Бүгінде не көп – ақпарат көп. Ақпарат пен оны таратушы медиажобалардан көз ашпайсыз. Көпшілік түрлі сайттардағы тақырыбы жер жарған хабарларды оқып қана қоймай, оған сеніп әрі қарай таралуына да үлес қосып жүрген жайы бар. Ал, ол хабарлардың шынайылығына ешкім кепілдік бермейді. Олай болуы да заңды. Миллиондаған ақпаратқа лық толған ғаламтор әрқайсының шынайылығын тексеріп отырмайтыны да түсінікті. Тек біздің елдің ғана емес, әлем халықтарының бас ауыртатын түйткілді мәселесі жалған жаңалықтар болып тұрғаны рас.
ЖАЛҒАН
ЖАҢАЛЫҚТАР
ТЕРМИНІ
Жалған жаңалықтар бұқара халықтың санасын улап, адасуға алып келеді. Қазіргі заманғы тілмен айтқанда, осыған байланысты «фейк-ньюс» (fake news) термині қолданылып жүр. Әуелі осы терминге тоқталып өтсек.
Фейк-ньюс – нақты жаңалық ретінде ұсынылған жалған ақпарат. Бұған шынайы фактілерді әлсірететін болмашы дәлсіздіктер де, басылымдар мен орталық арналардағы бұқаралық ақпарат құралдарының ашық өтіріктері де кіреді. Дәл осындай қарапайым оқырман немесе көрермен кездесетін үлкен «алдау» ағынының пайда болуына теледидар немесе интернетті кінәлауға болмайды.
Фейк-ньюс бұдан бұрын да болған құбылыс. Адамзат жазуды және хабар-ошар таратуды үйренгеннен кейін оны өз пайдасына пайдалануға да тырысқан. Мысалы, тарихты мемлекеттік деңгейде қайта жазудың алғашқы әрекеттерінің бірі біздің дәуірімізге дейінгі XIII-XIV ғасырлардың басында болды. Мысыр мен Хетт патшалығының әскерлері бейбітшілікке келіп, Кадеш шайқасын теңдей аяқтады. Екі жақ та жеңімпаз болған жоқ. Алайда, болашақта әр тарап соғыстағы жеңісті өзіне бұрып, ол туралы тақтайшалар мен сарайлардың рельефтерінде жазып кеткен еді. Мұндай анық емес, жалған жаңалықты тарихта қалдыру жағдайлары адамзат тарихында әу бастан байқалған. Қазіргі күнмен салыстырғанда, бұндағы жалғыз айырмашылық тарату әдісінде болып тұр. Егер бұрын жаңалықтар тасқа бедерленген болса, одан соң қайың қабығы мен қағазға, содан кейін радио, теледидар және интернет ресурстарына ауыстырылды.
Ақпараттық технологияның дамуы тексерілмеген жалған ақпаратты кең аудиторияға таратуға мүмкіндік береді. Егерде бұрынғы жаңалықтарды кәсіби мамандар бақылаған болса, дәл қазіргі әлеуметтік желілер мен жедел хабар таратушылар ол үрдісті бұзды.
Бүгінде кез келген адам тікелей эфирге шығып, подкаст жасай алады немесе ақпараттық мәтінді де кедергісіз жаза береді. Ал, бұл жалған жаңалықтардың бұрынғыдан да көбеюіне жол ашып отыр.
ЖАЛҒАН
ЖАҢАЛЫҚТЫҢ
ҚАНДАЙ
ТҮРЛЕРІ БАР?
Жалған ақпарат құралдарын кім және не үшін жасайтынына қарай жалған жаңалықтың бірнеше түрі бар. Соның ішіндегі ең негізгісі – насихат. Насихат – көпшілікке біржақты пікір немесе саяси көзқарастарды таңу мақсатында қолданылады. Негізгі құрал – бұрмаланған не көпе-көрінеу жалған жаңалық беру арқылы халықты адастыру.
Қазіргі көп қолданылатын жалған жаңалықтардың бір түрі – кликбейт. Шулы және дөрекі тақырыптар бейтарап жаңалықтарға қарағанда аудиторияға әлдеқайда жақсы өтеді. Адамдар жанжалды сенсацияларды оқуға дайын, ал ерекше фотосуреттер көбірек қаралым жинайды. Бұл жаңалықтарды таратушылардың мақсаты – сайттың танымалдылығын арттыру және жарнамадан табыс табу.
