билікті құлатқаннан кейін бірден Лондонда «Отарлау министрлігі» құрылып, ол барлық артта қалған елдердің астығы мен өмір сүру салтына иелік етті. Ол үшін дербес доктрина қабылдап, алдымен ислам дінін жоюды қолға алды. Ағылшындар мұсылман мемлекеттерінде өз тәртібін орнату үшін алдымен Үндістанда, Османлы елі мен Белужистанда зорлық-зомбылық саясатын жүргізіп, мемлекеттік қызметкерлерді алдап-арбауға көшті. Ол үшін нәті мұсылман Хемпер дегенді тыңшылыққа тартты.

«Ұлыбритания – біздің туымыз, ол – ұлан-байтақ. Күн еліміздің құрамындағы Шығыс теңіздерінің үстінен көтеріліп, тағы бізге тәуелді Батыс теңіздерінің үстінен батады. Мемлекетіміз әзірге Үндістан, Қытай және Таяу Шығыс колонияларында аздап әлсіздеу болып тұр. Бұл елдер толығымен біздің қарамағымызда емес. Бірақ, бұл жерлерде өз үстемдігіміздегі орнату үшін белсенді саясат жүргізудеміз. Атқарылған қыруар еңбектердің нәтижесінде жуық арада барлығы қол астымызға өтпек. Бұл жерде төрт нәрсеге қатты мән беруіміз керек. Біріншіден, отарлап алған жерлерден айырылып қалмау. Екіншіден, басқа жерлерде отарлау саясатын жүргізу. Үшіншіден, басып алған жерлерде сепаратистік әрекеттер ұйымдастыру. Төртіншіден, жұқпалы аурулар таратып, сауатсыздық, жоқшылық пен ашаршылық саясатын қолға алу. Бізді аса мазалайтын ислам мемлекеттері. Әсіресе, «ауру адаммен» (Еуропа Түркияны осылай атады) келісімге келгендей болдық. Бұл «ауру адам» бір ғасыр аралығында жан тапсырады. Иран елімен де құпия жасырын келісім жүргіздік. Осы екі мемлекеттің ел басқару қызметтеріне біздің тәрбиемізді көрген, масон болған адамдарды отырғыздық», – деген екен сол сатқын.

Міне, ең ірі екі ислам мемлекеті мен Үндістанда аштықты осылай ұйымдастыру жоспарланған. Бірақ, ағылшындардың бұл айласы толыққанды жүзеге аспай қалды.

ӨНЕРКӘСІП
РЕВОЛЮЦИЯСЫ ЖӘНЕ
ЛЮМПЕНДЕРГЕ
АЙНАЛҒАН ШАРУАЛАР

Атақты француз тарихшысы Жак Ле Гофф: «Орта ғасырдағы Батыс – бұл алдымен аштық әлемі», – депті. Бұл – Батыс елдері өмірінің ажырамас бөлігі және оның салдары кейінірек болатынын көрсетеді. Әйтсе де, заттардың табиғи тәртібінің бұзылуы ретіндегі аштық алапаты XVIII ғасырдың аяғынан қабылдана бастады. Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстардан туындаған катаклизмдер оны қайтадан қалыпты жағдайға айналдырды. Әрине, аштық салдары әлемнің барлық бөлігін азаптап, жаныштап кетті.

Әлемде аштық жайламаған ел жоқ. Әдетте, мұндайда біз тек Батыстың тарихына жүгінеміз. Себебі, ол бостандық, демократия, гуманизм, адамға деген құрмет сияқты құндылықтардың басымдығы тұрғысынан әрқашан үлгі болып келді.

ХІХ ғасырдың соңында жарық көрген Брокгауз бен Ефронның энциклопедиялық сөздігінің тарихи-деректік зерттеулерінің нәтижелеріне сүйенсек, XI-XVI ғасырдан бастап, әр ғасырға 8 аштықтан келген. Уақыт өте келе аштық жылдарының саны артып отырған: XVIII ғасырда – 34, XIX ғасырда, яғни 1854 жылға дейін 35 рет аштық алапаты орын алған.

Осы көрсетілген кезеңнен бастап адамзат бірдей қарқынмен жүрмесе де, даму жолында дәйекті түрде жүріп отырған. Алайда, аштықпен күресте бұл алға жылжу байқалмады, керісінше кері көрініс тапты. Мұның себебі неде? Әдетте, түрлі факторлар араласатын жағдайлардың белгілі бір кешені болады. Бірақ, ол алдын ала және билік органдарының пайдакүнемдік есептеулерінің міндетті қатысуымен атқарылады. Ежелгі орта ғасырларда қарапайым өндіріс құралдарының және кедейлер санының аз мөлшерде болғанына қарамастан, аштық халықты айтарлықтай шайқаған емес. Күнкөріс шаруашылығында ірі феодалдар өз шаруаларынан барлық шырындарды сығып алуға мүдделілік танытпады. Неге десеңіз, олар ертеңгі күн мен өз жерлерінің берекесі туралы ойлады. Бертінде өнеркәсіптік өндіріске көшу кезінде жағдай өзгере бастады және ол Ұлыбританияның әйгілі «Өнеркәсіптік революция» мысалында айқын көрініс тапты.

