Үкімет ел аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көліктерді заңдастыру туралы қаулыға өзгеріс енгізеді. Бұл туралы Ашық нормативтік құқықтық актілердің порталында жарияланған қаулы жобасынан белгілі болды.
Құжатқа сүйенсек, азаматтарға заңдастыру шарттары туралы алдын ала хабарланғанына қарамастан, көліктер бұрынғы тіркеу орны бойынша есептен шығарылмағаны үшін немесе тіркеу әрекеттерін жасауға тыйым салулар мен шектеулерге байланысты заңдастырудан өтпеген. Мәселен, заңдастыру туралы 8 маусымға дейін 365 мыңнан астам өтініш түскенімен, тек 144 мыңнан астам көлік бастапқы тіркеуден өткен. Тағы 14 мыңнан астам көлік нөмірлік тексеруден өтіп, тіркеу кезегінде тұр. Осыған байланысты егер тиісті өтініштер 2023 жылғы 1 шілдеге дейін берілсе, азаматтарға көлігін кейін заңдастыру құқығы қарастырылады.
Айта кетейік, қазақстандықтар 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген көліктерді «eGov» порталының «Автокөлікті заңдастыру үшін тексеру» атты жаңа сервисінде электронды өтініш беру арқылы заңдастыра алады. Өтініш бойынша B (жеңіл көліктер) және D1 (микроавтобустар) санатындағы көлік құралдарының мынадай талаптарға сәйкестігі тексеріледі:
- елге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінгені;
- қылмыстық белгілердің болмауы;
- кедендік тазартудың болуы.
Жаңа сервисті «eGov» порталының басты бетіндегі «Сервистер» бөлімінен және «Көлік және коммуникациялар» – «Автомобиль көлігі» бөлімінен табуға болады. Сервис «eGov Mobile» қосымшасының «Жүргізу және көлік» бөлімінде қолжетімді.