Жалған жаңалықтардың келесі бір түрі – айғайшыл тақырып. Бұл кликбейтке байланысты. Одан жалғыз айырмашылығы – бұл жаңалық шын болуы мүмкін, бірақ оған назар аудару үшін мәнін бұрмалайтын айғайшыл тақырып қояды. Адамдар бір тақырыпты оқып, мақаланың өзін өткізіп жіберіп, қауесет таратады, ал бұл түсініспеушілікке әкеледі.
Бұл топтағы жаңалықтар түріне «газет үйрегі» деп аталатын жалған әңгімелер де кіреді. Ол шығармалар тек баспада ғана емес, интернетте де жиі кездеседі. Олардың негізгі көзі – сарыжағал басылымдар. Олардың мақсаты – сайттың сатылымын немесе трафигін арттыру.
Жалған жаңалықтардың таралуына журналистердің қателіктері де себепші болуы мүмкін. Мұнда қарапайым адам факторы маңызды рөл атқарады: БАҚ қызметкерлері қателесіп, тексерілмеген көздерден жаңалықтар жариялауы ықтимал. Бірақ, өзін-өзі құрметтейтін басылым әрдайым түзетулер жариялап, қателігі туралы хабарлайды.
Жалған жаңалықтарға қазіргі жеңіл сатира да әсер етеді. Қазіргі күнге негізделген әзіл-оспақ жаңалықтар көңіл көтеретіні рас. Олардың мақсаты – әлемде және белгілі тұлғалардың айналасында болып жатқан оқиғаларды ирониямен көрсету. Бір қызығы, ол иронияны тану өте қиын, ал ойнақы мәлімдеме нағыз сенсацияға айналуы мүмкін.
Қазіргі таңда жалған жаңалықтарға қатысты «дипфейк» термині де қолданылады. Бұл адамдарды адастырудың салыстырмалы түрде жаңа тәсілі. Сандық нейрондық желілердің пайда болуымен дипфейк кең таралды. Ол дегеніңіз, кез келген нәрсені қолдан жасай алатын бағдарламалар: дауыс, сыртқы түр немесе адамның суретін ауыстыра алады. Бұл термин ағылшын тілінен «терең жалғандық» деп аударылады. Олар атына заты сай, жалғанды шындай көрсетеді. Мәселен, желіде президенттер мен басқа да танымал адамдардың «сөйлеген» сөздерін шындықтан ажырату өте қиын.
Міне, осының арқасында фейк-ньюске кез келген жаңалықты қосарлап айта бастады. Әсіресе, саясаткерлер баспасөзде өздері туралы жағымсыз мәлімдемелерді жалған деп атауға көшті. Фейк-ньюсті танымал еткен сондай саясаткерлердің алдыңғы қатарында АҚШ-тың 45-ші президенті Дональд Трамп есімі жиі аталады.
Осылайша, 2018 жылы Ұлыбритания үкіметі газеттер мен ресми құжаттардағы «фейк-ньюс» терминіне тыйым салды. Барлығына кінәлі – тым түсініксіз ұғым. Оның орнына олар «дезинформация» – жалған фактілерді қасақана тарату және «жалған ақпарат» – алдау мақсатында емес, қателесу арқылы жасалған ақпаратты пайдалануды жалғастыруда.
ФЕЙК-НЬЮСКЕ
ТОЙТАРЫС
БЕРЕР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ
ЖОБАЛАР
Интернет заманында түрлі ақпараттық сайттардың, әлеуметтік желілер мен Ютюбтің (YouTube) қарыштап дамыған уақытында Қазақстан да фейк-ньюстің астында қалғаны рас. Бүгінде «Жалған жаңалықтармен қалай күресеміз?» деген сұрақ медиа саласында жүргендерді де, көзі ашық қарапайым жандарды да, мемлекеттің өзін де ойландырып тастады. Қазақстанда фейк-ньюспен күресу мақсатында Stopfake.kz жобасы қолға алынды.
Stopfake.kz жобасы интернетте жалған ақпараттың таралуын тоқтату, сонымен бірге түсінбеушілік пен қате түсініктерді азайту үшін құрылған. Жобаның негізгі мақсаты – оқырмандарға сыни тұрғыдан ойлаудың маңыздылығын еске түсіру әрі фейктер қалай және не үшін жасалатынын түсіндіру.
Интернетте бірдей миссиясы бар көптеген ұқсас сайттар кездеседі. Жалғандықпен күресетін және оқырмандарды алдауға ұрынбай, ақиқатты тануға үйрететін ресурстар неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы.