Тоқыма өндірісі мануфактурасының пайда болуы шикізатқа, яғни қой жүніне деген сұранысты күрт арттырды. Соған байланысты өздерін «қаржы мәселесінде дамыдық» деп санаған феодалдар ғасырлар бойы жерді шаруаларға жалға беруді тоқтатып тастады. Артық-ауыс жерлердің аумағы қоршалып, ол мал жайылымына пайдаланылды. Ал, жерден айырылған шаруалар күнделікті қолданылатын нанды қалай алуды білмейтін люмпендерге айналды.

1516 жылы ағылшын философы, мемлекет қайраткері Томас Мор жер иелеріне: «Сіздердің қойларыңыз, әдетте өте жұғымсыз тамақтанатын, қазір олар өте ашкөз және тойымсыз болып кеткен. Адамдарды да жеп қоюға бар. Тіпті, өрістерді былай қойып, үйлерді, қалаларды да қиратып барады», – деп жазды.

«ҚАЛПАҚТАР»
ПАРТИЯСЫНЫҢ ОРНЫН
«БАСКИІМДЕР»
ПАРТИЯСЫ БАСТЫ

Аштыққа тап болған кедейлер мен бұрынғы шаруалар Англияның қалалары мен жолдарында сөктей шашылып жатты. Бұл, әрине, қылмыстың өсуіне ықпал етті. VII Генрих пен VIII Генрих патшалардың қаһары адасушылыққа қарсы заңдармен жауап берді. Соған байланысты аштықтан қайтыс болғандар алдын ала өлімші етіп ұрып-соғылды, стигматизацияланды, мәжбүрлі жұмысқа тартылды, ал үшінші мәрте ұсталған жағдайда өлім жазасына кесілді. Тарихшылар VIII Генрих кезінде осы заңдар бойынша 72 мың адамның дарға асылғанын айтады. Ал, Иван Грозный билік еткен уақытта 5-7 мың адам өлім жазасына кесілген. Бірақ, «жабайы Мәскеу» «тиран құрбандары» туралы әңгіме етпеді. Өкінішке қарай, Англияда мұның бәрі заң аясында жүзеге асып жатты.

Орта ғасырлардағы отыз жылдық соғыс (1618-1648) Португалиядан – Посполитаға дейінгі Еуропаның барлық державаларына тікелей немесе жанама әсер етті. Бірақ, Германияда ең үлкен ұрыс болды. Оның апокалипсис стиліндегі апаттарды сипаттаған немістер екені түсінікті еді.

Сол күндерден жеткен күнделіктен үзінді келтірейік: «Жер мүлдем халықсыз қалды. Біз екі жыл ішінде 18 рет шабуылға ұшырап, жаулап алынған және қираған жерлерді өз көзімізбен көрдік. Бұл жерде де, бүкіл округте де бірде-бір тірі адам болған емес».

Католик және протестант армиясы елді мекендерден ауық-ауық азық-түлік қорларын тазалап алып кетіп және оларды тып-типыл етіп жойып отырды. Аштық жайлаған халық өлген мәйіттердің етті жерлерін кесіп алып, қирандылардың арасында жүрді. Шпаналар каннибализммен аң аулады. Мұндайды байқап қалған әскерлер олардың көзін жойып жүрді.

Солтүстік Германияның зардап шеккен аудандарын төменгі Саксониядан келген мигранттар, ал іс жүзінде құлдыраған Оңтүстік Германияны Тироль мен Швейцариядан келген иммигранттар мекендеді. Кейбір аудандар қаңырап бос қалды. Жұмыс қолының жетіспеушілігі шаруалардың құлдығына әкеліп соқтырды. Ресми түрде шаруалар жеке, еркін деп саналғанымен, заңды түрде олар жерді жалға алған жер иелеріне толығымен тәуелді болды. Мұндай жүйе Германияның көптеген аймағында Наполеон соғысы дәуіріне дейін, ал кейбірінде 1848 жылғы революциялық дауылға дейін сақталды. Бұл жерде Ресейдегі жағдайдың да түбегейлі айырмашылығы болмағаны айтпаса да түсінікті.

Ресейде егіннің жетіспеушілігі жағдайында шаруалардың иесі өз шаруаларын көмексіз қалдыратын жағдай сирек орын алды. Ал, Германиядағы жағдай тым өзгеше еді.

