Дамыған елдердің ең басты ұстанымы – әділеттілік. Әділеттілікті басты қағида етіп ұстанған елдің өмірі адалдық принципімен өріледі. Осы жолды таңдаған елдер «Шығыстың Аристотелі» атанған ұлы ғұлама әл-Фарабидің «Адам тек құқықтық мемлекетте бақытқа кенеледі» деген ұстанымын басшылыққа алады. Мұндай қағида біздің халқымызда да бар.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында адам құқын қорғауға бірден-бір жауапты үш буынды модель құруды тапсырған болатын. Президент «Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек», дей келе оның басты бағыт-бағдарын да айқындап берген еді. Мемлекет басшысы «Қылмыстық істегі қателік адам тағдырын өзгертетінін естен шығармау керек» деді. Демек, Әділетті Қазақстанды құру жолында ең алдымен оның барлық институттарын реформалау сұралатыны анық. Ол қоғам мен мемлекет қарым-қатынасының жаңа зайырлы жүйесін қалыптастырып, еліміздің іргелі дамуына тың серпін береді.
Бүгінде қоғамда шешімін таппаған қордаланған проблемалар көп. Бұл жердегі басты мәселе – қазақ қоғамының әділетті жолмен дамуында. Еліміздің шаңырағының беріктігі, ынтымағы қоғамдағы әділеттілік жағдайымен өлшенеді. Еліміздің ілгері басуы үшін келісім мен ынтымақ, ауызбіршілік қажет екені белгілі болса, ол тек әділеттілік бар жерде болады. Әділеттілік дамуымыздың басты барометрі. Ал, ол жоқ жерде даму жоқ.
Өркениет жолына түскен қоғам алдымен адамын бағалау керек. Құрмет қапысыз қызмет болған жерде ғана жасампаздық болады. Өркениет дегенде еске түседі, данышпан Эдисонның «Өркениеттің басты міндеті – адамды ойлай білуге үйрету» деген қанатты сөзін еске алсақ болар еді. Ал, ойлы адам әр ісіне жауап береді.
Бүгінде қоғамымызда халқымыздың мызғымас бірлігіне күмәнмен қарайтындар баршылық. Олар ел бірлігінің нығайып келе жатқанын дәлелдегісі келіп, жанұшырып жүргендердің іс-қимылына сенбейді әрі оған сарказммен қарайды. Сондықтан атқарушы билік «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, ел бірлігіне түскен сызаттарды зерделеп, одан қорытынды шығаруға, егер кінәраттар болса, олардың бастауында тұрған себептерді анықтап, оны жоюға бар күшін салуы тиіс. Мойындауымыз қажет, біз тәуелсіздік алған алғашқы сәттердегі қоғамымыздың ішкі қайшылықтарынан әлі күнге дейін ажыраған жоқпыз. Кемшілігіміздің басы да осында жатыр. Неге? Себебі, бүгінде қоғамды бюрократия жайлап алған. Оның сұлбасы – қоғам өміріндегі адамның сыйын түсіріп, оны құрметтемеу, көзге ілмей қарауда жатыр. Адам құқының аяққа басылуы осы тұстан шығады. Бүгінде адамға деген сенім жоқ, тек қолында анықтамасы болса ғана оған сенім туады. Сайып келгенде, ол жалпы қоғамның мәдениетсіздігінде, ой-тұжырымының әлсіздігінде.
Адамға сенім көрсетпеу арқылы оның ар-намысын қорлап тұрғанын жоғарыдағы бюрократ шенеунік қабылдағысы келмейді. Осыған орай Президент мемлекетті алға дамытудағы ауқымды міндеттерді ашық көрсетіп, қарапайым халықтың жағдайын жете түсініп, әлеуметтік-экономикалық салаларда орын алған кемшіліктер мен қиындықтарды еңсеру барысында бар күш-жігерін жұмсап келеді. Оған дау айтушылар да болатыны анық. Рас, мемлекет тарапынан қолдау шараларының жеткіліксіздігі, тиімсіздігі, әділ бәсекелестіктің болмауы, ымыраластыққа жол берілуі дамуымызға кері ықпалын тигізуде.