Stopfake.kz қалай жұмыс істейді? Ол әуелі қате әрі жалған хабарламаларды тауып, тексеруге алады. Одан кейін бұл ақпаратты растау, түсіндіру, не болмаса жоққа шығару керектігін анықтайды. Ол үшін Stopfake.kz тексеруге алған ақпаратының алғашқы дереккөздерін табады. Бұл интернеттегі немесе офлайн БАҚ-тағы жарияланымдар, хабарламалардағы адамдар мәлімдемесі болуы мүмкін. Stopfake.kz олардың қоғамда қандай резонанс тудырғанын әрі оқырмандардың оны қалай қабылдағанын анықтайды.
Қазақстанда сенімді ақпарат алуға көмектесетін тағы бір жоба жұмыс істейді. Factcheck.kz ресурсының пайда болуы оқырмандарға сенімді дереккөзден тексерілген тәуелсіз ақпаратты алуға мүмкіндік беріп, ұраншыл мәлімдеме жасайтындарға тосқауыл болуға тырысады. Мұндағы тәжірибелі мамандар ең әуелі ақпарат желісінің шынайылығына мән береді.
СЫНИ
ТҰРҒЫДАН
ОЙЛАУ
НЕГЕ КЕРЕК?
Жалған ақпаратты әркім әртүрлі қабылдайды. Ал, оған қарсы тұратындардың да «иммунитеті» әрқалай болуы мүмкін. Мамандар толассыз ақпарат ағынында әр адамның сыни тұрғыдан ойлауы ғана фейк-ньюсқа қарсы тұра алатынын айтады.
Сыни тұрғыдан ойлау дегеніміз не? Қарапайым тілде айтсақ, сыни тұрғыдан ойлау – бұл өзіңізге, біліміңізге және барлық ақпарат көздеріне күмәнмен қарау. Сыни тұрғыдан ойлаудың екінші амалы – фактілердің қисындылығын әрі дұрыстығын тексеруге бағытталған сұрақтарды өз-өзіне табандылықпен қоя білу.
Сыни тұрғыдан ойлау алдымен сенім мәселесіне келіп тіреледі. Оны қолдану үшін адам өз бойындағы интеллектуалды шектеулер мен кемшіліктерді мойындау қажет. Адам білім деңгейі мен сапасына, жеке және кәсіби жетістіктеріне қарамастан, өз білімі мен дағдыларының айтарлықтай шектелуіне сену керек. Бұл шектеулердің орнын толтыру үшін адамға сыни тұрғыдан ойлау тәжірибесі қажет болады. Кез келген адам соған дағды қалыптастыруы шарт.
Кез келген жанды жалған ақпарат ағынынан қорғауға арналған құралдардың бірі – сыни тұрғыдан ойлау. Кең мағынада алғанда, сыни тұрғыдан ойлауды дәлел мен фактілерді тексерусіз ештеңені қабылдамай, бәріне сенімсіздікпен қарау туралы көзқарас деп түсінуге болады. Жүйелі күмән әдісі XVII ғасырда француз ойшылы Рене Декарттың философиясына негіз болды, ал қазіргі ХХІ ғасырда ол жаңа құндылыққа ие болғаны сөзсіз.
Сыни көзқарасқа ие болу – жалпы үшін қажетті шарт. Ол үшін алдымен не болып жатқанын түсінуге көмектесетін әдістер мен амалдар қажет. Алдымен дереккөздерді тексеруден бастау керек.
Екінші қадам – ұсынылған ақпараттың өзіне қайшы келетінін не келмейтінін талдау. Мазмұн оған жатқызылған дереккөзге қаншалықты сәйкес келеді? Көбінесе ақпараттағы қайшылық оның сенімсіздігін білдіреді. Сондықтан қорытындылау логикасына назар аударған жөн.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Жалған жаңалықтардың ең әйгілі түрі насихат екенін жоғарыда айтып өттік. Ақпараттық насихат кейде белгілі бір топтардың негізгі құралына айналып, халықты жаппай адасуға алып келуі ықтимал. Ондай жағдайлар тарихтан да белгілі. Кезінде фашистік Германияда әскери қызметкерлер мен көп қараның адасуына жаппай жүргізілген насихат себеп болған еді. Ол адамдардың миын улап тастағаны сонша, тіпті миллиондаған жанның өмірін қиюға алып келді. Манипуляцияға малданған, мотивацияға алданған фашистер жеңілістен кейін де өздерін ақтап алуға тырысқан екен. Әйтсе де, жалғандықтың соңы оларды орны толмас өкінішке соқтырды. Кез келген жалғандық түбінде әшкере болатыны анық. Бірақ, оған дер кезінде тосқауыл қоймаса, салдары қалай болатыны тарихтан да көрініп тұр.
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