Отыз жылдық соғыстан кейін «артта қалған» Испания мен Португалияны, сондай-ақ славян елдерін қоспағанда, Еуропаның ауыл шаруашылығы белгілі бір деңгейде қалтарыста қалды. Онда кем дегенде индустриалды дамыған мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайтын деңгейге жетті. Бір жағынан, олардың экономикасы сәтті дамып келе жатқанына қарамастан, аштық қаупі кедейлерге «Дамокл айбалтасының» астында қалғандай көрінді. Астықты «артта қалған» Ресейден сатып алуға тура келді. Ол белгілі бір саяси салдарға әкеліп тіреді. Мысалы, Солтүстік соғыс аяқталған 1721 жылдан кейін Ништадт бейбіт келісімі Швеция үшін қолайлы жағдай туғызды. Бұл Ресейден жыл сайын 50 мың рубльге нан сатып алу құқығын берді. Аталған келісімнің егін шықпай қалған жағдайда күшін жоятыны туралы да ескерілді. Осылайша, Швеция ресейлік «Астық инесінің көзіне» ілікті. Стокгольмнен тым қатал сөздер естілген бойда, Ресейден «егіннің жетіспеушілігі» туралы ескертулер жаңғырып жатты. Азық-түлік проблемаларына байланысты Ресей билігіне қарсы «Қалпақтар» партиясы биліктен кетіп, олардың орнын әсірересейшіл және бейбітшілікті аңсаған «Баскиімдер» партиясы басты.

ИРЛАНДИЯ
ХАЛҚЫ
ҚАРА ЖАМЫЛҒАН ЖЫЛ

Еуропа үшін аштық қалыпты жағдайға айналды. Алайда, Ирландиядағы ұлы ашаршылық өзінің ауқымымен ерекшеленді. Бұған бірнеше фактор әсер етті. Оларды санамалап жату артық болар. Сондықтан ең басты факторға тоқталайық.

1845 жылы картоп дақылдары түйнектерінің шіріп кетуіне апарған фитофтороз (өсімдік ауруы) эпидемиясы жайлап кетті. Ол «Изумруд аралы» тұрғындарының басты тамағы болатын. Картоп негізінен ішкі қажеттілік үшін өсірілетін, артық қалғандары экспортталатын. Алайда, 1846 жылы Британ парламентінің импортталатын азық-түлікке жоғары баж салығы салынатын «Нан заңдарын» жоюы үлкен дағдарыс туғызды. Еуропадан арзан астық нарыққа құйылды, ал Ирландияның жер ресурстарына ие ағылшын жер иелері дәнді дақылдардың орнына мал өсіруді қолға алды. Содан кішігірім жалға алушыларды қоршау және жер аудару қайтадан басталды. Бұл аязды күндері өсіп тұрған дақылдардың үсіп қалуына алып келді. Осылайша, 1847 жыл – «Қаралы жыл» деген атау алды. Алайда, сол жылы егін өте көп жиналды. Ал, 1848 жылы картоп қайтадан күйіп кетті.

Иә, ағылшындардың әрекетінен туған дақылдардың жетіспеушілігі Ирландия халқының шамамен 2 млн адамға немесе 25 пайызға азаюына әкеліп соқты. Олардың жартысы аштықтан қырылды, қалған жартысы Америка құрлығына бас сауғалады. Сөйтіп, АҚШ-тың шығыс жағалауындағы халықтардың төрттен бір бөлігін ирландиялықтар құрады.

АМЕРИКАНЫ
АЙНАЛЫП
ӨТПЕГЕН ТОҚЫРАУ

Америка Құрама Штаттары да «аштықтың» дәмін сезбей қалған жоқ. АҚШ-тағы ашаршылықтың шыңы КСРО-да ұлы ашаршылық басталған кезде, 1931-1932 жылдары орын алды. Бұл екі оқиға да бір-бірімен тығыз байланысты еді.

Сол кезде КСРО-да жабдықтарды сатып алуды талап ететін индустрияландыру бағдарламасы басталды. Мәскеу төлем қатынасын алтынмен төлегісі келді, бірақ Вашингтон техниканы тек астық үшін сатуға дайын болды. Бұл қажеттілік Кремль билеушілерін шаруалардан нан сатып алуға итермеледі.

АҚШ-қа тоқыраудан шығу үшін қара бейсенбіде (1929 жылғы 24 қазан) құлаған қаржы жүйесін тұрақтандыруға көмектесетін алтын қажет болды. Астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерінің көп болғаны соншалық, олар бағаны ұстап тұру үшін қолдан жойылды.