Мемлекет басшысына, Үкімет жетекшісіне күн сайын қоғам өмірінде орын алып жатқан ағымдағы мәселелер бойынша жан-жақты ақпарат беріліп отырады. Біреулер оны білмеуі де мүмкін, сондықтан билікті кінәлап жатады.
Мемлекет басшысы осыған орай еліміздің басты міндеті ретінде ел күтіп, қоғам талап етіп отырған әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құру екенін, кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алып отыру қажеттігін баса айтуы оның елімізде нендей жағдай орын алып отырғанын білдірсе керек. Рас, халықтың денсаулығы абат, тұрмысы қолайлы, қарны тоқ, малы бағулы болса, көшеге шықпасы анық. Иә, талап дұрыс, бірақ үкімет тарапынан ештеңе істелмей жатыр деу әбестік болар еді.
Әділет жолы – өте ауыр жол. Қоғамда әділеттілік салтанат құрғанда ғана ол алға басады. Ал, келеңсіз жағдайлар – сыбайлас жемқорлық, байлар мен кедейлердің табыстарының алшақтығы, ұлттық байлықтың теңдей және әділ бөлінбеуі, халықтың құқықтарының қорғалмауы елді ызаға шақыратын кездер көп кездеседі.
Қоғам мен халықты тобыр ретінде түсіну дұрыс емес, билік те, қоғам да халыққа қызмет етуге тиіс. Халықтан ештеңе жасыра алмайсың, оның көзі өткір. Демек, билік халықты мойындайтын уақыты келді, қазір уақыт халық тарапына жұмыс істеуде.
Құқықтық мәдениет – жалпы мәдениеттің құрамдас бөлігі. Ал, мәдениет «әдеп» дегенді білдіреді. Демек, құқықтық мәдениет – заңға сай өмірді білу, әдепті болуды талап етеді. Өз құқығыңды білу – заң белгілеп берген шекарадан шықпай, құқықтық негізде өмір сүру және заң аясында мүлтіксіз әділетті болу деген сөз. Адамзат өзінің даму барысында заң үстемдігін қамтамасыз етуді асыл арманына айналдырып, бұл міндетті орындауды қоғамның алдына кезек күттірмес мәселе ретінде қойғалы қаншама ықылым заман өтті. Егемен ел ретінде өркениет көшіне ілескен Қазақстан негізгі заңы – Конституциясында өзін құқықтық мемлекет ретінде айқындаған соң, болашақ даму барысында азаматтарының құқықтық мәдениетін дамытып, оны жаңа сатыға көтеру жолында қаракет етіп келе жатыр. Адамның құқықтық мәдениетін дамытуда сана биігінің алатын орны ерекше екені белгілі. Мемлекеттің заң нормалары адамдардың белгілі бір мүдделеріне қатысты тұлғалардың санасы мен еркіне сүйеніп дайындалатыны белгілі. Сол себепті, заң нормаларында көрсетілген талаптар адамдардың саналы әрі ерікті әрекеттері нәтижесінде орындалады. Олай болса, кез келген азаматтың іс-әрекетінде оның құқықтық мәдениеті көрініс табады.
