Өзбекстан астанасы Ташкентте Достастыққа қатысушы мемлекеттер жоғары әскери оқу орындарының курсанттары арасында өткен II әскери-спорттық ойындар аяқталды. Оған Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан әскери жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
– Әскери-спорттық ойындардың басты мақсаты – әскери қызметшілер арасында бұқаралық спортты дамыту және насихаттау. Жігіттер жақсы нәтиже көрсетті. Бірақ алға ұмтылатын және жұмыс істейтін нәрселеріміз әлі де көп. Қатысушылардың өнерін талдап, спортшыларымыздың дайындығын күшейтетін боламыз, – деп атап өтті ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының бастығы – Спорт комитетінің төрағасы подполковник Арман Әбеуов.
Спортшылар армиялық қоян-қолтық ұрыс, көпсайыс, әскерилендірілген кросс, шағын футбол, Макаров тапаншасынан (ПМ-3) және Калашников автоматынан (АК-3) оқ ату сияқты алты пәннен сайысқа түсті.
26 курсанттан тұратын Қазақстан құрамасы үшінші орынды иеленді. Екінші орында – Ресей командасы. Бірінші орынды Өзбекстан әскери жоғары оқу орындарының курсанттары жеңіп алды.