Сол күндердің куәгері америкалық жазушы Джон Стейнбек өзінің Ұлы депрессия туралы «Ашу шоғыры» атты танымал романында: «Жүзім жапырақтары мен ағаштардың тамыры жұмыс істеп тұрғандықтан, бағалар түсіп кетпеуі үшін оны жою керек болды. Бүкіл вагон толған апельсиндер жерге төгілді. Тұрғындар тасталған жемістерді теріп алу үшін бірнеше миль жүруі керек болды. Әрине, ол мүлдем қолайсыздық тудырды. Апельсиннен пайда болған төмпешіктердің үстінен жағармай құйылды. Сөйтіп, жейтін тамақ қолдан шірітілді. Нәтижесінде, халықтың өлімі тау болып үйіліп жатты», – деп жазды.

1933 жылы билікке келген АҚШ-тың 32-ші президенті Франклин Рузвельт «Жаңа бағыт» бағдарламасын қолға алды. Ол бейне бір ГУЛАГ-тың аналогына айналғандай әсер қалдырды. Қоғамдық жұмыстар әкімшілігі құрылып, бос тұрғындар қоғамға пайдалы жұмыстарға жегілді. Баспана мен тамақ үшін 8,5 млн-ға жуық жұмыссыздар жол төсеумен, канал қазумен, көпір және өзге де инженерлік нысандар салумен айналысты.

Ресми түрде АҚШ-та аштықтан қайтыс болғандардың саны туралы статистика жүргізілмеген. Егер АҚШ халқы 1920 жылдары – 17 млн-ға өссе, 1930 жылдары – 9 млн-ға, ал 1940 жылдары – 20 млн-ға артты. Яғни, 1930 жылдары халық өсімінің төмен болғанын сол жылдардағы тоқыраумен байланыстыруға болады.

АЛАПАТ
АШТЫҚ
ЖАЙЛАҒАН КӘРІ
ҚҰРЛЫҚ

Германия Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен ашаршылық құралы ретінде өз колонияларын өмірге қажетті басты элементтерден (азық-түліктен) алыс ұстауды жоспарлады. Осы арқылы оларды еріксіз көшуге мәжбүр етті, оған көнбегендерді аштық арқылы қырып тастауды ойластырды. Фашистер ең қатаң шаралар қолдана отырып, поляктардың 80 пайызын, украиндардың 64 пайызын және белорустардың 75 пайызын қырып тастауды көздеді.

Еуропаның барлық отарланған аумақтарына міндетті азық-түлік салығы салынды, оның мөлшері елде өндірілетін өнімдердің санымен ғана емес, Үшінші Рейхтің нәсілдік жүйесіндегі елді мекендердегі адамдармен санымен анықтады. Сонымен қатар, бүкіл Еуропада азық-түлікпен қамтамасыз етудің дәстүрлі логистикалық жүйесі бұзылып, дағдарыс қаупі күрделене түсті.

Бейтарап Швецияда халық дүкендерде апельсиндердің болмауынан «зардап шекті», ал 1941 жылдың ортасында фашистік ось әскерлері басып алған Грекияда апельсиндер өсірілсе де, оккупацияның алғашқы жылында 100 мыңға жуық тұрғын аштықтан қайтыс болды. Польшада немістер енгізген азық-түлік 600 калорияға дейін тарылды, бұл шамамен концлагерьлердегі нормаларға сәйкес еді және қалыпты өмір салты үшін қажетті калория санынан төрт есе аз болды. Бірақ, нәсілдік тұрғыдан алғанда, «арийлерге» тақілеттес деген Голландия (Нидерланд) 1944-1945 жылдардың қысында ғана аштықты сезінді, шегіну қарсаңында немістер аумақты суға бөктіріп, коммуникацияларды және жоюға болатын барлық нәрсені елден шығаруынан байқалды. Сол жылдары Амстердамда 5 мыңға жуық адам аштықтан қайтыс болған, ал бүкіл ел бойынша 20 мыңға жуық адамның үні шықпай қалды. Голландия соғыстың соңында босатылғандықтан, оның инфрақұрылым жүйесі тез қалпына келтірілді. Бірақ, Апеннин түбегін одақтас армия жауынгерлерінің «етігі» бір жарым жылдан астам уақыт басты. Бұл – Италияның аграрлық секторының құлдырауына әкелді және аумақты аштық жайлады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

1947 жылға қарай ғана Батыс Еуропада аштықты тоқтату мүмкін болды. Содан бері қарт құрлық жұрты мұндай апаттарды басынан өткерген емес. Алайда, алаңсыз болуға болмайды. Еуропалық Одақ басшылары қазірдің өзінде аштық туралы қоңырау соға бастады. Бұл жердегі әңгіме қара құрлық халқының аштықтың шырмауында қалғаны туралы болуда.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here