Қазақстан құқықтық мемлекет орнатуды азаматтық қоғам институттарын көптеп құру арқылы жүзеге асыруды басшылыққа алып отыр. Құқықтық нормалардың дұрыс жұмыс істеуі, олардың мүлтіксіз орындалуы мен іске асырылу деңгейі азаматтардың құқықтық мәдениетінің жоғары болуымен сабақтастырады. Кез келген сот жүйесін сәтті оңтайландыру, сот процестерін әділ жүргізу, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету, азаматтық құқықтық дауларды тиімді шешу және татуласу келісіміне қол жеткізу, дау-жанжалдарды медиация тәртібімен реттеу, судьялардың белсенді жұмыс жүргізуі, тараптардың өзара келісімге келу мүмкіндігі, адвокаттардың жауаптылығы секілді мәселелердің барлығы олардың құқықтық мәдениетіне тікелей байланысты. Әлемдегі cаяси-экономикалық даму деңгейі мықты елдердің азаматтарының құқықтық мәдениеті жоғары болып келеді. Себебі, олар «Егер, мен заң тәртіптерін сақтап, құрметтесем, барлық құқықтық талаптарды бұлжытпай орындасам, бұл жағдай мемлекетім мен өзім өмір сүретін қоғам үшін пайдалы болмақ» деп түсінеді. Баз бір мемлекеттердің азаматтарының негізгі бөлігінің заңнан хабарының болмауы, өз елдерінің заңдарын білмеуі және оны құрметтемеуі, мемлекет тарапынан құқықтық сауаттылық пен тәрбие мәселесінің өз деңгейінде жүргізілмеуі құқықтық нигилизмге әкеп соғып жатады. Өткенге топырақ шашуға болмас, кеңестік кезеңде атқарушы билік буындарында апта сайын бір рет құқық аясындағы қабылданып жатқан заңдар туралы сабақтар мен саяси лекциялар өткізіліп тұратын. Сол әдемі сабақтастық дәстүрі жарты жолда үзіліп қалды. Қазір сол дәстүрді халықпен кездесулерде түсіндіретін мәслихат депутаттары да заңнан мақұрым. Заңды білмеген соң, олар өзіне арыз-шағым айтып келген сайлаушыларын да қорғай алмайды. Кезінде Алматыда Алматы облысы мен Алматы қаласы мемлекет қызметкерлерінің білімін жетілдіретін өңірлік институт болатын. Өңір басшыларының жеке мүдделерін күйттеуімен сол институт жабылып қалды. Сол бастаманы қайтадан ашуға үкіметтік тұрғыда қолдау керек болып тұр.
Егер біз өз мемлекетімізде демократия құндылықтары салтанат құруын қаласақ, қоғамдағы гуманистік қатынастардың дамуын жақтасақ, құқықтық мәдениетіміздің жоғары болуын көздесек, құқықтық тәрбиені тал бесіктен бастағанымыз жөн болар еді. Ол үшін тұлға болып қалыптасар азаматты құқықтық жағынан тәрбиелеуді отбасынан бастап, одан кейін балабақшада, мектеп қабырғасында әлеуметтендіру арқылы үздіксіз жалғастырғанымыз абзал. Бұл өз кезегінде тұлғаның заңды құрмет тұтатын, отансүйгіш, мемлекетшіл, тәртіпті, білімпаз азамат болып өсіп-жетілуіне зор әсер етпек. Сондықтан азаматтардың құқықтық мінез-құлқы мен санасын дұрыс қалыптастыру жан-жақты құқықтық білім беру арқылы іске асады. Құқықтық мәдениеті жоғары тұлға әлеуметтік дағдылар мен қабілеттерді де тез меңгереді, олардың өмір сүруге бейімділігі де арта түседі. Осының бәрін ескере келсек, азаматтардың өз өмірі мен қызмет дағдыларын реттеу үшін басшылыққа алатын құқықтық идеялары мен мұраттары, жоғары құндылықтары, құқықтық сенімдері мен нанымдары, мінез-құлық нормалары олардың құқықтық мәдениеті болып табылмақ.
