Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға арналған қаржымен тиісті деңгейде тиімді жұмыс атқармай келеді. Активтер мен жер учаскелерін жөнсіз басқару деректері де тіркелген. Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтар да салынған қаржыны ақтамай отыр. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата отырысында салалық министрліктер басшыларының есебін тыңдап, осы мәселеге ерекше тоқталды.
Мәулен Әшімбаев мемлекет тарапынан АЭА-ны дамытуға 4 триллион қаржы жұмсалғанына алаңдаушылық білдірді. Алайда, түскен салық пен жаңа жұмыс орындары бойынша әлі де болса нақты нәтиже жоқ.
«Министрлік жағдайды бақылауда ұстауы керек. Біз істеліп жатқан жұмыс және жақын арада болатын нәтижелер туралы әңгімені біраз уақыттан бері естіп келеміз. Сіздер салуды жоспарлап отырған кейбір зауыттарда да проблема бар. Мемлекет Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтарды дамытуға қомақты қаржы салып отыр. Соған сәйкес салық пен жаңа жұмыс орындары түріндегі нәтиже де болуы қажет. Осыған байланысты көрсеткіштер әзірге көңіл көңшітпейді. Алдағы уақытта аталған жетістіктер жақсара түседі деп үміттенеміз», – деді Палата Төрағасы.
Сенат спикері әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысына қатысты да сын айтты. Ол ұйымдар әлеуметтік және өндірістік жобаларға көмектесудің орнына мейрамханалар, сауда үйлері, коттедж қалашықтарын салуға жер бөліп берген. Бұл аталған корпорациялардың беделін түсіретіні сөзсіз. Мәулен Әшімбаев Үкіметке осы саладағы заңнаманы қатаңдатуды бірлесіп пысықтау қажеттігі туралы айтты.
«Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар бойынша қордаланған проблема аз емес. Прокуратура өткен жылы барлық Корпорацияны тексерді. Нәтижесінде олардың бәрінде активтерді, жер учаскелерін дұрыс басқармау деректері анықталды. Көбінде тиісті рәсімдерсіз жүзеге асырылған. Бас прокуратура бұл мәселемен айналысып, тиісті тұжырым жасады. Біз әрі қарай заңнамалық жағынан да қарастыруымыз керек. Қажет болса, осы саланы реттейтін заңдарды қатаңдатамыз, ӘКК мен АЭА мәселелері бойынша қандай да бір жаңа нормаларды енгіземіз. Осы жобалардың тиімділігіне талдау жасап, ең алдымен заңнамалық реттеу бөлігінде ұсыныстар дайындау үшін бірлескен парламенттік және үкіметтік жұмыс тобын құруға да болады», – деді Мәулен Әшімбаев.