Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды талқылады.
Сұйытылған мұнай газының айналымын реттеу жөніндегі қолданыстағы заңнаманы жетілдіру – құжаттың негізгі мақсаты болып табылады. Мәселен, заңда жеткізу жоспары аясында сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасын мемлекеттік реттеуді белгілеу көзделіп отыр.
Құжатта сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жетілдіру, үй-жайлардың меншік иелері кооперативтерінің қызметін сақтау, сондай-ақ желілерге қосылуға техникалық шарттарды қолдану мерзімін ұлғайту мен мерзіміне шектеу қою бөлігіне нормалар бар.
Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңды Палата отырысына қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.