Жалпы құқықтық мәдени-құқықтық сауаттылықтан бастау алуы керек. Бүгінде қоғамда аттап бассаң, құқықтық сауатсыздықты көресің. Құқықтық мәдениет, құқықтық сауаттылық тек ауыр қылмыспен өлшенбесі анық. Бізде ешкімді сөкпесем, тонамасам, зорламасам құқық бұзбағаным деген түсінік қалыптасқан. Ал, өзгенің жеке өміріне араласуын, жеке басқа тиісуін, кемшілігін бетке басуын, балағаттауын заң бұзушылық деп санамайды. Мұндай әрекеттер қоғам өмірінің барлық саласын дендеп алған. Оны үйден қырық қадам шықпай-ақ жасап жатқанын білмейді. Бүгінде аяқты аттап бассаң, желідегі буллингті көресің. Харассмент жайлы екі адамның бірінен естисің. Жекенің өмірі деген ұғымды ұмытқанбыз. Кімнің кімге үйленіп жатқаны, кімнің кіммен тұратыны немесе қатынаста болғаны, сүттей ұйып отырған біреудің бұрынғы некесі туралы сөз етіп, оны дабыра етіп айтуы қаптап кеткен. Осының бәрі құқықтық мәдениеттің жоқтығының көрінісі. Адамның жеке өміріне араласуға заңмен тыйым салынғанын да ескермейміз. Қоғам адамның жеке өміріне қатысты мәселелерде өте төзімді болуға шақырады.
Міне, осындай алақұйын кезеңде туындайтын әртүрлі сын-қатерлерге өз деңгейінде лайықты жауап қайтару үшін адамзат баласы ерекше төзімділік танытып, өзара келісімге келіп, толеранттылыққа жүгінсе абзал болар еді. Мұндай қасиет мемлекеттердің бірі-біріне құрмет көрсетуіне, ізгілікке үндеуіне, өзара сыйластыққа жетелейді. Татулыққа негізделген толеранттылық барша адамның еркіндігін білдіреді, олардың бостандық сүйгіш қасиеттерін үкілей түседі. Бұл, өз кезегінде, қоғамның біртұтастығы мен саяси тұрақтылығына бастар жол. Кез келген төзбеушілік адамның ең жоғары құндылығы болып есептелетін қоғамда біздің шалыс басқан әр қадамымыз екінші тарапқа соққы болып тиеді. Ол тараптар арасында жанжал өртінің шығуына себеп болады. Ал, жеке адамдардың бойында қалыптасқан төзбеушілік пен шыдамсыздық қоғамдағы жат қылық пен жаман пиғылдардың бастамасы болса, толеранттылық пен төзімділік – бақытты өмір сүрудің басты алғышарттары болып есептеледі.
Қазақ халқының бойында ғасырлар бойы қалыптасқан толеранттылық оның рухани құндылықтарының негізі. Туған халқымыздың осы бір керемет қасиеттері бүгінгі Қазақстан қоғамындағы азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімнің әрі дінаралық теңдіктің таразысындай болып тұр. Қазақи тәрбие қашанда ынтымаққа, бірлікке, төзімділікке үндеген. Бұл – біздің халқымыздың ең асыл қасиеті. Толеранттылыққа шақырғаннан ұтпасақ, ешқашан ұтылмаймыз. Қазақстанда толерантты мәдениет қалыптастырудың алғышарттары да тамаша төзімділік қасиеттерден сусындайтыны шындық. Бірақ, өкінішке қарай, кейінгі кездерде біздің халықтың төзімділігін басқаша түсінетіндердің бар екені әрі олардың дауысы күн өткен сайын зорайып келе жатқаны да бүгінгі өмір шындығы. Еліміздің ертеңіне қауіп төндіріп, ұлттық мүддемізге қайшы келетін ықтимал жағдайлардың алдын алу бағытында жұмыс істеп, оған қарсы шара қолданған кезде ғана өзегімізді өртейтін өкініштерге жол бермейміз. Бұл бағыттағы кез келген әрекетті мемлекеттік деңгейде өзара келісіммен, ақылмен, ынтымақпен шешкен абзал.
Бүгінгі аласапыран заман тек біздің елімізді ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығын ынтымақтастықтың жарқын үлгісін көрсетіп, төзімділіктің шынайы мәні мен маңызын терең түсінуге шақырып отырғандай. Қазақты ешкім де ақыл-парасатсыз, сабырсыз, төзімсіз деп айта алмайды. Керісінше, тарих бетін парақтасақ, «Сабыр түбі – сары алтын» деген мұратты сөз – қазақтың сыйластық дипломатиясының ұраны десек те болады.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